Қазақ халқы ерте заманнан бері қоныстанып билік жүргізген өңірлеріндегі ұлан-ғайыр кең далада көне шежіре бойынша қазақтың үш жүзінің құрамын толықтырған, тіпті қазірге дейін байырғы атын өз қалпында сақтаған тайпалар және ұлыстардың жасағандығы тарихтан мәлім. Олар қоныстанып өмір сүрген өңірді ХІІІ ғасырдың басында араб, парсы тарихшылары «Дешті Қыпшақ» деп атаған. Ал ХV ғасырдан кейінгі тарихшылар мен этнографтардың «Қазақ даласы» деп атағаны жұртқа аян. Міне, осы күннің шығысынан — батысына дейін біршама аумаққа дейін созылып жатқан Ұлы дала, Керей мен Жәнібек туын тігіп, негізін қалаған Қазақ хандығының алтын бесігі.
Қазақ хандығы Жетісудың батысында ХV ғасырдың 60-жылдарының орта шені мен 70-жылдарының басында пайда болды, сондай-ақ, Жетісу тайпалары мен руларының ұлы жүзге бірігуінің нәтижесінде моғол шонжарлары мен хандарының осы аймақтағы билігі жойылды. Әбілқайыр хандығы ыдырағаннан кейін нақ сол этникалық аумақта, сол шаруашылық-экономикалық жағдайларда билеуші әулет қана алмасып Жошы ұрпақтарының бұрынғы тармағының билігі қалпына келтірілді. Қазақ хандығы Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы мемлекеттігінің және жоғарыда айтылған басқа да мемлекеттердің тікелей жалғасы болды.
Иә, біздің батыр бабаларымыз қазіргі ұлттық республикамыздың шегінде Қазақ Ордасы аталатын айбынды мемлекет құрды. Бұл қуатты ұлыс төрт жүз жыл бойы кең даланы еркін жайлап, өзгеше тұрпатты озық мәдениет жасады. Бай болды, бағлан болды, елімізді, жерімізді еркін сақтап тұрды, ешкімге кеудесін бастырған жоқ. Нәтижесінде осыншама бай, ұлан-байтақ жерді иеленіп, өзіне лайықты ұрпақ өсірді. Қазақ Ордасы құрылғанда алдымен ата – баба дәстүрімен Жошының Орда Еженінен тарайтын жасы үлкен Керей ақ киізге хан көтеріліпті. Керейдің нақты қай жылы қайтыс болғаны белгісіз. Одан соң Жәнібек хан әмір жүргізеді. Жәнібек – қазақ жұртының іргесін бекітіп, ордасын орнықтырған ұлы хан ғана емес, сол халықтың бар игілігіне ұйытқы болған ұлы әулеттің де негізін салушы.
Мәселен, Қазақ Ордасының құдіретті әміршілері, қазақ халқының ұлы перзенттері: Қасым хан, Хақ-Назар хан, Әз-Тәуке хан, Абылай хан, ең соңы Кенесары хан, ұлы ғалымдарымыз Шоқан, Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханов – барлығы да осы шынжыр балақ, шұбар төс Жәнібек ханның тікелей ұрпақтары еді. Аңыз – деректерге сай «Тауарих хамсада» жазылуынша, қазақты үш жүзге бөлген тұңғыш хандары – Керей, Жәнібек, Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім, Тәуке, Жәңгір т.б. хандардың хандықты нығайтуының арқасында, қазақтың өзіндік әдет-ғұрып заңдары қалыптасты. Бұл заңдар «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» болды, бұл біздің мемлекетіміздің кемелдену жолынан өткенінің бірден – бір тарихи дәлелі.
Әбілқайырдың 1731 жылы Ресей бодандығын қабылдауы, кейін, сол бодандықтың шырмауынан шығу үшін Сырым Датұлы, Кенесары Қасымұлы, Исатай мен Махамбет, Есет батыр т.б. бастаған ұлт – азаттық күрестер мен 1916 жылғы тар жол тайғақ кешу, 1930-1932 жылдардағы ашаршылық, 1936-1938 жылдардағы қуғын-сүргін, сондай-ақ, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы мен 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасындағы» қазақ жастарының қанымен келген бұл тәуелсіздік қазақ халқы үшін оңайға түспеді. Иә, сол бір ат ауыздығымен су ішкен алмағайып заманда елді, жерді сақтап қалуда қазақтың хандарымен, батырларымен бірге, үш жүзге әйгілі Төле, Қазыбек, Әйтеке билерімен қатар, қабырғалы қалың еліміз қазақтың басқа да би – шешендері де зор еңбек сіңірді.
