Жаһандық өркениеттің бастауында болған Еуразия кеңістігіндегі этномәдениеттің үрдісіндегі орталықтардың біріне айналған көрікті әрі адам баласының өмір сүруіне, тіршілігіне қолайлы өңір – Жетісу аймағы. «Жер тарихы – ел тарихы» дейді тумысынан ойшылдықты өміріне серік еткен халқымыз. Ұланғайыр ұлы даланы мекендеген қазақ ұлтының қалыптасуының ұйтқысы болған Сақтар, Ғұндар, Үйсіндер одан кейінгі Көктүріктердің өмір сүру табиғатын, тұрмыс-тіршілігі мен тарихи мұраларын зерттеу, зерделеу қазіргі күндері алдыңғы орынға шығып отыр. 2013 жылдан бастап еліміздің көптеген аймақтарында мәдени мұраларды зерттеу мақсатында археологиялық қазба жұмыстарының кеңінен қанат жаюы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бақылауымен жүзеге асырылып келе жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасының аясындағы жұмыстар.
Ежелгі дәуірдің мұрасын зерттеуде Қазақстанның барлық аймағында қазба жұмыстары жүргізіліп, табылған заттар ел тарихына бағасына құн жетпейтіндей үлес қосуда. Еліміздің өткенін зерттеп, ой елегінен өткізбейінше болашақты бағамдау қиынға соғатыны рас. Еліміздегі Жетісу жеріндегі археологиялық мұралардың дені Сақ қорғандары, Үйсін обалары, олардың тұрақтары, балбал тастар, қорымдар, ежелгі қалалардың сыртын қоршаған бекіністердің құландылары, кен өндіру орындары, суландыру жүйелерінің сілемдері. Академик К.М.Байпақов 2005 жылғы «Қазақстанның ежелгі қалалары» және 2010 жылы баспадан шығарған «Алматы қаласының археологиялық мәдени мұрасы» атты монографиялық еңбектерінде Жетісу өңіріндегі көптеген қазба жұмыстардан ақпараттарды беретін тас, қола дәуірінің, ерте дәуірдегі мемлекеттердің археологиялық және көшпенді халықтардың ескерткіштеріне жеке-жеке сипаттама жаза отырып, бұл мұралардың еліміздің тарихындағы алатын айрықша орны бар екендігін көрсетеді. Сонымен қатар мәдени мұраларды сақтау, оларды ұлттық құндылықтар ретінде кейінгі ұрпаққа қалдыруды сөз етеді.
Үйсіндер туралы алғашқы деректер б.з.д. ІІ ғасырдан бастап қытай жылнамаларында көптеп сөз болғандығы белгілі. Үйсіндердің қуатты да әрі ауқатты мемлекет екендігі жайлы алғашқы деректер б.з.д. ІІ ғасырдың соңғы кезеңінде көптеп шыға бастағандығы үйсін мемлекетінің қытаймен көршілес тайпаларға қарағанда Хан патшалығы үшін орасан зор маңызы бар екендігін көрсетеді. Қытайдың Хан әулеті кезіндегі жазылған үйсіндер туралы жазбаларында «Хан патшалығы тарихы», «Батыс өңір шежіресі» деректеріне көңіл аударсақ «Үйсіндер Іле алқабына қоныс аударған…» деген мәліметтерге сүйену арқылы көптеген мәселелердің басын ашуға мүмкіндік аламыз. Халықтар әлі де сыртқы, ішкі жағдайлардың ықпалынан аумалы- төкпелі кезеңдерді бастан өткерген алмағайып кезеңдер уақыты дерлік еді. Іле алқабының Жаркент аймағындағы үйсін тайпаларының тұрағы мен олардың мекендеген жерлерінің маңындағы обаларға көп зерттеулер жүргізілмеген. 2010 жылы 17 маусымда облыстық «Жетісу» газетінде «Алматы облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы» Алматы облысы әкімінің қаулысында біз сөз еткелі отырған үйсіндердің обаларының шоғыры көрсетілмеген.
