Елдің ертеңін ойлайтын әр азамат өзінің қоғам алдында қандай міндет арқалап жүргендігін түсінер кезден өтіп, заманауи құбылыстарды ой елегінен сараптайтын шақта өмір сүріп жатқаны белгілі. Қоғамда күнделікті өмірде болып жатқан күрделі өзгерістерді сыни тұрғыдан пайымдаудың өзі де адамнан белгілі бір танымдық ілімді талап етеді. Бұл дүниелерді де адамдар игерген секілді. Табиғи қажеттіліктен бұрын әрбір азаматқа ұлттық мүддені жоғары қоймай, ілгері жылжудың, мәдени құндылықтарды игерудің көкжиегі ашылмайды.
Әр аймақтың өз даму ерекшеліктерінің болуы шаруашылық пен өндіріске осы заманғы дамыған технология енгізгеніне, жетілген құрал-жабдықтарды барынша пайдалануынан көрінеді. Мұндай мысалға біздің Жаркент өңірінің ауаны қай жағынан алып қарасаңызда қолайыңызға сиып тұр. Қазіргі заманғы жастарды ұлттық құндылықтарды бағалаушы, оны көзінің қарашығындай сақтаушы, елжанды етіп тәрбиелеуде құры көпірме сөзбен, құрғақ уәдемен ұшпаққа шығара алмайсыз. Алдыңғы толқындағы ағалардың басты міндеті жас ұрпақты қоғам ісіне, елдің ертеңіне қызмет ететін үлкен жүректі азамат етіп шығарудың жаңа, тиімді жолдарын бүгінгі күннен бастап қарастырғаны абзал.
Әр елдердегі ғалым-сарапшылардың көзімен қарасақ Қазақстан жер асты мен үсті қазынаға бай және оның ресурсы әлі толықтай зерттеліп бітпеген, әлеуеті аса зор үлкен мемлекеттің бірі ретінде қарастырылады. Сондықтан да көп шет елдердің қызығушылығын оятып, мына заманда дамыған экономикалық интеграциялық аймақтың басты көзінің біріне айналуда. Келешекке көңіл көзімен қарасақ жаңарған Ұлы Жібек жолынының мұрагері, дүниежізілік сауда қарым-қатынасының өзекті алтын көпірінің бірі Жаркент болашақта алып құрылыс алаңына айналмақ. Бүгінгі күні де ондаған мемлекеттердің шаруашылықтың әр саласындағы мүддесі тоғысатын халықаралық экономикалық нысанның бірі болып тұр. Заманында осы тоғыз жолдың торабында орналасқан ірі сауда жолын ырқына бағындыру үшін қаншама елдердің арасында қантөгіс ұрыстар өткені тарихтан белгілі. Ең алып екі елмен ұзын шекара да бізбен шектесіп жатыр. Осындай шақта біздің аудан басшыларының алдында атқарылар біршама жауапкершілік жұмыстар тұр.
Әлемде мынандай алағай да, бұлағай мәселелер ушығып тұрған кезеңде болашағын ойлайтын елдер қару-жарағын түгендеп, қазіргі заманғы жаңа технологиямен басқарылатын қаруларды жетілдіріп, оны игеретін жоғары деңгейдегі кәсіби мамандар дайындап жатқаны белгілі. Ешкімге есесін жібермейтін қарулы күштерін қамдап жатқан тұста біздің де етек-жеңімізді жинап, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеп, әскери техникаларымызды жаңартып, ғылыми жетістіктерді қорғаныс саласына бағыттап, кез-келген оқыс оқиғалардан қамсыз қалмағанымыз дұрыс шығар. Бүгінгі таңда алып мемлекеттермен шекаралас отырған соң, әрі әрлі-берлі ағылып өтіп жатқан адамдар легімен қауіпсіздік қызметін тиісті дәрежеде атқару үшін, тағы басқа да мәселелер біздерге үлкен жауапкершілікті жүктейді.
