Адамзат тарихындағы өмірге келген ұлы тұлғалар баршылық, олардың бірі азуын айға білеген билеуші, бірі жаужүрек батыр, енді бірі ғұлама данышпан, келесісі өнерпаз, т.б. Сөйтіп бұл тізім ары қарай жалғасып кете береді… Соның ішінде ержүректігімен, қолбасшылығымен және даналығымен әлемге әйгілі болған, ұлы тұлғалардың бірегейі – Шыңғыс ханға қатысты тарихи құпиялар, оқиғалар мен аңыздардың, мифтердің – ол өмірден өткелі нешеме ғасыр өтсе де әлі күнге дейін толастамай, жылдан-жылға үдеп бара жатқандығы кімді болса да бей – жай қалдырмасы анық. Оның бірден-бір себебі, тарихтың жасырын, кейіннен ашықтан-ашық бұрмалануы, яғни, Түркі текті Шыңғысханның, Түркі тектес халықтардың және оның бір бұтағы Қазақ халқының өткен тарихы мен руханиятына, мәдениетіне қолдан жасалған қиянаттың зардабы, салдары деп, түсінген жөн.
Сөйтіп, 1211 жылы Құрылтайда мемлекеттің жаңа атауы бекітіліп, оған қараған бүкіл көшпенді жұрт «Моғұл» атанды. Иә, бұдан біздер «моғұл» атауы тарихының тым тереңнен бастау алатындығын, яғни бұл атаудың сол кезеңде қайта жаңғырып тарих сахнасына шыққан кезеңі болар деп болжаймыз. Енді ойымызды мына мәлімет арқылы түйіндесек: «… байырғы жұрты Дәшті – Қыпшаққа түп көтеріле ауған соң қаңырап қалған Ұлы Далаға бірте – бірте жылжи көшіп, ақыры Шыңғыс ханның түпкі қонысына ие болып қалған Халха өзінің моңғол екенін советтік орыстың көмегімен тек 1923 жылы ғана біліпті». (Екінші кітап. Шыңғысхан журналы. №4.(9) 2013. 73 — бет)
Енді бұл мәселенің ары қарай жалғасуын тарқатайық. 1240 жылы Шыңғыс ханның кенже інісі Отшығынның найман тілінде жазған «Шыңғысхан жайлы қаһармандық дастанды» — латын тілінен орыс тіліне бұрмалап аударған А.С.Козин, нәтижесінде — Шыңғысханды «моңғол» деп жариялады. Ал, осы еңбекті моңғол тіліне аударған – Далнесурын, «Чингизхан как полководец и его наследие» кітабының авторы Э.Хара-Даван және Е.Кычановтар да оны қолдап осы жолмен жүрді. Бұлардың бәрі өз еңбектерінде бүкіл түркі руларының бәрін «моңғол» етіп көрсетті. Мысалы: «1206 ж. көктемде Өнен өзені бойында монғол тайпаларының құрылтайында Темучинді (Теміршын) ақ киізге көтеріп хан (хонтайшы емес) етіп жариялайды…» ол рулар: меркіт, керей, татар, үйсін, найман, қоңырат т.б. Енді бұған не дейсіз?! Қайдағы «монғол», бұлардың бәрі де, түркі рулары ғой.
Әсіресе, Түркілердің, Шыңғыс ханның, Қазақтың тарихы оларға үрей мен қызғаныш әкелді. Сондықтан да бұл жолдағылар қудаланып, түрмелерде азап шекті. Оған мысал: отаршылдық езгінің күшеюі, ұлт – азаттық көтерілістердің аяусыз басып – жаншылуы, сондай-ақ, Кеңестік тарихнама отаршылдық саясаттың зорлық – зомбылық арқылы іске асатынын мойындай отырып, «…ұлт – азаттық қозғалыс көсемдерін дәріптеуге» (С.Датұлы, Исатай мен Махамбет, Жоламан, Жанқожа батырлар, Кенесары хан т.б.) түбегейлі қарсы шығуы, ұлт тұлғаларының, Б.Сүлейменов, П.Галузо сынды тарихшылар мен М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан сияқты жазушылардың, ғалымдардың т.б. қудалануы, «Алашорда арыстары» мен 1937-1938 жылғы қуғын – сүргін, «Бекмаханов ісі», «космополиттік» айыптар, кейін де бұл жағдай 1986 жылғы Желтоқсанда «ұлтшыл» деген атаумен өз жалғасын тауып, тәуелсіздікке дейін ұласты. Ал, осы жолдағы тарихты бұрмалаушылар, отаршылдық саясаттың сойылын соққан жағымпаздар мен сатымсақтар үлкен марапатқа ие болып құрметтелді.
