Конституция – мемлекеттің ең басты заңы. Оны кейде тек заңгерлердің немесе саясаткерлердің құжаты сияқты қабылдаймыз. Бірақ шын мәнінде, ол – әрқайсымызға тікелей қатысты құжат. Онда біздің қандай құқыққа ие екеніміз, мемлекет бізге неге кепілдік беретіні, елдің қандай бағытта дамитыны жазылады.
Сондықтан Конституцияны жаңарту – жай ғана заң өзгерту емес. Бұл – қоғаммен бірге жаңару деген сөз.
Бүгінде ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы ел ішінде ашық талқыланып жатыр. Әр азамат өз пікірін айтуға мүмкіндік алып отыр. Мұның өзі маңызды. Себебі Негізгі заң халықтың қатысуымен қабылданғанда ғана оның салмағы арта түседі. Заң халық үшін жазылады, демек халықтың үні естілуі тиіс.
Жаңа жобаға назар аударсақ, ең алдымен адам құқығын қорғауға басымдық берілгенін көреміз. Қарапайым азамат өзін қорғансыз сезінбеуі керек. Әділ шешім, заң алдындағы теңдік, жауапкершілік – қоғам тұрақтылығының негізі. Егер азамат мемлекетке сенсе, ел де берік болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының басты шарты – әділетті қоғам құру екенін айтып келеді. Бұл – жай ұран емес, нақты іс-қимылды талап ететін бағыт. Жаңа Конституция жобасы сол мақсатты құқықтық тұрғыдан бекітуді көздейді.
Тағы бір маңызды мәселе – ұлттық құндылықтар. Тәуелсіздік, жер, тіл – біздің ең үлкен байлығымыз. Конституция осы ұғымдарды айқын әрі нақты қорғауы тиіс. Қазақ тілі мемлекет өмірінің барлық саласында толық қолданылуы қажет. Бұл – тек тіл мәселесі емес, бұл – ұлттық тұтастық мәселесі.
Сонымен бірге қоғамда ашықтық пен жауапкершілікті күшейту қажеттігі де жиі айтылады. Халықтың сенімі – кез келген мемлекеттің тірегі. Сенім болса, тұрақтылық бар. Тұрақтылық болса, даму бар. Дұрыс жазылған Негізгі заң – дұрыс бастаманың кепілі. Ол қоғамдағы әділеттіліктің, тәртіптің, бірліктің негізін қалайды.
Ең бастысы – бұл құжат халықтың сеніміне ие болуы керек. Себебі Конституция – биліктің емес, елдің заңы. Ол – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, ертеңгі буынның да өміріне әсер ететін құжат.
Сондықтан жаңа Конституция жобасына бейжай қарауға болмайды. Әр ұсыныс, әр пікір маңызды. Ел болашағы бәрімізге ортақ. Ал ортақ болашақ ортақ жауапкершілікті талап етеді. Ендеше Алаш баласының алдағы өмірін айқындайтын жауапты сәтте үнсіз қалмаңыз, ойлы оқырман.
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ,
Тарих ғылымдарының магистрі,
«Жауынгерлік даңқ» музейінің меңгерушісі










