Көктем шыға жер ана түлеп, айнала жарқырап шыға келгенмен қыстан қалған қоқыстар мен тазармаған арықтар тұрғындарға түрлі кедергілер келтірер анық. Сондықтан да қоғамның әрбір саналы азаматы өзі тұратын аумақ пен аймақтың тазалығына аса мән береді. Үйінің ауласы мен көшенің тазалығына, парктер мен қоғамдық орындардың мұнтаздай болып тұруына мүдделі. Бұл ретте «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Панфилов ауданында қызу қолдау тапты.
11 сәуірдегі экологиялық акцияға Панфилов ауданы бойынша 930 адам ерікті түрде қатысып, өңір тазалығына жанашырлықтарын танытты. Бұл жұмысқа 5 техника жұмылдырып, 4 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Жеке секторлар мен көпқабатты үйлердің, көшелердің, тротуарлар мен арықтардың күл-қоқысы, жол бойы тұрмыстық жәнне қатты қалдықтардан, жапырақтардан тазартылды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мақсаты — қоғамның тазалықты сақтауға деген көзқарасын өзгерту, табиғатты аялау, тұрғындарға қоршаған ортаны қорғау және оны ластамау мәдениетін қалыптастыру.