Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Құрметті, қадірлі жамағат! Әуелі баршаңызды келе жатқан қасиетті Рамазан айымен шын жүректен құттықтаймыз! Рамазан айы мүбәрак болсын. Жаратқан Алла Тағала ниеттеріңізді, дұға-тілектеріңізді қабыл еткей!
Рамазан айы – күллі мұсылман әлемі үшін қасиетті де берекелі ай. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл ай кіргенде адамдарды былай деп сүйіншілейтін болған: «Сендерге Рамазан айы келді, бұл берекеге толы ай. Алла осы айда оразасын парыз етті. Бұл айда жәннат есіктері айқара ашылып, тозақ есіктері жабылады».
Ата-бабаларымыз да бұл ай кірісімен бір-бірлерін құттықтап, балалар үй-үйді сүйіншілеп: «Мұхаммед үмбетіне айтқан жарапазан, оразаң қабыл болсын ұстаған жан!» – деп, жарапазан айтатын.
Бұл айда адамзат баласын тура жолға, білімділік пен бейбітшілікке үндеген Қасиетті Құранның алғашқы аяттары түскен. Бұл қасиетті айды күллі мұсылман жұртшылығы сағынып, ерекше қадірлеп, асыға күтіп алады. Алла Тағаланың әміріне бас иіп, ораза ұстап, мұқтаждарға жәрдемдесіп, тағат-құлшылықтар жасап, жан дүниесі рухани демалады.
Исі мұсылман баласы асыға күтетін, он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа бірлік пен береке, бақыт пен шаттық тілеймін! Рамазан айы құтты болсын! Орталық Азия елдерінің мүфтилерімен, ондағы пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе және ғылыми зерттеулер нәтижесін ескеріп, ортақ шешім қабылдадық. Алла қаласа, биыл рамазан айы 23 наурызда басталды. Ал сәуір айының 17-нен 18-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 21 сәуір – ораза айт мерекесі. Биылғы пітір садақасы жан басына 535 теңге болып бекітілді. Пітір садақасы мөлшері еліміз бойынша екі келі ұнның ортақ бағасы негізінде белгіленді. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен беруге болады.
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңе дейінгі қауымдарға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін сендерге де ораза ұстау парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят) деп баяндайды. Шариғатымыз бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда жолаушылар, науқас жандар мен сырқаты асқынып кетуінен қауіптенген адамдар, сондай-ақ жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстауды кейінге қалдыруына болады. Бұған шариғатымыз рұқсат береді.
Рамазан айының қадірі мен қасиетін терең түсінген ізгілер оразаға алты ай қалған сәттен бастап: «Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» – деп дұға жасаған. Сан ғасырдан бері Ислам дінін рухани тірегі еткен халқымыз берекелі Рамазан айын ерекше дайындықпен күтеді. Сауаптар еселеніп жазылатын айда ауызашар беріп, көмекке мұқтаж жандарға пітір садақасын үлестіріп, үлкендердің алғысы мен батасын алуға тырысады. Оразада игі ниетпен орындалатын ізгі амалдар бүгінде салт-дәстүрімізге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Рамазан – Алла Тағаланың мұсылмандарға берген ұлы сыйы, нығметі. Қасиеті мен шарапаты мол айда күнәларымыздан арылып, сауап жинауға, жан-дүниемізді тазартуға тырысқан абзал. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетін: «Бұл айда жәннат есіктері ашылады. Ораза тұтқан адамның алдыңғы және кейінгі күнәлары кешіріледі», – деп сүйіншілеген.
Рамазанда ауыз бекіткен исі мұсылман баласы өзін ішіп-жеуден ғана шектемей, жаны мен тәнін жамандықтан сақтап, ізгілікке ұмтылады. Іс-әрекетін мұсылманға тән әдеп аясында орындауға тырысады. Өйткені Рамазан – кез келген ізгі амалды риясыз ниетпен жасауға тәрбиелейтін, адамды тақуалыққа үйрететін ай.
Рухани кемелдену айы – Рамазанда барынша әдепсіз әрекет пен қате-кемшіліктен арылуды көздеген адам әдеп білмес жандардың дөрекі әрекеттерін кешіріп, сыпайы түрде «мен оразамын» деп кешірім жолын ұстанады. Кісінің кемшілігіне сабыр ету де – үлкен сауап. Алла Тағала «Шура» сүресінің 43-аятында: «Әрине кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы», – деген.
Аштық пен шөлге төзіп, Алла разылығын алуды шынайы ниет еткен адамға берілетін сый мен құрмет ерекше болмақ. Алла Тағала құдси хадисте: «Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза – Мен және құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеу себебінен шыққан ауыз иісі Мен үшін миск әтірінен де қайырлы», – деген.
