Адам өмірінде кездейсоқтық деген де болады. Тақырыпты тауып, қағазға түсіріп қойып неден бастарымды ойлап, санам санға, ойым онға бөлініп толғанып отырғанымда кейіпкерімнің қызы хабарласып, әкесінің майданға 1942 жылдың 2-ші айының 2-ші жұлдызында алынғандығын баяндады. Бүгін 2-ші айдың 2-сі екен. Маған екі өмірді: соғыс деген ажалдың аранынан аман қалған, тіршіліктің тәтті дәмін татқан адамның осыдан тура 81 жыл бұрынғы майданға алынған күнінен басталған өмірбаяны мен өнербаянына тоқталып өтуіме тура келіп тұр.
ӨМІР БАСТАУЫ
Жайқала өскен қалың тоғайындағы тал-терегінің көлеңкесін саялаған жандарға жапырағы сыбдыр қағып сыр шертетін жазиралы Жаркент жері небір жайсаң ерлерді туғызды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз жерұйық атанған өңірдегі бұйратты құмды, сексеуілі мен жыңғылы, сарбарағы мен баялышы барлықты, шұрайлылықты байқататын Керімағаш қыстауында дүниеге келді. Байлығы көз тұндыратын осындай жердегі қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген Жақып туған жерін түлетуге бар өмірімді арнаймын деп ойлады ма екен?… Шыр етіп шырылдап жарық дүниеге келген күннен бастап, аялы алақанды ана құшағымен, тұнып тұрған табиғатпен қауышты. Адамның туған жерінің табиғатының өзі кейінгі өміріне жол нұсқайтын, бағыт сілтеп, кей шақтарда көзге шалынбай жетелейтін жебеуші періштесі іспеттес. Қалай болғанда да Жақып Дадай баласының бойындағы сөз өнеріне, жазуға құштарлығының ерте басталғандығын да жоғарыдағы айтылған себептермен сабақтастыруға болады. Қалам-қағазға үйірсектігі, жазуға құштарлығы да табиғатпен үнсіз, жібек желідей астасып жатқандығынан ба деп ойлайсыз. Әке алақанының мейірімін сезінбей ерте айырылып, тесік өкпе жас болса да, анасы Рәскүлдің қамқор қанатының астында балалығын өткізді. Аштықты-жалаңаштықты бастан өткерсе де төзе білген, қиындықтардың бәріне мойымаған анасының қажырлығының арқасында бастауыш сатыдан бастап толыққанды білім алып ержетті. 1941 жылы Көктал ауылындағы орта мектептің 9 сыныбын ұстаздарының алғысына бөлене жүріп жақсы аяқтады. Жақыптың жасынан хат тануға ұмтылысын, оқуға алғырлығын, қандай жұмыс тапсырса да ұқыптылықпен әрі тыңғылықты орындауға бейім тұратын мұғалімдері жақсы білетін. Жақып майданға шақырылғанша түске дейін сабақта отырып, тапсырмаларын бітіріп салып, содан соң мектеп кітапханашысының жұмысын атқаратын. Кітаптар мен бірен-саран келетін газет-журналдардың арасында болуы, оларды оқып, жаңалықтармен танысып басқаларға тарату, түсіндіру жұмысы жас жігіттің саяси сауаттылығын жан-жақты көтеруіне және қоғамда жүріп жатқан әртүрлі нәрселерден хабардар болып өсуіне әсер етті.
