Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Жаркент ауылдық тұтынушылар қоғамының төрағасы болып жұмыс істеп жүрген кезім. Еліміздің егемендік алғанына үш жарым жылдай уақыт болып қалған. Кеңестік кездегі бүкіл өндіріс тоқтап, халыққа қажетті азық-түлік, өнеркәсіп заттары жетіспей елдің қиналып тұрған шағы еді. Оның үстіне колхоз-совхоздардың «кооператив» деген ұжымға айналып, жұмыскерлердің бұрынғы жан бағып отырған жұмыс көздері қысқарып, әйелдер ала қоржын арқалап сауда қуып, көшеге шығып, ерлер еңсесі түсіп босаға бұғып отырып қалған. Сол ауыр айлардың салмағы елдің иығын баса түскен. Панфилов аудандық тұтұнушылар одағына бағынышты сауда ұжымдарының алды жабылып, арты жыл қорытындысын шығынмен аяқтап, жұмыстарын тоқтатудың аз-ақ алдында тұрды. Жазғы ауылшаруашылық науқаны кезінде аудандағы барлық шаруа кооперативтері керек-жарақ, азық-түліктерін тұтұнушылар қоғамының қоймасынан, банк арқылы есеп айырысу жолымен алып тұратыны бұрыннан қалыптасқан әдеті. Жыл аяқталып қалғандықтан кооператив басшыларынан алған азық-түліктің ақшасын қайтартуға шапқылау үстінде жүрген бетім. Керекті кезінде қарызға алған заттың ақшасын қайтаруға қауқары жоқ шаруа басшыларынан өндіріп алу үшін күнде кеңсесінің есіктерін қағып жүрген күндердің бірінде жол үстінде қарсы келе жатқан машина көлігіме соғылып, содан алған жарақатпен аудандық ауруханада жатып қалғаным бар.
Бұл ауыр күн 1995 жылы 31 желтоқсан күні болған уақиға еді. Сол күннен бастап, Талдықорғанға ота жасатуға барғанша ауруханада аз күн емделуге тура келді. Мен жатқан палатада Қадыров Мұсахан деген Ақжазықтан келген науқас ақсақал жатқанын ертесі есіме келгеннен кейін біліп, ауруханадан кеткенше әңгіме дүкеніміз жарасып үлгерген. Баласы Сейіт пен келіні Ақбаян Талдықорған қаласында дәрігер болып істейтінін, ақсақал өзі зейнетке шыққанша Ақжазықтың түйесін бағып, кейін екінші ұлы Нүсіпханға өткізіп бергенін де әңгіме арасына қыстырып кеткені есімде қалыпты. Медбикелер сынған жерімнің ауырғанын басу үшін инесін шаншыған соң көңіл біраз жайланып қос құлағым Мұсахан ағаға қарай бұрыла беретін болды. Ол кісі де «тыңдар құлақ болса айтылар әңгіме бар ғой» дегендей күліп қойып, әріден бастап кететін. Ағамыз кезінде ар жақтан (Қытай) келсе керек. Арғы беттен келгендер қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қаймағын бұзбай бері өткізгенін әрбір отанына оралушылардың кәрі-жасының сөйлеген сөзінен байқалып тұратын. Әсіресе ана тіліне деген жаны құмар, әңгімеге құлағы үйірлер осындай адамдармен тілдессе, сөз байлығының кеніне кіргендей болады.
Соның бірі – менімен ауруханада қатар жатқан, тұла бойы тұнған шежіре, Мұсахан қарт. Ол Суан тайпасының тарихын, одан тарайтын жиырма рудың үрім-бұтағын қолмен қойғандай таратып, соңында «сен бәленешенің түгеншесінен тарайсың» деп бетіңе қарап мұртын сипап қоятыны көңілге жылу ұялатып жіберетін. Өйтпей қайтсын, жеті атаңды әкеліп алақаныңа салып берсе. Ол кісі өзі де Суан тайпасының бір бұтағы үлкен рудың бел баласы екенін сөз арасында айтып қалған. Мен де:
– Аға, өз шыққан тегіңізді тармақтап бермейіз бе, біле жүрсек, – дедім.
– Е.., неге түгендеп бермеске? Ата тегін білмейтін қазақты, қазақ деп айтуға болмас. Жеті атаны жатқа айту әрбір ұрпақтың парызы. Атамыз қазақта «текті ерден тегеурінді ұл туады, тексізден тектеусіз кеткен құл туады» деген аталы сөз бар. Соны естіп өскен құйма құлақ жас, солар ғой ел-жұрттың келешегі, – деді ағамыз.
