Референдум – халықтың еркін білдіретін ең маңызды демократиялық тетіктердің бірі. Ел тағдырына қатысты шешім қабылданар сәтте әр азаматтың дауысы айрықша мәнге ие. Бұл – тек саяси науқан емес, мемлекет болашағына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымның көрінісі.
Жаркент өңірінде де бұл үдеріске деген жауапкершілік жоғары. Көпэтносты аймақ ретінде танылған Жаркент қаласында тұратын ұйғыр халқы да референдумға белсене араласып, дауыс беруге ниетті. Бұл – ел бірлігі мен татулығын бекемдейтін игі қадам.
Қазақстан – түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан мемлекет. Осындай келісім мен өзара құрметтің арқасында біз талай тарихи кезеңдерден сүрінбей өттік. Ортақ Отанға деген сүйіспеншілік бар жерде алауыздыққа орын жоқ. Сондықтан референдумға қатысу – тек жеке таңдау ғана емес, ел алдындағы жауапкершілік.
Ұйғыр қауымдастығының белсенділігі – азаматтық сананың айғағы. Олар өз болашағын Қазақстанмен байланыстырады, елдің дамуына үлес қосып келеді. Бизнес, білім, мәдениет салаларында еңбек етіп жүрген жерлестеріміздің бұл қадамы – ортақ мүддеге адалдықтың белгісі.
Қазақ халқында «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген керемет сөз бар. Референдум да – сол кеңесудің заманауи үлгісі. Халық өз пікірін білдіру арқылы мемлекет дамуының жаңа кезеңіне қадам жасайды. Әр дауыс – маңызды. Әр таңдау – жауапты.
Ел ынтымағы – ең басты құндылығымыз. Бірлік бар жерде – береке бар. Сондықтан барша жұртты, оның ішінде Жаркенттегі ұйғыр ағайынды да, ел болашағы үшін белсенділік танытып, дауыс беруге шақыру – ортақ парыз.
Бәріміз бірге дауыс берейік. Бәріміз бірге ел тағдырын айқындайық.
Гаитов Азат Сауытұлы,
Ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы










