Елін, туған жерін жан-жүрегімен жақсы көретін әрбір азаматтың Отанымыздың басты белгісі мемлекетік тіліміздің тағдыр-талайын таным таразысына тартқанда жұдырықтай жүрегі шамадан тыс жиілеп соғатыны анық. Көңілді жылытатын да, ызғар ұялатын да жайттар жетерлік.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мәселесі тәуелсіздік алған жылдардан бері күн тәртібінен түскен емес. Егемендіктің алғашқы жылдары ерекше қарқын алып, қуатты дамыған да еді. Кейін нарықтық қатынас, тұрмыстық тауқымет бұл мәселені басқа арнаға бұрып жіберген сияқты. Билік басындағылардың жалпылама алғанда орыс тілді болуы, мемлекеттік ішкі ресми құжат айналымында, орыс тілінде жазылған құжаттар басшылыққа алынып, қазақ тіліндегі нұсқасы есеп үшін ғана тіркеліп келгендігі ана тілімізге деген ыстық ниетті салқындатып жібергендей.
Үстіміздегі жылы орын алған қаралы қаңтар оқиғасы мемлекеттік тілге деген көзқарасты жаңа сатыға көтерді. Қазақ тілінде айтылып жатқан талап-тілектерге мемлекеттік орган өкілдері қазақша жауап беруге мәжбүр болды. Дәл сол шақта мемлекеттік қызметте еңбек ететін қазақ тілді тұлғалардың рөлі, беделі асқақтап шыға келді. Жұртқа басу айту, ашынған халықты сабасына түсіру үлкен қасиетті талап етеді. Осы қысталаң шақта елге басу айтамын деп ұрда-жық мінездерін көрсетіп алған басшылардың да болғаны анық. Тілдік танымы тұйыққа тірелгенін сезген атқарушы билік те халық ыңғайына жығылып, көптеген әлеуметтік мәселелердің қордалануына тілдік қайшылықтар себеп болғанын анық түйсінгендей болды.
Бұған жалпы қазақстан халқы санының артып отырғаны да белсенді ықпал етуде. 2021 жылғы халық санағы бойынша қазақстан халқының саны 19 миллионнан асып отыр. Оның ішінде қазақтардың ара салмағы 70 пайыздан асып жығылған. Бұл қоғамға айшықты бетбұрыс керек екендігін көрсетеді.
Алайда қоғамда әлі де екіұшты пікірлер жетерлік. Тұрмыстық ахуалға орай қалаға қоныс аударушылар саны күн санап өсу үстінде. Әсіресе, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының маңына халық көптеп шоғырлануда. Енді осы ауылдан келген қазақ тілді халық қала халқын өз ыңғайына икемдеп, қазақыландыру үрдісін жеделдететін қозғаушы күш болады деп үміт артқанымызбен, нақты жағдай кері сипат алып, көлеңке басын ұзартып, қоюланып бара жатқандай. Жылымықтан ызғар еседі.
Халық көп шоғырланған аймақта автобусқа мінсеңіз, асханаға барсаңыз, дүкеннен зат алсаңыз, қызмет көрсету саласы, бәрі-бәрі әлі сықасып, орысшаға арқа сүйеп тұр. Тіпті ірілі-ұсақты қалаларда тұрғын үй кешендері тұрғындарының уатсап топтарындағы мәлімдемелер орыс тілінде. Қазақ тілінде айтылса заңсыз боп қалатындай сезіледі. Тұрғындар да бір-бірімен орысша қал-жай сұрасып, шұрқырасып жатады. Сол чат топтарындағы отырғандардың дені қазақ екенін білгенде қай саусағыңды тістеріңді білмейсің.
Жақында өзімізде осындай сорақы оқиғалардың куәсі болғанбыз. Жақын араласатын танысымыз Елордада балаларын мектепке орналастыра алмай дал болып жүр екен. Балаларын оқытпаққа ниет еткен білім ордасында қазақ сыныбында орын барын біліп тұрса да, орыс сыныбына беруге жанталасып, өрекпіп жүр. Алайда орыс сыныптарында орын бос емес екен. Қаптаған кезек. Орыс сыныбын жапатармағай толтырып жүрген өзге ұлт өкілдері емес, өзіміздің қандастарымыз. «Неге қазақ тілінде оқытпайсыздар?» дегенге айтар уәждері: «қазақша үй тапсырмаларын орындауға көмектесу, түсіндіру бізге өте қиын, орысша болса, баламызға тез жәрдем береміз».