Уақыт өте келе тәуелсіздік таңы атып, қазақ тарихында үлкен бетбұрыс кезеңі белең алып, ұлттық рух оянып, ақиқат пен шындық халыққа жариялануда.
Аталмыш Шыңғыс хан жайлы қаһармандық дастанның қытай тіліне «Юань Чао Би Ши» деп аударылған мәтінінде жазылған өлең жолдарының алынып тасталуы да күмәнді ойларға жетелейді. Неге десеңіз бұл өлең — жырда қазіргі қазақ сөздерінің 70%-ы кездесетіндігі анықталып отыр. Осы бұрмалаушылықтар көшпелілердің ата тарихындағы қара дақ болса, оның шырқау көгінде жұлдыздай жарқырап шындық тұр. Ол шындық Шыңғыс ханның тегінің түркі, оның ішінде қазақтың қият руынан екендігі. Ата-тегін тарқатып көрейік: Әбілғазының «Түрік шежіресінде:»
Елхан Нүкүз – (жалайырлар)
Қиян (қият) – Аланқо – Бұдыңжар мұнақ – Бұқа хан – Дотумен – Қайду хан- Байсанқұр – Түмне – Қабылхан – Берден хан – Есукей – Шыңғысхан
Рашид-ад—дин «Шыңғысхан» эпосында:
(Түркінің қият руынан тарайды)
Датым – Манан — Қайды хан – Байсұңқар – Түмбен — Қабыл хан — Бартан хан — Есікей – Шыңғысхан.
Осы жерде қият руының шығу тарихына тоқтала кетсек, Әбілғазы баһадүрдің «Түрік шежіресінде»: «…Елханның көп ұлдары болды, бәрі соғыста қаза болады. Кіші ұлы Қиян мен інісінің ұлы Нүкүз ғана аман қалады, екеуі әйелдермен бірге тұтқыннан қашып шығып Еркінеқон (Алтай, кейбір деректерде Орал тауы болуы мүмкін) тауына барып қоныстанады. Сонда, өсіп-өніп, малды-жанды болады. Әсіресе қиян әулеті көп болады. Бұл әулетті қият дер еді. Рубасылар, батырлар ақылдаса келе, өздеріндегі бір теміршінің көмегімен жол тауып Еркінеқон тауын тастап шығады. (Шамасы сол уақытта кен өндіріп, қару-жарақ жасаған болуы керек) Ол кезде олардың патшасы «…Бөрте шина — деген қият нәсілінен, құрлас руының адамы еді».
Жә, жарайды – «Түрік шежіресіне» қайта оралайық:
… Осы қият руының құрлас руынан Аланқо деген, әйел үш ұл туады. Олардың нәсілі ғажайып көп болды, оларды Нирун деді, түркіше «Ару тұқым» немесе нұрдан жаралған деген мағына береді. Алаңқоның үшінші ұлының аты – Бұдыңжар мұнақ еді, ол хан болды. Одан – Бұқахан, одан Дотумен, оның тоғыз ұлы болған еді, олардың сегізін жалайырлар өлтіріп, тірі қалған үлкен ұлының аты – Қайду хан, одан Байсұңқар, одан Түмне хан, оның алтыншы ұлының аты – Қабыл хан, оның үшінші ұлының аты – Есукей баһадүр, оның үлкен ұлы Шыңғысхан. Есукейдің бес ұлының көпшілігі шикіл сары, көздері қызғылт болды, сондықтан да оларды моңғол нәсіліне жатқызу тіптен мүмкін емес еді.
Ал, Шыңғысханның әкесі Есукей осы Қият пен Тәйжігіт тайпаларының бірінші мемлекетінің елағасы болған. Олар бір-бірімен онша тату емес еді. Есукей өлгенде тәйжігіттер, қияттардан бөлініп көшеді, Шыңғысханды (Теміршынды) тұтқынға алып, құлға айналдырғысы келген. Екі тайпа жауласып қанқұйлы – жанжалдар орын алған.
