Мен осы постты жазар алдында көп ойландым. Әуелі өз болмысымның эмоциялық жағына назар аударып көрдім. Ол «еліргіш» жағым маған ұрда-жыққа салып, билікті жамандасаң, қарсы шықсаң, Тоқаевты сынасаң, лайк жинап, қолпаштаған пікірлердің астында көміліп қаласың дейді. «Азамат» атанасың, «шыншыл, турашыл, бетке айтқыш батыр» боп таныласың дейді. Сол арқылы өз эгоңды, өз нәпсіңді рахатқа батырасың дейді. Мұндайда ақыл-есі дұрыс адам ішін тыңдау керек. Жүректі тыңдау керек деп лирикалық сарынға салғым кеп тұрған жоқ. Өзіңнің сау ақылыңды тыңда!
Сау ақыл маған айтады: қолдап жазсаң, жұрт «жағымпаз, билікқұмар, қызметтілегіш, сатқын…» тағы басқа толып жатқан жағымсыз эпитеттермен дорбаңды толтырып береді дейді. Сені жаманатты қып жатқан пікірлерді оқысаң, жүрегің айнып, құлазып кетесің дейді. Ақын деп жүргеніміз осы ма деп тентіретіп жібереді дейді. Мейлі. Бірақ сау ақылдікі қашан да дұрыс. Қиын болуы мүмкін, бірақ тура.
Қазір ел алмағайып кезеңде тұр, сыртқы маңайымыз тыныш емес, ішіміз де тынып, мамыражай боп маңдайымыз шылқып тұрғаны шамалы. Мен де осы елдің баласымын, жетпіс жеті бабам осы қасиетті жерді мекен етті, ертең менің де ұрпағым осы жердің иесі болады. Мен неге ертеңіме алаңдамайын? Онда менің адамдығым қайда, азаматтығым қайсы? Елдің келешегін ойламасам, ақын болғаным кімге дәру?
Сау ақылыма жүгінсем, дәл қазіргі шақта елді алға сүйрейтін, бізбен бірге (!) әділдікті орнатып, баршамыз аңсап жүрген демократияға негізделген, руханияты салтанат құрған озық та әділетті мемлекетті қалыптастыратын, ашық азаматтық қоғамға арқа сүйейтін, жан-жағымен кәсіби түрде ымыраға келе алатын бір ғана адамды көріп тұрмын, ол – Қасым-Жомарт Тоқаев. Сол үшін де мен жақында «Тоқаевтың реформаларын қолдау» қозғалысына өз еркіммен кірдім, алғашқы отырысына модераторлық жасадым және осы сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі ретінде ресми түрде тіркелдім. Бәрін ашық айтып отырмын. Және бұл қадамға ойланып бардым.
Әлқисса, әлем ойшылдарының барлығы да, мейлі ол Шығыс болсын, мейлі Батыс болсын, Алланың адам баласына берген зор нығметі – Ақыл дейді.
Абай адам баласында болуға тиіс үш негізгі қасиеттердің бірі – «нұрлы ақыл» десе, Шәкәрім философиясында «сау ақыл» деген ұғым кездеседі.
Әл-Фараби бабамыз ізгі адам болуға және бақытқа жетуі үшін ол пақырға «көркем мінез» бен «сау сана, дұрыс парасат» керек дегенді алға тартады. Әл-Фарабише оған кереғар дүние – айқай-сүреңге, бос эмоцияға, нәпсіге, харамға ергіш «бұзық ақыл».
Одан бөлек Әбунасыр бабамыз ел басқаратын азаматтың бойында 12 ерекше қасиет болу керек деп талап қояды. Жалпы ол қасиеттер ата текпен, ана сүтімен даритынын да айта кетеді әл-Фараби. Ол 12 қасиетті талдап жазсақ ұзаққа кетеміз. Тек біреуіне тоқтасақ та жетіп жатыр. Ол – әділетсүйгіштік. Абай да «үш сүюдің» бірі – әділетсүйгіштік дейді. Себебі, Жаратқан қаншалық шексіз Мейірімді болса, соншалық Ол шексіз Әділетті.
Әділетті һәм ақылы сау басшы болса, ол елге үлкен олжа дегенді де айтқан әл-Фараби.
