Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «1997 жыл Жалпыұлттық татулықпен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жариялағанын бәріміз де білеміз, ол еліміздің барлық баспасөз беттерінде жарық көрді. Үлкен қоғамдық-саяси және терең адамгершілік мағынаға ие осы құжатты бүкіл республика халқы толық қуаттап, қолдады. Себебі қандай да болмасын нәубетті, зұлмат оқиғаларды елдің басына түскен, қиындықты жалпы халық қана көтерген. Одан қала да, дала да, ауылда да, тыс қалмаған.
ХХ ғасырда қазақ халқының дамуына кері әсер еткен жеті тарихи кезеңді атап кетейік. Сол жылдардың әрқайсысының ел өміріне, тағдырына тигізген зияны, зұлматы, қайғысы бір-бір төбе.
- 1916 жылғы Ресей патшалық империясының отарлық езгісіне қарсы бағытталған қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі және оның аяусыз басып жаншылуының кесірінен халық басына түскен қасірет.
- Қазақ халқының 1 миллионға жуығын жалмаған 1921-1922 жылғы ашаршылық. 1932 жылғы жаппай ашаршылық ауыл шаруашылығын күштеп, ұжымдастыру, көшпелі қазақ шаруаларын ешбір дайындықсыз күштеп отырықшыландыру. Осының салдарынан 1931-1933 жылдары 6,2 млн. қазақтың 2,1 млн. қырылды. Шет мемлекеттерге кеткені 1 млн. 100 мыңдай. Оның 616 000 адамы Қазақстанға қайтқан жоқ.
- 1937 жылғы зұлмат – Сталиндік әкімшілдік-әміршілдік жүйенің халыққа қарсы, ең алдымен зиялы қауымға қарсы бағытталған «улы» зұлматы. Өз заманының білімді парасатты, көзі ашық, көкірегі ояу небір асыл азаматтары қанды қол қарақшы әміршіл жүйенің құрбаны болды. Жеке адамға табынудың зардаптарының кесірінен Қазақстандық 108 000 адам лагерь азабын көрді. Олардың 25 000 атылды.
- 1941 жылғы Кеңес Одағында Ұлы Отан соғысының басталуы. Осы соғысқа 1941-1945 жылы Қазақстаннан 1 млн 200 мың адам алынып, оның 600 мың адамы майдан даласында опат болды.
- Қазақстанға 1937 жылы Қиыр Шығыстан зорлап көшіріліп әкелінген корейліктерге қосымша соғыс жылдарында шешендер, ингуштар, қарашайлар, балқарлар, немістер, поляктар, қырым татарлары, месхет-түріктер, гректер, курдтар қосылды – барлығы 890 мың 698 адам әкелінді.
- 1949 жылы қазақ жерінде атом бомбасын сынау басталды.
- 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғасы қазақ халқының сан ғасырлық ұлт-азаттық күресінің биік белесі, шырқау шегі болды.
1997 жыл ХХ ғасырдың осындай тарихи кезеңдерін зерделейтін жыл болып басталды. Соның ішінде мен айрықша тоқталып өтейін деп отырған кезең 1937 жылғы зұлмат – сталиндік әкімшілдік – әміршілік жүйенің халыққа қарсы «Ұлы терроры», ең алдымен зиялы қауымға қарсы бағытталған, ешбір елдің тарихында кездеспеген бұл зобалаңның орталықтан басқарылуы. Қазақстанда осы «қызыл қырғын» кезінде оқыған, білімді 105 мың адам тұтқындалып 22 мыңдай адам жазықсыз жаламен атылып кеткен. Ғажабы сол осы айыпталғандардың РФ қылмыстық кодексінің 58-ші бабына ілігіп, үкімі шығарылып жатты. 22-мыңдай атылғандардың ішінде бірінші лектегілердің үлес салмағы 60-70%. Олар Қазақстанда Кеңес өкіметін өз қолымен орнатып, басшы болып келе жатқан қайраткерлер, зиялылар еді.
Екінші лектегілер – алдыңғы ағаларының тәрбиесін көріп, ел ісіне араласып, өздерінің таным-біліктері мен алдыңғылардың орнын жоғалтпауға мүмкіндіктері бары тұтқындалды.
Үшінші лектегілер – олар «қызыл қырғын» науқанына араласқандар болды. Көздерімен көріп, қолымен істегендер.