Рамазан оразасының ниеті
Оқылуы:«Аллааһумма иннии нәуәйту ән асуумә рамадаана кәәмилән лиуаджһикәл-кәриим, иимәәнән уахтисәәбән. Аллааһуммә фатақаббәлһу миннии уағфирлии фииһ, уа бәәрик лии фииһ».
Мағынасы: «Уа, Алла! Мен осы рамазан айында Өзіңнің разылығың үшін имани әрі сауабынан үміт еткен түрде ораза тұтуға ниет еттім. Уа, Алла! Оразамды қабыл ал күнәларымды кешір әрі оразамның берекесін бер!»
Ауыз ашар дұғасы
Оқылуы:«Аллааһуммә ләкә сумту уа ъәлә ризқикә афтарту, зәһәбәз-зама уабтәлләл-ъурууқ, уа сәбәтәл-әджру, иншаллаһ».
Мағынасы: «Уа, Алла! Сен үшін ораза тұттым әрі ырзығыңмен ауыз аштым. Шөл кетті, тамырлар суланды, иншалла, сауабы да жазылды».
Оразаны не бұзбайды?
- Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды. Бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек;
- Ұйқыдан жүніп болып ояну;
- Әйелін сүю немесе денесіне қолын тигізуі. Мұндай жағдайларда егер мәни шықпаса, ораза бұзылмайды;
- Әйеліне қолын тигізбесе де оған қараудан немесе шәһуәтын қоздыратын жағдайларды ойлап мәни шықса;
- Түнде жүніп болып, ғұсыл алуды сәресі уақытынан кейінге қалдыру;
- Аузына келген қақырықты жұту;
- Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсенің тамаққа кетуі;
- Құлаққа су кіру, бұлық ағу;
- Темекі түтіні немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары тамаққа еріксіз кірсе, ораза бұзылмайды;
- Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту оразаны бұзбайды;
- Еріксіз ауыз толы құсу немесе оның ішке қайта кетуі оразаны бұзбайды;
- Қан алдыру немесе сүлік салдыру;
- Көзге, құлаққа дәрі тамызу;
- Мисуак немесе тіс пастасын қолдану оразаны бұзбайды. Бірақ пастасы ішке кетіп қалса бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып тістерді жуу;
- Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт;
- Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет;
- Душқа жуыну, теңізге, көлге түсу оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтып қоюдан сақтануы керек.
Оразаны не бұзады?
— Әдейі бір нәрсені жеп-ішу;
— Темекі шегу, насыбай ату, дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау;
— Аузындағы жаңбыр тамшыларын әдейі жұту; Бұл жайлы мына хадисте айтылған: «Ораза кірген нәрселерден ғана бұзылады, шыққаннан емес».
— Әйелімен жақындасу (яғни, таң намазынан ақшам намазына дейін жақындасу оразаны бұзады);
— Cебепсіз қорек немесе қоректік қасиеті бар барлық заттарды біле тұра әдейілеп жеу оразаны бұзады;
— Мұндай жағдайларда каффарат оразасын ұстау қажет. (Каффарат деп – рамазан айының оразасын себепсізден-себепсіз біле тұра бұзып жіберсе, екі ай ораза ұстауды, оған шамасы келмесе алпыс кедейді тамақтандырып, тойғызуды айтады).
Оразаны кімдерге ұстамауға рұқсат?
— Жолаушылық; (сапарда ауыз бекітпеуге болады, бірақ басқа күндерде санын толтырып ораза ұстайды).
— Жүктілік пен бала емізу; (егер денсаулығы мен баласына зиян келуден қорықса ораза ұстамай кейін қазасын өтесе болады).
— Ауру-сырқау; (сенімді дәрігер ораза денсаулығына зиян тигізетінін жан-жақты анықтап барып айтса, жазылған соң ұстауға болады).
— Кәрілік; (қартайып оразаны денсаулығы көтермейтін кісілер бір кедейдің таңғы және кешкі асын беріп тойдырады. Оған шамасы келмесе тәубе етеді).
— Хайыз (етеккір) бен нифас; (бір әйел ораза кезінде етеккір көрсе немесе босанса ораза бұзылады. Мұндай жағдайда тоқтаған соң қазасын өтейді).
Тарауих намазы
Тарауих намазы еркектерге де әйелдерге де сүннет болған намаз. Тарауих намазы Рамазан айының әр кешiнде оқылады. Жамағатпен оқылуы кифая сүннет. Оқылатын уақыты құптанның соңғы сүннетімен уiтiр намазының арасы.
С: Рамазан айында парыз және сүннет намаз-дарға қосымша оқылатын намаз бар ма?
