Жаркент аймағының жер асты сулары Ақкент, Пенжім ауылында тереңдігі 20-30 метрге дейін болады. Шығыс бөлігінде жер асты еспе суларына әсер ететін өзендер жоқ. Еспе сулары ұсақ тасты шөгінділердің үстінде 10-15 метр тереңдікте орналасқан, олар топырақтың қалыптасуына ықпал етпейді.
Жаркенттен оңтүстікке қарай ерекше гидрологиялық жағдайлармен оқшауланған аудандар бар. Жер асты сулары жер бетіне жақын орналасқандықтан, жаз мезгілі соңына дейін одан да жоғары көтеріледі. Селдің тасқын сулары топырақты кейде артығымен дымқыл жағдайда ұстап тұрады. Өз бетімен ағатын су көздері ауданда жоқ. Тау беткейлерінің сайлы жерлерінде кішірек бұлақтарды кездестіруге болады.
Ауданның жер асты жылы су көздері орта және жоғары палезой және төменгі триас шөгінділерінен табылады. Судың температурасы 25-1500 С арасында. Олар емдiк сулар ретiнде және ауыл шарушылығында, жылыжайларда қолданылады.
Емдік қасиеті мол термоминералды сулар шығатын бiрнеше орын белгiлi: Кiшi Үсек, Қу-Арасаны, Көктал-Арасаны, Кермеағаш арасаны т.б. сондай-ақ шипалы батпақтар да бар. Кермеағаш батпағы, Құндызды батпағы және табиғи «Найзатапқан» арасандарымен де әйгілі.
«Қу-Арасан» Теңіз деңгейінен 1280 м биіктікте орналасқан. Бұл бұлақтарды «Қу-Арасан» немесе «Жаркент Арасан минералды сулар кені» деп атайды. Минералды су корбон кезеңінде қалыптасып фальзит-профирлерді тілгілеп өтетін тектоникалық белдемге шоғырланған. Палеозой эффузивінің тектоникалық жарығынан шығатын жылы сулы бұлақтар өзінің шипалық қасиетімен ертеден белгілі. 1983 жылы бұлақтар маңынан екі ұңғыма қазылған, бірінен су деңгейін 3,6 метрге, екіншісінен 12,2 м-ге төмендеткенде 3600 м3 су алынған. Ұңғымалардың суы жылы (26-360С), минералдығы 0,6-1,2 г/л, аз сілтілі (рН 7,8), химиялық құрамы сульфатты-хлорлы натрийлі. Судың құрамында кремний қышқылы 70-96 мг/л, фтор 7-8 мг/л, литий 0,62 мг/л, строний 0,5 мг/л, рубидий 0,02 мг/л, радон — эман т.б. элементтер бар. Ерітінді газдың құрамында азот (74%), оттегі (25%), көмір қышқыл газы (2,8%), аргон (0,7%), гелий (0,007%) кездеседі. Минералды судың дебиті 1,7-104 м3 тәуліктей, температурасы – 30,40 – 35,200 С, минералдығы 1-1,1 г/л. Минералды сулар сульфатты-хлоридті. Минералды су полимиелитке, радикулит, полиорит, қозғалу органдарының, қан жүру, жүйке жүйесінің және гинекология ауруларына шипалы. Қу-Арасан минералды суының қасында 1967 жылдан «Жаркент-Арасан» шипажайы жұмыс істейді.
«Жаркент-Арасан» бальнеологиялық сауықтыру орны. Бурақожыр (Қу-Арасан) су көзінің емдік қасиеті туралы мәліметтер XVII ғасырдан бері белгілі. Климаты: қысы жұмсақ, жазы қоңыржай. Ауаның орташа температурасы қаңтарда 50С, шілдеде 260С. Жауын-шашынның орташа мөлшері 700 мм.
Басты емдік қасиеті – ыстық (360С) радонды хлоридті-сульфатты натрилі суы (минералдануы 1,13 г/л), құрамында азот, фтор бар. Санаторийдің негізгі емі – құрамында радоны бар хлорсульфат натрийлі минералды су. Қан айналу, жүйке жүйесі, аяқ-қол, буын, тері және гинекология ауруларын емдейді. Климаттық факторлар (таудың шипалы таза ауасы, өсімдігі, табиғат ландшафтысы) кеңінен пайдаланылады физиотерапия, инемен емдеу, емдік дене шынықтыру қолданылады. Емдік ванна іш құрылысты шаю үшін қолданылады. Қазіргі кезде тәулігіне көлемі 50 м3 су беретін екі бұрғылау көзі жұмыс жасайды. Шипажайдың жатын орны 300 төсек. Емдеу түрлері: радон ванналары, суасты үгу, гинекологиялық сауықтыру, минералды суды мөлшермен ішу, стоматологиялық айықтыру, физоемдеу, балшықпен емдеу, ине терапиясы, оттегі коктейілі, үгу, механикалық үгу, таутуризмі, емдік дене шынықтыру. Мәдени және спорттық шаралар үнемі өткізіліп тұрады.
