Адамзат баласын орасан зор апатқа ұшыратқан, дүниежүзі халқының 80 пайызын құрайтын 61 мемлекет қатысқан, 70 млн адамның өмірін жалмаған екінші дүниежүзілік соғыстың зардабы әлі де халық есінен кетпейді. Қазақ халқы да қан майданға 1 млн 200 мыңнан астам боздақтарын аттандырды. Екінші дүниежүзілік соғыс барысында бейбіт жатқан КСРО еліне бүйідей тиген фашистік Германия бастаған қанды қырғын 1418 күнге созылды. 1941-1945 жылдардағы қиян-кескі соғыста жеңісті күндерді жақындатқан жауынгерлердің ерлік үлгісі ұрпақтарға ұран болып қалды. Қазақ даласындағы әр ауылда кешегі сұрапыл ұрыстың белгісі болып, тас тұғырға солдат мүсіні тұрғызылып, қаза тапқан ерлердің есімдері тасқа басылып жазылды. Туған жерінде ардақталғандары қаншама. Ұлтының мақтанышына айналған батырлардың есімі әлі де ел есінде. Ендігі міндет, осы батырлардың есімін қайыра еске түсіріп, ерліктерін дәріптеп, жас ұрпақ жадына тоқып, үлгі алатындай етіп жаңғырту болмақ. Сонымен назарларыңызға жаңа айдар – «Жеңісті жақындатқандар».
Үйдегі кітап сөресінен өзіме қажет болған бір кітапты іздеп жүріп қолыма ілінген кітапқа қарасам, Алматыдағы «Нұрлы әлем» баспасынан 2007 жылы шыққан Ерлік Дүйсенбековтің «Генерал Сабыр Рақымов» деген деректі повесі екен. Алғаш повесті шыққан кезде бас алмай оқып шыққам. Парақтап орнына қойдым. Содан кейін осы есім ойымда жүрді. Түбі бір туыс туралы, қазақ айтатын екі туып бір қалғанымыз жайлы қалам тартпасақ аруағы риза болмайтындай көрінеді де тұрады.
Сабыр Рақымов Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылдың маусым айында майор шенінде мотоатқыштар полкі командирінің орынбасары болып ұрысқа кірген. 1942 жылы қыркүйек айында 56-шы армияның құрамындағы 395-ші дивизияның командирі болып тағайындалған. 1943 жылы Орта Азия халықтарының арасынан шыққан тұңғыш генерал-майор атағын алған Сабыр Рақымов – қазақ елінің мақтанышына айналды. Генерал Сабыр Рақымовтың түбі Қазығұрт тауының төңірегін мекендеген Бағыс Суан екенін бұл күндері барша жұрт біліп болды. Суан атамыз қырғыз әйелінен Қарабас атты ұл көрген екен. Қарабас атамыздың Албаба деген ұлынан Досбағыс, Сарыбағыс, Ханбағыс атты балалар туылып, оның Ханбағысынан Сабыр Рақымовтың арғы атасы Мәмбетқұл дүниеге келген. Жетібай батырдың ұрпағы Мәмбетқұл датқа өз заманында билік құрған, атағы алысқа кеткен әрі ауыз толтырып айтарлық дәулетті адам болған. Мәмбетқұлдың ұлы Омарқұл азулы, тік мінезді адам болған болуы керек. Оны мына жазылған дерек шындыққа әкеліп саяды.
«Бірде Көкібел ауылында көкпар болады, оған сол кездің әкімі – болыс та араласады. Бір доданың кезінде Омарқұл көкпарды тақымына басқанда, болыс та келіп шаужайына жармасады. «Жібер» деп жұлқиды. Сонда Омарқұл «Болыс болсаң елге болыссың, көкпарға болыс емессің», – деп қамшымен тартып кеп жібереді. Көкпар бітіп, той тарқаған соң Омарқұлды болыс шақыртып, оған 25 сом айып кеседі. «Бұл не үшін?», – дейді Омарқұл. «Болысқа қол жұмсағаның үшін», – дейді. Омарқұл «Е, мейлі», – дейді де 50 сом береді. «Неге 50 сом бересің?», – дейді болыс. «Келесі көкпарда тағы қамшым тиіп кетер, сол үшін», – дейді. «Сен бәле аулақ жүрші, әкет ақшаңды», – деп болыс ақшасын қайырып беріпті (Суан шежіресі. Алматы. 1993 жыл. 40-бет).