Ж: Бұхари мен Мүслімнің Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген риуаятында Алланың Елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім рамазан айында шынайы иманмен сауабынан үміт еткен түрде намаз оқыса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі», – деген. Бұл хадистен рамазан айында әдеттегі намаздарға қосымша оқылатын намаз түрі бар екенін аңғаруға болады.
С: Рамазан айының түндерінде оқылатын бұл намаздар қалай оқылады?
Ж: Имам құптан намазынан соң жамағатпен жиырма рәкәғат намаз оқиды. Әрбір екі рәкәғатта сәлем беріп, бес тәруиха, яғни үзіліс демалыс жасайды.
С: Бұл бес тәруиханы қалай жасайды?
Ж: Әрбір төрт рәкәғаттан соң жасалады. Имам аз-кем тәруиха жасап отырады. «Тәруиха» сөзі аздаған демалыс дегенді білдіреді. Көпше түрі тарауих. Бұл намаздың тарауық аталуының себебі осыдан.
С: Бұл намазды әйелдерге де оқу сүннет пе?
Ж: Иә. Рамазан айында құптан намазынан кейін ерлерге де, әйелдерге де тарауық намазын оқу бекітілген сүннет. Ерлер мешітте жамағатпен оқыса, әйелдердің өз үйлерінде оқығандары абзал.
С: Ерлер үшін тарауықты жамағатпен оқудың үкімі қандай?
Ж: Оның үкімі – сүннет муәккада. Тарауықты оқымаған мешіт жамағаты бекітілген сүннетті тәрк еткендері үшін түгел күнәһар болады.
С: Рамазан айында үтір намазы оқыла ма?
Ж: Иә, үтір намазы тарауық намазы аяқталған соң жамағатпен оқылады. Имам үтір намазының үш рәкәғатын да дауыстап оқйды да, құныт дұғасын ішінен оқиды.
С: Үтір намазын рамазан айынан басқа уақытта жамағатпен оқуға бола ма?
Ж: Жоқ. Рамазаннан басқа уақытта жамағатпен оқылмайды.
С: Тарауық намазының арасында тәсбих айтыла ма?
Ж: Иә, тарауық намазының арасында айтылатын тәсбихтер бар. Ханафи мазһабы бойынша әрбір тәруихада мынадай тәсбих айтылады: «Субхаанә зил-мулки уал-мәләкуут, Субхаанә зил-ъиззәти уал-ъазамати уал-қудрати, уал-кибриәә’и уал-джәбәруут, Субхаанәл-мәликил-хәййилләзии ләә йәмуут, Суббуухун, Қуддуусун, Раббунәә уа Раббул-мәләә’икәти уар-руух, Ләә иләәһә иллаллааһ, уа нәстәғфирукаллааһ, Нәс’әлукәл-джәнна уа нәъуузу бикә минән-наар».
Тарауық намазының тәсбихы
Оқылуы: Субхаанә зил-мулки уал-мәләкуут,Субхаанә зил-ъиззәти уал-ъазамати уал-қудрати, уал-кибриәә’и уал-джәбәруут,Субхаанәл-мәликил-хәййилләзии ләә йәмуут, Суббуухун, Қуддуусун, Раббунәә уа Раббул-мәләә’икәти уар-руух, Ләә иләәһә иллаллааһ, уа нәстәғфирукаллааһ, Нәс’әлукәл-джәнна уа нәъуузу бикә минән-наар!
Мағынасы: «Ұлы биліктің және патшалықтың Иесі Алла Пәк! Даңқтың, ұлылықтың, құдіреттің, үстемдіктің және ұлы күш-қуаттың Иесі Алла Пәк! Мәңгі өлмейтін Тірі Патша! Алла Пәк! Аса Пәк, Аса Қасиетті, Раббымыз және періштелер мен Жебірейілдің Раббысы! Алладан басқа құдай жоқ! Алладан кешірім тілейміз! Раббымыз! Өзіңнен жәннатты сұраймыз, Өзіңнің атыңмен тозақтан сақтанамыз!»
Тарауық намазынан кейін оқылатын дұға
Оқылуы:«Аллааһуммә салли уа сәллим ъәлә Мухаммад уа ъәлә әәли Мухаммад, Аллааһуммә зәййиннәә бизиинәтил-иимәән, уа шәррифнәә бисыями рамадаан, уарзуқнәл-джәннәтә уал-ғуфраан, уа тақаббал миннәә тәрәәуиихәнә йаа Субхәән, уастәджиб дуъәә’әнә йаа Хәннәән, бифадликә, уа кәрәмикә йаа Мәннәән, бирахматикә йаа архамар-раахимиин».
