Еліміздің басына сын сағаттары туған қиын сәттерде барша жұртшылық Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа, оң өзгерістер жасауға бағыт беретін үндеуін үлкен үмітпен күтті. Мемлекет басшысы ҚР Парламенті платформасында Қазақстан халқына үндеу жолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде елдің жаңа үкіметі мен мемлекеттік органдар жүзеге асыратын әлеуетті міндеттер мен жұмыс бағыттарын атап өтті. Президент жолдауы, мәлімдемесі ешкімді бейжай қалдырмады. Себебі бұл мәлімдемеде қоғамдағы барлық топтарға, яғни үкімет басындағылар мен қарапайым халыққа қатысты мәселелер түгел қамтылды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан» үндеуінде алдағы уақытта назар аударылатын өзекті мәселелерге тоқталып, оларды шешуге міндетті жауапты үкімет мүшелері мен ведомостволарға нақты тапсырмалар берді. Әсіресе қоғамда белең алып жатқан келеңсіздіктерді айта келе, елімізде жүйелі түрде реформа жасау қажет екенін баса айтты. Мемлекет басшысы құқық қорғау құрылымдарының жұмысына шұғыл түзету енгізу қажеттігіне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, төтенше жағдай кезінде үйлестірілген іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау жүйесін толық жаңғырту және қайта құрылымдау қажет. Сондай-ақ жаңа құрылған үкіметке елдің экономикасын, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, жұмыссыздықты азайту мақсатында жаңа өндіріс орындарын ашу, мамандар даярлайтын білім беру жүйесін кәсіпорындардағы сұраныстармен үйлестіру, ауылдық жерлерде спорт кешендерін салу, тұрғын үймен қамтамасыз ету сияқты көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан, елдің көкейінде жүрген өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу тапсырылды.
Президент жолдауынан халық, өзі күткендей, оң өзгерістер, жаңа лепті сезінді. «Жаңа Қазақстанның» жарқын болашағына жол ашатын өзекті мәселелердің барлығы осы мәлімдемеде қамтылды. Қазақстанның бірлігін ойлаған Президентіміздің ел болашағы үшін алға қойған мақсаттарын орындайтынына сенімдіміз. Халқымыздың тұтастығы мен бірлігін сақтау және еліміздің көркейіп, өркендеуі үшін қоғамның барлық саласында жүргізілетін реформаларға қолдау көрсетуге дайынбыз. «Жаңа Қазақстан» елге келген жаңа леп деп түсінеміз.
Қаратал аудандық ақсақалдар алқасының
төрағасы Бақберген Қуатәлиұлы