Аталмыш діндер қоғамда достықты, өзара құрмет пен түсіністікті, руханилықты нығайтуда елеулі қызмет етеді. Тарихтан – Ислам дінінің елімізге бейбіт жолмен енгендігі бәрімізге мәлім, сол үшінде қазақ халқының мәдениеті мен руханияты ислам өркениетінің ажырамас бөлігі. Себебі, ислам құндылықтары мен философиясын, ислам өнері мен мәдениетін дамыту мен жаңартуда қазақ халқының да үлесінің зор екенін атап өткім келеді. Оған дәлел: Әл-Фараби, А.Яссауи, М.Қашқари, М.Х.Дулати, Ж.Баласағұни, т.б. қазақ даналарының ғылыми мұралары ислам өркениетінің баға жетпес асыл қазынасы екендігі. 1999 жылы Діни бірлестіктердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстанның Діни Бірлестіктер Қауымдастығы құрылды.
Дегенмен, қазіргі кезде еліміздегі діни ахуалдың күрделі, әрі сан-салалы екендігі бәрімізге аян. Нақты айтсақ: еліміздің негізгі діни қауымы сунниттік ислам мен христиандықтың православиелік бағыттары, осы дәстүрлі діни бірлестіктердің ықпалымен қатар, жаңа «дәстүрлі емес» діни ұйымдар да пайда болуда. Атап айтар болсақ: пресветериандық, методизм, протестанттық конфессиялар мен буддистік, индуистік, кришнаиттік, бахай, саентология, шииттік, сопылық, ахмадие, т.б. діни бірлестіктер жатады. Және де елімізде экстремистік бағыттағы «Хизб-ут-тахрир» (Азат ету партиясы) ұйымының ислам атын жамылып дінаралық келісімге, бейбіт өмір тыныштығына зияндық іс-әрекеттері мен мұсылмандар арасына жік салатын пікірлері мен ұстанымдары, еліміздің ата заңына қайшы келіп, жұртшылық наразылығына тап болуда. Қазақстанда «Әл-Каида», «Мұсылман бауырлар», «Талибан», «Өзбекстан ислам қозғалысы» т.б. лаңкестік ұйымдардың қызметіне қатаң тыйым салынған. Олардың басты мақсаты – идеологиялық күрес, төңкеріс арқылы мемлекеттік билікті қолға алу. Ал, діни фанатизм, лаңкестік, экстремизм, пікір төзімсіздігі – ислам дініне жат екендігін көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың бәрі біледі. Бұл ұйымдар өздерінің үгіт-насихат жұмыстарын, діни миссионерлері мен түрлі мерекелік және қайырымдылық іс-шаралар арқылы жүргізуде.
Миссионер дегеніміз – белгілі бір мемлекеттің діни ұйымының ілімін таратушы, діни және саяси қызметкер. Ол өзі баратын елдің, халықтың дінін, тарихын, әдет-ғұрпын, ділі мен психологиясын терең зерттеп, білуші маман. Миссионерлік ұйымдарға біршама елдердің мемлекеттік құрылымдары, қайырымдылық қорлары, үкіметтік емес ұйымдар, қаржы алпауыттары материалдық және моральдық жағынан көмек бере отырып, олармен бір бағытта жұмыс жасайды. Әлемдегі кейбір алпауыт елдер осындай діни жікшілдікке бөлу мақсатында әр жыл сайын 10 млрд. астам доллар қаржы бөлетіндігі анықталған. Кезінде тарихтан – католик француздардың гугенот француздарды қойша бауыздап өлтірген қасиетті Варфолемей түні туралы бәріміз де оқығанбыз. ХХ ғасырдың 70-80 жылдарындағы Ливандағы азамат соғысы кезінде тегі бір, діні бөлек арабтардың бірін-бірі қалай қырғанын да білеміз. Кешегі күнгі Сириядағы жанжалға қазақ азаматтарының араласуы да осындай іс-әрекеттердің жемісі екендігін БАҚ құралдары арқылы көріп, біліп жатырмыз.
