Ықылым заманнан Жетісу өлкесін үйсін елі мекендегені белгілі. Усунь – сулы өңір, сулы аймақ, немесе су елі деген секілді ұғымдарды білдірсе керек, яғни «ус» деген сөз су деген мағынада айтылады. Жаркент өңіріндегі «Үсек» өзені кейін тіл диалектикасына байланысты «Өсек» болып айтылып, жазылып жүр. Осы Өсек өзенінің бойында бір жылдары Хангелдінің балалары Ақша мен Солтанғұл, Мырзагелділер тұрған екен. Ақшаның Естемес, Есдәулет, Бекболат, Байтілеу – төрт ұлы орыстар Жетісу жеріне келе бастаған кезде осы Өсектің бойында болған.
1846 жылы Жетісу қазақтары Ресей империясының құрамына өтеді. Генерал-майор Вишневский Ұлы жүз қазақтарын Ресейдің қоластына алғанын, яғни, орыстардың құрамына кіргенін салтанатпен жариялайды. Орыстар қазақтарға «Кенесары Қасымов біздің жауымыз» деп қол қойдырып та алады. 1867 жылы 11-шілдеде Жетісу өз алдына облыс болып құрылып, алғашқы губернаторы Г.А.Колпаковский сайланады. 1882 жылы Жаркент уезі құрылды. Осы жылдары Қытайдан 9572 ұйғыр түтіні яғни, 45 370 адам, 1147 дүнген түтіні, яғни, 4682 адам өтеді. Жаркент қаласының іргесі осы жылдары қаланды деген жаңсақ пікір бар. Жаркент қаласы 1856 жылдары Ш.Уалиханов «Құлжаға кетіп бара жатып, Жаркентке тоқтамай, Ақкент деген жерге барып түстім» деп жазылған күнделігінде. Бұл өз алдына бөлек әңгіме.
Суан тайпасына Тезек терінің көп ықпалы болған. Тезек төре Абылайханов мұрағаттағы құжаттарда «Нуралин» деп кездесті (44 қор, 1-том 30301 іс, 1876 ж). Тезек (Нұралин) полковник, Ұлы жүз қазақтарының албан тайпасының аға сұлтаны, Шоқанның әйелі Айсараның ағасы (кейбір жерлерде Айсары деп те жазылған). Тезек төре қазақ елінің арасында суырып салма ақын ретінде кеңінен танымал болған. Тезек төре 1821 жылы туған, кейбір жерлерде Тезектің туған, өлген жылы белгісіз деп жазылған. 1879 жылы маусым айында 58 жасында қайтыс болғаны туралы нақты айғақтар «Туркестанские ведомости» кітапшасында бар. 1850 жылы Тезек төре Ресейге үлкен қызмет көрсеткендігінен аға сұлтан болып сайланады. Осы жерде суан тайпасының аға сұлтаны Адамсат Ибақовты айтпай кетуге болмайды. Тезек суан тайпасын да өз уысында ұстауға тырысқан. Ол Адамсат Ибақовты адамсынбай, үнемі малдарын ұрлау үшін адамдар жіберіп отырған. Осыдан-ақ екеуінің өзара бақталас, бәсекелес болғанын көруге болады. Семенов Тянь-Шанский Тезек төре туралы жақсы пікірлер айтқан. 1857 жылы қыркүйекте Тезек ауылы Қоңырөлеңнің шығысында Көктерек өзенінің сол жақ бетінде отырады. Тянь-Шанский 7 қыркүйек күні Тезек ауылынан таң ертең шығып, оңтүстік батысқа қарай жүріп, жақын арадағы Қату тауына бет алады. «Көктерек өзенін кесіп өтіп, Қоңырөлеңнің құнарлы алқабын басып өттік те, Қату тауына қарай бұрылдық» деп жазды Тянь-Шанский. Мұндағы жер-су аттары қанша ғасыр өтсе де, ешқандай өзгеріске ұшырамай, әлі күнге дейін осылай аталып келе жатқаны қандай ғажап десеңізші…
