Панфилов ауданында бұрын облыс әкімінің резиденциясы болған ғимарат «Мерей» балаларды оңалту орталығы ретінде ашылды. Еске салсақ, осы нысанды оңалту орталығына беру туралы шешім биылғы жылдың наурыз айында қабылданған болатын.
Аудан тұрғындарын осы елеулі оқиғамен облыс әкімінің орынбасары Рустам Али құттықтады.
«Жалпы облыс көлемінде 3 мыңнан астам бала ерекше күтімді, тең мүмкіндікті, тең тәрбиені, тең ортаны, көңілді қажет етеді. Осы бағытта облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлының тапсырмасымен Қаратал, Алакөл, Сарқан аудандарында арнайы орталықтар ашылды. Жылдың аяғына дейін Талдықорған қаласында да осындай бір орталық ашылады. Біздің мақсатымыз балаларға заманауи білім беру. Аудан жұртшылығын осы орталықтың ашылуымен құттықтаймын. Орталыққа келген балалар тез емделіп, ортамызға оралып, біздің қоғамның тең мүшесі болсын деймін. Күтімді қажет ететін балалар саны азая берсін», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Ал аудан әкімі Марат Рахымбердіұлы Сағымбек мырза: «Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Биылғы өткізіліп жатқан іс-шараның барлығы балаларға арналады. Біздің ауданда балалар игілігіне керемет заманауи мектеп салынды. Қазір екі мектептің құрылысы жүріп жатыр. 1-ші қаңтарға дейін бітеді. Бұл да білімге құштар балаларымызға үлкен тарту болмақ. Төрт жекеменшік спорт кешені қолданылуға берілді. Бюджет есебінен қазір үлкен екі спорт кешені салынып жатыр. Осының бәрі болашағымыз саналатын балаларымыздың құрметіне, солардың білімді, патриот азамат болып өсулері үшін жасалып жатқан шаралар. Сондай жалғасты жақсы істің бірі міне, резиденцияның ерекше күтімді қажет ететін балаларды оңалту орталығына айналғандығы дер едім. Осында келіп емделіп жатқан балалар тезірек жазылып, қатарға қосылып кетсін деймін», – деді өз сөзінде.
Ғимаратты жаңғырту жұмыстарына, қажетті құрал-жабдықтар мен жиһаздар сатып алуға 80 млн теңге жұмсалды. Орталықта Монтессори кабинеті, физиотерапия, емдік дене шынықтыру, сол сияқты сенсор, массаж, процедуралық кабинеттер, логопед, дефектолог бөлмелері, тұз шахтасы, бассейн т.б. бар. Екі корпустан тұратын ғимараттың жалпы алаңы 910,4 шаршы метр. Нысан 40 орынға лайықталған.