Үйсін обаларының үлкен қорымы Панфилов ауданы Басқұншы ауылының солтүстік батысындағы көлемді жерді қамтыған Көкжазық аталатын алқаптың шығыс жағын, Қорғас өзені аңғарының батысындағы қыраттың үстін тұтастай алып жатыр. Ғалымдардың назарынан бұл жерде жатқан үйсін обаларының тыс қалуының өзіндік себебі де жоқ емес. Жаркент аймағы кеңес үкіметі дәуірлеп тұрған кезінде Қытай Халық Республикасымен шекаралас өңір болғандықтан өзге облыстардың адамдары түгілі осы ауданның жергілікті тұрғындары зор әурешілікпен арнайы өткізу қағазымен жүріп – тұратын. Ал Алмалы мен Басқұншы ауылдарына өту азаптың азабы еді. Осындай қолдан жасалған қиындықтар кезінде арнайы жабдықталған экспедицияның өтуі мүмкін емес еді. Оған тек Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің арнайы рұқсатымен ғана жүретін. Ал мұндай рұқсат құжатты жылдар бойы күтуге мәжбүр болатын. Уақыт бәрін де өз құзырына алады емес пе? Ел өз тәуелсіздігін алғаннан соң ежелгі дәуірден бергі елдің тарихын зерттеуге үлкен мүмкіндік беріліп отыр.
Менің де туған елдің өткеніне көз жіберіп, осы өңірді кімдер, қай кезде мекендеді, қалай өмір сүрді, қандай салт – дәстүрді ұстанды, үйсіндер қай тілде сөйледі деген сан сауалдар ойландыра бастады. Ежелгі үйсін обалары бар біраз елді – мекендерді, көне атаулы жерлерді аралап, олардың орналасуы, көлемі, сол төңіректен табылған әр түрлі жәдігерлерді жинастыра жүріп, ол жөніндегі мәліметтерді баспасөз бетіне жариялап жүрдім. Сондай кездің бірінде археолог, академик К.М.Байпақовқа хабарласып, өзімдегі жинақталған үйсіндердің қоныстарынан табылған әр түрлі жәдігерлерді таныстыру мүмкіндігіне ие болдым. 2015 жылы академик К.М.Байпақов америкалық археологтар: доктор Стивен Гильбертті, профессор Стивен Ортизде Том Дэвисті және археолог Д.А.Воякинді алып, жолығуға келді. Алмалы ауылының жанындағы «Гелиос» қонақ үйіне орналасқан соң Карл Молдахметұлы менің қолымдағы жинақталған жәдігерлерді алдыртып, түгелдей қарап шығып, олардың б.з.д. ІІІ – ІІ ғ.ғ. үйсін дәуіріне жататындығын атап берді. Жинақталған жәдігерлер түгелдей ежелгі үйсін мемлекетінің орталығы Шығу — деп мен жазып жүрген Басқұншы ауылының ішінен әр кездердегі ауыл тұрғындары жер қазған кезінде табылған айғақтар еді. Табылған заттар ұлттық құндылыққа жататындықтан Алматы қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және археология институтының мамандары естіп, хабарласып, өздеріне сақтауға алатындығын айтқанмен әлі нәтиже жоқ. Осы жылдың шілде айының аяғында академик К.М.Байпақовтың тапсырмасымен осы институттың ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Д.Тәлеев ғылыми сапармен келіп Көкжазықтағы Басқұншы ауылының ішіндегі үйсін обаларының орналасуын, ретін түгелдей аралап көріп, менің тұжырымыммен келісетіндігін, Үйсін патшалығының орталығы Шығу (Қызыл аңғар) қаласының орны осы жер деген сенімде болды. Болашақта қазба жұмыстарына қаржы қарастырылып, зерттеу жүргізілсе, еліміздің тарихының беттеріне жаңалықтар қосылып, ақтаңдақтар азаюы әбден мүмкін. Жаркент өңірінде үйсін мәдениетінің бұдан басқа да іздері баршылық. Өсек өзенінің батысында жатқан қарағаш тоғайының арасында «Даңғырлақ» өзенінің солтүстік батысы мен Үшарал ауылының солтүстігінде жатқан Түрген тоғайының арасында үйсін обалары әлі көп ғалымдардың назарына ілікпей тұрған жұмбақ көмбелер. Өсек өзенінің ең басында орналасқан Еңбекші ауылының маңайынан жер қазған кезде табылған қыш құмыралардың сынығы ол жердің де ежелгі үйсін қонысы екендігін білдіреді. Жаркент – Алматы тас жолының бойындағы Диханқайрат ауылына бұрылатын жол бойында да көптеген қорымдар болған. Кезінде әлдекімдер осы обаларды өзгеше оймен қазған кездерінде жер астынан көптеген саздан, қыштан жасалған құмыралар, олардың сынықтары, тастан жасалған заттар шыққан. Бірақ оның тарихына үңіліп, мән беріп, жинап, сақтап қойған ешкім болмаған. Осы дүниелерді көзбен көрген адамдар әлі де баршылық.