СҰМ СОҒЫС
1939 жылы қыркүйекте дүниедегі адамзат атаулының тұла бойын тітіркендірген қаһарлы екінші дүниежүзілік соғыста басталып кеткен еді. Кеңес адамдары іштей бір сұрапыл соғыс қаупі жақындап қалғандығын сезінсе де алданышпен, бола қоймас деген үмітпен жақсы өмір сүреміз деп жаңаша еңбек етіп жатты. Оқуын аяқтаған Жақып Дадайұлы да отбасының қамымен бар ынта-жігерін жұмсап шаруашылықта атқарылып жатқан бейбіт еңбекке араласып кетті. 1941 жылғы маусымның 22-сі күні фашистік Германия 1939 жылғы КСРО-мен өзара шабуыл жасаспау туралы келісімді бұзып, соғыс жарияламастан Кеңес одағының шекарасына тұтқиылдан басып кірді. Күні бұрын жасалған «Барбаросса» жоспары бойынша Кеңес одағының жерін аз уақыттың ішінде жаулап алуды іске асыру үшін, жау әскері жолындағы кеңес әскерлерінің ерлікпен жүргізген қорғаныс ұрыстарындағы жанталасқан қарсылығына қарамай ентелей алға жылжыды. Жасынан елін, жерін сүйіп өскен батыл азаматтар отан қорғау десе қашанда әзір жүретін. Солардың бірі болып майданға баруға сұранып жүрген Жақып Дадайұлы 1942 жылдың 2-ші ақпанында Жаркент әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылды. Майданға аттанар алдында өзіндей өрімдей қатарластарымен Алматы қаласында әскери оқу-жаттығу алаңына түсті. Соғыс кезінің тәртібі өте қатал, таң бір қараңғы, бір жарық кезде басталатын жаттығу жұмыстары кешке дейін созылады. Сапта жүру тәртібі, нысана көздеп мылтық ату, оны бөлшектеп қайта жинау, орысша әскери терминдерді үйрену сияқты шайқастарда қажет болатын жаттығулар жас солдаттарды шыңдай түсетін. Алғашқы ұрысқа Оңтүстік-Батыс майдандағы армиялардың сапында жүргенде түсті. Майдандардағы ұрыс қимылдары қызып тұрған кездері жаңа дивизиялармен толықтырылып, арнайы тапсырма беріліп, 1943 жылдың 22 қазанынан бастап Оңтүстік-Батыс майданының атауы 3-ші Украина майданы болып өзгертілген-ді. Жақып Дадайұлы жауынгерлік борышын өтеуге жіберілген 6 атқыштар армиясы 1939 жылы қыркүйек айында жасақталған еді. Армияның құрамындағы полковник Н.Н.Мещеряков қолбасылық жасайтын 122-ші атқыштар дивизиясының айрықша тосқауыл жүргізетін 715 атқыштар полкіндегі ротада Жақып станокті пулемет расчетінің командирі болды. Атқыштар полкінің құрамындағы батальондар мен роталарда осындай арнайы тұғырға қондырылған пулеметте 7 адам қызмет жасайтын-ды. Оған бөлімше бастығы тағайындалып, оның қарамағына 6 жауынгер берілетін. Олардың бірі бақылаушы-дәлдеуші қызметін атқарса, бірі пулемет оқтаушысы мен оның көмекшісі, екі оқ тасушысы және арбалы ат айдаушы жауынгер бекітілген. Ұрыс барысында расчет мүшелері қандай жағдайға ұшыраса да кез-келген жауынгер оның міндетін орындауға дайын болуға үйретілген еді. Осы адамдардың өмірінің амандығына, бекінген жерге, окоптарға жаулар шабуылдаған мезгілде ара қашықтықты анықтап, оқты дәлдеп атуға, дер кезінде тойтарыс беруге басшылық жасау расчет командирінің міндетіне кіретін. Жауынгерлер шабуылға бұйрық алып, оған дайындық барысында, әскерлерді басқа стратегиялық қолайлы орынға ауыстырған кезде бұлар тұғырлы пулеметті бөлшектеп тасып жүретін болған. Армия генералы Р.Я.Малиновский басқарған 3-ші Украина майданының жауынгерлері шабуылдап келе жатқан неміс әскерлеріне қарсы Харковь түбінде қорғаныс ұрыстарын жүргізгенде Жақып Дадайұлы да өз жауынгерлерімен жауға тойтарыс беріп, алға жылжуына бөгет болды. Өзінің қарамағындағы ержүрек жауынгер қаруластарымен 1943 жылы Украина жерінде басталған кеңес әскерлерінің шабуылында Днепр өзенінің оң жағалауына өтердегі адам төзгісіз сұрапыл шайқастың бел ортасында жүрді. Кеңес әскерлерінің 1942-1943 жылдағы қысқы шабуылы кезінде Сталинград түбіндегі ірі әскер тобының жойылуы (1943 жылдың 31 қаңтарында қоршауға түскен генерал-фельдмаршал Ф.