Қазақ – тумысынан ойшыл халық. Ел арасында «Жас келсе іске…» деген құлақ құрышымызды қандырып, жанымызға қанат байлаған ежелден келе жатқан мәні зор мақал бар. Бұл – осы ұлан даланы жайлаған жұртымыз өзінен кейінгі өскелең жастардың қолтығына демеу болып, бойына жігер, жүрегіне батылдық беру үшін, қайталай отырып құлақтарына құйып, санасына сіңіріп жасынан әрекет етуге үндеген сөздері.
«Өсер елдің баласы, он үшінде баспын дейді» деп басталатын насихат сөзге құлақ артсаңыз талай түйіткілді дүниенің өрімін тарқатасыз. Осынау кемелді ойды елдің жетекшісі де жалғастырып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауынан қуаттанған барлық жердің жастары іс-қимылға бел шеше кіріскені белгілі. Жолдаудағы Президентіміздің «Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық бәрі өз қолымызда. Сондықтан, баршаңызды «Жаңа Қазақстанды» құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Халықтың қолдауымен мақсатымызға жетеміз деп сенемін» деген сөздері ойы ашық, санасы жүйрік, жүрегі елім деп соғатын жалындап тұрған жастарға жеткілікті. Осы орайда ауыл балаларының өркені өссін деп, мектеп қабырғасын бітіріп, бірі студент атанып, енді бірі әр салада жұмысшы болып болашақта жоғары оқу орнына түсуге ұмтылып жүрген жастардың жігерін ұштап, арманының орындалуына бағыт сілтеп, көмек қолын созатын «Жаңа Жаркент» қоғамдық бірлестігінің атқаратын игілікті қызметі мол.
Қоғамдық бірлестік құрылып, әр сала өзінің атқаратын бағыттарын айқындап алған соң жылдың басында ауданға келіп, ең алғашқы жиынын өткізді. Бұрындары Жаркент жерінің өркендеуіне ат салысқан және әлі де қызмет көрсетіп келе жатқан көзі қарақты, көңілі ояу ер азаматтарын шақырып, тұсау кесерін жасап, алдағы атқаратын мақсат-мүдделерімен таныстырып, аузы дуалы қариялардың батасын алды. «Жаңа Жаркент» қоғамдық бірлестігі өздерінің атқаратын қызметтерінің бағыт-бағдарын айқындап, сол бойынша нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді.
Білім саласы бойынша оқу кампусы, ғылыми олимпиадалық бағдарлама жасалынып, семинар-тренингтер өткізу, сынып жетекшілері, тәрбиешілер курстарын ұйымдастыру жобаланған. «Білім қалар артыңда, ғұмыр сырғып жоғалар» деген Махмұд Қашқари сияқты ғұламаның ұлағатты сөзін бетке ұстаған жампоздар білім жайлы ойларын былай дамыта түскен. «Бүгінгі біздің жетістігіміз – кешегі істеген іс-әрекеттеріміздің жемісі. «Халық пен халықты, адам мен адамды байланыстыратын кілт – білім десек, расында, ешкімнен қаймықпайтын, құлағы сергек, көкірегі ояу, жан сарайыңды жібітетін, өркениеттің ғарыштап дамуында ғажап идеялар, дархан істер, ғаламат жоспарлар жасайтын ұрпақты тәрбиелеудің ең алғашқы тізгінін ұстайтын нәрсе – білім» деп алғашқы қатарға білімді шығарады.