Сонымен, бұл жердегі менің негізгі айтайын деп отырған түйінді мәселем Шыңғыс ханның тегінің Қияттан тарайтынын айта келе, ізденіс жұмыстарының олқылығынан, жаңылысып «Қиян мен Қияттарды» бір ұғым деп қабылдауымнан туындап отыр. Тарих ғылымы саласында, түйткілді мәселелерде алдыңғы толқын ағаларымыздың бар білім мен ерік-жігерін жұмсап жазған ғылыми еңбектері кез-келген шығармашылық адамы үшін таптырмас құрал. Сондай құнды жәдігердің бірі — зерттеуші, т.ғ.д. Т.Омарбеков, т.ғ.д. Г.Хабижанова сынды саңлақ ғалымдарымыздың «Қоңыраттардың ортағасырлардағы тарихи тамырлары» атты мақаласын ерекше атап өткім келіп отыр. Себебі, сіздер келтірген тарихи мәліметтер мен жіберген қателік пен жаңылыстықтың астарын ашып, бәрін рет-ретімен жүйелеп өз орнына қойып берді. Сіздерге мың алғыс!
Жалпы, Шыңғыс хан жайлы мақаланы жазу барысында жоғарыда жазып өткенімдей «…Жалайыр емес Қияттан тарайды» – деп, бұра тартқаныма, ізденіс барысындағы көне шежірелер мен тарихи кітаптардан оқыған, әңгіме арасында айтылған көптеген дәлелдер мен дәйектерімнің мағынасын жете түсінбегенім де себепші болды. Мен соның тек біреуіне ғана тоқталып өткенді жөн көріп отырмын. Мәселен, қазақ жұртында ертеден айтылып келетін «Қият, Қыпшақ бір туған!» деген аталы сөз бар. Осы сөзге басымдық беріп, нәтижесінде Шыңғысханның шығу тегін Жалайырға жатқызбай, «Қият Шыңғысханды Қыпшақпен бірге туыстас болар» деген жорамалда болып едім.
Енді осынау ізденіс пен шығармашылықтың нәтижесінде, Қият (Қоңырат) пен Қыпшақтың түбі түркі, бір туғандығының ақиқаттығына және қаншама ғасырлар өтсе де, тегі туыстығынан ажырамай әлі күнге дейін Қазақтың Орта Жүз шежіресінде тең, қосарлана аталуының тарихының мәнін жете түсініп, тәнті болдым. Бұған бұрындары тегі Қияттан тарайтын — Қоңыраттың ата шежіресін жете түсінбеудің де әсері болды-ау…
Мәселен, шежіреші З.Сәдібекұлының жазбасында: «Қияттан – Жорлық Мерген, одан Қоңырат, яғни осы рудың билік тізгінін қолына алып көзге түскеннен соң, аты ұранға шығып соңынан ерген жұрты да «Қоңырат» аталып кеткендігі айтылған. Шамамен, бұл этнонимнің пайда болу уақыты — Шыңғыс қаған заманынан бұрынғы V-VІІ ғасырларға барып тіреледі екен. Ол кезде «моңғол» сөзінің аты түгілі заты жоқ еді. Ал, Шыңғыс ханды хан көтергендегі 15 бидің бірі болған Сеңке би осы Қияттан шыққан Қоңыраттың ұрпағының бірі болатын.
