Бұратола облысы, Арасан ауданының оңтүстігіндегі алып Ерен тауының бір сілемі ұлан үйсін тауының теріскей етегіндегі шағын тас үңгірде қаншама ғасырларды басынан өткергені белгісіз, маңайындағы елге жұмбақ болып бір адамның мүрдесі жатыр. Бір ғасырдан астам уақыттан бері ел-жұрт бұл араны «Шейіт сай» деп атасып кетіпті. Бұл тылсым көріністі көзімен көргендер тосын ойға қалып, бұл кімнің мүрдесі, бұл араға қалай келіп қалды, қандай уақиғамен байланысады деп таңдануы әбден мүмкін.
Бірсыпыра жылдардан бері белгісіз мүрде туралы әркім әртүрлі әңгіме айтып келеді. Оның бәрін ауызекі әңгіме десек те ақын апамыз Шәкура Ахметжанқызының «Берікбол мен Айгүл» атты дастанының көрсетуі бойынша тас үңгірдегі шейітті Берікболдың мүрдесі деп тұрақтандыруға болар еді. Алайда сан алуан алып қашпа жорамалдардың көлденең болуына байланысты апамыз жырлаған тарихи дастанның аңызы шындығына көз жеткізердей дәлел факт табылмай келеді. 2001 жылы автономиялық районды партия мектебінде үйренудегі кезім еді. Түстен бұрынғы үйренуді аяқтатып, түстен кейін дағдымыз бойынша мектеп кітапханасына бардым. Көзім бірден жаңа келген Шинжяң суретті журналдың бірінші санына түсті. Ақтарып отырып «Көрікті қала Арасан» атты суретті хабарды оқып қуандым. Туған жерім туралы суретті берілім екен. Бірақ соңғы бір суретті көріп таңырқап қалдым. Яңшың Сай атты фототілші өзінің «Көрікті қала Арасан» атты хабарында Арасан ауданы, Ортақсары өзенінің оңтүстігіндегі Тілеубек деген малшының жаз жайлуының шығысындағы «Шейіт сайдың» үңгірінде жатқан мүрденің арғы астарына бойламай, тексеріп зерттемей, құр қиялмен оған Мұңғұл пұтханасы деп түсінік беріп, фото суретке түсіріпті. Бұл – сорақылық жұрт көңіліне жақпағаны былай тұрсын, тарих, археология жағында ізденіп жүрген зиялы қауымды зор өкінішке қалдырды. Сондықтан «Шейіт сайдағы» шейіттің кім екендігі, қандай тағдыр, қандай себеппен осы күйде қалғаны жайлы әңгіме өрбіту үшін Арасан ауданы, Бұратола қаласы, Қорғас ауданы қатарлы аудан-қаладағы үлкендерден бұл «Шейіт сайдағы» мүрдеге байланысты аңыз-әңгімемді жинақтап жаза бердім. Сөйтіп бірнеше жыл іздену арқылы «Шейіт сайдағы» деректер» атты зерттеу мақалам 2005 жылы жарыққа шыққан еді. Зерттеу мақаланы жазу барысында біз алдымен көнекөз қариялардың өз көзімен көрген шындық деректермен Суан тайпасы Ақша руының шежіреші ақсақалдарының аузынан айтқан шындыққа бейім тұжырымдарына негізделіп, жүйелі көзқарас білдіруіміз керек екен.
