Демек, біздің арғы бабаларымыз болып табылатын осы аймақтағы ежелгі дәуірдің тұрғылықты адамдары көбіне Шу, Талас, Іле, Көксу, Ақсу, Қаратал, Бурақожыр, Өсек (Үсек – көне түркі тілінде «Су Ана» дегенді білдіреді екен), Шежін т.б. өзендер маңына қоныстанып ғұмыр кешкен. Тіршілік пен шаруаға қолайлы тамылжыған ауа-райы, асқақ таулары мен асау өзендері, құнарлы жері мен шүйгін шөбі, жалпы аймақтың үштен екі бөлігінен артық аумақты құрайтын қыстық және жаздық төрт түлікке жайлы жайылымдары, оған қоса әсем табиғаты әрдайым адам жанына рахат сыйлаған қасиетті өңір.
Бұл бір айтыла салған әшейін сөз емес ағайын, себебі: араб, парсы, қытай, т.б. елдердің оқымыстылары мен саяхатшыларының жазба мәліметтері мен ғылыми шығармалары, қазақ ауыз әдебиетімен қатар мұражайларда шаң басқан мемлекетаралық келісімшарттар қағаздары және археологиялық заттай деректер арқылы ғылыми түрде зерттеліп, зерделенген дүниелер. Кешегі күнге дейін «қазақтың ата-бабасы тек көшпелілікпен ғана өмір кешкен» деген отарлық жылдарда пайда болып, біршама ұрпақтың санасын улап келген негізсіз қағиданы жоққа шығарды. Мысалы: б.з.б. VІІІ ғ. — б.з. ІІІ ғ. дейінгі уақытта даланың азиялық бөлігінде, оның ішінде Іле аңғарында сақтар мен үйсіндердің мәдени қауымдастығы қалыптасып өмір сүрді. Зерттеуші ғалымдар ортасында «Сақтар көшпенді халық болды» деген көзқарас көптеген жылдар бойы басым болып келген еді. Бірақ, археолог зерттеушілеріміздің бірталай Сақ қоныстары мен қалаларына жүргізген зерттеу еңбектері бұл пікірдің өзгеруіне себепші болды. Алматы қаласы аймағы мен Іле Алатауы баурайындағы тұрақ – қоныстарды зерттеу кезінде көшпеліліктің негізі болған мал шаруашылығымен қатар олар үшін отырықшы – егіншіліктің де қалыпты өмір салты болғандығы дәлелденді. Олар мал өсірумен, егіншілікпен қатар қыштан ыдыстар жасап, зергерлікпен де айналысты. Оған айғақ ретінде көшпенділер мен жартылай көшпелілер мәдениетінің археологиялық ескерткіштері – Есік қорғаны мен Бесшатыр обалары және Үйсіндердің қыстақ – тұрақтарына жүргізген қазба жұмыстары нәтижесінде табылған – суландыру жүйелеріне жататын тоған, арықтардың, түрлі дәнді – дақылдар тұқымдарының қалдықтары мен орақ, соқалардың, дәнүккіштердің, т.б. шаруашылық құралдары дәлел. Және бір ескере кететін ерекше жағдай, көне Қытай деректерінде қазіргі «Жоңғар Алатауы» аталып жүрген таудың Үйсінтау аталғандығы туралы тың мәліметтер сақталған. Нәтижесінде, Жетісудың, қала берді бүкіл Қазақ даласының өзіндік бірегей далалық өркениеттің алтын бесігі болғандығы анықталып мойындалды. Бұл өркениет заман ағымына сай – диқан мен малшы, қала мен дала мәдениеттерін біте қайнастырып бойына сіңіре білді.
