Қытайда оқитын қазақстандық студенттер өз таңдауын жасап, сайлау туралы ойларын ортаға салды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы елшілігінде №257 сайлау учаскесі жергілікті уақыт бойынша 7.00-де жұмысын бастағанын хабарлаған болатынбыз.
Еліміз үшін маңызды шешімді қабылдауға атсалысқан студенттерден сайлау туралы ойларын сұрап көрдік.
Алғаш рет дауыс беруге келдім. Бұл мен үшін өте қызық тәжірибе. Өйткені әр сайлау сайын дауыс беруге барғым келетін. Сондай-ақ дәл президент сайлауына қатысқым келді. 2019 жылы өткен президент сайлауына баруға мүмкіндігім болмады. Ал осы жолы елімізді, Қазақстанымызды өркендете алатын үміткерге дауыс бере алғаныма қуаныштымын, — дейді Аружан Канафина.
Ол Бейжің университетінің «Тіл және мәдениет» факультетінің ІІІ курсында оқиды.
Қытайдағы Бейжің университетінің бірінші курс студенті Тілек Олжас 18 жаста. Ол бүгін Қытайдағы Қазақстан елшілігінде ашылған №257 сайлау учаскесіне келіп, алғаш рет өз таңдауын жасады.
Жас отандасымыз сайлауға қатысу әр азаматтың міндеті санайды.
Бүгін мен де достарым сияқты алғаш рет дауыс бердім. Ел үшін маңызды оқиғада елшілікке келіп, бірінші рет таңдауымды жасап тұрғандықтан болар, бойымды жаңа ерекше сезім баурап алды. Әрине, ол жақсы сезім. Десе де Қытайда әлі де карантин талаптарын сақтау қажет. Соған қарамастан, Отанымыз, еліміздің болашағы үшін өз таңдауымды жасауға келдім, — дейді отандасымыз Тілек Олжас.