Ақшадан шыққан Қожбанбет би Тезек төремен айырылмас дос болған екен. Дос болып қана қоймай, Тезек төренің оң қолы, яғни 12 бидің бас биі болып сайланған. Сондықтан болар, Тезектің бар мәселесін бірауыз сөзбен шешіп беріп отырыпты. Тезек төре кісіні менсінбейтін кесірлі болған деседі, ордасына адамды үстіне кіргізбейді екен. Оның қасында емін-еркін сөйлейтін, үйіне еш қымсынбай кіретін осы Қожбанбет би ғана болған. Тезек төре оның білгірлігін, шешендігін бағалағаннан болу керек, бір-бірімен бет жыртыспай өтіпті. Қожбанбет би ақша, бөлек руына Тезек төреден сұрап жүріп Қоңырөлең, Қарамола, Аламан деген жерлерді бөліп береді. Бірақ бұл жөнінде еш жерде мұрағаттардан кездестіре алмадық. Қалай десекте суанның ақша руының Қоңырөлең жеріне, бөлектердің ұрпақтары Қарамола (Соцжол) жеріне тұрақтап тұруына Қожбанбет бидің бірден бір ықпалы болған десек қателеспейміз. Жоғарыда 1867 жылы Жетісу облысы Семей облысынан алынып, жаңа облыс болып құрылғанын айтқанбыз. Осы жылдан бастап орыстар қазақ жеріне, оның ішінде Жетісу облысына да билік жасап, аумақтық-әкімшілік жұмыстарға кірісіп кетті. Бұл кезде Ресей патшалығы Ұлы жүзді, қазақ елін, Орталық Азияны өзіне қаратып, түрлі жарлықтар шығара бастаған. Аумақтық әкімшілік реформа жасалып, уездер құрыла бастады. Әр ауылдың адамдары, малдары санаққа алынып, хаттамалар толтырылды. Тіпті әрбір ауылға №1,2,3 деген сандар қойды. 1909 жылғы мына бір баянаттан (рапорттан) ауыл аттары емес, нөмірлерін көруге болады. «18 маусым 1909 жыл». 1910-1912 жылғы болыс сайлауына Метербай Әуелбеков, оған балама (кандидат) ретінде Оспан Тленчин деп, ал №1 ауылдан Досмайл Канкожин, оған кандидат Бутабай Теміров делінген. №2 ауылдан Қашқын Жаныс, оған кандидат Бектұрған Сұлтанбеков, №3 ауылдан Сүйкімбек Майлин (Қоңырөлеңде Сүйкімбековтер бар), оған кандидат Джалая Бейсенбин, №4 ауылдан ауылдан Ниязбек Қайранов, оған кандидат Майқы Көкенов, №5 ауылдан Тәңірберген Джетенбаев, оған кандидат Бұқашбай Нұрақов, №6 ауылдан Нұрбай Касқабаев, оған кандидат Джаманан Калин деп қол қойылған (44 қор, №1, іс 3179).
Мен бұл мәліметтерді тектен-текке келтіріп отырғаным жоқ. Бірінші, біздің Бұрақожыр болысында Қоңырөлең маңында алты ауыл болғанын, сол кездегі Төңірек болысындағы (қазіргі Басши) ауылдар да бірге болғанын айта кету керек, екінші айтпағым, Қоңырөлең, Сарытөбе, Бөрібай би, Ынталы ауылдарында жоғарыда аты аталған кісілердің ұрпақтары тұрып жатқаны сөзсіз. Сондықтан аталған адамдардың балалары білу үшін жазып отырмыз. Үшінші, ең көңіл аударатын мәселе, тегімізді, аты-жөнімізді орысшалап, «Дж»-ның алдына «д»-ны қосқан, «ев», «ов»-тары да өзгертіп жазған, әрине бұғанға дейінгі құжаттарда да солай берілгені сөзсіз. Оған дәлел ретінде мына бір мұрағат құжатына көңіл аударайық.
