Әзербайжан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мазаир Панахов елордада АЭС бойынша референдумға орай пікір білдірді.
«Әзербайжаннан референдумды байқауға 13 адам, оның ішінде Парламенттен — 6, Орталық сайлау комиссиясынан 7 адам келдік. Қазақстанда орналасқан дипломатиялық миссиядан тағы үш адам бар. Сағат 15:-00-ге дейін 45 учаскеде дауыс беру барысын байқап үлгердік», — деді ол Орталық референдум комиссиясында өткен брифингте.
Әзербайжан өкілі Қазақстан сайлау құқығы толық іске асырылып жатқан елдің жақсы үлгісі бола алатынын айтты. Әр учаскеде кем дегенде 10 бақылаушы кезекшілікте болды, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысты.
«Мен бір учаскеде адамдар кішкентай балалармен бірге келгенін көріп қатты таңғалдым. Тіпті, олардың сайлаушы емес екендігі анық, бірақ ата-аналары дауыс бергенде іште ризашылықпен жүрді. Бір учаскеде олар бізді балалармен бірге суретке түсіріп алды. Осы тұрғыда қазақ халқының еркін екендігі және өз қалауын білдіргісі келетіндігі сезілді», — деді Мазаир Панахов.
Сонымен қатар ол дауыс беру барысында тіпті болмашы да заң бұзушылықтың орын алмағанын атап өтті. Оның айтуынша, учаскелерде дауыс берушілерге барлық жағдай жасалған. Ел тұрғындары өз еріктерімен таңдау жасап жатыр.
Еске салайық, бүгін қазақстандықтар атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдумда дауыс беріп жатыр.
Республикалық референдум бюллетенінде бір ғана сауал болады:
– Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?
Дауыс беруші жауаптың екі нұсқасының бірін таңдайды:
– «Иә, келісемін» немесе, «Жоқ, келіспеймін».
1 шілдедегі жағдай бойынша ел көлемінде 12 176 968 адам референдумда дауыс беруге хақылы.
Сағат 16:00-дегі жағдай бойынша 7 062 358 азамат бюллетень алды. Бұл тізімге енгізілген азаматтардың 57,68 пайызын құрайды.