Кезекті болжамымыз бойынша біз сөз етіп отырған өлкедегі қала, кенттердің жедел қарқынмен қалыптасуын Үйсін дәуірінен бастар болсақ б.з.б. ІІІ – б.з. V ғасырлар аралығында, яғни бір ғана Үйсін мемлекетінің қоластында 20-дан астам қаланың болғандығы жайлы деректер бар, одан кейінгі даму кезеңі б.з. VІІІ ғасырдың аяғы мен ХІІІ ғасырлар аралығына тұспа – тұс келіп тұр. Оның себебі, Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың халықаралық сауда ықпалымен дамуы артып, осы кезеңде гүлдену шегіне жеткен шағы еді. Ал, Х ғасырда Іле алқабындағы керуен жолдары өз қызметін жоғары қарқынмен атқарғаны жайында көптеген мәліметтер баршылық. Қазақ жерін мекендеушілер – үйсіндер, қаңлылар, соғдылар мен түркі тайпалары болғандығы әлдеқашан дәлелденген. Жалпы алғанда туған өлкеміз Жетісудың бүкіл аумағын екі ірі географиялық ауданға бөлеміз:
1) Солтүстік – шығыс жағы (Іле алқабы)
2) Оңтүстік – батыс жағы (Шу – Іле өзендерінің аралығы)
Осынау – Іле, Шу, Талас өзендері алқабының табиғи ерекшелігі отырықшы және көшпелі қоғамдардың ұзақ уақыт қатар тіршілік етіп дамуына оңтайлы жағдай туғызды. Кейінгі Х – ХІІ ғасырлар аяғында Жетісу Қарахан мемлекетінің құрамына енді. Сол кезеңдегі Іле алқабында қалалық өмір мен сауданың жандануына септігін тигізген Шығысқа шығар басты қақпа саналған халықаралық Жібек жолы еді. Бұл кезде сауда мен кәсіпшіліктің қарқынды дамуы отырықшылық мәдениетте жалғасын тауып, жаңа орталықтардың ашылуымен бірге көптеген елді мекендердің пайда болуына ықпал етіп қалалардың қатары өскен. Оған дәлел ретінде — Көксу бойындағы Қойлық, Іле өзені алқабында Екіөгіз, Талғар қаласы маңындағы Талхиз, ежелгі Жаркент жеріндегі – Жаркент, Алмалық, Ілебалық (Үшарал ауылының солтүстік — шығысы) т.б. қалаларының бой көтеруін айтсақ та жетіп жатыр. Және де бұл қала, кенттер тақыр жерде пайда болған жоқ, керісінше бұрынғы елді мекендердің орнында ғасырлар бойғы тіршілігін жалғап, заман ағымына сай гүлденіп, жандана түсті.
Және де ғалымдарымыздың соңғы зерттеулерінің көрсеткіші бойынша – Оңтүстік Қазақ жерінде 37 қала орны, Жетісудың оңтүстік батысында 36 қала жұрты анықталса, ал солтүстік – шығысында 70 қаланың орны табылып отыр. Тарихшы ғалымдар осы орта ғасырлық мерзімге жататын қала, кенттерді негізінен үш топқа бөліп қарастырады:
1) аумағы 30 га асатын;
2) көлемі 10 – 30 га дейін жететін;
3) аймағы 10 га жетпейтін қала, кенттер.
Және бұл саладағы тағы бір ерекшелік қоғамдағы әлеуметтік таптық жіктелудің болғандығы, соған сәйкес жалпы орта ғасыр қалаларының құрылымы 3 бөліктен тұрған:
А) орталығы (цитадель) – бай-шонжарлар мекені
Б) екінші дәрежелі үйлерде – орташалар мен қолөнершілер
В) сыртындағы үшінші бөлікте – егіншілер, кедейлер тұрды.
Бабалардан мирас болған киелі Жетісу жерінен кең – байтақ Шығыс пен Батыс өлкелерін байланыстырушы Ұлы Жібек жолының өтуі, осынау өлкемен қоса жазиралы Жаркент аймағына да өзінің саяси және экономикалық ықпалын тигізіп отырғандығы аян.
Енді Жаркент қаласы тарихы жайында сөз қозғасақ, қайтадан байырғы Сақ заманына ораламыз. Себебі, тарих ғылымына сүбелі үлес қосқан атақты ғалымдарымыз – В.В.Бартольдтың, Н.Я.Бичуриннің, П.П.Румянцевтің және отандық тарихшы К.Ақышевтың, тағы басқа зерттеушілердің ғылыми дәлелдері бойынша «…қазіргі Жетісуды, оның құрамындағы Жаркент өңірін б.з.д. VІІ – ІІІ ғасырларда сақ тайпалары мекен еткен» деген тұжырымдамалары бар. Одан бергі дәуірлерде жоғарыда айтып өткеніміздей бұл өлкеде Үйсіндер өмір сүрді. Және бір дерек, осыдан мың жылдан аса уақытта Таяу Шығыстағы Иерусалимде өмірге келіп, мұсылман жұртының көпшілігін аралаған араб оқымыстысы, географы – Әл – Макдисидің ежелгі Испиджаб (қазіргі Шымкент) аймағы туралы жазып қалдырған еңбегіне жүгінсек: «…Испиджаб аймағы Мауреннахрдың (бұл жерде Оңтүстік Қазақстан) орта тұсында орналасқан. Оның Құрлұқ, Жұмышлағу, Бараб, Тараз, Балу т.б. көптеген қалалары бар дей келе (барлығы 51 қала), сөз соңын Жаркент қаласының атымен аяқтайды. Бас қаласы — Испиджаб» деп көрсетілген деректер сақталған. Бұл мәліметтің өзі оқыған адамды үлкен ойға жетелейтіні сөзсіз. Бұның жалғасы іспетті келесі көңіл аударатын тағы бір қызықты ақпарат – академик В.В.Бартольдтың «Жетісу тарихының очерктері» атты ғылыми еңбегіне қосымша көмекші құрал ретінде жасалған «Орта ғасырлар картасына» көз жүгіртсек, сол дәуірдің өзінде қазіргі Жаркенттің орнында қала болғандығы белгіленген екен. Жерлесіміз, Алашқа танымал жазушы Б.Нұржекеұлы өзінің «Өзендер өрнектеген өлке» кітабында «…қазіргі Жаркент қаласы ежелгі Үйсін мемлекетінің астанасы болған – Шығу қаласының орны емес пе екен?» деген, өзіндік жорамалын да ұсынған.