1937-1938 жылдар қазақтарды бір-біріне атыстырып, шабыстырып, «халық жауы» дегізіп, жауқазындай қаулап шыққан биік саналы, беделді, асыл азаматтарын бір-бірлеп ұстап, атқанын атып, итжеккенге айдап, қансыратқан, қоғадай қаусатып, қамыстай қырыққан, дүбірі мен дүрбелеңі жалпақ даланы қара құйын дауылға ораған шырғалаң шақ. Зобалаң сойқанға толы, зорлығы шектен асқан зәбірлі кезең. Адамды адамға қасқырдай талатқан заман. Біреудің біреуді аямауы, бірін-бірі құзға құлатуы жыртқыш аңнан да бетер еді. Белгілі жырау Балқы Базардың:
Қазақтың жауы – қазақ боп,
Тартқаның ылғи азап боп,
Қашанғы жүре берерсің,
Кім көрінгенге мазақ боп, – деген жан айқайы осы кезеңге айтылғандай.
Мезгілсіз, мерекесіз өткендердің,
Жандары бізді де айт деп сыбырлайды, – дейді атақты ақын Иса Байзақов.
Өткенге ой жіберіп, сын көзімізбен тарих тағлымына үңілсек, талай-талай тағдыр иелерінің нақақтан күйіп, жаланың құрбаны болғанын бүгінгі біз сияқты ұрпақтары есіне сақтап, келешекте мұндай зұлматтың қайталанбауына куә болмақ.
Бүгінгі күн қолымызға қалам алдырып, бәріміздің басымызды қосып отырған осы жиынның да өз себебі бар, ол келешегі зұлмат заманның құрбаны болып кете барған аяулы аталарымыз бен бабаларымыздың тағдыры жайлы. Қазіргі кездерде деректер жинап, есімдері жас ұрпаққа белгісіз болып, ұмыт бола бастаған сол заманның құрбандары болған ауыл азаматтарын елмен қайта табыстыру біздің ұрпақтың міндеті. Өткенге ой жібермей, бүгінгі күнді жайдан-жай айту мүмкін емес. Ақты ақ, қараны қара дейтін заман келмегенде әлі де тарих қойнауында жатқан жазықсыз жандардың бекерден бекер жазаланып, құрбан болып кете бергендігі жабулы күйінде қала берер еді. Енді міне, шындық жеңіп, ақ-қараны айқындадық. Айтылар сөз, ақтарылар деректер көп-ақ.
Естеліктерді оқып, көнекөз адамдардың лебізін тыңдай келе сол жылдардың куәгерлерін әңгімеге тарта отырып, көкіректерінде сайрап жатқан сан тараулы жолдармен, осыдан алпыс жыл бұрынғы оқиғаларды өз көздерімен көрген ата-аналарымыздан алған деректерді ортаға салайық. Өмір бойы ақ пен қара, әділдік пен зұлымдық алысып келсе, сол зұлымдықтың құрбаны болған сол кездегі Талды ауылы мен Бұрхан (О.Исаев атындағы колхоз) ауылынан өмірлерінің гүлденер шағында айдалып кеткен.
Талды ауылынан – Нүсіпов Әубәкір, Қасымбеков Нұрахмет;
Бұрхан ауылынан – ағайынды Изембаев Қожақан, Изембаев Батырхан сынды айбынды азаматтар туралы сыр айтпақпын.
Аудан, ауыл көлеміндегі нақты деректерге сүйене отырып, асылдың сынығындай туған-туыстарының тебірене айтқан сырларын зерделей келіп, 1937 жылдағы зобалаңда қара құйынға ұшыраған тағдырлары қалай болды екен?
Иә, 1937 жылдарғы зобалаң ешбір негізсіз, ақ-қарасына көз жеткізбестен небір жайсаң жанды азаматтарды өмірлік түрмеге жауып, асып, атып, көз көрмес, құлақ естімес жерлерге айдаған.
Уақыт таразысы бұдан алпыс жыл бұрын кішкентай ғана ауыл Талдыдан Нүсіпов Әубәкірді, Касымбеков Нұрахметті, Бұрханнан ағайынды Изембаев Қожақан, Батырханды «халық жауы», «тыңшы» деген айыптар тағылып бір жылда ұстап әкеткен. Төртеуі де жандары жайсаң, қайырымды, іскер, нағыз ел үшін туған асыл азаматтар екен. Партия қайда жұмсаса да бас тартпай жұмыс бабында жүрген. Отбасын құрып, еліне енді ғана танылып, қызмет ете бастағанда шаш ал десе, бас алатын сұрқай заман жендеттерінің құрбандары болып кете берген. Нағыз нарқасқа, жігіттің сұлтаны атанған, бет біткеннің сұлулары екен, сол аяулы да қиын тағдырлы жандар.