Арқас тауының бөктерін жағалай орналасқан үйсін обаларының тізбегі Сарыбел ауылының солтүстігіндегі Көлтекшеде (осында Азантөбе деп аталатын үлкен үйсін қорғаны да бар) кездеседі. Шежін ауылының солтүстігіндегі төбе бауырында да бірнешеуі бар. Арқас тауының бауырында жатқан Сарытаудың қыратты төбелерінде Мойынши деп аталатын бұлақтың солтүстік жағындағы қырат үстінде ерекше обалар орналасқан. Олардың үстіне шағындау сын тастар орнатылған. Үштен — беске дейін үлкенді — кішілі обалардың тізбелері жатыр.
Үйсін мемлекеті б.з.д. ІІІ ғасырдан б.з. Ү ғасырына дейін өмір сүрген. Толассыз сапырылысқан ұрыс – қырқыстардан әлсіреп, басып кірген тайпалармен араласып, олардың кейбіреуін өздеріне сіңіріп алып отырған. Десе де, тереңнен тартылған тарихтың сірі жібі үзілмей үйсіндер қазірге дейін жетіп отыр. Оның ақиқаты тілімізде үйсін атауының, үйсін ұрпақтарының сақталып қалуы. Және бір көңіл аударып қарап өтетін мәселе — үйсіндердің тілі. Тарихшылар, тілшілер жалпы ғалымдар сақтардың, ғұндардың, үйсін – қаңлылардың нақты қай тілде сөйлегені туралы өте бір ашыла пікір айтпайды. Мен де көптеген сөздердің этимологиясына үңіле жүріп, кейбір сөздердің бастапқы үйсіндер қолданған мағынасынан онша ұзай қоймағандығын анықтадым. Мысалы: Жалаңаш аймағында «Қобының жазығы» деген жер атауы бар. Қытай жерінде көлемді жерді алып жатқан Гоби шөлі салыстыра келе екеуінің үйсіндердің немесе түркілердің «кебу», «сусыз», «шөлді» деген мағына беретіндігіне тоқтадым. Сол сияқты қытайдың «Гансу» атауы да қытайланған көшпенділердің «Кеңсу» атауынан туындауы мүмкін. Үйсіндер туралы 2007 жылдары жазылған мақаламда да үйсін атауы ретінде Шонжы туралы айтып өткенмін. Үйсін патшасы Елжау би немересі Жөншіге қытай ханшайымын қосады. Осындағы Жөнші атауы үйсіндердің сәл дыбыстық өзгерістермен бізге жеткен Шонжы атауымен сабақтас тәрізді.
Ізсіз – түзсіз жоқ болып кететін халық болмайды, қалай болғанда да олардың өмір сүрген кезінен аздап болса да белгілер қалады. Кезінде қытайдың Хан әулетінің өзі қуатымен санасқан үйсіндер отырықшы тұрмыс кешкен, қала салған яғни топырақтан там үйлер тұрғызып, қолөнершілдікпен, егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысқан. Оңтүстік өңірлердегі орта ғасырлардағы көптеген қалалар ежелгі үйсін қоныстарының үстіне салынғандығын, қазба жұмыстары үстінде табылған археологиялық жәдігерлер растап беріп отыр.
2016 жылдан бері Ш.Уәлиханов атындағы тарих және археология институының археологтары академик К.М.Байпақовтың басшылығымен Панфилов ауданының Үшарал ауылының солтүстік жағындағы ХІІІ –ХІҮ ғ.ғ. жататын қираған қаланың орнына қазба жұмыстарын жүргізуде. Көне қаланың сыртын қоршаған биіктігі соны аңғартады. Бұл қазба жұмыстары келесі жылдары да жалғасын табады.
Айтпағым, сөз басындағы келтірілген данышпан Абайдың өлеңіндегі айтылған жайды ойдан ұшырмау. Түп – тұқиянымыз болып келетін, негізіміз болып келетін үйсіндер тарихын тоқтатпай, қозғай беруіміз қажеттілігі туындап тұр.
Молот СОЛТАНАЕВ,
ақын, ҚР Білім беру ісінің үздігі,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
«Жаркент айнасы»
газетінің Бас редакторы.