Кеше ғана бәріміздің төбе құйқамызды шымырлатқан, үрей тудырған қаңтар оқиғасы ұмытылған жоқ. Бәз біреулер ұмытқысы келеді. Іштей кім ұйымдастырғанын сезсе де, беталбаты сөйлеп, атылған бейбіт тұрғындардың обалын Тоқаевтың мойынына ілгісі келеді. Бірақ ішін тыңдаса, іші құрғыр басқаны айтады оған. Іші құрғыр оған дәл сол шақта көңілі алаң болса да, тізесі дірілдемей, батыл да ширақ қимылдап мемлекетті сақтап қалған Тоқаев қой! – деп айтады. Іштей сенеді оған, үміт қылады. Бірақ ашық қолдасам, әлгіндей елдің алдында масқарам шығады деп қорқады. Тек бұзық ақыл ғана қорқақ, достар! Сау ақыл, бәрін екшеп, мың өлшеп, бір-ақ кеседі. Біз сондай халықпыз. Ата-бабамыз мына ұлан-ғайыр даланы ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған жоқ, ол теңеумен айтылған әдемі сөз, біздің бабаларымыз бұл жерді парасатымен, сау ақылдан шыққан, ұлттық мүддеден туындаған айла-шарғы, дұрыс шешімдердің арқасында аман алып қалды.
Сау ақылымыз бізге парақорлық жайлаған, әділетсіздік пен былыққа толы өткенге қайту жоқ, алдағы үміті басым жақсы болашаққа ұмтылу қажеттігін айтады. Айқай-шуды доғарып, бір мақсатқа жұмылған дені сау, ақылы бүтін ел болуымыз керектігін айтады. Біз ешкімнен кем емеспіз, біздің де Президент ешкімнен кем емес! Иә, ол ескі жүйенің адамы дейміз. Тарихты ешкім өзгерте алмайды. Оны ұсынды, қолдаймыз деді. Іс жүзінде қалай болды? Жұмыс істетті ме оған? Ештеңе шешпейтін адам қып көрсеткісі келді, әлі де сүрінсе деп мысықтілеуленіп отыр. Тіпті, қызғаныштан булығып, тақты қайта тартып алғысы келді. Бірақ, Жаратқан Алланың әділет сипатын еске алды ма олар? Ал Алла қашанда есепке жүйрік. Оған бәріміз куә болдық. Тәуба, Алла біздің қазаққа оң қарайды екен. Мемлекетіміз орнында, сыртқа беделіміз жүріп-ақ тұр (тәптіштеп жазбай-ақ қояйын, өздеріңіз көріп-біліп отырсыздар). Енді біз оң қараған Алланың әміріне, теріс қарасақ, онда біз өзімізді ақыл-есі сау һәм әділетті елміз деп айта аламыз ба? Абай айтқандай «кім сені сүйсе, оны сүймектік қарыз емес пе?». Демек біз Алланың сол мейіріміне сай бойымызды жинақтауымыз керек шығар.
Биылғы күз – ерекше күз. Мәселе сайлауда емес. Қаңтардағы қырғынмен басталған біздің өмір басқа сапаға ауысты. Біз жаңа тағдырды таңдадық. Біз ендігәрі әділетсіздікке, бүкіл мемлекет пен қоғамды буып тастаған өтірікке, адамды лоқсытатын жиіркеншті мақтау-мадақтауға, жемқорлыққа мен ұрлық-қарлыққа шыдамайтынымызды айтып, талап қойдық.
Елдің тілеуі – әділетке негізделген мығым мемлекет, ояу қоғам. Президент бұны білмей отыр деу – ақымақтық. Ел нені талап етсе, басшы соны істеуі міндетті. Бірақ сау ақылмен, асқан парасатпен. Сау ақыл асықпайды, сау парасат алқынбайды. Жақсы сөз бар: Алла асықпайды, бірақ ешқашан кешікпейді деген. Себебі, Алла ең алдымен Өзінің асқан құдыретті парасатымен жасайды бәрін.
Тоқаевтан мен айтылып отырған адамға тән сол парасатты, сау ақылды көрдім. Кездесіп сөйлескем жоқ, сырласқан кісім емес. Бірақ оның жасаған әрбір қадамы мен шешімдерінен мен сау ақылды, алысты көре алатын қасиетті көріп отырмын. Толық білім мен мәдениетті, көркем мінезге сай ұстамдылықты, дұрыс ниет пен әділеттілікті көріп отырмын. Құдай мені шатастырмасын деп тілеп отырмын. Бұл сайлау да бітеді, сайлаудан кейінгі 7 жыл да көзді ашып-жұмғанша зымырап өте шығады. Бірақ біз ертеңіміз үшін дәл осы кезеңге, дәл осы шақта қабылданатын шешімдерімізге жауапты буын-ұрпақпыз. Сол үшін де дұрыс таңдау жасау – парызымыз.
Қазір болып жатқан жағдайларды біз 10 ай бұрын түсімізде де көрмеген едік. Салымыз суға кетіп, ұнжырғамыз түсіп, тек бір Тәңірдің әділеттілігіне үміт еттік қой.
Бұл – мен бірдеңе сезе алсам, өзгерістердің басы ғана.
Алда әлі талай тарихи дүниелерге куә боламыз. Сол үмітпен мен Парасатты таңдадым! Ал сіздің таңдауыңыз қандай?
Ақберен ЕЛГЕЗЕК,
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқарма төрағасының
бірінші орынбасары, ақын.
Фейсбуктегі парақшасынан.