Жаңа Қазақстанның жаңа реформасы

2
БӨЛІСУ
24
ҚАРАЛЫМ

Қазіргі қазақ қоғамы қатыгездік, тойым­сыздық, зорлық-зом­бы­лық дей­тін қауіпті ұғымдарды қалыпты қабыл­дай­тын жағдайға жет­ті. Оған соңғы уақыт­тары бетімен кеткен БАҚ та жауап­ты деп ой­­лаймын.

«Жаһандану» дәуірінен сақтанудың қа­мын қам­дап, «жұмсақ күш­тер» экс­пан­сиясына қарсы ұлт жана­шыр­лары­ның жанайқайы жиі шы­ғып тұратын. Қоғам аталы сөзге тоқ­таушы еді.
Тәуелсіздіктің алғаш­қы онжыл­дығы саясатта қай­шы­лықтарға толы болды да, күнкөріс қа­мын­да жүр­ген қарапайым ха­лық не берсе со­ны талғамай жұтты. Шетел­ден келген түр­лі идео­логиялық ағымдар, діндер, ұсақ мәдениеттер, саяси тү­сініктер осын­дай ұрымтал сәтті пайдалана біл­ді. Ақпараттық кеңістік ұлт­тық қауіп­сіздік мүддесіне мүлде сай келмеді. Белгісіз «уағызшылар» пай­да болып, кү­мәнді «көсемдер» ел ішін лаңдай бас­тады. Қай орта­ғ­а, қай дастарқанға бар­саң да саяси салғыласу, діни дау-дамай үрдіс­ке ай­нал­ды. Төріңдегі теле­дидар эфирінде азғындықа жол ашыл­ды. Оны отбасы­мен, бала-шағаңмен қосылып көру жәй қа­лыпқа айналды.
Ең үлкен қасірет «алтын-күміс тас екен» деп қарайтын қазақ ара­сында дүние үшін жарыс басталып кет­ті. Ел қамын жейтін Едігелер емес, өз қамын ойлайтын «ездер» шықты. «Бә­­секеге қабілеттілік» дейтін ұран әуел­ден қате ме әлде бізге қате түсін­дір­ді ме, бәсекелес, бақталас, күндес се­кілді құлқынға қызмет ететін сөз «ал­дымен экономика» деген қате сая­сат­тың жалауындай желбіреді де тұр­ды. Қалай байысаң солай байы, әйтеуір бауырыңнан, досыңнан, туысыңнан бәрі­нен басып оз, ішін күйдір, шап! Ала­­көз ағайын, бәсекелескен әкім-қара, қайшыласқан кландарды басқару да оңай болса керек… Нәтижесінде қа­­­­тыгездік, аяқтан шалу, есең кетсе өш алу, қарапайым ғана көшеде біреуге жол беру деген мейірімділіктің оты сө­­не бастады. Осылайша, билік жүйесі аң­дысумен күнелткен, өз еліне жаны ашымайтын шенеуніктерді шығарды. Аяқтан шалу, блогерлерге талату әдет­тегі іс болды. Бір діннің ішінде 70 ағым, бір ұлттың ішінде түрлі мә­де­ниет, басы бірікпейтін әлеуметтік топтар пайда бол­ды. Ең сорақысы, «ауыл итінің аузы ала болса да, жау келгенде бір болады» дей­тін тәмсілге де жарамай қалды. Мы­­салы, әлемді екі өкпесінен қабы­н­дыр­­ған індет келгенде, жабылып қарсы тұрудың орнына жаңағы опа­сыз­дар қыл үстінде тұрған жаннан пай­да тапқысы келді. Дәрі-дәрмектің де­фицитін қолдан ұйымдастырып, баға­сын шарықтатып жіберді. Бұл – қыл­мыс! Қазақ байлықпен жарысса, енді азғындықпен бәсекелесетін бол­ды. Қыста қар құрсауында қалған жо­лау­шыға 100 теңге тұратын нанның баға­сын 1000-ға сатып, қаңтардың қан­ды күндерінде өз бауырына үтік бас­ты, азаптады. Осыған қалай жеттік? Ба­тыр майданда сыналса, би алқалы топ­та сыналады дегендей, ақ жүрек­ті­лік­ке бастайтын би мен батыр қайда?!