Мәдениет саласы бойынша айтыс, сурет, дәстүрлі және эстрадалық ән үйірмелері арқылы жаңа шығып келе жатқан әншілерге көмек көрсету. Оқушы жастар арасында «Кітап фест» кітап оқу жарысын ұйымдастыру. Жоғары сынып оқушыларына бағыт-бағдар беретін әртүрлі тренингтерін өткізу қарастырылған. Осы тұрғыдан алғанда Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының әртүрлі факультеттерінде білім алып жатқан Жаркенттік студент жастарға тегін ағылшын тілін үйрететін курстар ашып, оларға қатысып жүрген жастарға нәтижелі көмек көрсетілуін айтып өтуге болады. Мұнда да негізгі табан тірер тұғыр етіп ғұламалардың жарқын ойлары алынған. «Ұлттың ұлағаты – мәдениетте, мәдениеттің ұлағаты – оқу мен әдебиетте», – деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаларға танылады. Осы мақсатта ұлттың рухани болмысы мен таным зердесін танытатын негізгі орта жас буынды қалыптастыруда жұдырықтай жұмыла іске кірісу қажеттігі айқын деп өздерінің негізгі бағыттарын айқындайды. Осылай дей келе атқарып жатқан істерін:
«Тән көмілер,
Көмілмес еткен ісім.
Ойлайтындай мен емес бір күнгісін
Жұрт ұқпаса, ұқпасын,
Жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін», – деген Ахмет Байтұрсынұлының өлеңімен қорытады.
Халық арасында әртүрлі шаралардың жайыла өркендеуіне мұрындық бола отырып, рухани-ағартушылық бағытын ұстанып түрлі оқырмандар клубын ашуды жолға қою және әртүрлі тақырыптарда қоғамдық лекциялар оқуды ұйымдастыруды жолбасшы етіп алған. Бүкіл әлем заманауи технология тілін меңгеруде, жаһандану дәуірінде рухани құндылықтардың мәні бұрынғыданда артып келеді. Абай атамыз: «Адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез арқылы ғана озады», – дейді. Ақын білім мен мәдениеттің биік белестерге жетелейтін тәрбие құралы, ауадай қажет адамның ішкі рухани тірегін осы төрт қасиетпен байланыстырады деп «Жаңа Жаркенттіктер» рухани тәрбиеге көңіл аударуды алғашқы жолға шығарады. Жаңа замандағы ғылымды алдыға шығаруды көздейді. Ежелгі дәуірдің философы Аристотельдің «Ғылымда ілгері ұмтылғанмен, адамгершілігі ақсап жатса, ондай адамның алға басуынан гөрі, кері кетуі тезірек» деген сөзі ұлттық сананы қайта қалыптастырып, рухани-ағартушылық жолында жасалған бәсі биік қадамдарымыздың дұрыстығын дәлелдей түседі деген қағиданы өз жұмыстарына арқау етеді. Алдынғы толқындағы өз болмыс, бітімін жоғалтпас үшін арттарынан ерген жастарға осы қасиетті бойларына сіңіруді ойлайды.
«Жаңа Жаркент» қоғамдық бірлестігінің жастарының кәсіпкерлік жөніндегі ой-тұжырымдары әрбір танысқан жастарға бағдаршам іспеттес. «Кәсіп – бақыттың шырағы, еңбек – ырыстың бұлағы». Қазақта «Еңбеккке бейім болсаң, қатарыңнан кейін болмайсың. Еңбегі аздың өнбегі аз». «Кәсібіне қарай – нәсібі» деген аталы сөздер бар. Бүгінгі бос отырыс ертеңгі көз жасқа айналуы әбден ықтимал. Мемлекетімізде соңғы жылдары кәсіпкерлерге, кәсіп бастағысы келетін азаматтарға ерекше қолдау көрсетіліп, қомақты қаржы бөлінуде. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектің жолында жұмыс істеу керек» демекші, бірлестікте дамыған заманда «Жаңа Қазақстанды» дамытуға ниетті жастарымызға кәсіпкерлік негіздері сабақтары мен қайырымдылық шараларын жүргізу қарастырылған. Олары да нақты іспен жүзеге асуда. Ал кәсіпкерлік тұрғыдан бизнес негіздерін үйрету, қайырымдылық қоры арқылы мұқтаж жандарға көмек беру сияқты қомақты болашағы бар жұмыстарды қолға жинақтапты.
