«Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы» АҚ басқарушы компаниясы пандемияға байланысты үш жылдан бері саяхатшыларды қабылдауды тоқтатқан болатын. Осы жылдар аралығында орталықтың өткізу кеденінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мұнда келіп-кетушілерге қолайлы жағдайлар жасалды. Алдағы дүйсенбіде орталық үш жылғы үзілістен кейін саяхатшыларға өз есігін қайтадан айқара ашады.
«Қорғас» ШЫХО-на Қазақстанның түкпір-түкпірінен, ТМД елдерінен және басқа елдерден туристер көптеп ағылатыны ақиқат. Сондықтан орталық қызыметі барлық бағыттарда жетілдіріліп, цифрландырылып, келушілерді қабылдау сапасының деңгейін арттыруға әрекет жасап отыр. ШЫХО аумағында автокөлік кептелісіне жол бермеу үшін автоматтандырылған тұрақ әзірленді, билет пен багаждың автоматтандырылған жүйесі жасалды, жолаушылар залында ана мен бала үшін бөлек бөлме, банк бөлімшелері, дәріхана, пост-терминалдар, банкоматтар, дүкендер, кофеханалар және намазхана қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, арбат, сауда орталықтары, қонақ үй кешендері, фуд-корттар, түрлі ұлттық тағамдар мейрамханалары сияқты туристердің жайлы және қызықты уақыт өткізуіне оң әсер ететін жобалардың іске асырылу нұсқалары қарастырылды.
Өткел залдарында үлкен кезектердің алдын алу үшін келушілерге билеттерді онлайн сатып алудың жеңілдетілген жүйесі әзірленді. Билеттің құны бір адамға шамамен 3000 теңгені құрайды. Орталық ашылғаннан кейін күніне шамамен 3 мың адам қабылдауға мүмкіндік бар.
Орталыққа өту Қазақстан азаматтары жеке куәліктерімен, шет ел азаматтары халықаралық шекарадан өту тәртібімен рәсімделеді. ҚР аумағына тұратын әр азамат орталықтан айына бір рет 31 келі тауарды баж салығынсыз әкете алады. Келушілерден багаж қабылдау сағат 9-дан 17-30-ға бейін жүзеге асады. ШЫХО-ның қытай бөлігіндегі сауда орындары 17-30-ға дейін жұмыс жасайды. Орталық демалыссыз таңғы 7-00-ден кешкі 19-00-ге дейін жұмыс істейді. Жүк көліктерімен тауар өткізуге тыйым салынады.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