Тәуелсіздіктің 30 жылдығында тіл мәселесі толығымен шешімін табуы тиіс еді. Бәріміз солай ойладық. Соған сендік. Билік бір-ақ сәтте бір бұйрықпен бәрін өзгерте салады деп жүрдік. Бірақ, 300 жыл бойы отарлау саясатын бастан кешірген ел егемендік алғанда отарсыздану саясатын ұмыт қалдырыптық. Тіл мен ділге қатысты «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығатынын» ескермептік. Сөйтсек бар мәселе, бар гәп өзімізде екен.
Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханды қабылдағанда осы бір түйткілді мәселенің шешу жолдарын, жұмыс істеу механизмдерін анық түсінгендей болдым. Тіл мәселесі күн тәртібінен түспеу керек. Алайда оны әлеуметтік бөлініс пен алшақтау шегіне салып, саясиландыра берудің қажеті жоқ екен. Тілге жанашырлық пен қолдау өзіміздің отбасымыздан, күнделікті өмірімізден, істеп жатқан жұмысымыздан анық көрініп отыруы тиіс. Сонда ғана қазақ тілінің өрісі кеңейіп, адымы ашыла түседі деп ойлаймын. Қазақ тілін мәжбүрлеп үйрете алмаймыз, тек соған қажеттілік туындата білуіміз керек. Кез келген дүние мәдени формаға оранғанда құлпыра түседі емес пе.
Әйгілі Оксфорд университеті енді қазақ тілін меңгеріп шығатын мамандар даярлауда. Бұл да біздің ана тіліміздің жеңісі деп білемін. Осындай іргелі істер арқылы туған тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, өрісін аша түссек, келер ұрпақ алдында да жүзіміз жарқын болмақ.
Толқын ЕРБОЛҚЫЗЫ,
тіл жанашыры