Орбұлақ шайқасы жайлы бұрындары көп айтылмады. Ел аузындағы үзік-үзік әңгімелер ғана сол алапат майданның Ордың бұлағында өткенін дәлелдейтін. Бабалар жеңісінен бір деректің болса да тасқа басылып қалуы бек мүмкін еді, бірақ та сыңар саясат ұстанған қызыл империя қазақ ғалымдарына төл тарихын толық зерттеуге мұрша бере қоймады.
Аңызға айналып бара жатқан осы шайқастың ақиқатын ашу тек 1991 жылы белгілі майдангер жазушы Қалмұқан Исабайдың Ресей архивтерінен тапқан Г.Ильин мен К.Кучеевтің қоңтайшы ұлысынан жеткізген хабарынан мүмкін болды. Онда: «Біз барғанда қоңтайшы ұлысында болмай шықты. Өзінің күйеу баласы Көшіртайды, Абылайды (Ертіс бойындағы Абылайкентті салдырған ойрат қоңтайшысы – Қ.И), кенже інісі Шоқыр тайшыны, Қой сұлтанды, Алтынханның балаларын және басқа ұсақ тайшыларды ертіп, барлығы 50 мың әскермен Жәңгір ханның қазақ ордасы, Жалаңтөс және Алатау қырғыздарымен соғысуға кеткен екен… ал Жәңгір оларға қарсы 600 адаммен шығыпты. Бір тауда ор қазып (орысша тексінде «шансы» деп жазылған – Қ.И), оған 300 адам орналастырып, қолының қалған жартысын тауға жасырып Қоңтайшы шерігін күтіпті. Сол жерде алапат соғыс болып, Жәңгір хан әскері қоңтайшының 10 мың адамын жер жастандырып, үлкен жеңіске ие болады. Әскерінің қалғанын (олар әлі де 40 мыңдай) шегіндіріп әкетіп, кегін жібермеу үшін екінші рет тиіскенде, Жәңгір хан бастаған қазақ ордасының күшіне Самарқант бегі Жалаңтөс баһадүр 20 мың әскерімен көмекке келіп үлгеріп, Батыр қоңтайшы арманына жете алмай, тағы да жеңіліс табады», — деп анық жазылған. Кейіннен бұл соғыс туралы тарихшылар И.Я.Златкиннің, Вельяминов-Зерновтың, белгілі ғалым М.Тынышбаев, С.Сейфуллин, А.П.Чулошниковтардың, жалпы қазақ, жоңғар тарихына назар аударғандардың бәрінің де еңбектерінде жазылғандығы анықталып, құнды мағлұматтар кездесті. Бірақ та олардың ешқайсысы соғыс болған жерді нақтылы көрсете алмаған. Соңғы тың да соны деректерді пайдалана отырып, Жәңгір хан бастаған 600 жанкешті жауынгердің Батыр қоңтайшының өздерінен 84 есе көп әскеріне қарсы шыққан жері – Жаркент қаласының оңтүстік шығысындағы Қосқолаң тауының арасы екенін, және де сондағы жер-су аттарының аталмыш деректермен сәйкес келетінін дәлелдеп шыққан белгілі жазушы, жерлесіміз, мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекеұлының жанкешті еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Қазақ пен қалмақ арасындағы соғыс тым әріден басталған. Жалпыхалықтық сипатқа ие болмағанымен, екі елдің арасында ірілі-ұсақты шайқастар үнемі болып тұратын. 1635 жылы болған шайқаста Жәңгір сұлтан қалмақ қолына тұтқынға түсіп, оны бір жылдан кейін атақты Қарасай батыр мен арғын Ағынтай батыр бір түнде ұрлап әкетіп, құтқарады. Сол түнде Қарасай батыр қоңтайшы екенін байқамай Батыр қоңтайшыны талдырып, Ағынтай батыр қоңтайшының қызы екен деп оның кіші әйелін көтеріп алып кетеді. Ел билеген қоңтайшыға, біріншіден, бұл аз намыс болмаса керек-ті және де өз әкесі Қарақалдың да қазаққа тұтқын болып қорлық көргені бар. Екіншіден, тұтқында болған Жәңгір біраз жайтты біліп қалған әрі бұлардың сырына да қанық-тын. Ойрат, дүрбіт, торғауыт, қалмақ тайшыларының басын қосып, ұлы хандық құрып, күннен күнге бел алып келе жатқан қазақ ордасына күйрете соққы беріп, Жәңгір хан мен Қарасай, Ағынтай батырларда кеткен есесін қайтаруды мақсұт тұтқан Батыр қоңтайшы кеудесіне кек қатып, 50 мың қолдық шерігін бастап қазақ даласына енеді. Тосын хабардан Жәңгір хан жанына бар болғаны 600-ге жуық сардарларын жинап үлгереді. Бірақ та Салқам Жәңгірдің жанына топтасқан 600 сарбаздың әрқайсысы жүзге татитын батырлар еді. Олардың ішінде Шапырашты Қарасай, Арғын Ағынтай, Төртқара Жиембет, Қаңлы Сарбұқа, Найман Көксерек, Дулат Жақсығұл, Арғын Қомпай, Суан Елтінді, Қырғыздан Көтен мен Табай батырлар ерекше көзге түскен.
