Бейсенбі күні аудандық Мәдениет үйінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев Панфилов ауданының тұрғындарымен кездесу өткізіп, есеп берді. Бұл басқосуға Жаркент қаласы мен ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік мекемелердің басшылары, облыстық мәслихаттың депутаттары мен аудандық мәслихаттың депутаттық корпусы, құқық қорғау органдарының басшылары, аудандағы колледждер мен жалпы орта білім беретін мектептердің директорлары, аудандық ардагерлер Кеңесі мен әйелдер Кеңесінің жетекшілері, мемлекеттік емес қоғамдық бірлестіктердің, жастар ұйымдарының, орта және шағын бизнес нысандарының өкілдері, тағы басқалар қатысты.
Жетісу облыстық мәслихатының хатшысы Гүлнәр Қожағұлқызы Тойлыбаева кіріспе сөз сөйлеп ашқан жиналыста облыс әкімі Б. Исабаев есепті баяндама жасады. Өз сөзін:
– Биыл күллі ЮНЕСКО көлемінде Қазақстанның халық суретшісі, қазақ бейнелеу өнерінің атасы, өздеріңіздің жерлестеріңіз – Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығы аталып өтуде. Мерейтой қарсаңында Талдықорған қаласындағы облыстық Көркемөнер галереясының алдында қылқалам шеберінің ескерткіші орнатылды. «Тұғыры биік тау тұлға» атты республикалық мерейтойлық конференция, сонымен қатар Әбілхан Қастеевтің кіндік қаны тамған жері – Шежін ауылында кәсіпқой суретшілердің қатысуымен республикалық іс-шара ұйымдастырылды. Баяндамамды бастамас бұрын, Сіздерді Әбілхан атамыздың осы 120 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! –деп бастаған аймақ басшысы одан кейін негізгі баяндамаға көшті.
Баяндамада атап өтілгендей есепті кезеңде облыста әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени салаларда едәуір ілгерушілік байқалды. Атап айтқанда, 2023 жылы облыстың экономикалық өсуі 112,6% болды. Бұл – республикадағы жоғары көрсеткіш. Биыл да атқарылған жұмыстардың нәтижесінде оң динамика сақталып, 9 айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасының барлық салаларында өсім қамтамасыз етіліп, қысқа мерзімді экономикалық индикатор 112,4%-ды құрады. Ауыл шаруашылығындағы өсім – 4,3%, өнеркәсіпте – 5,6%, тұрғын үйді пайдалануға беру 15,3%-ды құрады, құрылыс жұмыстары және сауда көлемі 1,4 есеге өсті. Өңірге 28,4% өсіммен 285,4 млрд. теңге инвестиция тартылды. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы саласына 24,4 млрд. теңге инвестиция тарта отырып, жыл соңына дейін 10 жаңа нысанды іске қосып, 3 нысанды кеңейту жоспарланды. Бүгінгі күнге 3 жоба іске асырылды. Аталған бағытта жұмыстар жалғасуда. Өңдеу өнеркәсібінде биыл 6 нысан пайдалануға берілді. Қазір облыста цемент, аккумулятор батареялары, керамика плиткаларын шығару жолға қойылып, құрама жем, күн панельдерінің өндірісі дамуда. Инвестициялық жобаларды іске асыра отырып, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, автокөлік және теміржол желілерін салу жұмыстары нәтижелі жүргізілуде. Биылғы жылы 39,2 млрд. теңге бөлініп, облыстық деңгейдегі 193 шақырым және 54 елді мекеннің ішкі жолдары жөнделді. Балқаш көліне дейінгі 132 шақырым жолдың құрылысы келесі жылғы туристік маусымға дейін толық пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Лепсіден Балқаш көлі жағалауына жарық, су және кәріз құбырларын тарту жұмыстары қарқынды жүруде. Бұдан бөлек, «Талдықорған – Үшарал» және «Жаркент – Қорғас» автомобиль жолдарына асфальт жамылғысы төселіп, көлік қозғалысы қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін автожолдар пайдалануға беріледі. Көкталдан Сарыөзекке дейінгі қалған жол учаскелері келесі жылы жасалып бітеді. Аталған жұмыстар толық аяқталғаннан кейін облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 94%-ға жетеді. Облыста негізгі екі экономикалық өсу нүктелері бар, оның бірі – Алакөл ауданындағы «Достық» станциясы болса, екіншісі – Қорғас торабы. Қытаймен шекаралас жатқан бұл аймақтардың транспортық-транзиттік әлеуеті зор. Облыста өңірлерді жүйелі түрде табиғи газға қосу жұмысы кезең-кезеңмен жүргізілуде. Жалпы 2028 жылға дейін 192 елді мекен газға қосылады. Қазіргі уақытта 39 өңірге газ тартылып, 337,9 мың адам газға қол жеткізді. Биыл тағы 24 елді мекен, келесі жылы 63 елді мекен газбен қамтылып, соның нәтижесінде Панфилов – Кербұлақ – Талдықорған аралығындағы 126 елді мекен көгілдір отынға қол жеткізеді. Сонымен қатар 19 тамыз күні «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы басталды. Жоба келесі жылдың соңында аяқталады деп күтілуде.