Сондай-ақ, дәстүрлі емес діни-саяси ағымдарға: Уахаббизм – ХVІІІ ғ. пайда болған Сауд Арабиясының ресми мәзхабы, Исмаилиттер – ең басты қолдаушысы Англия, Ахмадие – ХІХ ғ. аяғында Үндістанда ағылшын отаршыл үкіметі қолдауымен пайда болған, Бахаизм – Ирак пен Иранда ХІХ ғ. пайда болған шииттік мәзхаб, т.с.с. Кейінгі зерттеулер мәліметіне жүгінсек: миссионерлердің үгіт-насихатының құрығына көбінесе – жұмыссыздар, өмірден өз орнын таппағандар, рухани ізденісте жүргендер, жеке басы және отбасындағы психологиялық қиындықтарға төзе алмағандар, ислам дінін терең білмейтіндер, әсіресе жастар тез ілігетіндігі анықталған. Себебі: дәстүрлі емес діни ұйымдарда, секталарда «…алғаш келген адамға оның тамаша, жақсы адам екендігі айтылады, оған бәрі көмектеседі, онымен келіседі, ылғида қолдайды, яғни, оны сол қауымның махаббат атмосферасы өз аясына алады». Бұдан кейін сананы бақылау әдіс-тәсілі іске қосылады.
- 1. Жүріс-тұрысын бақылау.
- Эмоция (сезімді) бақылау, яғни ессіздікке әсер ету — медитация, трансқа ұшырау.
- Ақпаратты бақылау, бұл дегеніңіз оны басқа әсерлерден қорғау.
- Ой-пікірді бақылау, онда діни рәсім, көшбасшы туралы, кез-келген діни, басқа да сыни сауалдар қоюға қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ, басқа діндерге қарсы теріс көзқарас қалыптасады. Енді сол адамның сол ортаға үйренгені сонша, оларды жоғалтып алмау үшін кез-келген тілектерден бас тартады. Нәтижесінде, ата-анасын, тегін, туысын, достарын, жанұясын – сол бір дәстүрлі емес діни ұйымға, немесе, сектаға айырбастайды.
ҚР-сы зайырлы мемлекет, ол дінге, діншілге де қарсы емес, еліміздегі «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңы» 2011 ж. 15 қазанда қабылданды. Заңда «Әркімнің ар-ождан бостандығына, діни нанымына қарамастан тең құқылы екендігіне кепілдік беретіні және діни партиялардың қызметі, мақсаттары мен іс-әрекеттері мемлекетте бір діннің үстемдігін орнықтыруға, зорлық-зомбылыққа үндеп насихаттаса, өзге құқыққа қарсы әрекеттерге, діни өшпенділікті қоздыруға, алауыздыққа бағытталса ондай діни бірлестіктер құруға және олардың қызметіне тыйым салынатындығы» нақты айтылған. Қазақ жерінің ежелден-ақ саналуан мәдениеттер мен діндердің тоғысу мекені болғандығы тарихта баяндалған. Сол үшін де Қазақстан – діни толеранттылық пен конфессияаралық келісімдегі игі дәстүрлердің иесі. Бүгінде қазақ елі дүниежүзіне бүкіләлемдік діни-рухани форумның бірден-бір орталығы ретінде танымал мемлекет екендігі баршаңызға аян.
Қорыта айтқанда, жүйесіз діни сенім – бұл фанатизм! Сондықтан да, кімге, не үшін қызмет еткенімізді біле алмай, өз тағдырымызды өзіміз тәлкекке салмайық. Рухани және материалдық тәуелділіктен сақ болайық! Ұлттық намыс туын әрқашан жоғары ұстап, Отанға, елге адал қызмет етейік. Өзіміздің бостандығымыздан, өзіміз оп-оңай бас тартып қапыда қалмайық.
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ,
Аудандық Ақпараттық түсіндіру
тобының мүшесі, тарихшы.
Жаркент қаласы.