Шындығында қазір біз балаларды емес, осы ата-аналарды тәрбиелеуіміз керек. Өздері қиналмас үшін, балаларын орыс сыныбына бермек. Ұлттық мұрат деген ұғым, мемлекетіміздің болашағы қазақ тілінде деген таным адасып қалғандай. «Бала алдымен өз тілінде оқып және жаза білуі тиіс», – деп шыр-пыр боп жүрген Оқу-ағарту министрі А.Аймағанбетовке не уәж айтамыз. Мемлекеттік мүдде, отаншыл идеясы үшін жанын қиған кешегі алаш арыстарының аруағынан қараптан қарап тұрып ұяласыз. Бұған бір деп саусақ бүгін қойсаңыз, «қазақ тіліндегі кітаптардың тапсырмалары өте ауыр, сөйлемдері түсініксіз» деген сынық сылтауға келгенде сіз де кібіртіктеп қаласыз. Бұл тұрғыда олармен келісуге болады. Орыс тіліндегі оқулықтарға баса мән беріп, қазақ тіліне сол оқулықтарды сауатсыз аударма жасата салған тиісті орындардың көп жылдарға созылған салғырттығының кесірі енді өз салқынын тигізіп, рухани тұмауды өршітіп тұрған сияқты.
Осы тұста оқулық мәселесіне Оқу-ағарту министрлігі тарапынан жаңаша көзқарастардың орнығып жатқаны қуантарлық жайт екенін айта кету ләзім. Сол баяғы кеңестік кезеңнен бері санамыздан ойып орын алған «орыс метептеріндегі білім сапасы өте жоғары» деген қасаң қағидамен өмір сүріп жүргенімізді қалай жасарамыз. Бәтуасыз бітімнің білігіне балта шабатын уақыт әлдеқашан жеткенмен, торын құрған торлама пиғылдардың шырмауы әлі шатасып тұр. Балаларымызды орысша еркелетініміз, орысша ертегі айтатынымыз тағы бар. «…Жапон ғалымы диагнозды дұрыс қойып отыр. Біз өз қағынан жерінген халықпыз. Әйтпесе, санасы сау адам өз тілі ТІРІ тұрып, баласын өзге тілде қарата ма? Бұл өз тіліңді өлтіру ғой. Қорлап өлтіру», –дейді белгілі журналист Mариям Абсаттар (Фейсбуктегі парақшасынан).
Келісесіз бе? Орыс мектептері дегенде есімізге бірден қала түседі ғой. «Ауыл мен қала деп күнде айта береміз. Бірақ, мәселе ауыл мен қалада емес. Әрине, ауыл мен қаланың білім сапасында алшақтық бар. Оны ешкім жоқ демейді. Алайда, біз үшін проблемалық мәселе осы ғана емес. Мұнан да зор проблемалар болады. Ол – әртүрлі өңірлерді бір-бірімен салыстырғандағы білім сапасының алшақтығы. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл мектептерінің орташа балы Түркістан облысындағы қалалық мектептердің орташа балынан жоғары, Қызылорда облысындағы қалалық мектептердің орташа балынан артық. Сондықтан, бұл мәселені кеңінен қарау керек», – деді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов биылғы тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде.
Демек мәселе тілде емес. Білікті кадрда болып отыр. Оның үстіне қазіргі кезде орыс тілінде дәріс беретін пән мұғалімдері жетіспеушілігі айқын байқалуда. Сөзімізге тұздық ретінде «Маңғыстау облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірдегі 5 орыстілді және 16 аралас мектепте 91 мұғалім тапшы. Одан бөлек, қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілі мен әдебиеті пәніне 79 мұғалім қажет. Басқарманың хабарлауынша, бұл тапшылық оқу процесіне кедергі тудырмас үшін басқа мұғалімдерге қосымша жүктеме беріліп жатыр. Алайда әр мұғалімге 1,5 жүктемеден аспайды. Қиындықтың туындау себебіне келсек, өңірде орыс сыныбында оқығысы келетін оқушы аз. Оның үстіне, бірнеше жылдан бері жергілікті жоғарғы оқу орнында орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімін даярлайтын топ жоқ» делінген ресми жауапта. Өткен оқу жылында жалпы білім беру ұйымдарына 903 жас маман жұмысқа қабылданған. Дегенмен оның 16-сы ғана орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі», – деген Халық үні сайтында көрсетілген мәліметті алға тартсақ та жетер. Мұндай мәселе барлық өңірлерге ортақ.