«Ақыл – жастан, асыл – тастан» демекші өзегінде елдік оты бар азаматтарға ой салу мақсатында «Оқығандар! Бұл уақыт жан тыныштығын іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойлаңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғамыз, олай болса, мойынымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» деген Алаштың біртуар ардақтысының бірі Жүсіпбек Аймауытұлының үлгі сөзі алыныпты. Бұл да бір белгілі қоғамдық істі көздеп алынған, мақсаткерлікті дәріптейтін ұлағаттар.
«Жаңа Жаркент» қоғамдық бірлестігі құрылғалы бергі айларда оның басында жүрген азаматтар сөзбен істің бірлігін көрсетуде. Сөзіне қарап риза болып, атқарып жатқан істеріне қол соғасыз. Бүкіл жұртшылықтың қолдауына ие болып, ел арасындағы патриоттық рухты жандандыру аясында өткізілген, небір апайтөс жігіттер қатысқан «Алыптар айқасы», «Жаркент бөрісі», «Ту» тұғырын орнату жұмыстарын атқарды. Әр ауылдың төрінде көк тудың зәулім биікте желбіреп тұруын ұйымдастыру сияқты республика көлемі таңырқап құптаған, өзгелерге үлгі етерлік шараларды өткізуге мұрындық болды.
«Денсаулығың бар кезде жүгірмесең, аурушаң болғанда жүгіруіңе тура келеді» деген Горацийдің сөзін ту етіп көтерген бірлестік мүшелері аз уақыттың ішінде көп іс бітірді. Абайдың «Қатар жүрсін ақылың қара күшпен» деген ғақыл сөзін қатар ұстанған бірлестіктегілер өлкеден шыққан жастарды дүниежүзілік ареналардан көргісі келетінін, ол үшін оларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жарнамалап келеді. Бұқаралық және ұлттық спортты дамытуға барынша ат салысып «Атымтай жомарттық» көрсету, яғни, ауданның ауылдық жерлеріндегі бірнеше спорт залдар мен кешенінің бой көтеруі осы бірлестіктің арасында жүрген азаматтардың абыройлы ісі.
Осы игілікті істердің басы-қасында жүрген, «Жаркент Алғыр» компаниясының директоры, «Жаңа Жаркент» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, белгілі кәсіпкер Жалғас Алтынбек өзі туып-өскен Тұрпан ауылына Күрес мектебін салып берсе, осы бірлестіктің белді мүшесі, кәсіпкер Айдын Есенов Сарыбел ауылына Спорт мектебін тұрғызып, халықтың пайдалануына берді. Түркиядан оқып келген Данияр деген азамат Пенжім ауылынан қоры 100 млн теңге тұратын екі қабатты медресе салғызып жатыр. Алмалы ауылының жігіттері үлкен жабық футбол алаңын тұрғызып, осы желтоқсан айына бітірмек. Шетелге жарысқа шығатын палуандарымыздың да қаражатын көтеріп алып жатқан атын үлкен әріппен жазатын жігіттер көп. «Жаңа Жаркент» қоғамдық бірлестігінің атқарып жатқан жұмыстардың ішіндегі тек ауданның, ауылдың ғана емес, өз өлкесінің тарихын жете білгісі келетін кейінгі ұрпақтарға, туған жерін елін сүйетін адамдарға ауадай қажет болып қозғалыс тудырған көне дәуірден басталатын көп томдық Суан елінің, жерінің тарихын жаздырту жұмысы. Алматы қаласындағы жоғары оқу орнының кәсіби маман тарихшылары қолға алған Суан елінің тарихының да алғашқы тыңдалымы өтті, бұл игілікті істе нәтижелі аяқталып болашақта жұрт қолына тиіп қалар деген сенімдеміз.
Молот СОЛТАНАЕВ