Ұлы жүз Үйсін бабамыз Бәйдібек би үш әйел алған. Үлкен әйелі Сарыдан сегіз ұл болған. Ортаншы әйелінен Ысты, Ошақты, Шапырашты туған. Тоқалы Домалақ анадан Жарықшақ жалғыз туылған екен. Осы Жарықшақтан Дулат, Албан, Суан елі тарайды. Суаннан Байтүгел, Тоқарыс. Байтүгелден – Құдайберді, Сатай, Елшібек, Молақ, Көтен. Тоқарыстан – Тұрлымбет, Мұрат. Тұрлымбеттен – Қошқар, Тұрсын, Үмбетай, Бөлек. Мұраттан – Қараменде, Қарабек, Шегірек, Әпсүгір, Орыс, Жәдігер. Орыстан – Хангелді, Мырзагелді. Хангелдіден – Ақша, Солтанғұл тарайды. Ақшадан – Есдәулет, Естемес, Бекболат, Байтілеу қатарлы төрт бала тарап, оларды «Төрт Ақша» деп атайды. Ақша руы Суанның белді руы есептеледі. Тарихта Ақша елі Қазақстанның Жаркент, Қоңырөлең деген жерлерін мекен етіп, кейін бір бөлімі еліміздің Қорғас өңіріне қоныс аударған екен. Тілімізге тиек болғалы отырған «Шейіт сайдағы» белгісіз мүрде осы Ақша елінің бір баласы Есдәулеттен тарайды. Яғни аты-жөні Солтанбек Мұратбекұлы. Ұлты – қазақ. Елі – үйсін Суан Ақша руынан екен. Олардың ата тегін жіңішкелеп таратсақ, Есдәулеттен – Қаражан, Ораз, Қалаулы, Елеулі, Абайлы, Мәңке, Мұратбек тарайды. Мұратбектен – Солтанбек, Қасымбек, Ахметбек, Дүйсенбек, Мұқажан, Нүсіпжан, Дүйсенбай қатарлы жеті ұлы мен Айжан атты жалғыз қызы болып, сегіз ағайынды екен.
Біз жазбақшы уақиғаның басталуы былай екен: 1866 жылы Торғыт (бәлкім Торғауыт – ред.) мұңғылдары Арасан ауданының Биемшек тауынан асып, қазіргі Қазақстанның Қоңырөлең деген жерінде отырған Суан Ақша елінің қалың жылқысын қуып алады. Көп өтпей Ақша елінің сол кездегі биі Әтейбектің басшылығында көлемді кеңес өткізіліп, Ақшаның Бекболат руынан Жидебай батыр, Әпсүгір руынан Шойнақ батыр, Байтүгел руынан Ұранбай, Насыбек қатарлы батырлар бастаған бір топ азаматты мұңғылдар қуып әкеткен жылқыны қайтарып әкелуге аттандырады. Ру билеушілерінің осы тапсырмасы бойынша жолға шыққан жүз неше азамат Бұратола өңіріне өтіп, өз жылқыларын бірден тауып алады. Алайда барымташылар олардың ырқына көнбей, сол арада неше күн аңдысып соғыс жасайды. Солтанбек Мұратбекұлы осы жолғы айқаста өзінің найзагерлік өнерімен көзге түсіп, барымта малды қайтарып алуда ерекше ерлік көрсетеді. Қайтқан малды алдарына салып айдаған олар Солтанбек бастаған бірнеше жігітті артқа қалдырып, қуғыншыдан сақтанға қояды. Іс жүзінде қайтқан малдың соңынан қуған мұңғыл қуғыншылары Солтанбектермен қиян-кескі ұрыс салып, Солтанбек осы реткі ұрыс үстінде жараланады. Оқ тиген денесінен көп мөлшерде қан ағып, жалғых өзі үңгір тасқа келіп жасырынып қалады. Тірліктен күдерін үзген ол әппақ жейдесіне қанымен хат жазып, астына мінген шабдар қасқа атының жалының астына жасырады да, ер тоқымын алып қоя береді. Өзі сол тас үңгірде жан үзіп, қалып қояды. Арада бірталай күн өтсе де Солтанбектің жершіл шабдар қасқа аты Арасан ауданының қазіргі Биемшек жайлауынан асып, ер тоқымсыз күйде қазіргі Қазақстан жері Қоңырөлеңдегі Солтанбектің ауылына келеді. Атты алдымен көрген Солтанбектің қарындасы Айжан бір сұмдықтың болғанын сезіп, ат жалын құша өксіп жылайды. Әрі ағасы жөнелткен хатты да тауып алады. Хат мазмұнынан Солтанбектің қайтыс болғанын, жатқан орны мен уақиғаның себебін біледі. Екі аралық тым шалғай болуына байланысты әрі қоңыр күз келіп биік тау бастарын қар басып қалғандықтан Ақша елінің атқамінер азаматтары Солтанбектің сүйегіне сол жылы бара алмай, келесі жылында бір топ адаммен Биемшек асуынан асып Ортақсары өңіріне келеді. Әрі ұрыста өліп, көмусіз қалғандарды жерлейді. Олар Биемшек тауының теріскейіндегі Қарағайты деген жерден тоғыз үлкен ошақ қазып, нәзір өткізеді. Хаттағы өсиет бойынша Солтанбектің мүрдесін қозғамай, сол тас үңгірге қалдырады. Тек мүрде жатқан үңгірдің сол жағындағы жуан тасжарғанға «Солтанбек Мұратбекұлы» деген жазуды ойып, таңбалайды. Сондағы нәзір берген жерошақтың орны мен үш үлкен зираттың тарпы қазір де бар. Кейіндеп ел-жұрт осы араны «Тоғыз ошақ» деп атайды.
