Қандай да мемлекеттің өркениет өрісі өз қоғамының ой-санасында алдымен экономикалық қуаты мен мәдениетінің, ғылымының мәйектеуімен дәйектеледі. Бұл ұғымдардың халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі, салт-дәстүріндегі көріністері сан-салалы, оның бәрін талдап, тармақтап, таразылап отырудың қажеті бола қоймас. Айтайын дегеніміз жыл санап экономикалық қуаты үрдісті даму жолына түскен еліміздің мәдениет салаларына да Үкімет тарапынан көңіл бөліне бастауы.
Бұл ойымыздың жарқын мысалдары көп. Ауыл, аудандардағы мәдениет ошақтарының жұмысы қайтадан жанданды. Кезінде қараусыз қалып тозған, тоналған Мәдениет үйлері мен клубтар, кітапханаларды жөндеп, қалпына келтіруге бюджеттен қаржы бөлініп, заман талабына сай көріністе қайта жасанған қоғамдық орындарды ауыл жұрты жылы шыраймен қабылдап, көзайым қуанышқа бөленуде. Оларда өткізіле бастаған аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық дәрежедегі өнер сайыстары, «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында атқарылған шаралар жергілікті халықтың рухани шөлін басқан, көңіл қуанышына айналды.
Осындай жақсылықтар шалғайдағы ауылдар мен шағын қалаларда тұратын өнерлі жандардың да жігерін жанып, шабытына қолдау берген тәрізді. Мұны Жаркент өңірінде тұратын кәсіпқой, әуесқой суретшілердің өздерінің өнер жолындағы қимыл-қарекетін, шығармашылығын елге танытуға деген ұмтылысынан айқын аңғардық.
Жаркенттік суретшілерге өнерін өрістетуде қолайлы жағдай туғызған халық суретшісі «Әбілхан Қастеевтің көркемсурет галереясы». Қазақ кәсіпқой көркемсурет өнерінің атасы атанған Әбілхан Қастеевтің 100 жылдық торқалы тойы ЮНЕСКО-ның қолдауымен 2004 жылы әлемдік деңгейде атап өтіліп, оның шапағаты қылқалам шеберінің туған жеріне де жетіп, жерлестеріне тарту етілген галерея бұл күнде аудан халқының мәдениет мәйегі мәуелеген, шаңырағы шуақты руханият ордасына айналды.
Осыдан 20 жыл бұрын алғашқы ашылған сәтте галереяның барлық бес залына түгелдей халық суретшісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ә.Қастеевтің төл туындылары қойылып, жерлестері бағасыз мол мұраны тамашалап қуанышқа кенелген. Алматыдағы Мемлекеттік мұражайдан әкелінген бұл картиналар үш айға жуық осы галереяда тұрып, суретшінің туған жерінде өткен 100 жылдық тойына келген барша қауым, шет елге шығар үлкен өткелде тұрған Жаркентке жолшыбай тоқтаған саяхатшылар да мұнда бас сұғып, көңіл-қошын тапқан. Сол тұста кейбір сәуегей айтқыштар дүбірлі той өткен соң бұл галерея тағы бір кезеңге дейін адам аяқ баспайтын орынға айналар деген. Бұл пікірдің жаңсақ екеніне галерея ұжымының өткен 20 жылдағы тынымсыз қарекеті айғақ. Галерея ашылғаннан бері мұнда 450-ден астам көрме өткізіліп, көрермендердің алғысына ие болды.
Бүгінде таза ағаш бөренелерден салынған көне ғимарат жаркенттіктер үшін қасиетті қара шаңыраққа айналды. Жаркент қаласындағы осыдан 130-140 жыл бұрын жасалған көне үйлер қатарындағы бұл ғимарат туралы әңгімені әріден өрбітсек, 1880 жылы Кетпен тауынан тасып әкелінген ағаш бөренелерден салынған ғимарат 1928 жылға дейін ақ, қызыл уезд басшыларының кеңсесі, одан кейінгі уақытта аудандық партия комитетінің, кейіннен комсомол, білім, пионер сияқты мемлекеттік, қоғамдық ұйымдарға кезегімен мұраға қалдырылып, соңғы жылдары тіпті иесіз тұрған. Өтпелі кезеңде тарихи ескерткіштер тізіміндегі көне ғимаратты ешкім жекешелендіре алмады. Мұнда түрлі қоғамдық ұйымдар, коммерциялық құрылымдар уақытша қоныстанды.
Халық суретшісінің 100 жылдық мерей тойы қарсаңында облыс әкімінің шешімімен суретшінің туған жерінде көркемсурет галереясын ашу ұйғарылып, көне үйді уақыт талабына сай жөндеп, ретке келтіруге бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Сөйтіп жаркенттіктердің көз қуанышына айналған руханият ошағы есігін айқара ашып, халыққа қызымет жасай бастады.
Әбілхан Қастеев картиналары қайтадан Алматыдағы мемлекеттік мұражайға қайтарылғаннан кейін кезең-кезеңімен Қазақстандағы өткен ғасыр және замандас суретшілердің, аудандағы өнерлі талапкерлердің бейнелеу және қолданбалы өнер туындыларының көрмелері ұйымдастырылды. Әсіресе Жаркент өңіріндегі мектептерде еңбек ететін суретші ұстаздардың жұмыстары көрермен талғамынан шыққаны анық. Олардың арасында аудан тұрғындарына танымал, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Суретшілер академиясының корреспондент-мүшесі, талантты суретші, мүсінші Ақан Оймауытовтың тарихи тақырыптағы, туған жер табиғатын бейнелеген кортиналарының шоқтығы биік тұрды. Сонымен қатар сурет пәнінің мұғалімдері, марқұм Батырхан Ниетбаев жазиралы Жаркент жерінің сұлулығын бояу мен түстердің үйлесімділігі арқылы шебер көрсете білсе, Ж.Қашқынбаевтың «Ә. Қастеев портреті», марқұм А.Атамбаевтың портреттік сериясы, М.Досымқұловтың «Жайлаудағы күз» және Б.Көшербаевтың портреттік жұмыстары ерекше көзге түсіп, көрермендер көңілін көншіткен еді.
