Ел Президенті Қасцм-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан ахуалға орай өз үндеуін жариялады. Президент өз сөзінде бірде-бір зардап шегушінің назардан тыс қалмайтындығын, шығынды үкімет өтеп беретін атап өтті. Сондай-ақ мемлекет басшысы осындай апатқа жол берген құзырлы органдар мен жергілікті әкімдік басшыларына жағдайды бақылауда ұстап, мәселені тездетіп шешуді бұйырды.
Премьер-Министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылды. Премьер-Министрдің өзі, оның орынбасарлары және Төтенше жағдайлар министрі апат болған аймақтарды аралап жүр. Барлық құтқару жұмыстары менің тікелей бақылауымда.
Су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылды. Сондай-ақ құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып жатыр. Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеуде. Ондаған мың волонтер де көмектесіп жүр.
Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы.
Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі» — деді мемлекет басшысы үндеуінде.
Президент сондай-ақ БАҚ өкілдеріне елді дүрліктіретін ақпарат таратпауға, көпшілікті тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.
Еске сала кетсек, еліміздің шығыс және батыс, орталық, солтүстік өңірлерінде күннің күрт жылынуы мен қардың еруінен қарғын су қарапайым халықты әбігерге салған болатын. Өңірлерде әлі де жағдай күрделі. Ең бастысы осындай сынақты мерзімде көпшілік болып күш шығарып, халықты қиыншылықтан аман алып шығу — биліктің де, бұқараның да міндеті екенін естен шығармайық.
Молот СОЛТАНАЕВ,
«Жаркент айнасы» газетінің Бас редакторы