Бұрынғы өткен Солтанбек ауылындағы қариялардың айтуынша ол қайтыс болғанда жиырма бір жаста екен. Ал енді бұл уақиға қай кезде болды дегенге келсек, сөзді көнекөз қарияларға беруге тура келеді. Кезінде Үш аймақ төңкерісінің батыры атанған разведкалы лейтенант командирі (өзгертпей алдық – ред.), бұл күндері жасы сексенге таяған пенсионер Омар Жұмаділұлы (немесе Жұмадиұлы – ред.) былай дейді: «1951 жылы Баркөлдегі әскери штабтан рұқсат алып, ауылға келген бір сапарымда жерлік бай Керім ажы бастаған бір топ адаммен бірге «Шейіт сайға» бардық. Үлкендердің әрекетіне ілесіп әруаққа арнап тілек қылдық. Біздің сәл алдымызда Іленің Қорғас ауданына келдік деп бір топ адам келген екен. Олар «біз Суан ішінде Ақша деген ел боламыз. Мына жатқан шейіттің аты Солтанбек. Біздің жақын аталас туысымыз болып келеді. Бір жолғы мұңғылдар әкеткен барымтаның артынан қуған ұрыста шейіт болған екен. Содан бері сексен бес жыл өтіпті. Біз де осы марқұмның басына тілек оқығалы келдік» деді. Қарасақ, расында шейіт жатқан үңгірдің бас жағындағы жуан тасжарғанға Солтанбек Мұратбекұлы деген жазу бәкімен ойылып жазылған».
Осы дерек бойынша есептесек Солтанбектің қайтыс болуына себеп болған уақиға 1866 жылы болған сияқты. Қорғас ауданында өмір сүрген Нақысбек деген ақсақалдың әкесі 1891 жылы Солтанбек уақиғасына байланысты әңгімені айтып отырып, сол жолғы мұңғылдар барымталаған жылқыны соңынан қуған топтың арасында өзінің де бірге болғанын, Солтанбек Мұратбекұлының жау қолынан шейіт болғанын ерекше бір әсермен баласы Нақысбекке айтып беріпті.
Кезінде Қорғас аудандық азық-түлік серіктігінде істеп, сол орыннан зейнетке шыққан, 1979 жылы 81 жасында дүниеден қайтқан Нұрбек Бейсенбайұлы және Мәмбетқұл Әбдірешит Ерасылұлы қатарлылар «Шейіт сайдағы» мүрденің Солтанбек Мұратбекұлының мүрдесі екендігін, уақиға 19-шы ғасырдың орта мөлшерінде болған екенін айтып ескертеді.
Ауыл шаруашылық бесінші дивизиясы 87-ші пән алаңында тұратын 92 жастағы Нұрахмет ақсақал былай дейді: «Біз 1932 жылы Қазақстанның Алакөл ауданы Жайпақ ауылынан көшіп келіп, Арасан ауданына орналастық. Келесі жылы – 1933 жылы жерлік бай мұңғылдың қойын бағып, Ортақсары тау баурайын қыстадық. Әр жолы қой жая барған кезімізде «Шейіт сайға» үнемі барушы едік. Мүрденің басы жағындағы үңгірдің түбіндегі үлкен тасжарғанға Солтанбек Мұратбекұлы деген сөздер ойылып жазылыпты».
