Сан ғасырлық шежіресі бар Жетісудың Жаркент аймағы өзіндік қайталанбас киелі орындарымен, әсем табиғатымен елімізге танымал. Айнала қоршаған асқақ таулары, ақ көбіктен шашу шашып жататын асау өзендері мен күмістей көлдері, жұпар ауасымен қатар жанға жайлы тамылжыған ауа райы секілді табиғи кереметтерін айтып тауысу мүмкін емес-ау, сірә!
Міне, сондай тамаша ғажайыптардың бірі – дертке шипа, тәнге саулық сыйлайтын табиғат ананың адам баласына арнаған керемет тартуы «Жаркент Арасаны». Қолда бар мәліметтерге сүйенсек шамамен бір ғасырдан астам тарихы бар осынау киелі мекен бұрындары «Қу Арасаны» аталған екен. Емдік бұлақтары бар бұл қасиетті орынның дертіне дауа іздеген қаншама адамға өмір мен үміт сыйлағанын көнекөз қарияларымыздан талай естіп, құлағымызға сіңіріп өстік. Осынау киелі жердің мемлекет қамқорлығына алынып, тұрақты түрде ел игілігіне айналуы өткен ХХ ғасырдың, нақтырақ тоқталар болсақ, 1962 жылы іргесі қаланған «Жаркент Арасан» ауылының орын тебуі мен Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Р.Тіленшиев ағамыздың атымен тығыз байланысты. Сөйтіп, бұрындары «Қу Арасан» аталған осы бір киелі жер 1967 жылы қайта құрылып «Жаркент Арасаны» болып өзгертілген екен. Сол алғашқы ашылған жылдары Алматы қаласындағы ғылыми зерттеу институтының курортология бөлімінде жан-жақты сараптамадан өткізіліп, құрамында; радон, хлор, сульфат, натрий минералдары бар емдік су екендігі анықталған. Содан бергі жылдары көптеген адамдардың түрлі ауруына ем болып, атағы алыс-жақынға мәлім болып, ел мүддесіне мүлтіксіз қызмет етіп келеді. Орналасқан жері: Алматы облысы, Панфилов ауданындағы бастауын Жетісу Алатауының мұздықтарынан алатын Бурақожыр өзенінің батыс жағалауында орын тепкен, Жаркентке келер жолдағы Көктал ауылынан 24 шақырым қашықтықтағы тау етегінде, теңіз деңгейінен 1200 м биіктікте жатыр.
Талай жанның көңілдегі кірбіңін кетіріп, сан түрлі аурулардан құлан таза айықтырған осынау киелі шипажай адам ағзасындағы: қан айналымы, орталық жүйке жүйелері, аяқ – қол, буын және тері, гинекологиялық сырқаттар, ревматизм, І, ІІ дәрежелі гипертониямен қатар ұйқысыздық, шала салдану, І, ІІ дәрежелі бедеулік т.б. көптеген ауруларға мың да бір ем екендігі көпшілікке мәлім. Адам ағзасының сауығуына медициналық ем алумен бірге аталмыш шипажайдың орналасу жағдайының да өзіндік әсер ету ерекшелігі көзі ашық, көкірегі ояу талай жанды тәнті етті. Неге десеңіз, айнала қоршаған тау пирамидаларының етегіндегі мөп-мөлдір, суы тастай тау өзенінің жағалауы, түрлі өсімдіктер әлемі мен таза ауасы бар табиғат ландшафтысы, ақырын келіп аймалар тау самалының табиғи үйлесімділігі кез – келген науқастың сырқатынан тез айығуына оң ықпал ететін ауа райы бар орта қалыптастырады. Осындай ғажайып табиғи құбылысқа емдік қасиеті бар радон ыстық бұлақтарын қосыңыз, мінекей осы бір таңқаларлық табиғи астасудың әрбір ем алушы адам ағзасына күш беріп, көтеріңкі көңіл-күй мен қатар емделген жанның сауығуына қолайлы жағдай туғызып, жанына жағымда әсер сыйлауын сөзбен жеткізу қиынның қиыны. Оны тек көзбен көріп, жан дүниеңмен сезіну қажет.