Паулюс басқарған 6-шы армия мен оның қарамағындағы 24 генералы, 2 500 офицері, 91 000 астам солдаттары тұтқынға берілді), тұтқынға түсуі және стратегиялық маңызы бар плацдармдарға ие болуы Гитлерлік неміс-фашистердің жеңімпаз әскерміз деген моралдық рухын түсіріп жіберді. Неміс командованиесі әскерлерінің жағдайын қайта көтеру мақсатында, оңтүстіктегі әскери күштерін топтап жазғы маусымда шабуылға шығып, кеңес әскерлерінің ішкерілей еніп кеткен құрамаларына қатты соққы беруге жоспар жасап жатты. Майданда түбегейлі бетбұрыс болды деп саналатын шайқас Курск-Орел доғасы. Жақып Дадайұлы 6-шы армияның құрамындағы дивизия жауынгерлерімен бірге 1943 жылғы шілде айында күшейтіліп топтастырылған неміс дивизияларының шабуылдарына қарсы жүргізілген қорғаныс ұрыстарына қатысты. Жау әскерлері оңтүстік және солтүстік бағыттан шабуылдап, кеңес әскерлерін қыспаққа түсіруге кіріскенімен, күшті қарсылыққа тап болып, қорғанысқа көшуге мәжбүр болды. Кеңес Ставкасы бекіткен дайындық жұмыстарын жүргізгеннен кейін 1943 жылғы шілде-тамыз айында басталған Курск-Орел доғасындағы Кеңес әскерлерінің шабуылы Отан соғысы барысындағы ірі шайқастың бірі болды. Екі жақтан шайқасқа 4 млн. астам әскер күші қатысқанынан-ақ оның соғыс тағдырын шешудегі маңызы қандай болғандығын байқауға болады. Жанталасқан неміс әскерлерінің қарсылығын жеңе, топтасқан құрамаларындағы әскери күшін талқандай отырып ілгерілеген Кеңес әскерлері Орел, Белгородты, ал 23 тамызда Далалық майданның құрамындағы 6-шы армияның жауынгерлері Украинаның ірі қалаларының бірі Харьковты азат етті.
ЕРЛІК ЖОЛЫ
Орел-Курск доғасындағы жан алып жан берген ауыр ұрыстар барысында дивизия жауынгерлері алдыңғы шепте өршелене шабуылдаған жаумен қаймықпай шайқасты. Ұрыс барысында Кеңес әскерлерінің екі бүйірден жасаған соққысының нәтижесінде неміс-фашист әскерлері көп шығынға батып, ілгерілеуін тоқтатты. Жау меселін қайтарған жеңімпаз әскерлердің арасында сұңғақ бойлы қазақ, қатардағы жауынгер Жақып Дадайұлы да болды. Ұзын бойлы, еңселі келген жігіт пулемет расчетін ұрымтал тұстарға орналастырып, шабуылдаған талай-талай жауды жер жастандырды. Ұрыстарда көрсеткен батылдығы полк командирінің назарынан тыс қалмады. Айрықша ержүректілігі үшін наградаға ұсынылып, «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. Медаль алғанда қоса берілген куәлігіне 715-ші полк ұсынды деген жазбаның өзі көп нәрсені білдіреді. Шегіне жүріп қарсылық көрсеткен жаулармен үздіксіз ұрыстар барысында осы армияның жауынгерлері кейіннен қайтадан 1944-ші жылы 3-ші Украин майданы атанып, Югославияны Азат ету Халықтық майданының әскерлерімен қоян-қолтық бірлесе шабуыл жүргізді. Белгіленген жоспар бойынша Белград операциясын жүргізу нәтижесінде Белград қаласы мен Сербия жерінің біраз бөлігін жаудан азат етті. Осы 6-шы гвардиялық атқыштар армиясының қарамағындағы ротадағы тұғырлы пулемет сүйреген қатардағы жауынгер Жақып Дадайұлы мен оның қаруластары 1943-1945 жылға дейін үздіксіз шабуылдаған Кеңес әскерлерінің құрамында неміс-фашист әскерлерінің тосқауылын талқандап Румынияны, 1945 жылы Венгрияны, Австрияның шығыс бөлігін босатып, оның астанасы Венаны басқыншылардан тазартуға қатысты. Австрия жерінде соғыстың соңғы күндері жүріп жатқан кез еді. Жеңілерін білген гитлершілдердің әскери топтары Австрияның ірілі-кішілі қалаларын, деревняларын алынбас қамалға айналдырып, бекініп, бар күштерін жұмсап қарсыласты. Қорғаныс құрып жан сала тірескен неміс солдаттарынан әрбір көшені, жеке үйлерді орасан зор қиындықпен, құрбандықтармен алуға тура келді. Шабуыл барысында үй ішіне басып кіріп, немістермен бетпе-бет келіп, қолма-қол ұрыстар жүрді. Жақып Дадайұлы азаттық әперуші армияның қатарында қаруластарымен бірге қантөгіс ұрыстар жүргізе отырып жеңіс күнін де жақындатты. Бұл жөнінде жауынгер-журналист өз естелігінде «1945 жылы аңсай күткен жеңісті Австрияның екінші астанасы Гран қаласының іргесінде қарсы алдық. Жеңіс деген сөзді естігенде көзімізден жасымыз парлап, бір-бірімізді құшақтап, құттықтап, жылай беріппіз» деп жазба қалдырған екен. Төрт жылға – 1418 күнге созылған қанды қырғынның тоқталғанының қуанышты сәтінің кейіпкері бола алған жерлесіміз Жақып Дадайұлы осыны өз басынан өткерді.