Тосыннан келген қолды тосын әрекетпен ғана тоқтатуға болатынын пайымдаған Жәңгір хан жанындағы жүрегі түкті батырларымен ақылдаса отырып, ашық шайқасқа шыға алмайтындығын, бұларға Самарқант бегі Жалаңтөстің көмекке келіп жетуіне әлі де біраз күннің қарасы бар екенін айтып, соғыс тактикасын өзгертуді ұсынды. Жүрегі түкті дейтініміз, жаудың бес қаруын асынған 50 мың атты жасағына қарсы шыққан бар болғаны 600 батырды көз алдыңызға елестетіңізші… Жойқын күшті кара дауылға қарсы тұрған талшыбық тәрізді емес пе. Сол талшыбық діңі берік, тамыры терең бәйтерек болатынын көрсетті.
Жаудың тосын әрі ұрымтал жерінен соғып, біраз кідірте тұруға болатынын түсінген атақты қолбасшы жер жағдайын жақсы білетін жергілікті батырларды көмекке шақырды. Сөйтіп Іленің өткелін үнемі кесіп, қалмақтың қалың жылқысын айдап, барымта жасап жүрген Елтінді батырдың көрсетуімен қазіргі Орбұлақ белі (кейіннен халық Ордың бұлағы атап кеткен) жаудың бетін қайтаруға қолайлы орын ретінде таңдалып алынады.
Соғыс болған жер – қорғануға, шығыстан келген қарақұрым қолды қаймықпай қарсы алуға өте сәтті таңдалған орын. Өйткені күнгей беті 400-500 метрлік биіктіктегі тау сілемі, оған атты әскер түгілі жаяу адам да шыға алмайды. Тым тік орналасқан. Теріскейі Үш судың құйғаны аталатын арынды өзен. Өзен жағасы құламалы жар, құз. Ал жау бетінің алды Қосқолаңның тарылып біткен, сәл еңіске құлдилай тартып барып көтерілген жері. Осындағы көлденең жатқан белді таңдаған Жәңгір хан әскері тау мен құздың арасындағы тар өткелектен ұзындығы 3 шақырымға жуық оқпана қазған. Осы оқпанаға 300 мергенді қалдырып, Қарасай мен Ағынтай батырлардың қолын және Жәңгір хан өзінің айналасындағы батырларды Орбұлақтың желкесінен төніп тұрған Қызылқия тауының ішіне жасырады. Тосын шабуылдан қорғануға еш дайындығы жоқ қоңтайшы әскері жердің шаңын шығарып, Жарбұлақты жағалап, Орбұлаққа құлай берістегі сайға лықси төгіліп, өрге көтерілгенде маңдайын тасқа соққандай әсерде қалды. Қарсы алдарынан зуылдаған, ысқырған жебелер ес жиып үлгергенше талай сауыттың көбесін сөгіп, қоғадай жапырып тастаған еді. Бір-біріне сеңдей соқтығысқан қалың әскердің сол қанаты Шыңғырлаудың құзына құлап, өздігінен мертігіп жатса, батысынан шепті бұза-жара кіріп, оңды-солды сілтеген Қарасай мен Ағынтай батырлар бастаған қазақ жауынгерлерінің қылышынан қалмақ өліктері тау болып үйіле бастаған еді. Жәңгір жасағынан мұндай тосын әрекетті күтпеген Батыр қоңтайшы шерігіне шегінуге бұйрық береді. Бұл уақытта жарқылдаған алмас қылыштар мен ысқырған жебелер 10 мыңға жуық жоңғардың жанын жәһаннамға аттандырып үлгерген болатын.
Барын түгендеп, қайтара соққы қылмаққа әрекеттенген Батыр қоңтайшы тағы да келеңсіз жайтқа тап болады. Бұл жолы Орбұлақ белінде бұларды ұлтарақтай жерін жауға таптатпауға ант еткен 600 батырмен бірге Самарқант әмірі Жалаңтөс баһадүрдің 20 мың жасағы күтіп тұрған еді…
«Он бір мың бес жүз адамымнан айырылдым», — деп мойындаған екен Батыр қоңтайшы.
Қазақстанның халық жазушысы, абыз атанған Әбіш аға Кекілбаевтың Орбұлақ даласында тебірене тұрып айтқан: «Біз үшін бұл араның әр тасы киелі, әр бұтасы қасиетті. Олар бұдан үш жарым ғасыр уақыт бұрын көз көріп, құлақ естімеген ерен ерлікке куә болған. Сондағы ата мекеннің қамы үшін, ата-жұрттың бағы үшін арыстан боп алысып, жолбарыс боп жұлысқан алты жүз сайыпқыранның бәрінің бірдей аты есімізге түсіп тұрған жоқ. Бірақ бәріміздің де бойымызды кернеп тұрған – солардың қаны, ойымызды тербеп тұрған – солардың арманы, жадымыздағы – солардың өсиеті, жанымыздағы – солардың қасиеті. Бәлкім талайымыздың бет-әлпетімізде де солардың дидары тұрған шығар», – деген аталы сөзін ешқашан ұмытпақ емеспіз.
Орбұлақта оянған осы тарих – енді мәңгі халық жадында қалады. Ордабасы басындағы кеңес болмағанда халық болып ұйысып отыруымыз екіталай-тын. Ал егер де отан мен елді сүюдің жарқын үлгісі ретінде тарих қойнауына енген осы Орбұлақтағы ерен ерлік, сұрапыл шайқас қазақ халқының пайдасына шешілмегенде жер бетінен құрып кетуіміз де ғажап емес еді.
Дархан БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі.