Жетісу облысының мәдени өмірінде айтулы, тарихи жаңалық орын алды: Бикен Римова атындағы драма театрына академиялық мәртебе берілді!
Бұл ұсынысты Мемлекет басшысы осы жылдың 21 мамырында Мәдениет саласы қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиында айтқан болатын. Премьер-Министрдің 2 желтоқсандағы қаулысы негізінде берілген бұл мәртебе – Талдықорған театрының жарты ғасырлық шығармашылық жолының заңды жемісі, театр өнері мен мәдениетті дамытудағы зор еңбегінің айқын дәлелі.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл қуанышты жаңалықты өңір жұртшылығы, әсіресе театр қызметкерлері ерекше қуанышпен қабылдады.
«Талдықорған театрының құрылғанына биыл 50 жыл толды. Жарты ғасырлық белесте театр өз репертуарын байытып, қаншама жас таланттарды тәрбиелеп шығарды. Әрбір премьера, гастроль, көрерменнің қошеметі — біздің ортақ тарихымыздың алтын парақтары. Бүгін, міне, театрымыз академиялық мәртебе алып отыр. Бұл тек атақ қана емес, біздің өнерді өркендетуге қосқан үлесіміздің және ұлт руханиятын дамытудағы еңбегіміздің лайықты бағалануы деп білеміз. Біз үшін осы мәртебеге жету – әрі үлкен қуаныш, әрі зор жауапкершілік,» – деді Б. Римова атындағы драма театрының көркемдік жетекшісі Сағындық Жұмаділ.
Талдықорған театрының негізі 1975 жылы қаланған. Биыл 50 жылдығын тойлаған өнер ұжымы шымылдығын алғаш рет Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасымен ашқан болатын.
Бүгінде театрда Алмахан Кенжебекова, Әлихан Ыдырышева, Лидия Каденова, Дулыға Ақмолда секілді Қазақстанның халық артистері еңбек етеді. Ұжымда барлығы 145 адам жұмыс істейді, оның 61-і – жастар, ал 72 қызметші – шығармашылық адамы. Бұл – театрдың болашағы жарқын, әлеуеті жоғары екенін көрсетеді.
Театрдың деңгейінің жоғары екенін облыс құрылғаннан бері тұрақты өткізіліп келетін «BIKEN FEST» халықаралық фестивалі де дәлелдейді. Мәселен, биыл фестивальға Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Әзербайжан, Грузия және басқа да елдерден 9 театр қатысып, халықаралық деңгейдегі өнер алаңына айналған.
Жаңа академиялық мәртебе Бикен Римова атындағы драма театрына жаңа шығармашылық ізденістерге, жоғары деңгейдегі қойылымдарға және ұлттық руханиятты әлемдік сахнаға танытуға тың серпін беретіні сөзсіз.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің материалдары негізінде.
Фотографтар: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев.










