Өткен жылы қазақ елінің егемендігі сыналып, тәуелсіздік тағдыры сыңға түскен қайғылы жағдай бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Мемлекет басшысы қабылдаған батыл саяси шешімдер арқасында ғана ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алдық. Қабылдаған шешімдер тарихи маңызы да, мемлекеттілігіміз үшін мәні де ерекше зор болды.
Президентіміз атап көрсеткендей, ендігі басты мақсат – келешекте мұндай қайғы-қасіретке жол бермеу, қоғамда қордаланған саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани салалардағы мәселелерді шешу. Бұлардың барлығы, түптеп келгенде, адамның өмірі мен денсаулығы, қауіпсіздігі, құқықтары мен бостандықтары, өмір сүру сапасы мен деңгейі сияқты конституциялық тұрғыда бекітілген ең жоғарғы құндылықтар мен қағидаттарды қамтиды.
Қаңтардағы халық толқуы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауынан, инфляция мен жаппай қымбатшылық, әлеуметтік әділетсіздік сияқты қарапайым халықтың өміріне тікелей қатысты себептерден бастау алғандықтан, Мемлекет басшысы ұлттық экономиканы қайта құруға бағытталған міндеттер қойып, үкіметке нақты тапсырмалар берді.
Әсіресе атап айтар болсақ, мынадай өзекті мәселелер барша халықтың көкейінде жүрген болатын:
— еркін бәсекелестікке жол ашу, кәсіпкерлікке тұсау болып отырған қағазбастылық пен жемқорлықты жою, отандық бизнеске қолдау көрсету;
— мемлекеттік сатып алу саласын реттеу, бюджеттік қаржы-қаражатты талан-таражға салуды тоқтату;
— ауыл шаруашылығын қайта құру, еңбек өнімділігін арттыру;
— негізсіз салынатын салықтар мен қайда кетіп жатқаны түсініксіз төлемдерді жою
— халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, ішкі стихиялық көші-қонды реттеу т.б. өзекті мәселелерді көтерді.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатына елеулі ревизия жасау жөніндегі алға қойған міндеттері халықтың ұмтылысын көрсетеді.
Ел Президентінің саяси еркі оған Парламентпен және премьер-министрмен ашық сөйлесуге мүмкіндік берді. Мемлекеттік саясаттың осындай бағытынан кейін кез келген бояма мен жалтаруға жол берілмейтіні анық. Мысалы, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев утилизациялық алымның мөлшерлемесін қайта қарау және оны жинау бойынша мемлекеттік операторды айқындау туралы берген тапсырмасы. Бұл туралы жеке автокөлік, ауылшаруашылық техникасы мен жүк көлігі иелері ұзақ уақыт бойы айтып келген болатын.
Сонымен қатар елімізде әлеуметтік әділеттілікті орнатуға игі ықпал ететін «Қазақстан халқына» атты қор құру туралы ұсыныс жасап, Президентіміз ол қорға ұлттық компаниялардың, олигархтар мен қаржы-өндірістік топтардың жыл сайын арнайы жарна төлеуін міндеттеуді тапсырды.
Бұл қордың қаржы-қаражаты көмекке зәру қарапайым қазақстандық азаматтардың мұқтаждықтарын өтеуге жұмсалып отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті еліміздің алдағы кезеңдегі жаңа экономикалық саясаты, ең алдымен, барлық қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатының жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс екенін үнемі айтып отырады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан даму банкінің форматын елдегі шағын және орта бизнесті дамытуға жәрдемдесу, білім беру саласы қызметкерлеріне жағдай жасау, техникалық саладағы ЖОО-ларды ашу арқылы болашақ инженерлер мен технологтарды даярлауға көңіл бөлуді жүктеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қабылдаған шешімдері, мемлекеттік билікке берген тапсырмаларының іс жүзінде шынайы орындалуы еліміздің жандануына, орын алған олқылықтарды еңсеруге, жаңаша дамуға жол ашары сөзсіз.
Д.Карипова,
«Ескелді ауданының әйелдерді
қолдау орталығы» қоғамдық
бірлестігінің төрайымы