Өткеннің көзіндей болып бізге жеткен тарихы бай қаламызды кейбір шолақ ойлы ағайындарымыз Патшалық Ресей тұсындағы, дәлірек айтсақ 1881 жылғы отаршыл әкімшіліктің (генерал – лейтенант А. Фриденің бұйрығы бойынша) қала дәрежесін заңмен бекіткен жылдан бері есептеп, Жаркенттің бұрынғы ғасырлар бойғы тарихына қиянат жасауда. Отаршыл үкімет бізге жоқ жерден жарылқап қала салып берген жоқ, ағайын! Ұлы Жібек жолы бойында орын теуіп көптеген ғасырлар бойы өзіндік керуен сарайы мен сауда орталығы болған Жаркентіміз олар келгенге дейін де қала қызметін атқарған болатын. Ал, қаланың көне жұрты қаламыздың қазіргі орнынан өте алыс емес қашықтықта екендігіне сенімім мол. Жоғарыда келтірілген арғы тарихи мәліметтерді қоя тұрып, 1856 жылы қазақ көгінде аққан жұлдыздай жарқ етіп сөнген ғалым әрі саяхатшы Шоқан Уәлихановтың өзі Құлжа мен Қашқарға аттанған сапарының 3-ші тамыз күнгі естелігінде: «Бүкіл жол бойы біз тоғайлар ішімен, арықтардың бойымен жүріп отырдық. …Яркенд (Джаркенть), Тышқан қалаларын оң жағымызда қалдырып, Ақкентке тура тартып кеттік» деп жазып, тайға таңба басқандай етіп картаға түсіріп кетті емес пе?! Сонда бұл тарихи деректерді қайда, қалай жасырып қоймақпыз? Жылт еткенді орысқа, Кеңес үкіметіне телитін құлдық психологиядан арылатын уақыт жеткен сияқты. Неге десеңіз, кез-келген ұлтты жоюдың бір жолы оның тарихын бұрмалаудан басталады, ал, жалған тарих автотохтонды ұлт үшін аса қауіпті құбылыс.
Біздің туған жеріміздің өткеніне қатысты Үйсіндердің – Шығу, Моғолстанның – Алмалық және Ілебалық (Үшарал ауылы), Дөңгене, Тышқан қалаларының, т.с.с. (білмейтініміз қаншама) көне жұрттары көптеген тарихи құпияны бауырына бүгіп жатыр-ау… Және де қолда бар архив құжаттарынан алынған мынадай ақпараттарды ұсынамыз: Патшалық Ресей кезінде Жаркент қаласы оңтүстік – шығыстағы ірі сауда және мәдени орталығы болды. Алғаш 1852 жылы Құлжа мәселесі бойынша Жаркентте Қытай мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты реттеуде үлкен рөл атқарған Жетісу әскери канцеляриясының әскери бөлімшесі құрылып, 1889 жылға дейін жұмыс істеді. Араға екі жыл салып Жетісу казак әскерлерінің басқармасы 1854 жылы өз қызметін бастап, аталмыш мекеме 1918 жылы Кеңес үкіметі орнаған соң жойылды. Егер Жаркент қала болмаса бұндай мемлекеттік маңызы бар нысандар, мекемелер осы жерге орналасар ма еді? Керек десеңіз, бұл Ш.Уалихановтың Құлжаға сапарынан бұрын болған оқиғалар. Орыс үкіметінің отарлық езгісіне қасқайып қарсы тұрып есімдері аңызға айналған, Суаннан шыққан жаужүрек батырлар Әтіке – Нұржекелердің және Ұлтанбайдың ерлік істері осы жылдармен тығыз байланысты. Осы аймақтың ірі су жүйелеріне, 1874 жылы Өсек, Қорғас өзендеріне, 1880 жылы Іле өзеніне көпірлер салынды. Дәл осы 1880 жылдары инженер Брусницкийді Жаркент өңіріндегі көмір, қорғасын, алтын кендерін зерттеуге жіберу жөніндегі және Өсек өзені маңындағы торф өндірісін өркендетуді жолға қою мәселесі қаралған. Және де мұнда Бурақожыр және Жаркент арасында телефон байланысын ұйымдастыру жұмыстары мен Батыс Қытайдағы Ұйғырлар, Дүнгендерді осынау аталған аймаққа көшіру мәселесі де сөз болған.