Соғыс барысында майданға шақырылған көптеген азаматтардың ішінде небір талантты жазушы, журналистер, тілшілер, ақындар ұрыс даласында қаза тапты. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі». Өзі қатысқан үш жылғы небір сұрапыл ұрыстарды басынан өткеріп, бораған оқтан, әуеден жаңбырша жауған мыңдаған снарядтармен ұшақтардан тасталған бомбаның жарқыншақтарынан аман қалыпты. Адам жанын қас пен көздің арасында алатын қой құмалағындай қорғасыннан құдай сақтапты. Қанды қасаптан тірі қайтқандығы да бекер емес шығар, тағдыр маңдайына майдан даласынан оралмаған, ел қорғау жолында ерлікпен қаза болған жауынгерлер туралы жазу бұйырыпты.
ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ
Соғыс аяқталып, ел бейбіт өмірге бет алған шақта 1946 жылы әскер қатарынан босап азаматтық жұмысқа қайта оралды. Соғыс жылдары неміс басқыншыларымен әрбір сүйем жер үшін айқасқан қазақ жауынгерінің майдандағы ерлігі бағаланып, жоғары мемлекеттік орденмен атап өтілді. Қанқұйлы жау, неміс-фашизмі өзі соғыс ылаңын бастаған жерінде Берлинде біржолата тұншықтырылғаннан кейін Жеңіс тойы тойланды. Осыған орай мыңдаған азаттық майданының жеңімпаз әскерлері кеуделеріне жарқыратып ордендер мен медалдар тақты. Осылардың қатарындағы Жақып Дадайұлына да КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 9 мамырдағы Жарлығымен Ұлы Отан соғысына қатысушы куәлігі жазылып берілді. Оған қоса «1941-1945 жылы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен наградталды. Мәскеуден шыққан наградасы 1946 жылы 1 наурызда Панфилов ауданына жеткізіліп, аудандық әскери комиссариатта салтанатты жағдайда табысталды. Майдан даласында қаншама ерліктің үлгісін көрсеткен қазақ жауынгерлері болғанымен олардың жанқиярлық ерліктері елеусіз қалды, ол алалаушылықтың барлығының да өзіндік себептері айқын еді. Майдан даласында ентелеген, басқыншы жат жерлік жауға табан тіресе қарсылық көрсеткен, құмырсқаша құйылып шабуылдаған жаңбырша жауған оқпен снаряд арасында қасарыса тайталасқан, ерлік көрсеткен жауынгерлер есімі ескерусіз қалмауы тиіс. Әділеттіліктің де уақыт өте келе өз қалпына түсетін кезі болады. Сөзіміздің сабағы 1985 жылы 11 наурызда Жақып Дадайұлына 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында неміс-фашист басқыншыларына қарсы күресте көрсеткен ерлігі, табандылығы және Кеңес Одағы халқының жеңісінің 40-жылдығына байланысты «Отан соғысының 2 дәрежелі» орденінің тапсырылуы осының айғағы. Ол кездерде бұл орденнің 3 дәрежесімен наградталған жауынгерлер Кеңес Одағының батыры атағымен тең деп саналатын.