Бұл Жаркент өңіріндегі қылқалам өнерін өміріне өзек еткен негізінен аудан мектептерінде еңбек ететін ұстаздардың ұжымдық көрмелері десек, келесі кезекте галерея ұжымы алғашқы қадамнан ой түйіп, тәжірибе жинақтап, ендігі жерде көрме мазмұнын құбылтуға әрекет жасады. Сол арқылы тұрақты көрермендерін жалықтырып алмай, керісінше жаңа үлгідегі жаңалықтармен өздеріне тарта білді. Бұл орайда «Ә.Қастеев көркемсурет галереясының» бұрынғы директоры, суретші Дәулет Әділовтың іскерлігі мен тапқырлығын ризашылықпен атап өткен орынды.
Ұжым қазіргі басшысы Берік Әбілханов, өнертанушысы Жамилә Талғарова, экспонаттарды таныстырушы Мұрат Шалғымбаев, қор сақтаушы Шолпан Заманбекова, қараушы Нұрғанат Жұмабеков, жұмысшы Серік Бекенов әркез галереяға экспонаттарды ұтымды орналастырып, олардың мәнін, мазмұнын көрерменге жеткізе білуде тапқырлық танытып жүр.
Ұжым бастамасымен галерея жұмыс жасай бастаған алғашқы 5-6 жылда-ақ елімізге белгілі сурет шеберлерінің жеке көрмелері ұйымдастырыла бастады. Бұған галереяда жеке көрмелерін қойғысы келген жерлес суретшілердің тілегі бастама болған екен. Жалпы жақсылық атаулыда алғашқы деген жақсы. Қазақ кәсіпқой көркемсурет өнерінің төлбасы, Қазақстанның халық суретшісі Ә. Қастеев дүниеге келген Жаркент өңірінде алғаш көркемсурет галереясы ашылып, алғаш рет ҚР оқу ағарту ісінің үздігі, суретші Дәуіт Тәжиев өзінің жеке сурет көрмесін қойды. Дәукең әр жанрда еңбек ететін шебер. Оның портреттік топтамалары, натюрморттары мен пейзаждары қылқаламның нәзік қозғалыстары мен бояуларының әр алуандылығымен дәстүрлі кескіндеме өнеріндегі ұлттық колоритті іздеудегі ұмтылысы, сырлы өнерді сүйіп, түсіне білетіні тәнті етеді. Суретші туындыларындағы тіршілік үйлесімділігі шынайылығымен құнды.
Одан кейінгі жылдарда жеке суретшілер қойылымдары галереяның беделін салмақтаған сыңайлы. Ә.Қастеевтің туған жерін қадір тұтатын еліміздегі суретшілер қауымы Жаркентте ашылған жаңа көркемсурет галереясын келіп көруге асықты. Алдымен жанына әріптестерін ертіп атақты А.Ақанаев келіп қайтты. Одан кейінде үлкенді-кішілі суретшілер легі күні бүгінге дейін толастаған жоқ. Ал жеке көрмеге қайта оралсақ, Жаркент жұрты бұл галереяның ҚР еңбегі сіңген қайраткері, Татарстанның халық суретшісі Камил Моллашевтің, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының кескіндеме факультетінің прфессоры Жұмақан Қайрамбаев пен Франция және Ресей көркемсурет академияларының «Алтын медальдарының» иегері Дария Жұмақанның «Әке мен бала. Үндестік» атты және ҚР Суретшілер одағының мүшесі Хамит Файзулиннің, Ермақан Жүнісхан, Абай Бейсенбетов көрмелерін 45 күннен тамашалады.
Одан кейін галерея ұжымы жергілікті халықтың өтініш, тілектерін ескеріп Жаркент өңіріндегі ауылдық округтерде тұратын әуесқой суретшілерге жол берді. Екі-үштен бірігіп сурет, қолөнер бұйымдарының көрмелерін өткізген ауылдық округтерде үлкенді-кішілі талай шебер бойындағы өнерін жұртқа жария етті. Дәркенбай Шоқпаров, Дінмұхамет Қонаев, Нұрмолда Алдабергенов, Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы көркемсурет колледжінің мұражайлары мен жинақтаған қорларынан көрме өткізілді. Сонымен қатар өнер ордасының ұжымы Әбілхан Қастеевтің аты аталатын өнер және білім ордаларымен тығыз байланыс орнатудың шараларын жасап келеді. Алматыдағы көркемсурет академиясы мен Суретшілер Одағымен тығыз байланыс орнатып, ауданнан, облыстан кәсіпқой суретшілер дайындау мен қылқалам құдіретін ел ішінде терең дәріптеуге мүмкіндік алды.
– Қазір галереяда халықаралық симпозиумда шеберлігімен танылған түрік, қазақ, қырғыз, өзбек суретшілерінің көрмесі өткізілуде. Бұл картиналар Жетісу облыстық көркем өнер галереясының қорынан әкелінді, – дейді «Ә.Қастеев көркем сурет галереясының» меңгерушісі Берік Әбілханов.
Міне, осындай жақсылықтармен Жаркенттегі көркемсурет галереясы үлкен руханият орталығына айналды.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