Қазақстан мен ҚХР-дың төтенше жағдайлар қызметі Жоңғар Алатауының оңтүстік шығыс беткей шыңдарындағы мыңдаған текше метр мәңгілік мұздақтардың еруінен Қорғас өзенінің бастауында алпысқа жуық көлдің пайда болғанын анықтаған. Бұл көлдердің бәрі дерлік арнасынан асқан жағдайда сел суы Қорғас өзенінде тоғысып, алапат сел тасқыны болуы ғажап емес.
Тау басындағы көлдердің 40-қа жуығы қазақстандық, 20-дан астамы қытайлық бөлікке орналасқан. Соңғы бірнеше жылдан бері тау басындағы бұрынан белгілі Қазан, Қақпан көлдерінің суы сорылып ағызылып, деңгейінің көтеріліп кетпеуі тұрақты бақылауға алынған. Дегенмен жердің жыл санап жылынуының салдарынан тау басындағы көлдер, әсіресе 3940 метр биіктіктегі Қақпан көлінің деңгейі еріген мұздақтар суынан соңғы бірнеше жылда 3,7 миллион текше метрге ұлғайып, қатерлі мінез таныта бастаған. Тау шатқалдарындағы көлдер арнасынан асып, етектегі Басғұншы, Қорғас, Нұркент, Пенжім сияқты елді мекендер мен «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығына», шекара заставаларына, «Нұр жолы» кедендік автоөткеліне», «Алтынкөл» халықаралық темір жол стансасына, Құрғақ порт пен Логистикалық, Индустриялық орталықтарға қауіп төндіруі мүмкін.
Табиғи апаттың алдын алу мәселелері көршілес екі елдің мемлекет басшыларының да назарында. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын» және ойпаттағы елді мекендерді селден қорғау шаралар кешенінін жүзеге асыру халықаралық бағдарламасы жасалып, Үкімет екі жоба әзірлеген. Бірінші жоба бойынша 2013-2018 жылдар аралығында Қорғас өзенінің жағалауын нықтау, халықаралық «Достық» су бөгетін салу, технологиялық және кірме жолдар мен патрульдік-транспорттық жол, өзен бойындағы нысандарды селден қорғайтын құрылыстар салынды. Екінші жоба бойынша Қорғас өзенінің жоғарғы бөлігіндегі Шұңқырбұлақ шатқалына халықаралық селден қоғау бөгетін салу көзделген.
2017 жылғы 8 маусымда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасында Қорғас өзенінде «Шұқырбұлақ» бірлескен селден қорғау бөгетін салудағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, ол 2018 жылғы 29 маусымда Қазақстан Республикасының заңында ратификацияланды.
2019 жылы екі ел Үкіметі бірлесіп теңдей қаржы бөліп, «Шұңқырбұлақ» селден қорғау бөгетінің құрылысын бастады. Бөгеттің биіктігі 51 метр, ені 246,5 метр, ұзындығы 534 метр болмақшы. Бөгеттің су өткізу мүмкіндігі секундына 200 текше метр, сиымдылығы 10 миллион текше метр.
– Бөгет пайдалануға берілгеннен кейін Панфилов ауданындағы ондаған мың гектар егістік алқаптары сумен қамтылып, егіншілерді су тапшылығынан құтқарады. Ойпаттағы егін шаруашылығымен шұғылданатын Пенжім, Бірлік, Үлкеншыған ауылдық округтернің дихандары осы Қорғас өзенінің суымен жүгері дақылдарын өсіріп жүр, – дейді «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорынының Панфилов өндірістік учаскесі Қорғас бөлімшесінің басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Руслан Тулақбаев.
Құрылыста қазір 60 адам еңбек етеді, 10-нан астам әр түрлі техникалар жұмыс істеуде, олардан басқа 40 бульдозер, экскаватор, грейдер және альпинистер, Қияқты шатқалындағы тау жыныстарын қопару, басқа да техникалық жұмыстарға 15 арнаулы техникалар жұмылдырылған. Жұмысшылар күнделікті дәмді тағамдармен қамтамасыз етіліп, жанға жайлы жатақханаларға орналастырылған.
Қытай құрылысшыларымен бірге жүзеге асыратын бұл жобаның жалпы құны 20 миллиард теңгені құрайды. Тау басындағы Қақпан көлінің қалыңдығы 5 метрлік мұзын жарып, селдің алдын алу шаралары жасалған. Қорғас өзенінің суы осы мұздақтардан бастау алып, жолында Қақпанмен бірге Бескөл, Қазанкөл суларымен молығып, еңісте өзенге Ашутас, Қасқабұлық, Шұңқырбұлақ сулары қосылады. Бүгінгі күнге дейін өзен жағалауын топырақ, шағылмен нықтау жұмыстары толық аяқталып, темірбетон жақтаулары құйылуда. Өзеннің ұзындығы 760 метр, ені 9 метр және биіктігі 3 метр болатын су жолы темірбетонмен жасалған.
Бөгет шекарашылардың бақылауындағы шекара аралық аймақта салынуда. Осындағы ұзындығы 36 шақырым болатын шекара бойына 79 бақылау камерасы орнатылған. Құрылыстың екінші кезеңінде тағы 22 бақылау камерасы қойылады. Олар өзен құбылысын бақылаумен қатар шекара күзетіне де пайдаланылады.