Солардың бірі емес, бірегейі, ел бірлігінің шайқалмауына жан аямай атсалысқан – Ұлы жүз Суан тайпасының Ақша руынан шыққан Қожбанбет би Ебейұлы. Отыз жасында орда бұзып, шешендігімен, батылдығымен аймаққа аты шығып, Ұлы жүздің биі болды. Әйгілі Абылай ханның ұрпағы Тезек төренің бас биі атанып, Ұлы жүздің, оның ішінде Суан баба ұрпақтарының Ресей империясының қоластына өтуінде ел ағасы ретінде қолын қойып, мөрін басқан. Қайсар қазақтың дара тұлғаларының бірі – Қожбанбет би ХІХ ғасырдың 80-ші жылдары Шығыстағы Қытай мен Батыстағы Ресей империяларының келісімдеріне сәйкес Қорғас шекара бекетінің белгіленуіне байланысты Шығыс Түркістан аймағындағы бүкіл Суан руын Жаркент өңіріне қоныстандыруда ерекше қайраткерлік көрсеткен дара тұлға. Жетісу аймағына аты танымал Қожбанбет би әйгілі Тезек төренің төбе биі болғандығын жоғарыда айтып өттік. Сондай-ақ, жыр алыбы Жамбыл бабамыздың пірі, мұқым қазаққа мәшһүр Сүйінбай ақынмен сырлас, кезінде айтыстың небір мұзбалақтарын мүдірткен, қалың қауымды сүйіндірген айтыскер ақын Бақтыбай Жолбарысұлының жолын ашып батасын берген, қырғыздың ақыны Қатағанмен қарайлас болған әулие, би, шешен, туған елінің қайыспас қара нары – Қожбанбет би бабамызға аудан орталығы Жаркент қаласынан көше беріліп отыр. Біздің ел болып, әлемге танылуымызда осындай аруақты бабаларымыз бен елі мен жері үшін жаны мен қанын аямаған біртуар даналарымыздың арқасы екендігін ұмытпағанымыз абзал.
Аталмыш би, батыр бабаларымызды кейінгі ұрпаққа өнеге тұту, дәріптеу , кең көлемде насихаттау аға ұрпақтың сүбелі үлесі екендігін ұдайы жадымызды ұсағанымыз жөн. Тұғырлы көк байрағымызды аспанда желбіретіп ұстау енді келешегі кемел, білімді болашақ ұрпақтың еншісінде. Ата-бабаларымыздың аңсап келген «Мәңгілік ел» болу өсиетінің тарих сахнасында қайта жаңғыруы, Қожбанбет бабадай көрегендігі мен даналығы ұштасқан ұлтымыздың біртуар, ерен тұлғаларының еңбегі екендігі айдай анық. Бүкіл дүние жүзі халықтары бүгінгі күнде қазақ халқын картадан ғана емес, оның жер байлығы мен экономикасы дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттердің санатындағы ел ретінде тануы, Тәуелсіздіктің көк байрағын, әнұраны мен рәміздерін, халқымыздың мәдениетін, салт-дәстүрін дүниежүзінің мойындауының өзі мемлекетіміздің сыртқы саясатының жемісі екендігі баршамызға аян. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Себебі, қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы, тұтастану тарихы. Ол «Қазақстан — 2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел! Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз.
Елбасымыздың өз кезегінде «…Жалпы жұртыңды, иісі Алашыңды құрметтеу – алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарды ардақтаудан басталады» дегені осындай ізгі іс-шаралардың ұрпаққа өнеге екендігін көрсетіп тұрғандай. Тарихы, тілі, діні, салт-дәстүрі ғасырдан-ғасырға ұласып, ата-бабаларымыздың мұра етіп қалдырған жерін, байлығын бүгінгі күні «Мәңгілік Ел» болашақ ұрпақтары жалғастырады және ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдырады деп кәміл сенеміз. Ұлы тұлғаларымызды ұлықтау жалғасын таба берсін. «Елім» деп өткен ерлерін елі ешқашан ұмытпас! Отанымыз көркейіп, Қазақ елінің даңқы арта берсін!
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