«Көктал — Арасан» Жаркент өңірінде балаларға салынған шипажай. 1961 жылы ашылған. Айнала қоршаған әсем тау қойнауында өзен жағасына орналасқан, балалар үшін емделуге, тынығуға мол мүмкіндік береді.
«Керімағаш, Кермеағаш» шипалы сумен емдейтін бальнеологиялық санаторий.
Алғаш рет 1986 жылы маусым айында Орта Азия бұрғылау экспедициясы Керімағаш ауылының жанынан 3000 м тереңдіктен ыстық су бұрқағын атқылатты. Бұл судың құбыр түбіндегі ыстықтығы 5000С, ал құбыр аузында 950. Жаркент қаласынан 40 шақырым қашықтықта Сарпылдақ ауылында, Іле өзенінің аңғарында орналасқан. Климаты – континенттік. Жазы ыстық, күзі жылы әрі ұзақ, қысы қоңыржай суық. 1990 жылдан жыл бойы жұмыс істейді. Мұнда тыныс алу органдары, ас қорыту, қанайналу, жүйке жүйелері, қимыл-қозғалыс мүшелері, тері, урологиялық, гинекологиялық ауруларын емдейді. Ем ретінде әлсіз минералданған, сілтілігі аз, сульфат-хлоридті, натрий-кремнийлі, құрамы фторға бай гипертермалды су пайдаланылады. Демалушыларға минералды суы бар ванна, сауықтырғыш минералдық ванналар, ішек шаю, гинекологиялық шаю, сылап булау, емдік гимнастика, парафин, оттегі коктейлі, душ шарко, мәрмәр тасты қыздырғышы мен бассейні бар сауна, бассейні бар душ, физиотерапиялық ем, массаж, т.б. қызметтер көрсетіледі. Минералды суының құрамы осындай шипажай тек Болгарияда ғана бар. «Керімағаш» шипажайы өзіндік дәстүрі мен тәжірибесі қалыптасқан емдеудің түр-түрін ұсынатын, салауатты өмірді дәріптейтін орын.
Қорғастың шипалы бұлақтары.
Қорғас минералды суы Жетісу Алатауының оңтүстік беткейіндегі Қорғас өзенінің шағын оң саласы – Арасан өңірі шатқалында орналасқан. Минералды су өзен арнасы мен оның екі жағасындағы граниттерден және оларды жапқан борпылдақ жыныстардан шығады. Судың жалпы ағымы – 4-5 л/сек. Шипалық қасиеті жағынан радиоактивті сулар екі топтан тұрады. Солардың бір тобы – сілтілі, минералдылығы аз, организмге шипалылығы радон және кремний қышқылының болуымен анықталатын температурасы жоғары жылы сулар – Талғар, Меркі, Қорғас, Жаркент-Арасан, Талды-Арасан, Қалба-Нарын, т.б. минералды су көздері. Бұл сулардың құрамында радоннан басқа: кремний қышқылы, бор, фтор, йод пен бром болады.
Ал Қорғас минералды суының минералдық құрамы хлорлы-сульфатты натрийлі, радиоактивті (радон 150-180 эман), сілтілі. Судың температурасы 37 – 52 0С . 0,27 – 0,29 г/л суда 60 – 70 мг/л кремний қышқылы, күкіртсутек, қорғасын, күміс, молибден қоспалары бар.
Қорғас ыстық бұлақтарын химиялық құрамына байланысты Ресей Федерациясының Алтай республикасындағы Белокуриха курорт суымен теңестіруге болады. Жер асты сулары жүйке, жүрек, қан таралу, қимыл мүшелерінің ауруларына шипалы.
«Үсек шипалы балшығы» – Үшарал ауылынан 32 шақырым жердегі Үсек көлінің шипалы балшығы. Бұл тұзды балшық (тұздылығы 35-150 г/л) түріне жатады. Шипалы балшықтың аумағы 650 мың м, жалпы қоры 27 мың м3, ылғалдылығы 47,07 %, меншікті салмағы 1,55 г/см3. Химиялық құрамы хлоридті-сульфаттты, магнийлі болып келеді.
Қанипа УСПАНОВА,
Алтыүй ауылы.