Мен жиған деректер сол 1937 жылдары Талды ауылдық кеңесінің председателі болған, Ұлы Отан соғысының ардагері, зейнеткер сексен бес жаста болған Айтақынов Әшімбай ақсақалдан. Ұлы Отан соғысының ардагері Керімбаев Мырзахмет ақсақалдан (ол кезде 14-15 жастағы бала екен). «Халық жауы» болып ұсталып кеткен аталарымыздың жұбайларының әңгіме-естеліктерінен жазып алынды.
Нүсіпов Әубәкір – 1893 жылы бұрынғы Жаркент ауданы, Талды деген шағын ауылда, орта шаруасы бар Өмірзақ әулетінде дүниеге келген.
Өмірзақтан – Қашқынбай, Айтақын, Әубәкір, Ахметжан деген 4 ұл болған. Өмірзақ – Меккеге қажылыққа барып келген адам. 1927-1928 жылдары партияда тазалау болып, дінді мемлекеттен аластатқан кез еді. Сондықтан да Әубәкір өз әкесі қажы болғандықтан оның інісі Нүсіптің атына жазылады. Әубәкір еті тірі, пысық, сауатты адам екен. 1927-1928 жылдары «Қосшы одағы» председателі болады. Осы жылдары ол Сәттіжолда (қазіргі Бөрібай би), Шежінде,Үлкенағашта, шет Жамбылда (2 – фермада), Бұрханда мектеп салдыртады. Бұрхан ауылындағы бастауыш мектептің директоры болады. 1930 жылы Жаркент шекара отрядында қызмет етіп, 1931 жылы Талды колхозының, 1932-1933 жылдары Сарытөбеде колхоз басқармасының төрағасы, 1934-1935 жылдары шет Жамбылдағы №3 фермада басшы, 1936 жылы О.Исаев атындағы колхозда (Бұрхан селосындағы) төраға болған. Сол жерде жұмыс істеп жүргенде 1937 жылдың 1 мамырында жазықсыз ұсталған. Сондағы жазалау үшін тағылған айып: шекара бұздың, бір қыста колхоздың 180 бас қойын өлтірдің, соған жауаптысың деген. Сол жылдары аудандық шекара отрядының бастығы Арысбаев «халық жауы» болып ұсталып кеткен еді, сонымен бірге жолдас болып жұмыс істедің деген айып тағы тағылады. Тергеуге алынып, жаза кесіліп Қиыр Шығысқа, Сібірге, Тойчик станциясына айдалып кеткен. Артында өмірлік жары Рахима апай 4 жасар ұлы Қайролда мен 1 жастағы Күлғайша есімді қызымен ауылда еңіреп-жылап қала береді. Сөз арасында жұбайы кұйеуінің Тойчик станциясына барғанын, сол жерден жазған хатын алғаннан кейін білдік дейді. Содан соң мүлдем хабар-ошарсыз кеткен. Артынан іздейтін, жоқтайтын адам болмаған соң ақталмаған. Аяулы азаматтың халқы үшін, елі үшін сіңірген еңбегі зор. Әубәкір ата мен Рахима апамыздың соңында Қайролда, Күлғайша, Тоқтасын, Қалиақын, Зора есімді балалары жалғасып немере, шөберелері жапырақ жайған бәйтеректей өсіп-өрбіп келеді.
Әубәкір атаның соңында қалған, 1933 жылы туылған ұлы Қайролданың 9 баласы болған Болат, Қуат, Сәуле, Жанат, Зәуре, Балғын, Самат, Қарлығаш, Сандуғаш, 4 шөбере, 2 жиеншары тараған.
Қызы Күлғайшадан (1936 жылы туылған) 5 жиені өрбіген осылардан 7 жиеншар тараған. Рахима апай асыл жарының соңында қалған балаларын аман-есен өсіріп, бүгінгі күнге жеткізіп өмірден өтті.
