«Қазақстан» телерадиокорпорациясының тапсырысымен «Ашық қоғам» өңірлік зерттеу институты жүргізген Еxit poll нәтижесі бойынша 20 қарашадағы кезектен тыс Президент сайлауындағы сайлаушылардың 82,45 проценті кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты жақтап дауыс берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ашық қоғам» өңірлік институтының өкілдері Exit poll-дың стандартты әдістемесі бойынша, сайлау учаскесіне барған сайлаушылар арасында сауалнама жүргізіп, «Сіз қай кандидатқа дауыс бердіңіз?» деген сауал қойған.
Сонымен, Exit-poll нәтижесі мынадай:
Қасым-Жомарт Тоқаев —82,45%;
Мейрам Қажыкен —2,23 %;
Жигули Дайрабаев — 3,33%;
Қарақат Әбден — 2,54%;
Салтанат Тұрсынбекова — 2,08%;
Нұрлан Әуесбаев — 2,17%;
Бәріне қарсымын – 5,2%.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, сағат 22.00-дегі жағдай бойынша республиканың 8 299 501 азаматы бюллетень алды. Ол — тізімге енгізілген азаматтардың 69,43 пайызы деген сөз. Ал 4 өңірде сайлаушылардың 80 пайыздан астамы дауыс берген.
Бүгін елімізде кезектен тыс президент сайлау өтті. Барлық өңірде 10 033 учаске жұмыс істеді.
Сонымен қатар шет мемлекеттердегі Қазақстан өкілдіктері жанындағы 68 учаскенің бірнешеуі қазіргі уақытта жұмысын аяқтады.
Сайлау күнінде Сан-Францискодағы сайлау учаскесі соңғы болып жұмысын бастады.