Тіл – халықтың алтын діңгегі. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Қазақ тілі түркі тілдердің ішіндегі ең таза әрі бай тілге жатады. Қазақ тілі – қазақ халқының ана тілі, шұрайлы, тегеуріні мықты, көркем, сұлу, Абай әрлеген мәңгілік тіл.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі дамыған елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ, мықты маман тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз, өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайсың.
Қазақ тілін қазіргі таңда бұрмалайтындар өте көп. Яғни «шала қазақтар». Қазақ тілінің бірінші жауы – шала қазақтар. Қазақ елін, жерін, тілін сақтап қалу үшін, қазақ туының мәңгілік көкте желбіреп тұруы үшін қаншама батырларымыз қан майданда шайқасып, қанын төкті. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, кейбір ұл-қыздарымыздың ана тілімізді білмеуі, не шала білуі мені қатты қынжылтады. Бұған ата-ана кінәлі. Батыр, даңқты тұлғамыз Бауыржан Момышұлы «шыр етіп, сәби дүниеге келгенде анасы баласына қазақ тілінде бесік жырын айтып, әлдилеп, отбасындағы адамдар бір-бірімен қазақ тілінде сөйлессе, бәлкім қазақ тіліне жанашыр тағы бір патриот дүниеге келеді деп ойлаймын» деген еді. Егер тәрбие қазақ тілінде берілсе, баланың өмір сүретін ортасы қазақ тілінде болса, онда тілге деген жанашырлық, құрмет бәрі-бәрі күннің жарық сәулесіндей болар еді.
Тілдің шұбарлануы – ұлтқа төнген қауіп. Расында да, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау. Қазақша сөйлеуге ұялатындарды көргенде белгілі орыс жазушысы К.Г.Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған – жәндік» деген нақыл сөзі еріксіз есіме түседі.
Әрбір қазақстандыққа қазақ тілін жетік білу парыз. Сол парызды орындау – біздің міндетіміз.
Ақын Абай әрлеген тіл, Жамбыл жырлаған тіл – қазақ тілі. Ана тіліміз мәңгілік елдің мәңгілік тілі болып қала бермек.
Асемай БАЯН,
ҚазХҚжӘТУ
1 курс студенті.