Соғыс аяқталып ел бейбіт еңбекке бет бұрған соң ауылға оралып, өзі бұрын оқыған, аз күн болса да жұмыс істеген Көкталға келді. Төрт жылдан астам болған соғыстан қажыған, жұмыс қолы жетіспейтін, тек әйелдер мен балаларға сүйенген шаруашылықтарда еш бір жан бос жүрмейтін. Аудандық әскери комиссариатқа тіркелгеннен кейін көп ұзамай жұмысқа тұрды. Сауатты, іскер маманды жақсы білетін жергілікті басшылар бұған сенім артып Көкталдағы шаруашылықтың жоспарлаушы-экономисі қызметін беріп, есеп-қисаптық жұмысқа салды. Бір-екі жылдан соң салық агенті сияқты жауапты қызметтерді де абыроймен атқарды. Майдан өтінде қару көтеріп жүргенде де қолынан қаламын тастамай жүретін Жақып аман-есен елге келгеннен кейін де күндізгі ауыр жұмыстан шаршап келгеніне қарамай, кешкілік отыра қалып шаруашылықтың жұмысы жайлы, өзінің ойларын, ауылдағы жаңалық атаулыны жазып аудандық газетке жолдайтын. Сол кездерде қазақ жастарының арасынан суырылып шыққан небір талантты ақындары, жазушылары отқа оранған майдан даласынан оралмаған еді…
ҚАЛАМҒА ҚЫЗМЕТ
Жақып Дадайұлының мақалаларынан қаламгерге тән байқампаздық қабілетін байқаған аудан басшылары 1959 жылы Панфилов аудандық «Жаңалық жаршысы» газетінің редакциясына қызметке шақырады. Нағыз қайнаған қанды қырғыннан аман қалып, қиын да сынақты өмірдің өткелінен өтіп келген ардагер азамат жаңа жұмысына білек сыбана кіріседі. Халық арасына барып қызу еңбек үстінде жүрген адамдарды тап басып тауып, солардың ерен ерліктерін елге паш етеді. Газет жұмысын жақсы меңгергенін көргеннен соң басшылық Жақып Дадайұлына бөлім меңгерушісі қызметін ұсынып, оны да абыроймен атқарды. Оқырманының көңіліндегі толғандарған тақырыптарды дәл тауып, жаңалық атаулыны жан-жақты талдап, шынайылықпен республикалық, облыстық газет бетінде жариялым көретіндіктен журналистің еңбегі әрдайым ел аузында жақсы бағаланатын. 1961 жылы КСРО Журналистер Одағына қабылдануы да осындай тынымсыз, абыройлы атқарған еңбегінің жемісі. Күнделікті қарбаласып жататын газет жұмысын меңгеріп, бір жолға түсіргеннен кейін 1962 жылы газеттің жауапты хатшылығына бекітілді де, осы жұмысты үзіліссіз 1981 жылға дейін атқарады. Өзіне сеніп тапсырылған жауапты жұмысын адалдықпен атқара жүріп аралықтардағы бос уақытын шығармашылыққа жұмсайтын. Заман ағымы, ондағы жанында жүрген жақсы адамдардың өміріндегі толғаныстарын шебер суреттеп, кейде көңілге кірбің салатын жағымсыз көріністерді қаламынан қалыс қалдырмай найзадай түйрейтін. 