Күлжамал апаның естелік әңгімесінен білгеніміз (бұл күнде марқұм болған) Қасымбеков Нұрахмет 1901 жылы Жаркент ауданының, Талды колхозында шағын шаруалы Қасымбек деген кісінің әулетінде дүниеге келген. Жастайынан елгезек, өмірге құштар Нұрахмет сол шағын ауылда ер жетіп, елі мен жерінің сәулетті болашағы жолында қызмет етті. Ең алғаш ауыл мектебінен білім алып, өз бетінше іздене жүріп, оқу оқып, қызметке араласты. Сұңғақ бойлы, бет біткеннің сұлуы, нағыз нарқасқа, жігіттің сұлтаны Нұрахмет Совет өкіметі орнағаннан бастап қызметке араласып, Жаркент аудандық кеңестің председателі болады. Ол «Берекелі болыс» деп атаныпты. 1927-1929 жылы бұрынғы Октябрь ауданының милициясының бастығы болып істейді. Бұл кездерде ел Кеңес өкіметінен қысастық көріп, арғы бетке Қытайға қаша бастаған кез екен. Қоңырөлеңнен бері қарайғы жер түгел Октябрь ауданына қарап, сол ауданның милиция бастығы қызметінде жүріп, Жөкімбаевпен бірге ел ісіне араласады. 1930-1931 жылдары Қоңырөлең колхозынында политотделде (саяси бөлімде) председатель болып жұмыс істеген. 1933 жылы Үлкенағашта төраға, 1933-1934 жылдары Талды колхозында есепшілік қызмет атқарған. 1936 жылдан Талды колхозының председательі болып жұмыс істеп жүрген кезінде 1937 жылдың 14 қазан күні түнде келіп ұстап әкеткен. Ұзақ тергеуден кейін «халық жауы» деген желеумен соттап, Қиыр Шығысқа айдады. Үйіне жазған хатында «Сыртымыздан он жылға кесіпті, нендей айып тағылғанын өзімде білмеймін», – деген екен.
Қасымбеков Нұрахметке аталас туыстары Асылбек, Кенжебектер Қытай асып кетпек болғанда соған астында мініп жүрген аты мен ертоқымын берген, қашуға көмектесті деп көрсеткен. Бұл кезде Талды ауылдық кеңесінің председателі қызметін Айтақынов Әшімбай атқарып жүрген. 1941 жылы Нұрахметтен артында қалған жары Күлжамал апайға хат келеді. Нұрахмет атаның шаңырағын шайқалтпай ұстап қалған жары Күлжамал апа хат жазып, почтамен киім-кешек, тамақ салады. Бірақ оны алған, алмағанын білмейді. Содан кейін хат-хабар үзілді деп тебірене отырып әңгімесін аяқтаған еді артында қалған жары Күлжамал апа.
Нұрахмет қарияның артында көзі тірісінде 2 ұлы, 1 қызы қалады. Алғашқы жұбайы Нұржамалдан 1924 жылы дүниеге келген Ахметқали және 1926 жылы дүниеге келген қызы Сақан есімді бір ұл, бір қыз көреді. Ол алғашқы әйелі қайтыс болған соң, сотталғаннан кейін соңында қалған жұбайы Күлжамал апайға үйленеді. Ол кісіден Кеңес, Батырбек атты ұлдары, дүниеге келеді. Төрт баланы бауырына басып, ана да, әке де өзі болып Күлжамал апай қала береді. Жан-жарынан қалған балаларын өсіріп, тәрбиелеп, қиыншылығы бастан асатын, намысқа тиетін небір сөздерді ести жүріп соларды жеткізем деп жүргенде 1951 жылдары Кеңес есімді ұлы ауырып дүниеден қайтады. Қалған 3 баламен Күлжамал апа Нұрахмет атаның шаңырағында қалады. 1943 жылы ұлы Ахметқали соғысқа алынады. Ұлы Отан соғысына қатысып, қанды шайқаспен от пен өрттен аман-есен оралған баласына «халық жауының» баласы деген атақ кедергі болады. Ахметқали сол әкесі айдалған жылдары Талды ауылдық Кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған Айтақынов Әшімбай ақсақалды аудандық партия органдарына куә ретінде апарып әкесінің істерін қайта қаратады, сонда тағылған айыптарды қайта қаратып алғызады. Әкесін ақтап шығады. Сөйтіп партия қатарына өтеді. Асыл жарынан тірідей айырылған Күлжамал апай үлкен баласы Ахметқалиды, қызы Сақанды тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, солардың балаларын, немере, шөберелерін тәрбиелеп өсіріп бұл өмірдің небір қиын-қыстау кезеңдерін, соғысты да, «халық жауының» әйелі деген сөздерді де ести жүріп, күн-түн демей колхоз өміріне араласа жүріп, бәрін бастан кеше отырып сүйегі асыл апамыз жақын жылдары дүниеден өтті.
Нұрахмет ата мен Күлжамал ападан тараған ұрпағы бүгінде бұтағын жайған мәуелі бәйтеректей. Ұлдары Ахметқали мен Батырбектен 16 немере, 30 шақты шөбере сүйді. Иә, ер есімі – мәңгі ұмытылмайды. Жақсының аты өлмейді деген осы!