Бойға біткен қайсарлық пен алдағы болар істі болжағыштық қасиеті Сабыр ағамызға әке мінезінен берілсе керек. Генерал Рақымовтың өмір жолына шолу жасап, кеңестік кезеңнің архив деректерін ақтарып, табылған мәліметтер бойынша бірнеше мақалалар топтамасын шығарған «Жас Алаш» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Әкім Ысқақтың, «Қазақ үні» газетіндегі Е.Дүйсебековтің «Генерал Сабыр Рақымов» деректі повестеріндегі мағлұматтарға сүйенсек, атасы әйгілі датқа Мәмбетқұлдың тәрбиесінде болып, арабша хат танып, сауаттанып өскен делінеді. Әкесінен буыны қатпай жатып жастай қалса да, қанына тартып самдағай, ширақ болып өскен Сабыр Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ашылып жатқан мектептердің біріне барып оқығысы келеді. Таптық қоғамдағы әлеуметтік жікке бөлу белең алып тұрғанда ауқатты адамдардың балалары оқуға қабылданбайды дегенді естіген Сабыр «оқи алмай қалатын болдым» деп мұңын айтып, нағашы атасы Рақымға (Сабырдың анасы Баһарайым Рақымқызының ұлты өзбек) шағынады. Білімге құштарланған жиенінің ой-арманын тез түсінген нағашысы дәулетті адамдардың баласын мектепке алмайтындығын біліп әрі болашақта болуы мүмкін қуғын-сүргіннен сақтау үшін Сабырды өз атына Рақымов деп, ұлтын өзбек деп жаздырып, мектепке береді.
Ұлы Отан соғысы басталғанда Сабыр Рақымов әскери соғыстың қыр-сырын меңгерген, жаудың әрбір шабуылын қимыл-әрекетіне қарай тактикалық тұрғыдан белгілей алатын, соған қарай әрекет ететін сара қолбасшы болып қалыптасқан еді. Әзірбайжанның астанасы Баку қаласындағы әскери мектепті үздік бітіріп, Тәжікстанда бүлік ұйымдастырып, бейбіт елді қырғынға ұшыратқан құрбашылар бастаған басмашылар әскерінің талқандауға қатысады. Азамат соғысының даңқты қолбасшыларының бірі М.В.Фрунзенің қолынан қоладан құйылған арғымақ аттың мүсінін, М.Буденныйдың өзінен қылды қиып түсер алмас қылыш алған алғыр да айбарлы командирден болашақтағы генералдың бейнесі сомдалды. Қиын-қыстау күндерде елге көрсеткен абыройлы қызметі және еңбегі мен ерен ерлігі үшін Сабыр Рақымов 1937 жылы сол кездегі жоғары награданың бірі «Қызыл ту» орденімен марапатталады. 1930-1936 жылдары екі рет «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері болуы да елдің тыныштығын сақтауға қосқан үлесі үшін берілді.