Арасан ауданы Әңгілік ауылында тұратын 82 жастағы Мұқаш Тақабайұлы: «Мен 1952 жылы Қарабұқа деген жерде безгек болып, ұзақ уақытқа дейін сол аурудан айыға алмадым. Ақыры үлкендердің жол көрсетуі бойынша «Шейіт сайға» бір күн түнеп, ада-күде сауығып кеттім. Сол рет үңгірдің басындағы жуан тасжарғанға жазылған Солтанбек Мұратбекұлы деген жазуды көргенім әлі есімде сайрап тұр», – дейді.
Жоғарыдағы тарихи деректерге негізделгенде «Шейіт сайдағы» мүрденің махаббат құрбаны Берікболдың да, фото тілші Яңшын Сай жазғандай мұңғыл пұтханасы да емес екенін көруге болады. Егер шалағай тілші Яңшын Сай жазғандай болса, мұңғылдардың тауап қылатын сүмесі болса, салынған сүме құрылысы болуы, сүме ішінде ламасы, гешілдері болуы керек еді. Мүрде жатқан «Шейіт сайдың» орны иен дала болып, жақын маңайында үй-жай, қора-қалтқы да жоқ. Сондықтан мұны мұңғылдың пұтханасы деп жазу шындыққа мүлде үйлеспейді.
Бұл күндері аты аңызға айналған «Шейіт сай» өңірін зират етуге келген әр ұлт халқы, тіпті шетел саяхатшылары оның қаншама тарихты бастан кешсе де қалпын құрғатпай, баяғы сол күйін сақтаған тозбас тұлғасына таңдай қаға қайран қалып, тас үңгірдегі мүрденің кімдікі екенін білгісі келетіні барша жұртқа мәлім. Осы жайындағы сан алуан сұрақтарға жауап бере алмай кібіртіктегеніміз осы өңір азаматы біз жөнінен алғанда аса ұятты әңгіме екен. Осындай қынжылыстан арылу, Яңшын Сай сияқты шалағай тілшілердің өтірігін ашу мақсатымен бірнеше жыл ізденіп, қажетті дерек көздерін жинап, «Шейіт сай» туралы тұңғыш зерттеу мақала жазып отырмын. Әрі осы зерттеу мақала арқылы «Шейіт сайдағы» мүрденің ұлты – қазақ, руы – Суан ішінде Ақша болып, аты-жөні – Солтанбек Мұратбекұлы екендігін, мүрденің тас үңгірге жатқанынан бері 140 жылға таяу уақыт өткенін ескертпекпін.
2003 жылы біз мамандармен бірге «Шейіт сайдағы» мүрдеге анализ жасадық. 140 жыл болған мүрденің қазіргі биіктігі 1,52 метр. Маңдай кеңдігі 0,12 м. Бет кеңдігі 0,13 м. Иық кеңдігі 0,28 м. Білек ұзындығы 0,68 м. Аяғының ұзындығы 0,72 м. Табаны 0,20 м. келеді. Антропология және археология мамандары Солтанбектің жасы 19-дан асқан, бойының биіктігі 1,90 метр келеді деген қорытынды шығарды.
Бұл сандық мәліметтер Солтанбек Мұратбекұлының Қорғас ауданында тұратын туыстары 1951 жылы Омар Жұмаділұлына (немесе Жұмадиұлына – ред.) әңгімелеп берген «Солтанбек шейіт болудан бұрын 21 жастағы бойшаң, қарулы жігіт екен» деген деректердің шындық екендігін дәлелдейді. 2007 жылдары Арасан аудандық Халық үкіметі «Шейіт сайдағы» мүрдені автономиялы район дәрежелі мәдени мұрағат қатарына жолданып, материалға «Шейіт сайдағы» мүрденің аты «Солтанбек Мұратбекұлы. Ер. Қазақ. 20 жас» деп айқын жазылды. Кейін «Шейіт сайдағы» мүрдені әйнек сандыққа салып аудан орталығына жөткейміз бе, жоқ мүрденің жатқан жеріне құрылыс салып, мүрдені сол жерге орналастырамыз ба деген жұмыстардың дайындықтарын шұғыл істеп жатқанда, яғни 2009 жылы «Шейіт сайдағы» мүрде аяқ астынан ғайып болып, із-түзсіз жоғалды.