Изембай деген кісінің әулетінде Қожахан 1902 жылы, 1906 жылы Батырхан есімді ұлдары дүниеге келеді. Егіз қозыдай тел өскен Қожахан мен Батырхан да есейе келе талаптанып, хат танып, оқу оқып, ел басқару ісіне араласады. Қожахан 1930 жылы «Қосшы одағында» шаруашылық меңгерушісі болып істейді. Сосын Қызылеспе ауылдық кеңесінде председатель болады. Бұдан кейін колхозда әр түрлі жұмыстар атқарады. 1937 жылы Бұрханда апиын егістігінің бригадасынының бригадирі болып жұмыс істеп жүргенде шілде айында апиын кесіп жатқанда ұстап кетеді. Қожаханға тағылған айып «колхоздың жылқысын Қытайға айдап кеткелі жатыр» деген жалған жала болады. Қытайға барғандары да кінә болып тағылады. Қожахан әйелі Бижамал екеуінен Тұрсын (1926 ж) және Бәтима (1930 ж) есімді бір ұл, бір қыз дүниеге келеді. 1930-1931 жылдары, Қытайға ел қашып жатқанда әкесі Изембай, шешесі Мінәсіп немересі Тұрсынды алып шекарадан өтіп кетеді. Елде қалған ағайынды Қожахан мен Батырхан колхоз өміріне араласып жұмыс істеп жүргенде, аяқ астынан қара күйе жағылып ұсталады.
Ал, Изембаев Батырхан 1930 жылы Сәттіжолда Қарамола ауылындағы Кеңес председательі қызметін атқарған еді. 1929-1937 ж. дейін Бұрханда егіс бригадасының бригадирі болып жұмыс істейді. Комотрядқа мүше болғанға дейін ағайынды екі жігіт Байсымақов Мұқай батырмен Қытай асады. Ол жерде өмірлеріне (1926 ж) тыныштық болмай, қауіп төнген соң елге оралады. 1927-28 жылдары комотрядта жұмыс істейді, елге келген соң қызметке араласады. Батырхан жұбайы Нұрғайшадан Ораз есімді баласы болады. Батырханды 1937 жылы қараша айында күзгі егіс жинап жатқан кезде ұстап кетеді. Сол кезде Батырханды күзеткен ауыл тұрғыны Оразымбек қарияның айтуынша Батырхан қырмандағы үйіліп жатқан бидайды қолымен ұстап «Қайран еңбегім-ай, не кінәм бар еді?» деп жылағанын әлі күнге дейін көз алдыма келеді деп балаларына айтып отырады екен. Ұсталған күннің ертеңіне дейін Сарыбелден 2-3 «халық жауы» аталған азаматтарды әкелгенше Батырхан Оразымбек атаның үйінде түнімен қамауда отырады. Қашып кетер деген күдікпен ұйықтамаған Оразымбекке Батырхан «Неге сонша мазасызданасың, мен бекерден сені шырылдатып қашып кеткенімше өлгенім жақсы» депті. Ертеңіне «халық жауы» деп ұсталған 3-4 адамды арбаға салып ауданға тергеуге апарып, тергеп, ағайынды жігіттер артында іздейтін ересек туыстары болмаған соң сол айдалғаннан мол кетеді. Тағылған айып «халық жауы» атанған Қожаханның інісі болғандығы үшін бекерден бекер еш кінәсіз кеткен.
Қожаханның жары Бижамал 1 қызбен Батырханның жары Нұрғайша 1 ұлмен ел ішінде колхоз өміріне араласып, еңбектеніп күндерін өткізеді. Тек 60-жылдар шамасында Батырханнан қалған Ораз есімді ұлы партия қатарына өтпек болған кезде, әкелерінің «халық жауы» болғандығы коммунисттік партия қатарына өтуіне кедергі болады. Сол тұста баласы мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне хат жазып сұрастырғанда әкелерінің екеуі де шахтада жұмыс істеп жүріп жүрек талмасы ауруынан қайтыс болғандығын куәландырған анықтама келеді. Сот орындары олардың қайтыс болғаннан кейін мемлекетке істеген еш зиянкестігі, қиянаты жоқ деп тапқан. Бүгінде Қожаханның артында ұлы — Тұрсын, қызы Бәтима қалды. Тұрсынның сегіз баласы, он бір шөбересі, Бәтиманың жеті баласынан он сегіз жиеншарлары тараған. Ал інісі Батырханнан жалғыз ұл Ораз қалады, одан жеті немере, алты шөбере тараған. Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан демекші 50 жылдан астам уақыттан кейін нақақтан кеткен асыл азаматтар ел ішіне есімі қайта оралды. Топырақтары торқа болсын аяулы жандардың.
Дина НҮРПЕЙІСОВА,
Талды ауылы.