Аталмыш деректерді енді Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресімен» салыстырып көрейік: «… У одного человека из поколения Кыян было три сына. Старший сын назывался Чурлық – Меркан… У Чурлық – Меркана был сын по имени Конкират…» Байқап қарасаңыз бұл жазбаларда Орта Жүз Қоңыраттардың арғы бабалары бірде «Қият», екіншісінде «Кыян» болып жазылған. Ой елегінен өткізіп саралап байқасаңыз осындай сәйкессіздіктер біздің көне шежірелер мен тарихи деректерімізде көптеп кездеседі. Әрине, бұндай жағдайлар зерттеушілік, ізденіс жұмыстары кезінде біршама қиындықтар тудыратын осы сала мамандарына жақсы таныс құбылыс екендігіне еш шүбә жоқ. Дегенмен, бұдан шығар шығар түйін, «Қият пен Қиян» екеуі екі басқа адам. Мысалы, Әбілғазының «Түрік шежіресі» бойынша Қоңыраттың ұрпағы Сеңке биіміз – Қияннан тарайды. Ал, Шыңғысханның «Қият» аталуы жақын аталарының бірі Бұдыңжардан басталады. Рет-ретімен жазып көрсетелік:
- Қиян (V-VІІғ.) – Жорлық Мерген – Қоңырат (арада 17-20 ата шежіресі ұмытылған) – Сеңке би (Шыңғыс ханды хан көтерген 15 бидің бірі)
- Қабыл хан – Бартан хан – Қият (Бұдыңжар қият) – Есугей (Қият) – Шыңғыс хан (Қият)
«…Қабыл ханнан таралған алты өжет, батыл балаларды «Қияттар» деп атады. Өйткені ол батырлар таудан атқан бұлақтай жылдам болды..» (Әбілғазы «Түрік шежіресі»). Бұл жердегі «Қият» шежіресі Шыңғысханның арғы атасының бірі Бұдыңжардан басталып тұр. Және бұнымен қатар Қоңыраттың арғы тегі Қияндар жайлы деректер V-VІІ ғасырлардан басталса, Шыңғысханның Қият аталуы туралы Қытай жазба мәліметтерінде бергі ХІІ ғасырлардан кейін ғана жазыла бастағандығы мәлім болып отыр. Яғни, одан бұрынғы Қытай жазбаларында «Қияттар» жайында еш деректер кездеспейді дегенді білдіреді. Бұл жерде тағы айқындай кететін жағдаят Әбілғазының шежіресіндегі – «…Ергенеқоннан Жалайырлардың атасы Нүкүзбен бірге шыққан «Қият» емес, тегі бір түркі Қоңыраттың атасы – Қиян» деген түсініктің көңілге қонымды екендігін де назарға алып отырмын.
Енді жиған-тергенімізді бір нүктеге жинақтап, жүйелеп алайық: Демек, сонымен Ергенеқоннан шыққан Елханның кіші інісі Нүкүз — Ұлы Жүзге жататын Жалайырлардың арғы атасы болып шығады. Әлемге аты мәшһүр Шыңғысхан жанкештілікпен бар ғұмырын жұмсап құрған мемлекетін Еке Моғұл ұлысы – деп, атады, яғни, моғолдар империясы. Ендігі кезекте жарты әлемді дүр сілкінтіп, ұлы далада билік құрған моғолдардың этностық құрамына үңіліп көрелік. Мәселен, шығыстың ұлы ғалымы Ш.Уәлиханов моғол мен жалайырлар хақында: «Моғол мен монғолды айыра білген жөн. Моғол – жете, чете жалайыр тайпасының тармағы» дегенді тектен – текке айтпаса керек. Сондықтан да Үндістанда құрылған Ұлы Моғол мемелекеті, Жетісу мен Қашқарда құрылған Моғолстан, яғни, «Моғол» мемлекеттіліктерінің атауы бір тамырлы, бір мағыналы атаулар екеніне дау болмасы анық. Олай болса, қазақ халқының негізін қалаған іргелі тайпалардың бірі осы аталмыш моғол – жалайырлар екендігін де қазақ шежіресінен білеміз.
Және бір шығыстың талантты жазушысы, ақын, заманының озық ойлы адамы һәм мемлекет қайраткері, Ұлы Моғол мемлекетін құрған Захир ад-дин Мұхаммед Бабыр өзінің «Бабырнама» тарихи жазбасында: «…Моғолдардың дәстүрімен ту желбіретті. Хан аттан түсті. Хан алдына тоғыз ту әкеліп, жерге қадады… Моғолдар бір кезде Шыңғысхан орнатқан тәртіпті әлі күнге дейін қолданып келеді. Оң қанаттың жауынгерлері – оң жақта, сол қанаттың жауынгерлері сол жақта, орта топ – ортада, барлық тайпаның сарбаздары да белгілі орындарында, сол Шыңғысхан жарлығындағы әдетті ұстайды» деген деректеріндегі («Бабырнама», «Жалын», 1990 ж. 121 – бет.) — осынау ғасырлар бойы сақталынып ұрпақтан – ұрпаққа қатаң түрде өзгеріссіз беріліп отырған қағидаттардың өзі ата – баба салтына беріктіктің айқын айғағы іспетті құбылыс болып тұр ғой. Ал, қазақтың ғұлама ғалымы Ә.Марғұлан өткен ғасырдың 1941 жылдары «…Жетісудың сол кездегі саяси атауы Моғолстан болса, мекендеген тайпалары ресми тілде моғол» – деп аталады. Бірақ бұл Моғол деп отырған көшпелі тайпалар моңғол да емес, ұйғыр да емес, Түрік тілінде сөйлейтін сол жердің тарихи заманнан келе жатқан тұрғын халқы. Екінші түрде айтқанда Моғол деп аталған елдер Ұлы Жүз Үйсіннің құрамына кірген — үйсін, дулат, қаңлы, шанышқылы, жалайырлар» деген жазбасы бар («Моғолстан, моғолдар дегеніміз кімдер?» М.Қазыбек, «Ана тілі» №27 (1233) 10 – 16 шілде, 2014).