1873 жылғы 21 қазандағы дауыс беру парақшасында Бұрақожыр болыстығына сайланатын кандидаттардың тізімі жазылған. Тізімдегі адамдардың аты-жөнін ұрпақтары білсін деп жазып отырмын. 1. Мұратбек Қараманов. 2. Дүр(ь) Әкімбеков дейді де, оған кандидаттар Мами Қармысов, Үмбет Дүрбенов делінген. Міне мұнда да 1909 жылдағы сайлаудай кандидаттардың аты-жөні «ов», «ев»-пен берілген, ал толтырылған парақшада сәл-пәл өзгерістер бар. Осы екі ортадағы 1873 жыл мен 1900 жыл аралығындағы құжаттарды мұрағаттан таба алмадым.
Біз бала кезімізден әкем Мұхаметбай Ыстайұлынан Метербай болыс, Шәнті би туралы көп естіп өстік. Шәнті би менің әкемнің әкесі Ыстаймен жақын жолдас болып, талай рет қыспақтан құтқарыпты. Ыстай сол жылдары ауыл старшыны екен. Метербай болыс пен Оспанбек Өтегенов 1909 жылы болыстыққа сайлауға түссе керек. Шар (дауыс) санау кезінде Метербайда берген дауыс аз болып, Оспанбектікі бір шарға артық болған. Әкеміз Ыстай бөлек Өтеген Кеңгірұлымен жақын дос, жолдас болған соң Оспанбек Өтегенұлына шар салу үшін бүкіл Көктеректегі жәдігерлерді жинап алып келіпті. Сол кезде Әбдібек Лекерұлын жетім, жасы толмаған деп ақшалар шар салғызбайды. Алайда Ыстай әкеміз қарсылық танытып, әйтеуір қосқан екен. Содан Оспанбек Өтегенұлы жеңіске жетеді. Алайда ертесі күні ақша руынан болысқа сайланғалы отырған Метербай Әуелбеков құйтырқы әрекеттермен жеңіске жетіп, болыс болып шыға келеді. Бұған ашуланған Ыстай «Сен орыстарға пара бердің» деп оязға арнайы тігілген үйге барып, оның отырған столын аяқпен бір теуіп, төңкеріп кетсе керек. Қорыққандарынан ояздың қасындағылары да, өзі де жан таппай, киіз үйдің артқы жағынан шығарылған есіктен қашып құтылыпты деседі. Осы бір әңгімені ауызекі естіп өссек те, айтылған сөздердің аңыз-әңгіме емес екенін табылған құжаттар дәлелдеді. Мұрағаттағы 1909 жылғы 29 қазандағы баянатты (рапорт) көріп, шынымен сайлау әділетсіз өткеніне көзім жетті. Онда Бұрақожыр болысындағы №6 ауылдан билікке түскен Нұрбай Қасқабаевты кінәсі бойынша арызды тексеруді және болыстыққа сайлауға түскен Османбек (Оспанбек) Өтегеновтің 10 шілдедегі №13579 арыз бойынша болыстыққа сайлауға түскен Метербай Әуелбековтің болыстыққа сайлау дұрыс өтпегені туралы шағымға жауапты тезірек жолдауын сұраған. Рапортқа 4 адам қол қояды. Штаб Верный қаласы деп көрсетілген. Міне, жоғарыдағы әңгімемізді осы мұрағаттағы фактілер растай түскеніне куә болдым және нақты дәлелдемелерді мұрағаттан тапқаныма қуандым.