Жаркент өңірінде де демографиялық өсім артып, халқының саны жағынан облыстағы басқа аудандарға қарағанда жылдам өсіп келеді. Жыл сайын көктемде және күз айларында мемлекет басшысының жарлығына сәйкес әскерге шақыру науқаны басталады. 18-27 жас аралығындағы қызмет етуге тиісті еліміздің азаматтары Қарулы Күштер қатарына, Ұлттық Ұланға, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелеріне, Мемлекеттік Күзет қызметіне борышын өтеуге шақырылады. Осы жастарымыздың көпшілігі мектеп бітіріп, оқу орнына іліге алмаған, жасы ел алдындағы азаматтық борышын өтеуге толған кешегі түлектер. Оларға да мүмкіндік жасалғанда оқу орнына түсіп, таңдаған мамандығын алып шығар еді. Мектеп бітірген түлектердің ішінен әскери қызметті қалаған талаптылары мен отбасы тарапынан қаржы жағынан қамтамасыз етілген біршамасы Алматы, Астана сияқты ірі қалалардағы әскери оқу орындарына құжаттар тапсырып, курсант атануға тырысады. Амал нешік, кейде олар емтихандарда өздеріне қойылатын талаптардың үдесінен шыға алмай, қабылданбай жатады. Егер де сол оқушыларымыз әскери мектептерді бітірсе, барлық емтихан сұрақтары мен практикалық тапсырмаларды қалыптағыдай тапсырып, бірден түсіп кетер еді. Жоғары әскери оқу орындарын, институт, академия бітіріп, Қорғаныс саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген ел азаматтары жетерлік. Бір ғана мысал ретінде алар болсақ, 1980 жылдардан бері Басғұншы аулындағы И. Крылов атындағы орта мектептің 25 түлегі шекарашылар оқуын тауысқан офицер болса, оның 1-еуі Қаржы полициясының генерал-майоры шеніне дейін көтеріліп, елімізге абыроймен аянбай қызмет етіп жүр. Ал, олардан басқа 8-і Ішкі істер министрлігінде жоғары шенді офицер. Сонда бір мектептің өзі елімізге 34 әскери қызметкер дайындап шығарып беріп отыр. Сол сияқты мен өзім тікелей білетін Алмалы орта мектебінің түлегі Ө. Әбдіманапов ұзақ жылдар қызмет атқарып, ҰҚК Шекара қызметі подполковнигі дәрежесінде зейнетке шықты.
Түптей келгенде айтпағымыз, шекара қорғау ісі бекемденсін және одан әрі жандансын десек жаңалықты бастама ретінде Жаркентте Жас Шекарашылар мектебін ашуды қолға алсақ. Бұл Жетісу облысы бойынша ашылған тұңғыш әскери мектеп болар еді. Сәл түсініктеме бере кетсек. Қазақстанда республикалық деңгейде кәсіби мамандықтың алғышарты іспеттес үш әскери мектеп бар. Олар шәкірттерді негізгі сыныптардан әскери қызметтерге баулуға арналған Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларында орналасқан. Былтырғы жылы Атырау қаласында «Сармат» әскери мамандандырылған мектебінің ашылғандығы жөнінде «Айқын» газетіне мақала жарияланды. Одан бөлек Павлодар облысында Қабанбай батыр атындағы мамандандырылған әскери мектеп-интернаты бар. Алматыдағы әскери мектеп-интернатына біртуар батыр Бауыржан Момышұлының есімі берілсе, Шымкент кадеттері білім ордасына жерлесіміз генерал-майор Сабыр Рақымов, ал Қарағанды мектебі даңқты ұшқыш Талғат Бигелдиновтің есімін иеленіп отыр. Аты аталған мектептер Қорғаныс саласының әскери кадрларының құрамын кәсіби офицерлермен толықтыруда. Шекара аймағына орналасқан Жаркентте әскери мектеп ашылса