Мағынасы: «Уа, Алла! Мұхаммедке және Мұхам-медтің әулетіне салауатың мен сәлеміңді жолда. Уа, Алла! Бізді иманның әшекейімен безендір, рамазан айының оразасымен абыройлы ет, жұмақ пен кешірімге жеткіз. Біздің тарауық намазымызды қабыл ал уа, Субхан, дұғаларымызды қабыл ал уа, мейірімді Ханнан! Кеңшілігіңмен және жомарттығыңмен, уа, Мәннан! Рахымың арқылы, уа, рахымдылардың Ең рахымдысы!»
Пітір садақасы
С: Пітір садақасының үкімі қандай?
Ж: Пітір садақасы баспанасы, жиһаздары, көлігі, құралдары мен киер киімінен бөлек артық мал-мүлкі бар кез келген азат мұсылманға уәжіп.
С: Пітір садақасын кімдердің атынан шығарады?
Ж: Өзінің, жас балаларының, кәпір болса да қызметші құлдарының атынан шығарады.
С: Жас баласының өзіне тиесілі мал-мүлкі болса әкесі пітір садақасын соның есебінен шығара ма, әлде өз малынан шығара ма?
Ж: Баланың мал-мүлкі болса содан шығарады. Ал болмаса әкесі өзінің малынан шығарады.
С: Әйел мен балаларының атынан пітір садақасын беруге бола ма?
Ж: Әрқайсысы өзі бергені дұрыс. Алайда барлығының атынан отағасы берсе болады.
С: Пітір садақасын қашан беру керек?
Ж: Пітір садақасын беру рамазан айы бастал-ғаннан берсе болады. Бірақ ораза айтының бірінші күні таң атқаннан бастап беру уәжіп іс. Сол уақыттан бұрын қайтыс болған кісі үшін пітір садақасын беру міндетті емес. Сол сияқты таң атқанда иман келтірген адам үшін немесе таң атқан соң туған бала үшін пітір садақасын беру де уәжіп емес.
С: Пітір садақасын қай уақытта беру мұстахаб?
Ж: Айт намазын оқуға шығардан бұрын таңертең беру мұстахаб.
С: Айт күнінен бұрын берсе бола ма?
Ж: Айт күнінен бұрын берсе де болады.
С: Ал айт күнінен кейінге кешіктірсе ше?
Ж: Айт күнінен кешіктірсе қашан өтегенше мойнынан түспейді.
С: Пітір садақасын кімге берген дұрыс?
Ж: Пітір садақасын пақырға, міскінге беруге болады.
С: Пітір садақасын берудегі мақсат не?
Ж: Әбу Дәуіттің риуаят етуінше Абдулла ибн Аббас: «Алланың Елшісі (с.а.с.) пітір садақасын беруді рамазан айындағы ораза кезінде жіберілген қателіктерді тазарту үшін әрі міскіндерге бір той болу үшін міндеттеген», – деп түсіндірген.
С: Пітір садақасының мөлшері қанша?
Ж: Пітір садақасының мөлшері бидайдан жарты сағ (1,625 кг) және құрма, мейіз, арпадан бір сағ (3,25кг).
С: Бұл заттардан басқа нәрселермен, күрішпен, жүгерімен немесе ақшалай беруге бола ма?
Ж: Аталған мөлшердегі бидайдың құнындай ақшаны пітір садақасын шығару ниетімен берсе болады.
С: Сағтың мөлшері қанша?
Ж: Әбу Ханифаның айтуынша бір сағ сегіз ирақ ратлына тең. Ал Әбу Юсуф бір сағ 5,3 ратл (2,15кг) деген.
Құрметті жамағат!
Міне қасиетті де берекелі Рамазан айы есігімізді қаққалы тұр. Жоғарыда айтқанымыздай Рамазан сауабы мол ай. Бұл айдың әрбір уақытын, әр сәтін бос жіберіп алмауға тырысып, оны түрлі құлшылықпен, ізгі амалдармен өткізуге тырысқанымыз жөн. Сонда ғана қасиетті ай біздер үшін бір айлық рухани мектепке айналады. Рамазан айы – біздерге жылына бір мәрте келіп-кететін қонақ іспеттес. Егер де біз оған лайықты құрмет көрсете алсақ, өзімен бірге қаншама ырыс-берекет қалдырып, қиямет күні өзіміз де құрметтілер қатарында болуымызға себепші болады.
Ендеше, Алла Тағала біздердің оразаларымызды қабыл етсін! Қасиетті айдағы әрбір игі істерімізге сауабын еселеп берілуін нәсіп етіп, елімізге берекетін дарытсын. Жаратушы Иеміз халқымызды жамандықтан сақтап, оразадан оразаға, айдан айға, жылдан жылға есендікпен жеткізе бергей! Әмин!
Шәріп Серік,
Панфилов ауданының бас имамы.