Шойнақ Алданұлы (1800-1870) – Суан тайпасының Әпсүгір руынан шыққан батыр, әулие адам. Шойнақ шыр етіп дүниеге келген сәтте тып-тынық бұлтсыз аспан күн күркірегендей «гүр-р» етіпті. Бір көріпкел ақсақал: «Мына бала бұл өмірден күркіреп өтеді екен», – депті. Шынымен-ақ Шойнақ ел қамын жеген батыр болып, өмірден күркіреп өткен екен. Батырдың денесі алпамса, еңгезердей болғандықтан, даусы да гүрілдеп шығады екен.
Батырдың халқына сіңірген басты еңбегінің бірі, қытайлар қолға түсіріп алып кеткен аға сұлтан Тезек төрені Қожбанбет бидің жұмсауымен қуып барып, босатып алғаны. Сол арқылы сұлтандыққа таласқан ру тартысын қиян-кескі шайқасқа жібермей, ел бірлігін сақтап қалған.
Шойнақ еш жаудан тайсалуды білмеген. Қандай жауға шапса да немесе барымташыларды артынан қуып барса да, өз атын атап: «Шойнақ! Шойнақ! Шойнақ!» деп ұрандатқанда, күндей күркіреген дауыстан жауларының иманы ұшып, тым-тырақай қашатын болса керек.
«Шойын—ақ»
Шойнақ шыр етіп дүниеге келген сәтте тып-тыныш бұлтсыз аспан гүр еткендей болады. «Иә, пірім» – деп шошынып қалады жұрт.
– Күннің көзі шақырайып тұрған шақта ол күркірейді екен-ау, – деп жағаларын ұстапты.
Топ ішінде бір көріпкел ақсақал бар екен.
– Мына сәби бұл өмірден күркіреп өтеді екен, – депті.
Сол балаға ат қоюға молдаға апарады. Ол заманда қазіргідей мешіт жоқ. Киіз үйдің төрінде отырған молдаға жаңа туған нәрестені шүберекке орап, екі қолымен көтеріп апара жатқан адам:
– Ой, мына бала неткен ауыр. Шойын-ақ қой, – депті.
Молда дұғасын оқып, нәрестенің бар рәсімін атқарып:
– Ал, бара беріңдер, – дейді.
– Оу, ат қойған жоқсыз ғой. Нәрестені кім деп атаймыз? – дейді әлгі жігіт.
– Баланың салмағын «Шойын-ақ» деп өзің дәл айтып келдің. Аты да солай болсын. Баланың атын Шойнақ қойыңдар, – депті молда.
Шойнақ осылайша Шойнақ атанып кетсе керек. Ол еңгезердей алпамса болып өскен шағында дауысы да гүрілдеп шығады екен. Шойнақтың тұлғасын көрген қариялар:
– Апырай, бұл туған күні-ақ тұнық аспанды гүрілдетіп келіп еді. Дауысы да сонадай болыпты, – деп таң қалып отырады екен.
Шойнақтың сыннан өтуі
Ат жалын тартып мініп, жауға шауып, батыр атағы шыға бастаған Шойнақты ауылдастары мынадай сыннан өткізеді.
Бір жылы Шойнақ ауылы бейіт маңындағы жазықта отырса керек. Сол жылы күзде дала жауынды, аспан түнеріңкі, жел азынап, осы қара суықтан әбігер болады. Жақын маңда отын да таусылады.
Осындай қиналған шақта Шойнақтың батырлығын сынағысы келген ауылдастары:
– Уа, батыр, отын таусылды, бала-шаға бүрсеңдеді. Бейіттің ағаш қорасынан отын әкелмесең, хал қиын, – дейді. Мұндай жағдайды өзі де көріп жүрген Шойнақ «Жарайды» дейді де, бейітке кетеді.
Ауылдастары сол екі ортада біреуді ақ киімге орап, бейітке жасырын жібереді. Ештеңемен ісі жоқ Шойнақ бейітке келіп ағаш қораны бұза бастайды. Сол кезде әлгі ақ киімді адам әруақ сияқты атыла шығып, «Әй» деп шап береді. Шойнақ одан үрку орнына өзіне тұра ұмтылып, қағып жібереді.
– Өлі аруақ түгілі тірі әруақтар бүрсеңдеп жаурап жатқанда, саған не жоқ, ә! – деп гүр ете қалады. Сөйтеді де сындырған ағаштарын арбаға тиеп, жөнеле береді.
«Құнаным итке де жеткізбейді»
Шойнақтың сегіз-тоғыз жастағы кезі екен. Жазда оның ауылы «Бел жайлауда» отырыпты. Сонда бір күні ұлан асыр той болып, палуандар жарысы, ат бәйгесі өткізіледі. Шойнақ той басындағы ақсақалдарға келіп:
– Ат бәйгеге құнанымды қосқым келеді, – депті.
– Бар, бала, далаға ойна! Өзің не айтып тұрсың?
– Атқа қосып, құнанды жарыстырғанды қайдан көрдің, – деп ақсақалдар көнбейді.
Сол тойға бір қырғыз манабы қатысқан екен. Ол Шойнақтың талабына таң қалып, одан:
– Балам, құнаның қалай шабушы еді? – деп сұрапты.
– Құнаным бір ауылдан бір ауылға қарай шапқанда абалап үріп, қасқырдан бетер жүйткіген иттерге де жеткізбей кетеді, – дейді Шойнақ.
Баланың бұл жауабына риза болған манап қояр да қоймастан Шойнақтың құнанын бәйгеге қостырады. Сол жарыста құнан мініп, өзге бәйге аттарынан оқ бойы озып, «Шойнақ! Шойнақ! Шойнақ!» – деп ұрандап келсе керек. Аң-таң қалған ақсақалдар бас бәйгені Шойнаққа беріпті.
Бұл – Шойнақтың осындай деп ұрандауының алды екен. Содан былай ол өзінің Шойнақ атын ұран етіп алыпты. Жауға шапса да, сайысқа түссе де, сол атын гүрілдеп айқайлай айтып, ұмтылады екен.
Шапқынмен келген шапқынмен кетеді
Шойнақ жігіт кезінде Қоянбай деген байдың малын жыл сайын айдап кете береді. Бір жолы шауып келе жатқан аты өліп, қолға түсіп қалады.
– Батыр екеніңді білейін, шыныңды айтшы? Менен айдап әкеткен жылқың қанша болды? – деп сұрапты Қоянбай.
– Бұл сұраққа мен де шынымды айтайын, – депті Шойнақ, – шапқынмен келген жылқы сол шапқан күйі тоқталмай кетеді екен. Менде қазір бір де малың жоқ.
– Қанша балаң бар?
– Балаларым да жоқ, – дейді Шойнақ.
Тақыр кедей Шойнақты аяп кеткен Қоянбай:
– Батыр, сенің тас секілді берік екеніңді көріп тұрмын, болашақта екі мықты ұлды болатыныңды біліп тұрмын. Шын байлығың солар болар. Ол балаларыңның атын Байтас, Жантас қой, – деп бата беріпті.
Шойнақта шынында да екі ұл болып, оларды Байтас, Жантас деп атапты. Ал өзі содан бастап қай жорыққа шықса да Қоянбайдан бата алып шығыпты.
Бекмұха ӘБІЛБЕКОВ