Сабыр Рақымов Ұлы Отан соғысына Самарқан қаласында әскери басшы болып жүрген жерінен аттанады. Соғыс қашанда шығынсыз болмайтыны белгілі десекте, қарамағындағы жауынгерлерді аман сақтау мақсатында оларды орынсыз шабуылға не болмаса жау күші басым жерлерге жіберуге болмайтынын жақсы игерген командирлерлер ғана жеңіске жетері белгілі. Сабыр соғыс барысында небір қиын-қыстау кезде ауыр ұрыстарда жағдайды тез болжағыштығымен өз қарамағындағы әскери күшті ұтымды пайдаланып, жұмсап отырды. Аз ғана әскери жасақпен жаудың әскерін көп шығынға ұшыратуды, тез қимылдауды шебер меңгерген Сабыр Рақымовқа Солтүстік Кавказдағы неміс-фашистерінің әскери тобын талқандаудағы ерекше ерлігімен көзге түскені үшін 2-дәрежелі Суворов ордені мен КСРО Жоғары Кеңесі Президиумінің төрағасы М.И. Калининнің қолымен жазылған Алғыс хат тапсырылды. Ростов бағытындағы неміс-фашистерімен шайқастардағы күрескен ерлігі үшін тағы бір «Қызыл ту» орденімен марапатталды. Майдан даласындағы осындай көптеген сұрапыл шайқастарда жаудың әскери құрамаларын шығынға ұшыратып, қарамағындағы жауынгерлерін ерлікке бастай білетін қайсарлығы үшін КСРО Халық Комиссариатының 1943 жылғы 19 наурыздағы бұйрығымен генерал-майор атағы берілді. Бұл жөнінде Е.Дүйсебеков «Генерал Сабыр Рақымовтың әскери қабілеттілігі туралы қарулас жолдастары өте жағымды пікірде еді» деп жазады. Әскери саладағы басқарушылыққа тән талантын тап басып таныған бас штаб соғыстың алдыңғы шебінде жүрген генералды Мәскеуге жоғарғы шенді офицерлерді дайындайтын және әскери біліктілігін жетілдіретін Бас Штабтың әскери академиясына оқуға шақырады. Дайындық курсы барысында да Сабыр өзінің майдан даласында ұрыс жүргізу тактикасын жақсы меңгерген қолбасшы екендігін көрсетіп көзге түседі. Майдан даласының қиын телімдеріне көмек қажет болған кездерде де генерал тайсалмай, өз дивизиясының жылдам қозғалуын ұйымдастырып, діттеген жерден дәл уақытында табылатындығы жөнінде 1-ші, кейіннен 2-ші Беларус майданының қолбасшысы – маршал К.К. Рокоссовский бас командование алдында генерал-майор С.Рақымовтың әскери іс-әрекетін жоғары бағалағаны мәлім. Осындай майдандағы қадау-қадау ерліктері үшін кезекті «Қызыл ту» мен «Богдан Хмельницкий» ордені тапсырылады. Қазақ халқының батыр ұлы майдан даласын көктей өте отырып, өзі басқарған 65-ші армияның құрамындағы 37-ші атқыштар дивизиясымен 1944 жылдың қаңтарынан бастап, 1939 жылы 1-ші қыркүйектен оккупацияланған Польша жерін неміс әскерлерінен азат етуге кіріседі.
Е.Дүйсебековтің «Генерал Сабыр Рақымов» кітабының беташар сөзін жазған Кеңес Одағының батыры Тоғанбай Қауымбаев пен Сабыр Рақымовтың екеуінің қан майдандағы жолығысуы оқыған адамның жанын тебірентеді. Генерал-майордың Тоғанбаймен кездесуінде алыста жатқан туған жерін, туған-туыстарын аңсауы, батырды көргенде қазақ екендігін айтып, арқа-жарқа әңгімелесуінен біздің ұлттық дархандылықтың бейнесін көріп әрі қазақтықтың иісін сезіп тұрасыз. Туған жерден мыңдаған шақырым шалғайда, онда да біреуді-біреу біліп болмайтын аласапыран майдан даласында жолыққан ержүрек екі қазақ батырларының қарым-қатынасы Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы Н.Төлендіұлының «Қазақтың қос батыры» романында шынайы суреттелгені ақиқат. 1945 жылы кеңес әскерлерінің бас командованиесі Висла-Одер бағытындағы шабуылдау операциясын жоспарлаған еді. Мақсаты немістердің «Орталық» деп аталатын әскери тобын талқандап, Польша жерін басқыншылардан азат етіп, тікелей Берлинге соққы беруге жағдай туғызу болатын. Даңқты қазақ генералы 1944 жылы 26 наурызда осы операцияны іске асыруға дайындық жүргізу барысында, бақылау пунктіне кетіп бара жатқан жолда, жақын жерге келіп түскен жау минометінің снаряды жарылып, ұшқан жарықшағынан қасындағы серіктерімен бірге жараланады. Жау оғының жарықшағы бас сүйегінен өтіп, миын зақымдаған. Генералдың демі үзіліп бара жатқанда, қасында болған лейтенант Тоғанбай Қауымбаев батырдың басын сүйеп оның ең соңғы аманат ретінде айтқан сөздерін, көздерінен жасы сорғалап отырып тыңдап, халқына жеткізген жандардың бірі. Батырдың жан-жүйені солқылдататын қазақша айтқан соңғы сәттегі, «Әй, Тоғанбаймысың? Көзім, бауырым, түбі суырып барады. Ой, жарық дүние-ай!» деп барып есін жоғалтқан сәтін тебіреніссіз қабылдай алмайсыз.