1978 жылы ұзақ жылдардан бері баспасөз беттеріндегі жарияланған мақалаларында адамдардың бойында еңбекке, елге-жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастырудағы жазушылық қызметі бағаланып Қазақстан Журналистер одағының сыйлығына ие болды. Ал, 1990 жылы Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданды. Бұл кезеңдерде Кеңестік одақ туралы айтпасақ та, бүкіл біздің республика көлемінде шығатын баспасөздің барлығы партия комитетінің органы болып саналатын. Баспасөз, білім, мәдениет, денсаулық сақтау, тағы басқа бөлімдердің қызметінің барлығы идеологиялық жұмыс саласына жатқызылып, оны жоғарыдан төменгі буынға дейін кез-келген партия ұйымындағы хатшылар басқарып, бақылап отыратын. Барлық баспасөз жүйесі күнделікті шығарылу алдында бақылауда тұратындықтан ешқандай кеңестік саясатқа қарсы деген материалдар газет бетінен көрінбейтін, тіпті жазылмайтын да. Осындай кезеңде аудандық партия комитетінің органы болып табылатын «Жаңалық жаршысы» газетінің жауапты хатшысы міндетін 20 жылдай атқарған Жақып Заманбековтің қандай психологиялық жағдайда жұмыс атқарғанын түсіне беріңіз. Әйтсе де, екі майданның ері саналатын Жақып Дадайұлы ел мен жердің, оған еңбек етіп тер төгіп жатқан жақсы адамдар жайлы қалам тербей жүріп, өндірістен қол үзбей оқып, Алматы қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының оқымысты-зоотехник маманы деген дипломына ие болды. Ұзақ жылғы тартқан бейнетінің зейнетін көретін шақ та туды. 1981 жылы еңбек жасына толып, демалысқа шықса да, жастайынан бергі өз басынан өткен, көргені және үлкендерден естіген, білген тарихи оқиғалары мен соғыс жылдарындағы шайқас даласындағы қарулас майдандастары, басқа да жауынгерлердің ерліктері жазылуға тиіс естеліктердей болып көз алдында тұрды. Олар туралы әңгіме, мақалалар, очерктер жазылды.
Майдандас болған, еңбек жолында иықтаса бірге жүрген жандардың қажырлы да, жігерлі жүздері жанына тыным бермейтін. Жазары жадында ұмытылмай жүретін жалынды журналист Жақып Дадайұлы бір сәт тыным тапқан кезінде «Жылдар жемістері» кітабын баспадан шығарып, қызығушылықпен асыға күтіп жүрген оқырмандарына ұсынды. Осы жылдарда ауданның экономикасының дамуына сүбелі үлес қосқан тәжірибелі ұшымшар басшылары Н.Сауранбаев, И.Белаловтармен бірігіп «Неиссякаемый родник» кітабын шығарды. Шаруашылықтардың нәтижелі жүргізген тәжірибелері туралы жазылған «Көктал көкжиегі» кітабын да оқырман жылы қарсы алды. Мұндағы негізгі кейіпкерлері ауданымыздың еңбек адамдары. Жазылған шығармасындағы көздеген ойы халқымыздың жақсы тұрмыс, жайлы өмір сүру жолында аптап ыстыққа, қақаған аязға төзімділік танытып, күн мен түнге қарамай еңбектенген жандардың сіңірген жұмысына шынайы баға беру еді. Қоғамдық өмірдің әр саласына үзбей қалам тартқан Жақып Дадайұлы мақалаларында оқырман ойындағы өзекті мәселелерді қамтып отыратын. Кітапты шығара отырып қоғамдағы адамдардың күнделікті тынысы мен мазмұнды өмір сүруін көрсетудегі әдеби желінің негізін қалаушы автор Жақып Дадайұлы болғандығы түсінікті.