– Бұл шаралардың барлығы экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған, – дей келе облыс әкімі Панфилов ауданындағы жағдайға тоқталды.
Жазиралы Жаркент жері – ауыл шаруашылық, өндіріс, логистика салаларын жан-жақты дамытуға қолайлы, аграрлық бағыттағы өңір. Облыс экономикасында айтарлықтай үлесі бар. Ауданның ауыл шаруашылығы саласында биылғы 9 айдағы өсім – 3,6%-ды құраған. Ауыл шаруашылығы дақылдары 44 мың гектарға себілген, оның басым бөлігі, яғни 23,4 мың гектары дәнді жүгері. Қазіргі уақытта ауданда астық жинау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, себілген масақты дәнді дақылдар толық жиналып, 1160 тонна астық орылды, өнімділік гектарына 24 центнер құрады. Ал, себілген 23,4 мың гектар жүгерінің 14,6 мың гектары жиналып (62%), 101 мың тонна өнім алынды, гектар өнімділігі басқа өңірлерге қарағанда едәуір жоғары, яғни облыс бойынша өнімділік гектарына 69,9 центнер болса, ауданда көрсеткіш 72 центнерді құрап отыр. Дегенмен, диханшылар заман талабына сай инновациялық технологияларды қолданып жұмыс атқарса, бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.
Жүгері дақылының төңірегіндегі өткен жылғы кездесуде көтерілген екі мәселе шешімін тапты. Атап айтқанда, Алмалы ауылындағы қырман бюджет қаржысына жөнделіп, қолданысқа берілді. Екінші, алынған өнімді терең өңдеуге өткізетін шаруашылықтарға тоннасына төленетін субсидияның көлемі 6 мың теңгеден, жергілікті бюджет есебінен 10 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. «Жаркент крахмал-сірне» зауыты былтыр 80 мың тонна жүгері қабылдаса, биылғы жылы 100 мың тонна жүгері қабылдауды жоспарлап отыр.
Ауданның тағы бір әлеуеті – бау-бақша шаруашылығы. Облыс бақтарының 44%-дан астам алқабы осы ауданда орналасқан. Ең ірі бау-бақша шаруашылығы – 1004 га бақ алқабы бар «Жаркент Фрукт» серіктестігі. Бүгінгі күні бұл шаруашылық тек жемісті өсіріп сатумен айналысуда. Ауданда жеміс-жидек өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар жоқ. Сондықтан осы бау-бақша шаруашылығының әлеуетін ескеріп, өнім өңдеуді қолға алу керек. Жеміс-жидек, көкөніс шаруашылығының тағы бір үлкен мәселесі бар, ол заманауи талаптарға сай қойма ашу, халықтың маусым аралығында көкөніске қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жылыжай шаруашылығын дамытуға баса назар аударған жөн.