Ал мына 1900 жылы 5 маусымдағы Жетісу облыстық әскери губернаторға жазылған баянатта (рапортта) Бұрақожыр болыстығына түскен кандидатпен балама ретіндегі түскен кандидаттың сайлау туралы парақшасын жіберіп отырғаны айтылған. Сондай-ақ, сайлауда Метербай Әуелбеков пен кандидат ретінде Өтеген Кеңгіров түскенін мұрағаттан көруге болады. (44 қор, 1 тізімдеме, 1506 іс). Сондай-ақ, 1903 жылғы 19 сәуірдегі сайлау парақшасында болыстыққа Метербай Әуелбеков (37 жаста, шардың саны 9, шар салмағандар 9) пен Қартбай Надырбеков (40 жаста, шар салғандар 10, шар салмағандар 8) деп, «кандидаттар Сатыбалды Қалаутаев (49 жаста, шар салғандар 10, салмағандар 8), Чимчикбай Токболатов (35 жаста, шар салғандар 8, салмағандар 10) делінген (44 қор, 1 тізімдеме, 1900 іс). Бұл жерде Қартбай Надырбеков көп дауыс алғанның өзінде Метербай Әуелбековтың болыс сайлауында жеңіске жеткенін төмендегі құжаттан көруге болады. Баянатқа (рапортқа) «18 маусым, 1903 жыл» деп мөр қойылған. Мәтіннің ішінде уақытын 1 мамырдан 10 мамыр аралығын көрсетеді. Онда Бұрақожыр болыс сайлауында (№1878) кандидат Қартбай Надырбеков өз орнына лайық еместігін айта келіп, 1898-1900 жылдар аралығында болыс болғанда өзін көрсете алмады дегенді айтады. Сөйтіп Метербай Әуелбековті Бұрақожыр болыстығына сайлауды ұсынады. Метербай Әуелбековтің 1903 жыл 37 жаста екені көрсетілген, яғни 1866 жылы жылы туылған болып тұр. Ал 1906 жылы 24 мамырда сайлау парақшасында Қоқымбек Қобдалиев 35 жаста, 12 шар берілген, Метербай Әуелбековке 38 жаста, 11 шар берілген. Оларға кандидаттар Байсерке Жанұзақов 31 жаста, 14 шар, Бейсембай Осаев 37 жаста, 10 шар берілген. Ал №1 ауылдан Өтеген Кеңгіров 40 жаста, 23 шар берілген (1 ауылдың биі), оған кандидат Байсек Джортугулов 45 жаста 23 шар берілген. №2 ауыл Қашқын Джанысов 54 жаста, 22 шар, оған кандидат Бектұрған Сұлтанбеков 38 жаста, 23 шар салынған делінген. Мұндағы айтпағымыз, Өтеген Кеңгірұлы 1906 жылы №1 ауылға би болған кезінде 48 жаста болса, оның туған жылы 1858 жыл болып тұр. Менің әкем Ыстай да сол шамалас болуы мүмкін. Себебі екеуі жан жолдас болып, одан бесік құда болады. Мұқаметқали әкем 1901 жылы, Өтеген бидің қызы Мәйке де 1901 жылы туылған. Екеуі түйдей құрдас екен, олар үйлі-баранды болып, кейін Мәйке әжеміз Мұқаметқалидан ұл болмай қалмасын деп әпсүгір Жігітектің қызы Шарихан шешемізді алып беріпті.
Енді жоғарыдағы айтылған Метербай болыс кім? Метербай – руы Ақша, оның ішінде Құрымбай, оның баласы Башықтан тарайды. Жалайырдан шыққан Балпық бидің қызы Күнтейді Құрымбайдың баласы Башық алады. Башық өз заманының озық ойлы азаматы болса керек. Күнтейден Әуелбек, Әуелбектен Метербай туады. Метербай да алысты болжайтын, зерек, қулығы да бір өзіне жетерлік адам болуы әбден мүмкін. Келтірілген деректерде 1900 жылдан 1912 жылға дейін болыстыққа сайлауға түскенін көреміз. Сол сайлауда жеңіліс тауып жатса да орыстың «тілін» тапқанынан болыс болып сайланып отырған. Соған қарағанда ол тек бай ғана емес, байлықты ақыл-айламен жұмсай білетін пысық екені сөзсіз. 1902 жылдан кейінгі құжаттар қолға түспеді. Тек 1928 жылғы 21 қыркүйектегі Метербай Әуелбеков пен Жанғазы Тансықожаевтың мал-мүлкін тәркілеп, өздерін жер аудару туралы №8 хаттаманы мұрағаттан таптым. «Әуелбеков Метербай – қазақ, №2 Бұрақожыр ауылы, Қоңырөлең болысы, Жаркент Уезі, Жетісу губерниясы» деп көрсетілген. «600 бас қой, 150 жылқы, 30 бас ірі қара, 8 түйесі бар. Мал екі шаруашылыққа, яғни бірге тұратын 17 жастағы баласы және өзіне жазған. Отбасында 8 адам. Тұрақты жұмысшылары бар. Одан басқа 3 кедей шаруаны жұмыс істетеді. 1928 жылға дейін саудамен айналысқан, сауатты, патша өкіметі кезінде 9 жыл болыс болған, медалі бар» делінген.