ҚАРУЛАСТАРҒА КӨМЕК
Ұлы Отан соғысының жаңғырығы әлі әлсірей қоймаған шақта, соғысқа қатысқан майдан ардагерлеріне жоғары органдар тарапынан қамқорлық көрсету шаралары жақсы жолға қойылған еді. Аудан әкімшілігі жастары ұлғайған соғыс ардагерлерінің жағдайын жақсы білетін Жақып Дадайұлына алдымен аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағағалығын, ал 1994 жылдан бастап Жаркент қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы жұмысын ұсынды. Кеңес одағы ыдырап, оның құрамындағы республикалар өз тәуелсіздігін алып, экономика құлдырап жатқан шақта майдангерлерге бұрынғы жасалған жеңілдіктер тоқтап қалған еді. Жергілікті жердегі әкімдіктер қиындықтан шығудың түрлі жолдарын іздеді. Майдангерлер мен еңбек ардагерлеріне қамқорлық жасап, тұрмыс жағдайларына қарай колғабыс беру, материалдық көмек көрсетуді ұжымшарлар мен кеңшарларға бекітіп беріп, тығырықтан шығу жолдарын реттемек еді. Өз кезегінде олар да ыдырап, ұсақ жеке шаруашылықтарға бөлініп, қаражатсыз күйге түсті де ардагерлерге көмек қолын созуға қауқарсыз болып қалды. Жақып Дадайұлы мұндай шақтарда да әрекетсіз қалмады. Аудан әкімдігінің қолдау көрсетуімен Қорғас кеденімен және ауданда құрылған саудамен айналысатын мекемелерге өтініш кіргізіп, олардан түскен қаржыға мүгедек болып қалған майдангерлер мен ардагерлерге материалдық көмек ұйымдастырып, әртүрлі демалыс орындарына жолдама алып беріп сауығуына жәрдемдесті. Кейбір баспанаға қолы жетпей, қаға беріс қала беретін жандарға жоғары органдардың алдына мәселе көтеріп жүріп пәтер алуына да жәрдемін тигізді. Еліміз тәуелсіздік алып, қазақ жерінен басқа жақта тұрып, енді тарихи отанына қоныс аударып, оралған азаматтардың арасында Ұлы Отан соғысының ардагерлері де бар еді, олардың да жағдайына үңіліп, мәселесін біржақты етіп шешіп беру Жәкеңнің үлесінде еді. Қиындығы да, жауапкершілігі де мол осы қызметке сенім артылып, үш мәрте сайланып, үзеңгілестерінің алдында тапсырылған жауапты істі абыроймен атқарды. Тынымсыз қызмет атқарып жүрген кездің өзінде қолынан қаламын тастамай, майдангерлердің соғыс кезіндегі көрсеткен ерліктері туралы, жерлестерінің тыныс-түршілігі жөнінде газет-журналдарға үзбей мақалалар, очерктер, естеліктерін жариялап тұрды. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатқан материалдары көпшіліктің көкейіндегі мәселелерді дөп басатын. Жастар тәрбиесі, олардың болашағы туралы ой-түйіндемелерін ортаға салу мақсатында Жақып Дадайұлын қаладағы оқу орындары жиі-жиі пікір алмасуларға шақыратын. Кеудесіне соғыс салған жарақаттардан күйзеліп жүрсе де отаным деп, ең қиын кезеңде өз денсаулығына көңіл бөлмей, еркін елдің ұрпақтары үшін еңбек етуден жалықпады. Әйтсе де, денсаулығына байланысты 2000 жылы бұл қызметті өз еркімен өткізіп берді. Қала әкімдігі де осы орындағы ел үшін атқарған үлкен қызметіне рахмет айтып шығарып салды.
ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТ
Майдангер жауынгердің бейбіт еңбек ету кезеңіндегі, халқымыздың тәуелсіздік жолымен дамуына қосқан және қоғам алдындағы сіңірген еңбектері жоғарғы органдар назарынан тыс қалмады. Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 4-ші ақпандағы Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік, ал, 2003 жылы 5 мамырдағы Жарлық бойынша «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. 1941-1945 жылдардағы миллиондаған адамдардың өмірін жалмаған, соншама адамдарды жарымжан етіп, әрбір отбасының басына қайғы мен қасірет әкелген сұрапыл соғыс аяқталса да майданда жаумен арыстанша арпалысқан жауынгерлердің ерлігін еске алып тұру дәстүрге айналған-ды. Осындай шаралар өтіп тұрмаса кейінгі жастар аталар ерлігін ұмыта бастары хақ. Сондықтан да майдан өтінде иықтаса жан-тәнімен ел қорғаған қандыкөйлек достары Жақып Дадайұлын ұмыта қоймаған. Олай дейтініміз соғыстың қиын-қыстау кезінде жауға тойтарыс беруді ұйымдастырушы маршал Г.К. Жуковтың «Мерейтойына әзірлік және оны мерекелеу жөніндегі Ұйымдастыру Комитетінің» тапсыруы бойынша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Басшылары кеңесінің 1995 жылғы 26 мамырдағы Шешіміне сәйкес Заманбеков Жақып Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков медалімен марапатталыныпты. Медальді сол шешімге сәйкес 1997 жылғы 22 ақпанда Қазақстан Республикасы Талдықорған облыстық әскери комиссары қол қойып табыстаған.
