Осынау жер-көк, яғни төрткүл дүние жаралып, мың екі жүз градус температурадағы лава мен магма суынып, өсімдіктер әлемінің түзілуі мен бір клеткалы тіршілік иелерінің пайда болуынан бері миллиондаған жылдар артта қалды. Міне, сол тіршілік иелерінің бір өкілі – Адам ата ұрпағы да нешеме дәуірлер бойы жұмыр жер төсінде бірге жасасып келеді. Материалистік тұрғыдағы көзқарас бойынша қарапайымнан күрделіге қарай даму эволюциясы барысында сонау – «епті адамнан», қазіргі таңда біздер ұрпағы саналатын «саналы адамға» дейін де мыңдаған жылдар өтіпті.
Осы дәуірлер аясында адамзат ұрпағы бірде көбейіп, енді бірде түрлі жұқпалы аурулар мен табиғи апаттардан, әлемдік үстемдікке ұмтылған түрлі пиғылдағы мемлекетаралық соғыстардан азайып отырған. Тым әріге бармай-ақ, өткен ХХ ғасырдың басында болған І дүниежүзілік соғыс пен 1941-1945 жылғы фашистік Германиямен болған соғыстың өзі миллиондаған адамдардың өмірін қиды емес пе… Тағы миллиондаған адамдар мүгедек болып қалды.
Дегенмен, соған қарамай адам баласының ұрпағы өзінің өміршеңдігін дәлелдеп-ақ келеді. Оған дәлел өткен ғасырдың екінші жартысынан бергі есеп бойынша жер планетасындағы жан басының қарқынды түрде өсуі кең етек алған. Нәтижесінде, демографиялық санақ өте жоғары деңгейді көрсетіп тұр. Ендеше сөзіміз жалаң болмас үшін бүгінгі таңдағы ғалымдарымыздың статистикалық зерттеулеріне үңіліп көрелік.
Қазіргі таңда жер шарындағы адам санының көрсеткіші 8 миллиардқа жеткен. Әрине, жалпы алғанда бұрын-соңғы тарихта болмаған, өте ауқымды көрсеткіш. Енді осы аталмыш 8 млрд. адамды жалпы есеппен 100 пайыз деп алып, әлеуметтік жағынан қарастырып көрер болсақ мынадай көрсеткішке тап болады екенбіз. Мысалы: осы 100 пайыз жер шары тұрғындарының 11 пайызы Еуропада, 5 пайызы Солтүстік Америкада, 9 пайызы Оңтүстік Америкада, ал 15 пайызы Африка құрлығында тұрса, қалған ең көп бөлігі, яғни, 60 пайызы Азия бөлігін мекендеп тіршілік жасауда.
Ал, жалпы есеппен алғанда оның 49 пайызы ауылдарда тұрса, қалған 51 пайызы қалаларда ғұмыр кешіп жатыр. Солардың ішінде 77 пайызы өзінің үйін тұрғызып қоныстанған болса, 23 пайызы мүлдем баспанасыз, ашық аспан астында немесе пәтер жалдап дегендей күндерін өткізуде. Қазіргі есеп бойынша бір тәуліктегі 48 пайыз адамдардың өмірге қажеттіліктеріне жұмсалатын ақша көлемі екі долларға (шамамен 940-950 теңге) жетер-жетпес шығынды құрайды. Қалған бөліктегі адамдардың тәуліктік долларға шаққандағы шығын көрсеткіші тұтыну жағдайына байланысты әрине жоғары.
Тағы бір қызықты кереғарлық дүние: әлемде құрлықтан гөрі судың көп екендігін мектеп оқулығынан бәріміз де білеміз. Сонда да әлемдегі адам баласы таза ауыз судан таршылық көріп отырған жағдайы бар. Оған дәлел, мәселен жоғарыда айтылған 100 пайыз адам көрсеткішінің, 87 пайызы таза табиғи суды пайдаланса, кейінгі 13 пайыз тұрғындар амалдың жоқтығынан лас, тұтынуға жарамсыз суды қанағат тұтып пайдалануда. Бұл әрине әлемдік бағана бойынша жоғары көрсеткішке жататындығын өздеріңіз де іштей байқап отырған боларсыздар.
Ал, енді жұмыр жер төсіндегі адамдардың білім алу саласына келер болсақ: әлемдегі адам атаулының 7 пайызы жоғары оқу орындарында білім алған болса, қалған қалдық 93 пайызы колледж есігін ашпаған жандар қатарын құрайды. Және де олардың 83 пайызы әріп танып оқи алатын сауаттылар да, 17 пайызы мүлдем әліпті таяқ деп білмейтін қараңғы, оқу-сызудан ешбір хабары жоқ ағайындар.
Енді келесі кезекте сол тіршілік иелерін діни сенімдері тұрғысынан қарастырып көрелік. Бұл көрсеткіш те ұстанған діндеріне қарай әрқилы. Мәселен, жоғарыдағы жалпы алғандағы көрсеткіштің 33 пайызы христиан дініндегілер, 22 пайызы мұсылмандар болса, 14 пайызы индуизмдерді құраса, 7 пайызы буддистер, ал 12 пайызы басқа діни сенімдерді ұстанса, қалған 12 пайызы дін атаулыға қарсы, құдайға мүлде сенбейтіндер қатарынан болып отыр.
Тағы бір көңіл аударарлық цифр – жаңағы жер шарының 100 пайыз тұрғынының, бар-жоғы 8 пайызы ғана 65 жасқа дейін өмір сүреді екен. Демек, сіз 65 жастан асқан болсаңыз, Тәңірге тәубе деңіз. Себебі, әлемдік деңгейдегі көрсеткіш бойынша бұл жасқа жету құдайдың сүйген құлдарының пешенесіне жазылған үлкен сый іспетті. Өйткені әлемнің 92 пайызының сіз сияқты жұмыр басты пенделері осы жасқа жете алмай бақилық болып жатқан көрінеді.
Сонымен, сіздің өзіңіздің жеке баспанаңыз бар болып, күніге қажетті түрлі азық-түлікпен қоректеніп, таза су ішіп жүрсеңіз және де қалтаңызда ұялы телефоныңыз болып, интернетті де керегінше пайдаланып, бақуатты ғұмыр кешіп жатсаңыз қуаныңыз, сіз әлемдегі бақытты жандардың бірісіз. Және де дәп осындай өмір сүру деңгейіне жете алмаса да, жаратушыға тәубе етіп, тіршілігін күйттеп жүрген миллиардтаған адамдарды көзіңізге елестетіп көріңіз. Себебі, жоғарыдағы 100 пайыздық әлемдік адамзат өмірінің әлеуметтік-саяси жағдайының көрсеткіші бойынша дәл осындай жағдайда, жалғанды жалпағынан басып ғұмыр сүріп жатқан адамдардың сандық бағаны бар-жоғы 7 пайызды ғана құрайды екен.
Сол үшін де аталарымыз айтып кеткендей, «Көрген күннен, көрмеген күдеріміз жақсы болсын» ағайын! Қазақ елінің экономикасы қарыштап дамып, осынау ұлан-ғайыр жердің иесі – кейінгі ұрпақтарымыз да, дамыған елдермен терезесі тең болып, әлемдік додада алдыңғы қатардан көрінсін. Мәңгілік Ел идеясы аясындағы Қазақ мемлекеті экономикалық-саяси тұрғыдан гүлденген, қорғанысы мықты және әл-ауқаты асқан байырқалы, бақуатты ел болсын!
Қали ТҰРДЫҒАЗЫҰЛЫ