Қазақстан Республикасы Конституциясының 35-бабында: «Заңда белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы әрі міндеті болып табылады», – деп атап көрсетілуі себепті осы қағиданы әрбір азамат саналы түсінгені абзал. Себебі мемлекет бюджетінің бір бөлігі аталған салықтардан, алымдар мен өзге де міндетті төлемдерден құралады.
Төлеген салығымыздың балаларымыз немесе немерелеріміздің тегін оқуына, құрметті еңбек демалысындағы ата-аналарымыздың зейнетақысына, ана мен балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақыларына жұмсалатынын саналы түрде ұғынғанымыз абзал.
Салық төлеуден жалтаратындар негізінен алғанда пәтерлерін жалға беретіндер мен жолаушы тасымалымен айналысатын азаматтардың арасында жиі кездесетіні ақиқат. Сондықтан салық органдарының қызметкерлері такси тұрақтарына полиция, салық басқармасы мен жергілікті әкімшілік қызметкерлерімен бірге барып алдымен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Жол жүру ақысын Kaspi Gold қосымшасымен төлеудің өзі қолданыстағы заңнамаға қайшы. Жолаушы тасымалымен айналысатын жеке тұлға үшін бұл салықтан жалтарудың ең оңтайлы жолы екені түсінікті жағдай. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азаматтың Kaspi Pay қосымшасы міндетті түрде болуы керек. Қаражат сол қосымшадағы QR-код арқылы төленген жағдайда ғана салық есебіне алынады. Осы орайда Қаржы министрлігінің салықтан жалтарған кәсіпкерлерді Kaspi Gold карталары арқылы жасалатын аударымдар саны 100-ден асып кеткен жағдайда, екінші деңгейдегі банктер салық органдарына мәлімет беруі керектігі туралы қойып отырған талабы орынды десек болады. Ол үшін республикалық органдар сол азаматтың тіршілігі кәсіпкерлікке жата ма, әлде бұл аударымдар кәсіпкердің басқа жақындарына көмек түрінде келіп жатқан қаражат па, соны анықтайды. Сол мезетте азаматқа «Сіздің карточкаңызға келіп түскен ақша аударымдары 100-ден асып кетті, кәсіпкер ретінде тіркеліңіз» деген мазмұндағы хабарлама жіберіледі. Кәсіпкерлікпен айналысып жүрген азаматқа бұл заңды талапты орындау міндетті.
Салық ретінде төленуге тиіс төлем мөлшері шамалы болғандықтан ол кәсіпкерге онша ауыртпалық түсірмейді. Жеке кәсіпкер ретінде патентпен жұмыс істеп жүрген азамат салыққа табысының 1 пайызын, бөлшек салық арнайы режимімен жұмыс істеген кәсіпкер 2 пайызын, оңайлатылған салық режимімен жұмыс істеген кәсіпкер 3 пайызын ғана төлейді.
Аталған салық түрін төлеу кәсіпкер үшін тиімді: зейнетақы қоры толығып, еңбек өтілі жүреді, тегін дәрігерлік көмек ала алады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «…кәсіпкерлер мен инвесторлар өз жұмысын адал жүргізіп, заңды сақтап, салық төлеуден жалтармауы керек» деген талабы мемлекетімізде өмір сүріп, отбасын асырап жүрген әрбір кәсіпкер үшін конституциямызбен белгіленген азаматтық борыш әрі міндет екенін түсінгені абзал.
Жания БАЙҒАРАЕВА,
Жаркент қаласы әкімі
аппаратының бас маманы