– Ия, аға дұрыс айтасыз. Баяғыда үлкендер «еті тірі» деген бір баласын қасынан тастамай, үлкендердің сөзін тыңдап өссін деп үнемі қасына ертіп жүреді екен деп еститінбіз. Сіз де сол өз кезінде әкеге ергіш құйма құлақ болғансыз ғой деймін. Жүйелі сөзбен жүйкені оятатын жеріңіз көп кездеседі екен.
– Кім біледі қарағым, жасымнан сөйлеп келе жатқан әдет қой. Өзің айтқандай әкеміздің қасында көп жүргенім рас. Жақсы әке балаға өмірлік ұстаз екені Аллаға аян. «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деген содан қалған емспе. Ана доғдыр қыз келіп өкіл салғанша бағана өзің сұраған ата жөн туралы біраз әңгіме қозғалық.
– Ия аға, дұрыс айтасыз құлағым сізде.
– Қарағым, арғы ататекті қозғамай тұрып, бергі Ұлы жүз Бәйдібек бабадан таратсақ: Бәйдібектен: Албан, Суан, Дулат тарайды. Суаннан: Тоғарыстан, Байтүгей. Тоғарыстаннан: Тұрдымбет, Мұрат, Бердіке, Бәубек. Мұраттан: Егізек (орыс), Қараменде, Қарабек, Шегірек, Әбсүгір. Егізектен: Мырзагелді, Хангелді. Хангелдіден: Ақша, Солтанғұл. Солтанғұлдан: Тайлақ, Ұзақ, Түгел, Назар. Назардан: Құттыбай, Сары, Тәттібай. Құттыбайдан: Көпбай (одан басқа балалары бар). Көпбайдан: Аралбай (Бұқа – лақап аты), Өкеш, Диқанбай, Бөлекбай атты төрт ұл тарайды.
Бөлекбайдан: Қадыр (басқа балалары бар). Қадырден мен Мұсахан. Менің бес ұл, бес қызым бар. Міне, Назар ата ұрпағы да өсіп-өніп, жеті атадан асып тоғызыншы атаға аяқ басып қалыпты.
– Ой, бәрекелді, Мұсахан аға, Назар бабадан тарағандар да бір рулы елге айналған екен ғой.
– «Өсер елдің баласы тату тұрар жауымен, Өсер малдың қарасы қорғанды болар тауымен», – дегендей, өсіп-өнудің басты кепілі ағайын-туыс, ел-жұрт арасындағы тату-тәттілік пен бірлік-берекенің арқасы ғой.
– Мұсахан аға, ел аузында Назар атамыздың жаугершілік заманында қасқая жауға шапқан батыр адам болғандығы көп айтылады. Содан кейін, қырғыз Назар дегенді естіп қаламыз.
– Ия, бұл әңгімелерді көбіне өзіміздің рудың ішінде айтып жүреді. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дегенінің кері ғой айтқалы отырғаның. Әңгімені сонау Солтанғұл баба өмір сүрген кезден бастасақ, ел ішіндегі сөз де сол кезден жалғасып келе жатыр деп түсінген дұрыс. Өткенде айттым ғой әкемнің қасында еріп жүріп үлкендердің аузын бағып өскенмін-деп. Сонда құлағымда қалғаны мыналар еді. Солтанғұлдан: Тайлақ, Ұзақ, Түгел үш бала дүниеге келді. Баласы Ұзақ ержүрек батыр болып өседі. Ел арасында «ұзын мұртты Ұзақ батыр» аталып, атағы атырапқа жайылады. Әкесі Ұзаққа ана Ыстық көлді жайлаған Бурайке деген қырғыз байының қызына құда түсіп, сол қызбен отау құрғызса керек. Ұзақ үйленгеннен біраз жыл өткенде қалмақтар Ыстық көлдегі Бурайке ауылын шауып, тірі қалған жалғыз Назар баланы құл етпекке қол-аяғын байлап еліне алып кетеді. Сол қалмақ қолында үш-төрт жыл құлдықта түйе бағып жүрген Назар өзі сияқты қолға түскен екі-үш естияр қазақтармен бірігіп қашып шығады. Қалмақтар ауылын шапқанда өзінен басқа әке-шеше, туған-туыстарын түгел өлтіріп кеткенін көзі көрген бала Ыстық көлге қайта барғысы келмей, баяғыда Суан еліне ұзатылған әпкесін іздеп жүріп, жездесі Ұзақ батырды табады. Назарды өзінің інісі ретінде тәрбиелеген қазақтың Ұзақ батыры басына үй, бауырына қазан, алдына мал салып берді. Жорыққа бірге аттанып жүріп балдызын қанды балақ қырандай жаужүрек ер санатына қосады. Кемеліне келіп толысқан Назар жау қолынан өлген ата-ана, жақын адамдарының кегін қайтару жолында сан рет қол бастап, жоңғарларға қырғын салуын тоқтатпайды. Кегін еселеп қайтарған Назардың атағы бүкіл Суан елін сүйсіндіріп, батыр деген құрметке ие болған екен. Назар