Елімізде Мәжіліс пен мәслихаттарын сайлау бір күнде – 19 наурызда өтеді. «Сайлау туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Мәжіліс депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады. Атап айтқанда, Мәжілістің 69 депутаты – партиялық тізіммен, 29-ы бірмандаттық территориялық сайлау округі бойынша сайланады. Облыс, республикалық маңызы бар қалалар мен Астана мәслихаттарының 50 пайызы мажоритарлық жүйемен, 50 пайызы партиялық тізіммен сайланады. Еліміз бойынша барлығы 223 мәслихатқа 3415 депутат сайланады.
Күнтізбелік жоспарға сәйкес, үміткерлерді ұсыну 20 қаңтарда басталып, 8 ақпанда аяқталды. Тіркеу мерзімі: 20 қаңтарда басталып, 18 ақпанда Астана уақытымен 18.00-де бітеді. Үгіт-насихат кезеңі 18 ақпанда кешкі сағат 18.00-де басталып, 18 наурызда түнгі сағат 00.00-де аяқталады. Сайлауда мегаполистерде 4 бюллетень, қалған өңірлерде 5 бюллетень болады. «Бәріне қарсымын» бағанасы барлық бюллетеньде көрініс табады. 18 наурыз – тыныштық күні. 19 наурыз – сайлау өтетін күні. Сайлау күні учаскелерде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі. Учаскелік сайлау комиссияларының сайлау учаскесінде дауыстарды санауы және дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасауы, егер дауыс берудің аяқталуының өзге уақыты белгіленбесе, жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де басталады. Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлаудың жалпы ұзақтығы тағайындалған күннен бастап дауыс беру күніне дейін 59 күнге созылады.