Әр дәуірдің өз талабы бар. Қоғам өзгерген сайын заңдар да жаңарып, заман талабына бейімделуі тиіс. Бүгінгі таңда ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы – осындай қажеттіліктен туған маңызды құжаттардың бірі. Бұл бастамаға жастар ерекше назар аударып отыр.
Жастар – қоғамдағы ең белсенді, ең серпінді топ. Олар жаңа идеяларды тез қабылдайды, өзгерістерге бейім келеді. Сондықтан ел дамуына қатысты бастамалардың тағдыры жастар үшін де бейтарап мәселе емес. Керісінше, жаңа Конституция жобасы жастардың болашағына тікелей әсер ететін маңызды құжат болып саналады.
Жаңа жобада мемлекетті басқару жүйесін жетілдіру, азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдағы әділдік пен жауапкершілікті күшейту мәселелері қамтылған. Бұл қағидалар жастардың құндылықтарымен үндеседі. Өйткені қазіргі жас буын әділ қоғамда өмір сүріп, тең мүмкіндіктерге ие болуды қалайды.
Жастардың тағы бір ерекшелігі – белсенді азаматтық ұстаным. Олар қоғамдық мәселелерге бейжай қарамайды, пікір білдіреді, бастамаларды қолдайды. Сондықтан жаңа Конституция жобасын талқылау барысында жастардың үнін есту – қоғам үшін маңызды.
Қазіргі буын елдің тек көрермені емес, оның болашағын қалыптастыратын күш екенін жақсы түсінеді. Білім алып, кәсіби дамып, елге қызмет етуді мақсат еткен жастар үшін тұрақты әрі әділетті мемлекет құру – басты құндылықтардың бірі.
Жаңа Конституция жобасын қолдау – тек заңды өзгерту емес. Бұл – елдің болашағына сенім білдіру, мемлекет дамуының жаңа кезеңіне қадам жасау деген сөз. Ал мұндай тарихи сәттерде жастардың белсенділігі ерекше маңызға ие.
Сондықтан бүгінгі жас буын елдің тағдырына қатысты маңызды шешімдерден тыс қалмайды. Олар өз таңдауы арқылы қоғам дамуына үлес қосуға дайын. Себебі жастар жақсы түсінеді: ел болашағы – әр азаматтың саналы таңдауы мен жауапкершілігіне байланысты.
Марлан МҰХАМЕТЖАН,
Панфилов аудандық Ішкі саясат бөлімінің бас маманы










