Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары халық игілігіне бағытталған. Биылғы жолдаулар, саяси саладағы өзгерістер, Үкіметке жүктелген тапсырмалар – бәрі де халық үніне құлақ асатын, елге қызмет көрсетуші мемлекет орнықтыру міндетінен туындап отыр. Қаңтар қасіреті кезіндегі тәртіпсіздіктер де елге түбегейлі реформа қажет екенін аңғартты. Содан да болар, биыл Қазақстанның саяси аренасында «үлкен сілкініс» болды десек, артық айтқандық емес. Мұның бәрі халықтың мемлекетке деген сенімін арттыру мақсатында жасалып жатқан қадам екені сөзсіз.
Жалпы елдегі саяси, экономикалық реформалардың барлығы мемлекеттің дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын күшейтуге, адами капиталды арттыруға, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің қалыптасуына, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, түптеп келгенде қазақстандықтардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатыр десек қателеспейміз.
Былтыр ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен Ата заңға бірқатар өзгерту енгізілді. Жай енгізіліп қана қоймай, конституцияға енгізілетін өзгерістер халықтың талқысына ұсынылып, кейіннен референдум арқылы қабылданды. Бұл – Қазақстанның саяси аренасындағы айтулы оқиғалардың бірі болды. Елімізде референдум соңғы рет 1995 жылы өтіп, сол кезде қолданыстағы Конституция бекітілген еді. Қазақстан азаматтарының билік басында отырған шенуліктерге деген көзқарасын өзгертетін құжаттың пайда болғанын аңғардық.
Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Мемлекет басшысы 16 наурыздағы Жолдауында бұған дейін елімізде суперпрезиденттік басқару формасы қалыптасқанын атап өтіп, бұдан былай Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгертіп, Парламенттің рөлін күшейту қажеттігін айтқан еді. Осылайша, еліміз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алды. Сонымен қатар президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынған болатын. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бүгінде Мемлекет басшысы ешқандай партияға мүше емес. Мұндай норманың енгізілуі саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасады.
Әкімшілік-аумақтық өзгерістер болды. Мемлекет басшысының басты реформаларының бірі ретінде үш жаңа облыстың құрылуы болды. Жалпы ел экономикасының қарқынды дамуы үшін барлық аймақ бірдей дамуы тиіс. Сондықтан да Мемлекет басшысы өз Жолдауында үш жаңа облыс құруы– көптің көкейінде жүрген мәселелердің бірі болған. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында үш жаңа облыс қазіргі кезде жеке жұмыстарын жүргізуде.
Президент әділдік идеясы Қазақстанның мемлекеттік саясатының өзегі болуға тиіс екенін атап өтті. «Әлеуметтік әділдіктің негізі – уақыт талабына сай келетін заңдар, сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күрес, азаматтардың еңбекқорлығы және жастардың озық білімге ұмтылысы. Мемлекетіміздің басты бір проблемасы – сыбайлас жемқорлықтың жібін үзу. Бұл проблеманы тіпті адамзаттың проблемасы деп айтуға болады. Қаншама адамдар осы жемқорлықтың салдарынан алға қойған мақсаттарына әлі күнге дейін жете алмай жатқандығын өзіміз де білеміз. Алайда оның түп тамырын үзу қиынға соғатыны сөзсіз. Болашақ жастарымызды осы жолдың шырмауына кетуіне жол бермеу.
Президенттің пікірінше, Конституциялық реформа еліміздің мемлекеттік құрылымының тұғырын нығайтады. Сондай-ақ азаматтық қоғамның дамуына жол ашады, жалпыұлттық диалогты орнықтырады. Түптеп келгенде, бұл қадамдар халықтың әл-ауқатын арттыруға және еліміздің болашағын баянды етуге ықпал етпек. Бұл бастамалар көп ұзамай еліміздің саяси жүйесін ғана емес, әр саласына, әсіресе халықтың әлеуметтік жағдайына, тұрмыс салтына, азаматтық қоғамның қалыптасуына оң әсер етері сөзсіз.
Мақсат ЫБРАЙМОЛДАЕВ,
Жастар ресурстық
орталығының жетекшісі.