Жаркент аймағына қарасты ашылған уездік басқарма 1883 – 1919 жылдар аралығында қызмет жасады, сондай-ақ, бұл басқарманың архивінде жергілікті Суан тайпасы туралы мол мәліметтер сақталынғандығын ескерте кеткенді жөн көріп отырмын. Ал, Жетісу облыстық сотының уездік бөлімі 1889 жылы ұйымдастырылып, араға он жыл салып 1899 жылы өз жұмысын тоқтатты. Және де Жаркент учаскелік кеден басқармасы 1886 ашылып, 1916 жылы жабылса және бір сондай мекеме шекаралық Қорғас кедені 1905 жылы өз жұмысын бастап 1917 жылы Революцияның нәтижесінде патша тақтан құлағаннан кейін Уақытша үкімет тұсында таратылды. Тағы бір көңіл аударарлық ерекше жағдай 1906-1907 жылдары Жаркентте Ресей Мемлекеттік Думасы сайлауының өткізілуі. Одан кейін Кеңес Үкіметі тұсында аудан орталығы болды, кейінгі Ұлы Отан соғысында Москваны қорғаудағы көрсеткен ерен ерлігі үшін 1942 жылы Кеңес Одағының Батыры генерал И.В.Панфиловтың есімі берілді, 1991 жылғы Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары өзіндік тарихи төл атауы Жаркент болып қайта түледі.
Сөз арасында Жаркент қаласының Р.Трофимова мен Б.Назым көшелерінің қиылысының маңайындағы үйлердің бірінен шаруашылық жағдайындағы құрылыс жұмыстарын жүргізгенде 3 метр тереңдіктен көне құмыра мен көзелердің сынығының табылуы және тәжірибелі археолог, т.ғ.к. Д.Талеев мырзаның жорамалы бойынша Жаркент қаласы мен Шолақай ауылы арасында да ескі қала жұртының орны бар екендігін де айта кеткім келіп отыр. Менің өз жобалауымша көне Жаркенттің жұрты қазіргі қала тұрған жерден 5 – 10 шақырым шеңберлі қашықтықта жатыр.
Бірақ, үнемі есте сақтап, ұрпақ санасына ұрандай жаттататын бір нәрсе бар, ол – қазіргі Жаркент қаласы мен бүкіл Жаркент өңірі – ежелгі Сақтардан бастап Ғұндардың, Үйсіндердің, Түркілердің, және солардың тікелей ұрпағы біздердің, яғни, Қазақтардың атамекені екендігі. Ал, қазіргі таңдағы біздің көпұлтты аймаққа айналуымыздың себебін, елімізге қарсы көрші Ресей империясы мен оның мұрагері Кеңес үкіметінің басқыншылық пен жалған интернационалдықты бетперде тұтынған отарлық саясатының жемістері деп түсінген жөн. Дәл осындай ерте ғасырлық қала, кенттер мен қорған — бекіністер қатарына жататын тұрақтардың қиранды жұрттары біздің өңірде баршылық. Сондықтан да, аталмыш тарихи, рухани жәдігерлеріміздің зерттеліп ел игілігіне айналуына барлықтарыңыздың бір кісідей атсалысуларыңызды сұраймын. Себебі, осынау байырғы бабаларымыздың көзіндей болған көне шежіре, бүгінгі тарихымыз келер ұрпақтың мәңгілік мұраты мен мақтанышына айналатынына кәміл сенемін.
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ,
Тарих ғылымдарының магистрі,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі.