«Жетісу өңірінің ауылдық аймақтарында гендерлік зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларды қолдауды күшейту» атты әлеуметтік жоба өз мәресіне жетті. Аталған жоба «Zhetysu Global» қоғамдық қоры тарапынан, Францияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен іске асырылды.
Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендерде тұратын әйелдер мен жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және тиімді көмек көрсету жүйесін қалыптастыру. Нәтижесінде екі кеңес беру орталығы ашылды – бірі Талдықорғанда, екіншісі Кербұлақ ауданында. Бұл орталықтарда зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтарға ақысыз заңгерлік және психологиялық көмек көрсетіледі.
Сондай-ақ, халықаралық «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» науқаны аясында Балпық би кенті мен Қарабұлақ ауылында ақпараттық іс-шара өтті. Оған әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау мәселелерімен айналысатын жергілікті полиция бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты.
Аталған жоба Жетісу облысының ауылдық өңірлерінде гендерлік және тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғану механизмдерін дамытуға және осал топтағы әйелдер мен балаларға тұрақты қолдау көрсету жүйесін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.