Бос орындарды өзге мамандық иелері толтыратыны белгілі. Негізгі мамандығы педагог емес кадрлар қанша білімді болғанмен, оқушыға нақты білім беруде әдіс-тәсілдері жетпей жататыны жасырын емес. Мұның барлығы білім сапасына тікелей әсер ететін факторлар. Сапаға қарай ұмтылатын қоғамда қазақ тілінде білім беру жүйесіне желе-жортып көшетін уақыт та алыс емес деген де үкілі үмітіміз бар.
Елордамызда қазақ мектебінен орыс сыныбын ашуды сұраған ата-аналар әкімдік пен қоғамды дүрліктіргені кеше ғана емес пе? «Өз уәждері іске аспаса Ресей президенті Путинге хат жазып, араша сұраймыз» деп айды аспанға шығарғаны тағы бар. Шындап келген орыс мектебін ашуды сұрап отырған қазақ ата-аналар екенін білгенде қоғам бір тіксініп қалды. Ал олардың жас шамасы 30-40 жас мөлшерінде екенін ескерсек, тәуелсіздік алғалы берген жүргізілген жұмсақ саясаттың көрінісі болмақ. Отаншыл ұрпақ тәрбиелейміз деп ұрандатып жүргендегі жеткен жетістігіміздің сыйқы осындай екенін көргенде, өз-өзіңнен тіксінесің. Оқыған, өздерін мәдениетті санайтын, тәуелсіздік дәмін татып өсті деген ұрпағымыздың алғашқы қарлығаштары қанаттарын күйдіріп алғандай.
«Тілі, ділі, салт санасы ортақ елдер әлем көшінің алдында. Оларды алға жетелеген экономикасы емес, дәл сол ұлттық құндылықтар. Оны біздің ұрпақ түсінбес… Ұрпақ деген бала-шаға емес. Тәуелсіздік тәрбиелеген жаңа Қазақстанның жаңа шенеуніктері», – дейді белгілі журналист Ертай Нүсіпжанов Фейсбуктегі парақшасында.
Шенеунік дегеннен шығады, тілге құрмет мемлекет тарапынан нақты тапсырмалар арқылы жүзеге асу керек. Түрлі өнімдердің атауы мен сыртқы жарнамаларға қазақ тіліне басымдық беру қажет.
Алдағы уақытта барлық бизнес құрылымдары, сауда ойын-сауық орындарындағы сыртқы жарнамалар Заң бойынша тек қазақ тілінде жазылуы тиіс, сондай-ақ барша қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірлерін мемлекеттік тілде жазуға міндетті болмақ деген қуанышты хабар ақпарат құралдарында айтылуда. Мұндай талап орындалмаса телефоныңыздағы электронды үкімет қосымшасы арқылы немесе ресми органдарға арнайы барып шағымдануға болады. Демек қатып қалған үлкен мұздықтың беті жылыды, бұл мәселе енді өз-өзінен қоғамдық сипат алып, тіл мәселесі күн тәртібінен түсетін күн де алыс емес. Дәл осындай бақылау әлеуметтік желілерге, оның ішінде Ютуб каналындағы шығып жатқан түрлі киносымақтар мен бейпіл бағдарламаларға тізгінтартар жасаса, қазақ тілінің көркемдік ерекшелігі сақталып, келешегі кемелдене түсер еді.
Бұл осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп отырған, осындай бақылауды енгізуге талаптанған Тіл комитеттері мен мемлекеттік тілді дамыту басқармаларының да ұзақ жылғы жемістерінің бір көрінісі болмақ. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі тарапынан мемлекеттік тілде білім беретін мектептер санын арттыру, оқыту тіліне қарамастан барлық мектептерде қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрімен таныстыруға, оқытуға баса назар аударып жатқандығы игі істердің ұлт мұратына қарай бет бұрып жатқандығының айқын айғағы деп білгеніміз жөн болар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру» идеясын жүзеге асыру жолында жылт еткен осындай игі істерді қоғам болып қолдап жіберсек, соқпақ – сүрлеуге, сүрлеу – даңғыл жолға айналып кете бермек.
Ерғазы МАНАПҰЛЫ