Мінекей, қаузай берсек аталмыш шежірелік құжаттар айналып келіп Нүкүздің Жалайырына келіп тіреледі, одан Қиятқа. Иә, ағайын біршама уақытымызды алып, ой-санаға маза бермеген осынау түйінді мәселе де сәті түсіп айқындалып келеді. Сонымен, әйгілі Шыңғыс қағанның Жалайырдың Қиятынан тарайтынына көз жеткіздік. Ал, Жалайырымыз ата – бабамыз Қазақтың салт – дәстүрі бойынша Ұлы Жүздің белді руы, ноқта ағасы. Иә, ұлылығын әлем мойындаған ұлы тұлға Шыңғыс ханның қазақ екендігіне бұдан артық қандай дәлел керек?! Міне, енді ешқандай да күмәніміз болмасын!
Қорыта айтқанда – әкесі қияттан, шешесі қоңырат, өзі қият, әйелі қоңырат (рулары), балалары – Жошы, Үкітай, Шағатай, Төле. Әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің бәрі де қазақтікі. Шыңғыс хан ұрпақтарының ішінен 38 адам, Қазақ хандығының тағында ата-баба салтымен билік құрды: …Түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, тебінгісі терге шірімей, терлігі майдай ерімей, қасық қаны, шыбын жаны шыққанша қорғаған елі, жері, мемлекеті кімдікі, қазіргі кімдердің атамекені, ағайындар?!
Тарихтағы 1223 жылғы Шыңғыс хан өз билігіндегі ұлан – ғайыр өлкені жаужүрек төрт ұлына бөліп беретін ұлы құрылтай, Моңғолияда емес, исі түркінің ардақтысы қасиетті Түркістан қаласының маңындағы әйгілі Күлтөбеде өтпеп пе еді. Оның қазақ екендігіне басқа қандай дәлел керек? Марко Поло кітабінда: «Еуропада татар атымен әйгілі болған халықтардың барлығыда түркілер, олар бір түркі тілінде сөйлейді, жазуда араб таңбасын пайдаланады» Мысалы: Құбылай қағанның Рим папасы Григорий Х-ға жазған хаты араб таңбасымен түркі тілінде жазылған (М.Поло кітабі, VII, VII, XVI тараулар). Қалай ойлайсыз, ол моңғол болса, Құбылайға өзінің мемлекетін басқаруда ана тілін қолдану соншалықты қиын болды ма?
Нақтылып айтсақ, Шыңғыс хан империясы – байырғы Сақ ұлысының, Ұлы Ғұндардың, Үйсін мемлекеттілігінің, Түркі қағандығының — Ұлы Даладағы қайта түлеген заңды мұрагері еді. Ал, одан кейінгі сол дара тұлға Шыңғысханның сара жолын жалғастырушы асыл текті ұрпақтары — туын тігіп, негізін қалаған – Алтын Орда, Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Әбілхайыр хандығы, Қазақ Хандығы туралы уәж айту әбестік болар деп ойлаймын. Неге десеңіз өзінің тарихи бастауын сонау біздің заманымыздан бұрынғы дәуірден алатын Ұлы Даладағы – ірі тайпалық бірлестіктер, мемлекеттер, қағанаттар, әйгілі ұлыстар, хандықтар, ондағы ғасырлар бойы қалыптасқан өркениет үрдістері мен мемлекеттік басқару жүйесі өзінен-өзі, бір-ақ мезетте аяқ астынан іс-түзсіз сағымға айналып, жоғалып кетуі мүмкін емес жағдай ғой. Себебі, әлемнің әр түкпіріндегі (біздің Ұлы Даланы қоспағанда) тарихи ескерткіштер мен көне жазба шежірелерді жойып жіберу ешкімнің, ешқашан қолынан келе қоятын шаруа емес!
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