оған кадрларды іздеудің де қажеті шамалы. Ізденсе шешуге болатын іс. Оған түп негіз болатын нысандарда бар. Өйткені ауданда бұрыннан орныққан әскери полк пен шекарашылар отряды орналасқан. Ол саладағы тәжірибеден өтіп сыналған тісқаққан кәсіби әскери мамандар шәкірттерді үйрету жағынан дала жаттығуларын жүргізуге дағдыланған. Теориялық оқытуға да дайын тәлімгерлер. Дуальды оқытуға материалдық база бар деп санауға болады. Әскери мектептен жан-жақты білім алып, одан кейін жоғары оқу ордасын бітіріп шыққан соң бұл мамандар республикадағы шекаралық өңірдегі әскери бөлімдерді лайықты офицер кадрларымен толықтырып, осы өңірдің өрендері қызмет жасаған жерлерінде отан қорғаудың жарқын үлгісін көрсетер еді. Егер Жаркенттен әскери мектеп ашылса уақыт өте келе облыстық, мүмкін республикалық деңгейдегі оқу орнына айналуға мүмкіндігі мол. Осындай үдерісті жағдайда әскери институттар мен университеттерге, жоғары деңгейдегі мамандар дайындайтын академияларға дайындықты осы оқу орнынан алып шығатын еді. Жаркентте әскери мектеп ашылып, оған қазіргі заманғы ұрыс жүргізудің хас шебері және әскери амал-тәсіліне досы тұрмақ жаулары аузын ашып таңданған Бауыржан Момышұлының шынайы ізбасары, Ауған соғысының батыры, «Қара майор» атанған полковник Борис Керімбаевтің есімі берілсе тіптен ел құптарлық іс болар еді. Бұл ұсынысымыз бекерден қойылып отырмағандығы жалпақ жұртқа түсінікті, ол ертеңгі күнгі ел қауіпсіздігін ойлаудан туындаған мәселелер. Осы кезегі келіп тұрған жауапты мәселені аудан әкімі Марат Рахымбердіұлы Сағымбек мырза жұршылықтың талап-тілегі, ұсынысы ретінде облыс әкіміне жеткізсе Жаркентте Әскери жас шекарашылар мектебін ашудың шешімі табылар еді. Бұл іс сонымен қатар жастарды әскери мектепке тарту ісі мен ертеңгі күнгі жұмыссыздық сияқты күрделі мәселені де шешуді оңайлатады.
Әскери тәртіптегі қызмет біздің қоғамда ең құрметті мамандықтар қатарынан табылады. Баласына жастайынан әскери тәрбие бергісі келетін ата-ана әскери орта мектепте оқу талаптары туралы іздейтіні белгілі. Әзірше осы әскери мектептер жөнінде қысқаша мәлімет беріп кеткенді жөн санадық. Әскери мектептерге оқуға тапсыру жүйесі жайлы ақпарат төмендегідей. Қабылдау тамыз айының 15-нен бастап жүргізіледі. Ал байқау 4 кезеңнен тұрады. Олар:
- Кәсіби-психологиялық саралау;
- Физикалық дайындық сынағы;
- Медициналық тексеруден өту;
- Байқау саралауы, сұхбат;
Айта кетсек бұл мектептерге 8-сыныптан қабылдау басталады. Мектептерге Қазақстан қарулы күштерінің офицері болуды армандайтын оқушылар қабылданады. Мектепті жақсы бітіргендерге жақын және шет елдердегі әскери жоғарғы оқу орындарында білім алуларына жолдама беріледі. Сонымен қатар, болашақта емтихандар ретінде қазақ тілі, математика, физика мен ағылшын тілі пәндері қосылуы мүмкін. Ескере кету керек, әскери мектепттер 2015 жылға дейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің қарауында болды. Ал қазір мектептер Қорғаныс министрлігіне қарайды. Бұл мектептің әскери біліктілігінің жоғары екенін дәйектейді. Демек әскери патриоттық рухтың да жоғары болатыны сөзсіз.
М.М. СОЛТАНАЕВ