«Жаңа жыл жарылқасын, ескі жыл есіркесін» дегенді естуші едік. Әйтсе де жарылқайтын да, есіркейтін де бір Алла ғана.
Жыл сайын осы уақыттарда «Төрлет, жаңа жыл!» деп ұрандатып, шырша, ойыншықтар, маскарадтық киімдер мен атқыштар сатып алып дайындықты бастап кетеміз. Алайда, жаңа жыл біз күтіп алмасақ та келеді. Соңғы жылдары шырша мерекесін тойлаудан тыйылып, мектептегі жаңа жылдық іс-шаралар жаймен жойылып бара жатыр еді, биылдан бастап қайта жаңғырып жатқан көрінеді. Мектептерде шыршалар құрылып, безендіріліп, оқушылар киімдер іздей бастаса, ата-аналар балаларына сыйлықтар жасап әлек.
«Жаңа жылды насихаттағанша, Наурызды ұлықтайық» дейтіндер де шығып жатады осындайда. Жалпы, өз басым жаңа жылды мерекелеуге қарсы емеспін. Біздің бала кезімізде тойланған бұл мереке, бәріміз асыға күтетінбіз, балаларымыз да көргені дұрыс шығар осы қызықтарды. Дегенмен, осы мереке үшін, көшелерді уақытша безендіру үшін бюджеттен қыруар қаражат бөлінбей-ақ қойса екен, ондай ысырапшылдықтың қажеті жоқ, меніңше.
Ауыл мектептерінде безендіруді қалтаға салмақ түсірмей, қолда бар заттармен жасап жатыр екен, мәселен. Осыны естігенде, бала кезімізде еңбекке баулу сабағында түрлі-түсті қағаздардан қиып, желіммен жапсырып, жаңа жылдық шыршаға безендірулер жасағанымыз еріксіз еске түседі. Қолдан шықса да, креативті дүниелер жарық көреді осындай кездерде, миға шабуыл жасалады, ойлау қабілеті іске қосылады, бірі-бірінен үйренеді.
31-ші желтоқсан күні жайылатын дастархан, мандариннің иісі, оливье салаты, «мамалардың мәнтісі»… Бұл біз үшін ностальгия… Жылдан жылға бәрі басқаша…
Жаңа Қазақстандағы жаңа жылымыз құтты болсын, ағайын. Келер жыл бұйыртса табысты, мерекелі, берекелі жыл болғай!
Нұрлыбай АЛИЖАНОВ,
Жаркент көпсалалы
колледжінің оқытушысы.