Бүгінде Жетісу облысының орталығы жан-жақты дамып, жыл санап қала аумағы кеңейе түсуде. Нақтырақ айтқанда, кейінгі жылдары шаһарда бірнеше жаңа шағын аудандар бой көтеріп, халықты баспанамен қамту бағытында салынып жатқан тұрғын үй құрылысы қарқын алған.
Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілдің айтуынша, бұған дейін қаланың оңтүстік-батысында 11, 12, 13-ші шағын аудандар жаңадан салынып, аумақтары абаттандырылса, биыл батыс бөлігінде «Жастар-3» жаңа шағын ауданы бой көтерген. Қазір аталған аумаққа табиғи газ желісімен қатар ауызсу, кәріз жүйесі, түнгі жарықтандыру сияқты жұмыстар толық жүргізілген. Сондай-ақ биыл ондағы көшелер толық жарықтандырылып, 3,5 шақырым жол асфальтталса, қалған 8,5 шақырымдық көше жолдарын жөндеу жұмыстары 2026 жылы жалғаспақ.
– Жалпы «Жастар-3» тұрғын үй алабында 790 коттедж салу жоспарланған. Бүгінгі таңда ондағы 307 үйдің құрылысы толық аяқталып, өткен жылы 56 баспана тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған, осал топтар санатындағы азаматтарға берілді. Енді тағы 74 үйдің құжаттары «Бірыңғай тұрғын үй орталығына» жолданып, бөлу жұмысы басталды. Ал қалған 177 үй де кезең-кезеңімен орталыққа жіберілетін болады, – деді шаһар басшысы.
Ернат Дүсенбекұлының сөзінше, «Жастар-3» аумағы кезең-кезеңімен абаттандырылып, заман талабына сай қалада көптеген әлеуметтік нысандар салу жоспарланған. Мәселен, келер жылы қаладағы «Батыс» пен «Құлагер» ықшам аудандарында 1200 орындық мектеп салу жоспарланып, Қаратал өзенінің оң жағалауын дамыту бағытында жаңа тұрғын үйлер, медициналық мекеме және әлеуметтік нысандар салу жұмыстары қолға алынбақ.
Айдын КӘЛІМХАН