Ауыл шаруашылығының келесі мәселесі – ирригациялық желілер жүйесін дамыту. Аудандағы Тышқан, Өсек, Қорғас өзендерінде үш су қоймасын салу үшін облыстық бюджеттен 67,6 млн. теңге бөлініп, техникалық-экономикалық негіздемелер дайындалуда.
Ауданда осы жылдың 9 айында төрт түліктің саны өскен. Әйтсе де, өткен кездесуде нақты тапсырмалар берілсе де, ет, сүт өндірісі артқанымен мал бордақылау алаңдары 70%-ға, екі тауарлы сүт фермалары 50%-ға ғана жүктелген. Осы орайда жергілікті билік облыстық ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және индустриялық — инновациялық даму басқармаларымен бірлесіп, қолда бар әлеуетті толығымен пайдалана отырып, тауарлы сүт, ет фермаларының жүктемесін арттыру және ауыл шаруашылық тауарларын өңдеу кәсіпорындарын ашу бағытында нақты жоспарлы шаралар қабылдауы қажет
Ауданның өнеркәсіп саласында биылғы 9 айда 6,1% өсіммен 18,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілді, ал жыл соңына өнеркәсіп өнімінің көлемін 32 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Бұған ауданның толық мүмкіндігі бар, сондықтан нәтижеге қол жеткізу керек.
Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмады. Бүгінгі күні тұрғын үй кезегінде аудан бойынша 5370 адам тіркелген. Кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында нақты шаралар қабылдануда. Жыл басынан бері 280 отбасы тұрғын үймен қамтылды.
Сондай-ақ Жаркент қаласынан несиелік 60 пәтерлі екі тұрғын үйдің, «Самұрық-Қазына» АҚ арқылы 80 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, осы жылы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарына арналып, 100 тұрғын үй сатып аламыз.
Бұдан бөлек, өткен кездесуде тұрғындар көтерген мәселені шешу үшін Нұркент қалашығындағы 120 пәтерлі үйдің сыртқы инженерлік желілерінің құрылысы жүргізілді. Қараша айының соңына дейін кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Нәтижесінде биыл 700 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, кезек 5370-тен 4670-ке дейін немесе 13 пайыз азаяды. Бұл облыстағы жоғарғы көрсеткіштердің бір.
Өңірдегі 42 елді мекеннің 41-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ауыз судың сапасын жақсарту мақсатында биыл республикалық бюджеттен 3,8 млрд. теңге бөлініп, 5 ауылда (Еңбекші, Көктал, Надек, Қырыққұдық, Шолақай) су құбыры желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Еңбекші, Көктал, Нәдек ауылдарында құбырлар биыл жыл соңына дейін жаңартылады. Жиделі ауылын орталықтандырылған су жүйесіне қосу мақсатында 20 млн. теңгеге блокты — модульдік кешен орнатуға смета жасалды. 2025 жылдың бюджетін қалыптастыру кезінде қаралатын болады.
Облыс әкімі баяндамасының соңында өткен жылғы желтоқсан айындағы кездесуде өңір тұрғындары көтерген 9 проблемалық мәселелер бойынша атқарылған шараларға тоқталып, бүгінгі күні соның 4 мәселесі оңды шешімін тапқанын жеткізді. Қалған 5 мәселе бойынша да қарекет жасалып, Жаркент қаласындағы 11 үйге орталықтандырылған табиғи газ жылыту үшін блокты-модульді қазандықтарға жобалау сметалық құжаттарын әзірлеуге 93,4 миллион теңге бөлінді. Сараптама қорытындысы биылғы жылдың желтоқсан айында шығады.
К. Сәрсебаеваның өтініші бойынша Жерұйық ауылында бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория салуға жер бөлінді. Бүгінгі күнге бюджеттен 10 миллион теңге қарастырылып, жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. 2025 жылы құрылысын бастауға республикалық бюджетке өтінім берілді.
Абдухамит Хамраевтың сұрағы бойынша Жаркент қаласының «Туркво» шағын ауданын газдандыру жұмыстары тамыз айында аяқталып, қолданысқа берілді. Шамиев көшесін газдандыру жұмыстарын желтоқсан айында аяқтау жоспарлануда. «Өсек» шағын ауданын газдандыру жұмыстары 2025-2026 жылдары кезең-кезеңмен атқарылады.