Майдан даласында жауға қарсы көптеген ауыр ұрыстарды өзі басқарған, жауынгерлерге жігер беріп, намысын жанып көптеген шабуылдарда жеңіске бастай білген генерал Сабыр Рақымовтың қазасы көптеген жауынгерлердің, туған-туысқандарының, бауырлас өзбек халқының да қабырғасын қайыстырып жіберді. Келтірілген деректер бойынша генерал-майор Сабыр Рақымовтың сүйегі 1945 жылы 25 мамырда Ташкент қаласына жеткізіліп, сондағы бауырластар зиратына жерленген. Өзбекстан үкіметінің арнайы қаулысымен батыр ретінде халық арасында кеңінен дәріптелініп, орталықта үлкен ескерткіш тұрғызылып, мектепке, көшеге, метроға есімі берілген. Кеңестің келеңсіз саясатынан алғаш мектепке барғанда Сабыр Рақымов ұлты өзбек деп жазылғандығы белгілі. Сабырдың туған-туысқандарының архивтік құжаттарды іздестіріп, оның қазақ екенін дәлелдеп жүргендігі сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа да жеткендігі мәлім. Екі елдің бірінші хатшылары өзара телефон арқылы сөйлесіп бір мәмілеге келгенге ұқсайды. Туысқан республикалардың басшылары сол кездегі саясатқа байланысты ұлттар арасындағы сыйластықты сақтауға барған болуы керек. Ал, енді еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін ұлттық санаға өзгеріс ене бастағанда даңқты жерлесіміздің атын республикаға қайтару мәселесі қайта көтерілді. Генералдың өмірбаянын зерттеген, зерделеген қазақ жазушылары Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екендігін, оның ішінде ұлы жүздің Суан тайпасынан тарайтын Ханбағыстың ұрпағы екендігін жүйелеп жазып берді. Осы мәселе түпкілікті анықталғаннан кейін түбі бір түркі болса да өзбек елінің билік басындағыларының өкпесі қара қазандай болып, жерлесіміз генерал Сабыр Рақымовқа қатысты мектеп, көше, аудан, метро, т.б жерлерге қойылған атауларларды алып тастап, батырға тұрғызылған алып ескерткішті орталықтан алып, елеусіздеу бір саябақтың ішіне көшірген. Мұндай келеңсіз істерді естіп, көріп білген соң туған жеріндегі – Қазығұрттың бауырындағы ұлтын сүйген ер-азаматтары, жұрты батыр ұлының беделін асқақтатып, бауырымызды барынша дәріптеуді дереу қолға алды. Жоғары органдардың қаулы-қараларымен Қазығұрт аймағындағы елді мекенге, Көкібел ауылындағы орта мектепке, Шымкент қаласындағы республикалық әскери мектеп-интернатқа қазаққа қайта оралған ардақты ұлының, атақты жауынгер қолбасшының есімі берілді.