Содан кейінгі бірнеше жыл барысында Арасан аудандық қоғам қауіпсіздік тараулары да жан-жақтылы барлау жүргізсе де делоның көзін аша алмады. Тек қоғамда айтылып жүрген қауесеттерден Шыңғысхан кино сценариясын суретке алушылар әкетті десе, кейбіреулері дүңгендер алып ішкі өлкедегі үлкен зерттеу орындарына жасырын сатып жіберді деген алып қашпа сөздерді ғана естідік.
2019 жылы 4-ші айда Бұратола қалалық Халық сот мекемесінің Бұратола қаласының тұрғындары Хихум Аршыдин, Өміржан Мамыт, Әбдірейім Солтан, Тоқты Сайыт, Маттоқты Хикм қатарлы, сіләмзім, уахаби тобының діни ұшқары кербақпа элементтері үстінен қозғаған қылмыстық адақтауынан «Шейіт сайдағы» мүрденің жоғалып, ғайып болу барысынан хабар таптық. Қылмыскерлер 2009 жылы бір жерге бас қосып, «Арасан жақта бір шейіт бар екен. Сол шейіттің көзін құртайық» деп ақылдасып, Арасан ауданы Ортақсары өңіріне барып қараңғы түндегі қалың нөсерге қарамай «Шейіт сайдағы» мүрдені жасырын алып түсіп, етектегі қарағайдың түбіне жасырып қойыпты. Ертесі ұрлап әкелген Солтанбектің мүрдесін Ортақсары өзен жағасына апарып, жандарындағы жеміс аршитын бәкісімен боршалап, өзен суына ағызып жіберіпті. Сөйтіп «Шейіт сайдағы» мүрде мәңгі ғайып болыпты.
Бұратола Халық сот мекемесі заң бойынша қылмыстың істер өкімін жариялап, Хихум Аршыдинге мерзімді 20 жылдық қамау жазасын, Өміржан Мамыт мерзімді 20 жылдық қамау жазасын, Әбдірейім Солтанға мерзімді 19 жылдық қамау жазасын, Тоқты Сайытқа мерзімді 19 жылдық қамау жазасын, Маттоқты Хикмге мерзімді 18 жылдық қамау жазасын беруді ұйғарып, еліміздің заң тәртібінің қатаңдығын әйгіледі. Сондай-ақ қоғамға қанағаттандырарлық жауап қайтарды. Мәдени мұрағат дегеніміз бір өңірдегі халықтың тарихын, наным-сенімін, тұрмыс-тіршілігін, таным-түсінігін зерттеуде табылмас құнды бейзаттық материал болғандықтан, ертеден сақталып келгендіктен оны қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Автономиялы район дәрежелі қымбатты мәдени мұрағатымыз уахаби ұшқары элементтерінің қолында талқандалды. Бұл еліміздің бейзаттық мұрағатына орны толмас зиян әкеліп қана қоймастан, бүкіл қоғамдағы саналы азаматтардың наразылығын қозғады. Кектеніп қарғыс жаудырды. Менің де неше жылдық еңбегім еш болды. Сөйтіп амалсыздан әттеген-ай деген ауыр өкінішімді ішіме жұтып, осы шағын зерттеу мақаламның эпилогын аяқтатып отырмын.
Хамит ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ,
ҚХР, Бұратола облысы.
(Автордың жазу ерекшелігі мен
өзіндік стильі сақталды.
Мақаланың түрнұсқадағы тақырыбы:
«Шейіт сай туралы деректер»)