Әрине, сыбайлас жемқорлықтай жегі құртпен күресу қазіргі қоғамның ең басты талабы. Жемқорлықтың пайда болу фактілеріне – тамыр-тыныстық, туысқандық, пара алу, жағымпаздық, ақшаға деген тәуелділік, тағы басқа көптеген жағдаяттар жатады. Ал, жемқорлықпен күресте дамыған елдердегідей негізгі ережелерді сақтау мен оны орынды пайдалана білу үшін баршамызға құқықтық сауаттылық ауадай қажет. Демек, бұндай жағдаятта әр адам заңды, өзінің құқығын біліп қана қоймай, үнемі бұл саладағы сауаттылығы мен біліктілігін арттырып отырғаны жөн. Себебі, бұндай қағидаттардың сақталуы көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың белсенділігін арттырып, жағымсыз әрекет – жемқорлықтың алдын алудың бірден-бір алғышарты болып табылады.
Қазіргі таңдағы біздердің негізгі нысанамыз болып отырған сыбайлас жемқорлықтың әрекеттері туралы бұқаралық ақпараттық құралдарынан, әлеуметтік желілерден көріп те, естіп те жатырмыз. Біршама шенеуніктер істі болып, жауапкершілікке тартылып, заң аясында жазаланып жатса да жемқорлық фактісі күннен-күнге әлі де тыйылмай тұр.
Алдағы уақыттарда қандай да бір сыбайластықтың жекелеген белгілері байқалған шақта кез-келген азамат дереу жазбаша түрде өтініштерді прокуратураға, экономикалық және сыбайлас-жемқорлық қылмыспен күрес жөніндегі Агенттікке және басқа да құқық қорғау органдарын хабардар ету керек.
Қазіргі таңдағы ең басты мәселенің бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы мемлекеттік бағдарлама аясында қабылданған барлық шешімдердің, ақпараттың халыққа жедел жетуі немесе арнайы құрылған комиссия жұмыстарының мөлдірлігін қамтамасыз ету. Қажет кезеңде белгілі бір заң шеңберінде мемлекеттік басқару органдарының рұқсатын алумен қатар әкімшілік құзыреттерін оңтайландырудың да ықпалы зор болмақ.
Сондай-ақ, ел Президенті Қ.Тоқаев өзінің Қазақстан халқына жолдауында айтқандай, жемқорлықты ауыздықтаудың бірден-бір оңтайлы тетігі «Мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесіне көшу негізінде» мемлекеттік сатып алу саласына жедел түрде реформа жасау екендігі айтпаса да түсінікті жағдай болып тұр.
Сонымен қатар, құқық қорғау органдарымен бірге, ерекше көңіл бөлетін нәрсе – азаматтық қоғам ұйымдарын да сыбайлас-жемқорлыққа қарсы қызметке тарту және азаматтардың құқықтық санасын қалыптастыру.
Нормативтік құқықтық актілерді қабылдағанда сыбайлас-жемқорлыққа қарсы сараптама жасаудың пәрменді тетігін енгізу керек. Мемлекет қазынасы қаражатының жұмсалуына қоғамдық бақылау орнатып және ондағы жеке рұқсат беру міндеттерін азаматтық қоғам институттарына беру. Сондай-ақ, ақшалай қаражаттың қолма-қол айналымын мейлінше көбірек қысқарту бойынша өзгертулер енгізіп, заңға қайшы жолмен ақшалай қаражатты заңдастыруға қатысты қарсы іс-әрекет жасаудағы жауапкершілікті заң бойынша қатаңдатқан жөн болар деген ойдамыз.
Қ.ТҰРДЫҒАЗЫҰЛЫ