Азаматтық қоғам ар-ұждан сұра­ны­сына жауап бере ала ма?
Қасым-Жомарт Кемелұлы нау­рыз­дағы Жолдауында төрт сая­си реформа ұсынғанын, оның ішін­де мықты азаматтық қоғам құру қа­жет­тігін баса айтты. «Мықты» деп неге ны­ғарлады екен? Жалпы, азаматтық қо­ғам өз міндетін толық атқара алмай отыр­ғаны белгілі. Карл Поппердің ашық қоғам құру арқылы азамат­тар­дың дауысын билікке естіртіп, мем­ле­кет соған жүгінуімен әділдік орнайды де­ген идеясы да ХХІ ғасырда сынға ұшы­рады. Уақыт тезіне төтеп бере ал­май жатыр. Маркс пен Лениннің со­циа­лизмі сияқты ескірді. Қоғамдағы пі­кір қайшылығы демократияға емес, адам­дардың кез келген мәселеде тым сая­силанып кетуіне тартып барады. Тіп­ті, әлемдік саясатты өз қолымен жа­сап, тұтастай бір мемлекеттің суве­ре­нитетіне нұқсан келтіретін кепке ұрын­дырды (Батыс болсын, Шығыс бол­сын). Кейде ашық қоғам идеясын құры­ғы ұзын қаржылық топтар немесе өз қара басын ғана ойлайтын «тұл­ға­лар» (жекелеген мүдделер) қолшоқпар қы­лып алды.
Пікір қайшылығы саяси теке­тірес­ке ұласты. Рас, азаматтық қо­ғамды желеулеткен белсенділер өз қия­лындағы мемлекетті аңсап, қоғам­да тым көп пікір қайшылығын қалып­тас­тырып жіберді. Қазақ «әр кәллада бір қиял» дейді мұндайды. Әркімнің ойын­дағы қиял шынайы дамуға, мә­селе шешуге арналса құба-құп еді… Олай болмады. Бұған азаматтық қо­ғам­ның белсенділері мен көпке пікір қа­лыптастырып жүрген тұлғалардың өзі жауап бере алмаса керек.
Алда саяси партиялар көптеп құ­ры­ла бастайды. Ұлттық құрылтай өмір­ге келеді. Бірақ оны ел мүддесіне қа­рай жүзеге асыратын сапалы маман, ар­лы жетекшілер бар ма қоғамда? Біз қо­ғамдық институттардың жұмы­сы­мен немесе оның лидерлерімен бүгін ға­на танысып жатқан жоқпыз ғой. Олар­дың шама-шарқы белгілі ғой. Мем­лекеттік қаншама жобалар халық сы­нына ұшыраса, отыз жылда Аза­мат­тық қоғам соншалықты шешімді жо­балар ұсына алды ма? Бәрін жоққа шы­ғарудан аулақпыз. Тек айтпағымыз: ұлт мүддесіне келгенде біз қайшы пікіршіл, тек сынай ғана білетін емес, ке­шегі Жолдауда айтылған жал­пыұлт­тық тұтастыққа бәріміз мүдделі болуы­мыз қажет! Президент айтқан рефор­ма­ларды жүзеге асыратын сапалы, ар­лы, мейірімді жастар қалыптастыру рухани интеллектуал адамдардың ен­ші­сінде. Мінеки, сол механизмді ретке кел­­тірмей адам сапасы артпайды! Мә­се­ленің барлығын жасанды интеллект емес, адамның ішкі дүниесі шешетінін, тіпті сол Илон Масктің өзі мойындап, ағы­нан жарылған жоқ па? Мемлекет тара­пынан қазір Жаңа Қазақстан үшін не жасалса да, отыз жылғыны қайталу болып көріне беретіні содан.
Біз шынымен жаңарғымыз келсе, бір-бірімізге сенетін қоғам құр­сақ дей­мін. Әйтпесе, тек қана құр саяси тех­­нологиялық бастамалар бізді ты­ғырық­тан шығара алмайды.

Ғалымжан Өтелбайұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

КӨП ОҚЫЛҒАНДАР