Сонымен қатар емдік сауықтырудың мынадай — физотерапия, инемен емдеу және емдік дене шынықтыру тәсілдері де кеңінен қолданылады. Енді емдік сауықтыру шараларының базасын атап көрсетер болсақ, олар мынадай болып жіктеледі:
- Радон ванналары
- Су астындағы үгу
- Гинекологиялық суару
- Минералды суды мөлшермен ішу
- Стоматологиялық суару
- Физио емдеу
- Балшықпен емдеу
- Ине терапиясы
- Оттегі коктейлі
- Үгу
- Теренкур
- Механикалық үгу
- Тау туризмі
- Емдік денешынықтырулар
Міне осындай емдеу шараларымен бірге ұжым мүшелерінің шипажайдағы ем алушылырға деген жылы, ізетті қарым-қатынас жасауы мен кез-келген демалушының назардан тыс қалмауы көпшіліктің көңілінен шығуда. Және де тамаққа бара алмайтындардың ас – суын сол бөлмелеріне әкеліп беруі, күніне бес уақыттық ас мәзірінің ұсынылуы және бар. Сондай-ақ, әр емделушінің денсаулығы мен көңіл күйінің жақсы болуы күндіз – түні қадағаланумен бірге бас дәрігер К.Ыдырысовтың аурудың түрлері, белгілері, ем қабылдау тәртібі және жасалған емнің ағзаға әсері, нәтижесі жайлы оқитын лекциялары мен түсіндіру жұмыстарының өзі бір төбе. Жаркент өңірінің інжу – маржанына айналған осынау емдеу сауықтыру шипажайының даңқын естіген алыс – жақын шетелден, ұлан байтақ еліміздің әр тарапынан келіп жатқан демалушылар саны жылдың төрт мезгілінде де толастаған емес. Әуелі десеңіз республикадан тыс — Ресей, Швейцария, Қырғыз Республикасы, Грузия, Германия мен Атлант мұхитының арғы жағындағы АҚШ-тың Солтүстік Дакота штатынан келіп демалып, емделіп кеткен қаншама адам бар. Адал еңбек пен мейірімділік, ізеттіліктің куәсі болған, осы «Жаркент Арасаны» емдеу сауықтыру кешенінде әр жылдары келіп демалып, ем қабылдаған жандардың ыстық ықластары республикалық баспасөздерде кеңінен жарияланып жүр. Мәселен, еңбек ардагері Б.Арапов және де Р.Төлемісов, Л.Емеляненко т.б. абзал жандардың – «Жетісу», «Оңтүстік Қазақстан», «Огни Алатау», «Заман», «Айғақ» т.б. республикалық газеттерде жарық көрген алғыстары мен ыстық ықластарын дәлел ретінде атап өтуге әбден болады.
Қазіргі таңда «Жаркент Арасаны» емдеу сауықтыру кешеніндегі люкс, жартылай люкс бөлмелерінде заман талабына сай демалушылар үшін барлық жағдай жасалып, жоғары деңгейде жабдықталған. Оған шипажайлық сапалы қызмет пен демалушы жандарға шын көңілмен жасалатын қамқорлықты қосыңыз. Сонымен қатар қонақтардың бос уақытында шахмат, дойбы ойнауына, түрлі спорттық шараларға қатысуына және кітапхана, күнделікті газет – журналдардың қамтылуы мен кешкі концерттік бағдарламалардың ұйымдастырылуы, сондай-ақ, демалушылардың көңілін көтеріп, мерейлерін тасытуға барлық жағдай жасалынған. Келіңіз, көріңіз, табиғаттың сұлулығына тамсанып, тау самалы аясында жақсылап демалыңыз, ағайын!
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