отау көтеріп жеке үй болғанда Солтанғұл бабамыз өзінен туған Тайлақ, Ұзақ, Түгелді алдына шақырып, «мына Назар кішкентайынан қолыма келіп, ержетіп, отау көтеріп қатарларыңа қосылды. Жасынан қолымда өсіп, жаттығы болмаған соң құдай алдында сендердің қатарларыңдағы бір балам ретінде ант-су қабылдайын деп отырмын. Бұдан былай Солтанғұлдың төрт баласы Тайлақ, Ұзақ, Түгел, Назар аталып, бірге туған бауыр болып өсіп-өніңдер. Сондықтан құдай жолына ақсарбас шалынсын. Қанына қолдарыңды батырып, бауырлықтарың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуға өсиет ретінде ант етесіңдер. Егер ант бұзғандар болса соның ұрпағы өспейді. Қайғылы күндерге де тап болып тұрады», – деген баба төрт баласының қолын қанға малып отырып, «Ауызбірлік туыстық болсын, Адал ниет ұғыстық болсын! Әумин!» деп батасын берген екен. Бұл өсиетті бізге жеткізген өткен күннің өрлі ақсақалдары. Қасиет қонған Солтанғұл бабаның батасы қабыл болып, ағайынды төрт баласының бірлігі артып, дәулеті тасып, Назар батырдың ұрпақтары өсіп-өнген қордалы елге айналып келеді.
– Мұсахан аға, осыдан екі жыл бұрын Мырзагелді руының ұрпақтары бабаларына ас беріп «Қызыл еспе» ауылының орталығындағы саябаққа белгі тас орнатқанын естігеніңіз бар шығар. Сіздер де сол бабаларыңызға бір құран аударып дегендей…
– Ия, қарағым, өзің айтып жүргендей еліміз егемендік алып, қолымыз аузымызға жаңа жеткенде әруақтар жолына құран түсіріп, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырсақ, ешкім бұның қалай демес еді. Өзім де соны ел азаматтарына құлаққағыс етуді жөн көріп жүрмін. Назар атаның басына белгі тас қойсақ па деген ойым бар.
– Ол кісінің жатқан жерін білуші ме едіңіз, қайда жерленіпті?
– Ой, баяғыда, аржақта жүргенде әке, аталарымыз сонау қалмақ шапқыншылығында ел бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендердің өткен өмірлері мен елге істеген жақсылықтары туралы айта беретін. Солардың ішінде көбіне осы Назар батырдың ерлігі жөнінде және өмірден өткен соң жерленген жері туралы айтқандары ойымда жатталып қалыпты.
– Сонда Назар батыр қайда жерленген екен?
– Бабамыз осы Жаркент өңірінде жерленген. Белжайлаудағы Суықсай өзенінің Аяқсаз өзеніне құяр тұсында Сәбет кезінде сүт қабылдайтын қанатын тастан қалап жасалған үйден (маслопром) Үйгентасқа қарай 150-200 метр жүргенде оң қол жақтағы төбенің баурайында төрт-бес мүрде көзге оның көрініп жатыр. Сол мүрденің біреуіне Назар баба жерленген дегендері әлі есімде. Бірақ ол кісінің қашан өмірден өткені туралы ойымда қалмапты.
– Бабаның сүйегі сол жерде жатқанын сізден басқа білетін ұрпақтары бар ма екен? Сіз біреулерге бабамыз сонда жатыр деп айтпадыңыз ба?
– Сәбет өкіметі кезінде, өзіміз арғы беттен келген соң, өткенді қозғауға қаймығып жүрдік қой. Бұдан былай болмаса…
***
Бұл әңгіме Жаркенттегі ауруханада Мұсахан аға екеуміз бір палатада бес-алты күн бірге жатқанымызда болған еді. Маған ота жасауға Талдықорған қаласына алып кеткеннен кейін ол кісімен мүлдем кездесе алмағанмын. Кейінгі жылдары шежіре ағамыздың бақилық болып кеткенін естідім. Өзім әр жылда жайлауға барып қайтарымда, жолға жақын жатқан Назар батыр бейітіне тоқтап құран бағыштағанда Мұсахан ағаның сол айтқан әңгімесі есіме түсе береді. Сол себепті кезінде елін, жерін қорғап, шыбын жанын құрбан еткен қасиетті Назар бабаны ел-жұрты біліп, ардақты есімді алаш баласы дәріптеп жүрсін деген ниетпен қолыма қалам алдым…
Базархан ЖАҚЫБАЕВ,
ақын, композитор.
Қадір атадан Мұсахан ұлынан басқа Мұсағали ұлы да бар
Қадыр атадан Мұсахан ұлынан басқа Мұсағали ұлы да бар.Мұсақан атамыз неге айтпады екен