- Осы ретте, Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында мың жылдық тарихы бар, өзіміздің сүйікті қаламыз, аудан орталығы Жаркентте де Орталық Азиядан – мұқым мұсылман әлемінен шыққан тұңғыш генерал-майор, Кеңес одағының батыры Сабыр Рақымовқа арнап еңселі ескерткіш орнатсақ, орталық саябақтағы жаркенттік сегіз Кеңес одағы батырларының төріне есімін құрметпен жазып, бюстін қойсақ та артық етпес еді.
Сабыр Рақымовтың қазақ халқының мақтанышына айналуына өлшеусіз үлес қосқан, оның ұлтының тумысынан қазақ екендігін баспасөз беттеріне жазып, теледидарда сөйлеген сөздерінде айтып, елдің назарын аударған батырдың сүйікті жары Құралай Натуллаева. Азамат соғысында көзге түскен Әліби Жангелдиннің қызы Құралай жан-жары Сабыр екеуі қосылып, майданда жауға қарсы бірге шайқасқан. Жау оғынан жараланып, өлім аузында жатқан Сабыр Рақымовтың қасында сүйікті жары Құралай да қан жұтып, басын құшақтап отырып ақырғы сапарға шығарып салды. Тегінде алпыс екі тамырында қазақ ұлтының қаны жатқан рухы биік асыл азамат Сабырдың «Менің жоқтаушым сен боласың, қазақ екендігімді елге жеткізесің, осыны аманаттаймын» деп айтып кеткен өсиетін орындаушылардың бірегейі жары Құралай. Сол кездердегі ең жоғарғы награданы – Кеңес Одағының батыры атағын алған, дивизия командирі болған генерал – майор Сабыр Рақымовтың алтын әріппен жазылатын есімі қазақ еліне оралды. Әскери қолбасшы ретіндегі ерліктері, майдан төрінде жүргенде әрбір қарулас жауынгерге бауырындай қамқорлық жасайтын, соғыс арасындағы аз-кемдік тыныс алу сәттерінде қазақ бауырларын тауып алып туған жерін, елін, еске алып әдемі әңгіме өрбіткендігі туралы жайттар кітаптарда, баспасөз беттеріндегі естеліктерде аз жазылған жоқ. Батыр ағамыз туралы қасиетті Қазығұрт баурайындағы жерлесі, ақын бауырымыз Амангелді Құралов «Батырыма тағзым ет» өлеңінде Суан бабамыз жайлы толғай келе:
«Сабыр батыр тартыпты Суаныма,
Тектіден текті ұрпақ туады да.
Айлалы һәм қайратты екі алыпты,
Ұқсатам Қазығұрттың қыранына», – деп жырласа, өзіміздің жерлес ақынымыз Оразақын Асқар «Сабыр Рақымов ескерткіші алдында» өлеңінде:
«Ерте елдің қорғаған еркіндігін,
Қайталадың ерлігін Елтіндінің.
Жалғастырды үлгіңді желтоқсанда,
Қарындасың Ләззат пен Ербол інің», – деп тағдыр айдауымен екі жақта бөлініп қалып қойған Суанның екі баласының рухани жағынан бөлінбейтінінің, олардың арасын ерліктің алтын арқауы жалғап жатқанын өлең арқылы паш етеді.
Польшаны азат ету барысында 37-атқыштар дивизиясымен жаудың 1150 минометін, 1336 автоматын, 74 пулеметін, 1158 автомобилін, 8-эшалонын, 55 самолетін, 5 танкісін, 10 мыңнан аса жауынгерін қолға түсірген, Екінші дүниежүзілік соғыста бір емес, үш дивизияға басшылық еткен қолбасшы қазақтың, Сталиннің өзі Солтүстік Кавказды фашист басқыншыларынан азат етудегі ерлігі мен әскери шеберлігіне тәнті болып «Темір генерал» деп атаған Сабыр Рақымовтың есімі, ерлігі жас ұрпақ жадынан ешқашан өшпек емес.
Молот СОЛТАНАЕВ