Еркін Ақмырзаев алға тартқан «Әшір» магистралдық каналының ағымдағы жөндеу жұмыстары су жүйесін қайта қалпына келтіру кешенді жоспарына енгізілді. Бұл канал «Қазсушар» мекемесінің теңгерімінде болғандықтан, Су ресурстары және ирригация министрлігі 2025 жылға республикалық бюджеттен жобаны әзірлеу үшін шамамен 174,4 миллион теңге қаржы қарастыруда. Канал құрылысын 2026-2027 жылдарға жоспарлап отыр.
Азикен Карипжановтың сұрағына сәйкес ауданның ішкі шаруашылық магистралдық каналдарының құқық танушы құжаттарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Баяндамадан соң облыс әкіміне залдан сауалдар қойылды. Алғашқы болып сауал берген Гүлжанат Батырбекова Жаркент қаласындағы Б. Момышұлы атындағы лицей ғимаратының тозығы жеткенін, күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететіндігін ата-аналар атынан жолдады. Көктал ауылының тұрғыны Оразақын Саудабаев та Абай атындағы орта мектепте балалар үш ауысымда білім алатынын, соған байланысты мектеп ғимаратын кеңітуге көмектесуін сұрады.
Сапар барысында облыс әкіміне Жаркент қаласындағы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырыс беруі арқылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салына бастаған 1200 орынды мектеп құрылысы таныстырылды. Мектеп құрылысы өткен жылдың 25 тамызында басталған. Қазір мұнда жаңа жайлы білім ошағының құрылысына бөлінген 3,1 гектар аумақ қоршалып, жалпы 12 721,71 шаршы метр жерге орналастырылған мектеп ғимараттарының құрылыс жұмыстары аяқтала бастаған. Жобалық сметалық құжаттары дайын. Құрылыстың жалпы құны 6 059 968 381 теңге, «Жайлы мектепті» құрылысын бастан аяқ салуды «BIGLOBAL» ЖШС өз міндетіне алған. Серіктестік құрылысшылары үстіміздегі жылы 1 қарашада «Жайлы мектепті» пайдалануға беруді көздеп отырғанын ЖШС бас директоры Данияр Оспанов баяндады.
Бұдан кейін Бейбіт Өксікбайұлы Жаркент – Қорғас тас жолы құрылысының ағымдағы жағдайымен танысты. Қазіргі таңда, автожолдың 32 шақырымына төменгі және үстіңгі қабаттарынан тұратын жаңадан асфальт бетон жабыны төселді. Бұл ретте, автожолды жайластыру мақсатында, Қорғас елді мекенінде жарықтандыру мен тротуарды орнату жұмыстары аяқталды.
Сонымен қатар, Ақкент және Ават ауылдарының арасындағы ұзындығы 1300 метрлік тротуарды орнату, Қырыққұдық, Алтыүй, Ақкент және Ават елді мекендерінде сыртқы жарықтандыру тіректерін және 16 жаяу жүргіншілер өткелдерінде жарықтандыру жүйесін орнату жұмыстары аяқталу сәтінде. Жобаның жалпы құны 3 миллиард теңге. Үстіміздегі жылдың маусым айында «Нұрлы жол-7» ЖШС жұмысын бастаған жол құрылысы осы қазан айының соңына дейін толық аяқталуға тиіс. Қазір жол құрылысына 10 техника, 18 адам жұмылдырылған. Жұмыстың барысы туралы облыс әкіміне «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Жетісу облыстық филиалының директоры Нұрқат Ақылтаев баяндады.
Осылайша өңірдегі іргелі істерді өз көзімен көріп, көпшілікпен жүздескен аймақ басшысы аудан әкіміне тиісті тапсырмаларын беріп, облыс орталығына жол тартты.
Нұрәділ БЕГІМБЕТ
Мырзағали НҰРСЕЙІТ