Еліміз бейбіт өмірді бастан кешуде десек те адамзат жүрегін дір еткізетін алапат соғыс өрті салған жара әлі басылған жоқ. Жақып Дадайұлы қос майданның біріне суық қару ұстап қан төгіс ұрысқа қатысса, екіншісіне қасиетті қаламмен қатысты. Жерлестермен, ақсақалдармен жолығу, жанына жақын достарымен шахмат ойнау, жаңа жаза бастаған журналистермен кездесулер, оларға адамдармен қалай сөйлесу жайында ақыл-кеңес беру Жақаңның үнемі сүйіп істейтін дағдысына айналды. Осы жылдарда «баспасөздің бапкері» атанған Жақаң талапты жастарға тәлімгерлік жасап, бойындағы үлгі-өнегесін өзінен кейінгілерге дарыта білді. Әрдайым жаңалық атаулының жаршысы әрі жақсы жандардың жанынан табылатын журналистер Жақып Дадайұлын іздеп келіп әңгімелесіп, өнегелі өмірі туралы мақалалар жазып жариялап жүретін. Сөздің реті келгенде сол азаматтардың бір-екеуін айта кетсек те болады. Өйткені Жақаң бүгіндері есімдері республикамыздағы баспасөз оқырмандарына белгілі сөз шеберлерін, журналистерді әрі қарымды қаламгерлердің бір шоғырын тәрбиелеп шығарды. Солардың бірі облыстық «Жетісу» газетінің меншікті тілшісі, Журналистер одағының мүшесі, елдегі шебер очеркистің бірі, бірталай байқаулардың лауреаты Мырзағали Нұрсейіт бауырымыз мақтанышпен «Жақып ағам менің журналистік жолдағы ұстазым» деп санаса, ал, көрнекті сөз өнерінің құла жорғасы, журналист Нұрәділ Бегімбет «Жақаң – Жаркент журналистерінің атасы» деп бағалайды. Атақты суретшілер Д.Тәжиев, А.Оймауытовтар есімі елге танымал ағаларының портретін үйге келіп, әңгіме-дүкен үстінде салып кеткен. Ал, Жақып Дадайұлы қайтыс болғаннан кейін ол кісіні жақсы білетін суретшілер М.Иманбаев, Ә.Атанбаевтар Жақып Дадайұлының отбасына келіп фотосуреті арқылы бейнесін салған. Қыл қалам шебері Ә.Атанбаевтың салған портреті Ә.Қастеев галереясының графика залында көрерменнің көз алдында ілулі тұр.
Жақаңның соғыстан аман-есен оралып, емін-еркін шығармашылық және қоғамдық саладағы жұмысын алаңсыз алып жүруіне аяулы жары Нұрсәлиман үлкен қамқорлық жасады десек артық айтқандық емес. Елуінші жылдары жоғары білімді Қыздар педагогикалық институтының кітапханашы факультетін бітірген Нұрсәлиман екеуі отбасын құрып, жеті бала өсіріп, оларды қатарынан қалдырмай тәрбиелеп, оқытып, өмірлік жолға түсірді. Үкімет, қоғам алдындағы парызын жақсы түсінетін алтын құрсақты ананы «Алтын алқа», «Еңбек ардагері» медальдарымен наградтады. Зерделі балаға ата-ана – шамшырақ, жүрер жолына нұрын шашып, алар асуына бағыт сілтеп тұрады. Жаркенттегі Ә.Қастеев атындағы көркем-сурет галереясының қор сақтаушысы Шолпан Жақыпқызының ардақты әкесі мен аяулы анасы туралы сүйіспеншілікке толы естелігінің өзі сол қымбатты жандардың берген өнегелі тәрбиесі болар.
Жақында, жергілікті өзі-өзі басқару жөніндегі қоғамдастықтың жиынында Жаркент қаласындағы көшелердің біріне соғыс ардагері, Кеңес Одағы және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының лауреаты, Панфилов ауданының «Құрметті азаматы», аудандық архивтік «Алтын қорға» енгізілген «Ұлы Отан соғысының 3-ші дәрежелі» орденімен және көптеген медалдардың иегері Заманбеков Жақып Дадайұлының есімін мәңгі есте қалдыру үшін бір көшеге атын беру туралы қаулы алынды. Елі халқының азаттығы үшін күрескен, қажырлы еңбек еткен батырларын әрқашанда құрметтей бермек.
Молот СОЛТАНАЕВ