1926 жылы байлардың басын қосып, үлкен топ құрып, өзі басқарған. 1927 жылы комиссия 500 бас қой, 10 атты жасырып қойған жерінен тауып алған. Өзінің қызының қалың малына 50 бас қой, 1 жылқы алған. Жаңа өкімет «Антисоветтік үгіт-насихат жүргізді, коммунистік партияға қарсы шықты, кедейлерді партияға кіргізбеу үшін теріс әрекет етті» деп қаралайды. Сондай-ақ Метербай қызына қалың мал алғаны үшін 5 айға сотталады. 1919 жылы алашорда отрядына жігіттерді жинап, ұрысқа қатысқан. Ақтар ұстап, оны Қытайға өткізіп жібереді, алайда ол жақтан қайтып келіп алады. Ол 1928 жылы Ташкен Жүнісов, Мұқажан Апиыев, Мұхаметрахым Тайталиев, Қойшыбек Надырбеков, Бапақ Құсайынов сияқты байлардың малдарын Қытайға өткізіп алу туралы үгіт-насихат жүргізеді. Метербайдың мал-мүлкін тәркілеу туралы болған жиында сөз сөйлегендер барлығы, оның тек кемшіліктерін ғана айтады. Кедейлер батырақтарды «Қарақол Тақтан» жеріне апарып тас жинатып, ештеңе төлемегенін, жарты малын әйелі Бибісәлімге жазғызғанын, әйелін де жер аудару керектігін айтады. Әйелі Бибісәлім Метербайдың інісі қайтыс болған соң, әмеңгерлікпен оған күйеуге шыққан. Алайда Бибісәлім жеке өзі отау болып тұрған. Бексұлтан Нұржекеұлының «Орбұлақ өнегесі» деген мақаласында «Орбұлақ шайқасы өткен жердің күнгей жақ бетінде Түлкілі дейтін таудың іргесінде Найзатапқан атты арасан бар. Ата-бабасы сол Түлкілінің баурайын мекен еткен, өзі ұзақ жыл сол арада болыс болған, кейін Кеңес өкіметі тәркілеп, Жайық бойына жер аударған, ол арадан қашып келіп, отбасының соңынан өзі де Қытай өтіп кетіп, сол жақта қаза болған, кезінде Метербай болыс атанған атақты адам болған. Сол кісінің ұлы Орынбай ағамыз әкесінің албан Құлмамбет пен суан Шаншар ақынның айтысына өзі қатысып, тыңдағанын және оны білгенін тамсана айтушы еді» дейді. Ал бір деректерде Б. Нұржекеұлы Алматыдағы Мүттәйімбақ туралы ұстазы Нұраш тәтейден естігенін жазады. Қазір Бауман бағы деп аталады. Кеңес өкіметі 1928 жылы кәмпескеленген Метербай болыстың баласы Орынбай ақсақал Қытайдан қайта өтіп келген соң Алматыда тұрады. Әкесі Метербай Мүттәйімбақтың сыртында Жаркент уезінен әкелген малдарын уақытша ұстап, сауда жасаған. (15 том. Б.Нұржекеұлы).
Ия, Метербай болыс Қытай жерінде 64 жасында қайтыс болған. Баласы Орынбай Алматы қаласында тұрып, қайтыс болады. Орынбайдың баласы Бақытжан бүгінде Астана қаласында тұрады. Біз Метербайдың 1903 жылы 37 жаста екенін, яғни оның 1866 жылы туғанын жазғанбыз. Мұрағаттан Метербай болыстың қашан, қай жерде қайтыс болғаны туралы мәліметтерді кездестіре алмадық. Тек мақалалардан көріп, сілтеме арқылы жазуға тырыстым. Метербай болыс туралы арнайы зерттеумен айналысқан тарихшылар әлі талай тың деректерді табатынына күмәнім жоқ.
Роза ЫСТАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі