«Бiр қарт жылқышының жалғыз қызы бар екен. Қыз бойжеткенде атқораға күнде кiрудi әдетке айналдырыпты. Бiр тайдың қасынан шықпайды екен. Қызы мен тайдың қосылғанын көрген жылқышы тайды таудағы тұт ағашына апарып асып өлтiредi. Тайдың терiсiн сыпырып жатқанда қыз да жүгiрiп жетедi. Осы сәтте алай-дүлей боран соғып, терiнi ұшырып әкетедi. Қыз да әуеге көтерiлiп ғайып болады. Жалғыз қызынан айырылған жылқышы кемпiрi екеуi қайғырып қала бередi. Бiрде қарттың түсiне қызы кiрiп былай дептi:
– Мен атқа әйел болдым. Босқа егiле бермеңдер. Одан да наурыздың он алтысы күнi таң ата есiк алдындағы келiнiң iшiне қараңыздар. Келiнiң iшiнде аттың пiшiнiне ұқсас жәндiктер быжып жатады. Таудағы тайды асқан тұт ағашының жапырағын әкелiп, сол жәндiктерге берiңiздер. Жәндiктерден шұбатылып жiп шығады. Жiптi сатып кәсiп етiңiздер. Ол Жiбек құрты деген әлемдегi таңғажайып құрт болады. Құртқа құрт деп қарамай, ниет қойып өсiрiңiздер.
Бұл түстi бiр түнде шалы мен кемпiрi бiрдей көредi. Жылқышы кемпiрi екеуi наурыздың он алтыншы жұлдызында таңертең есiк алдындағы келiге қараса расында ат басының пiшiнiндей құртқа толы екен. Тұт ағашының жапырағын берген соң қыздың айтқанындай жiп шықты. Жiбек құрты осылай пайда болыпты» дейдi, «Жiбек құртының Пiрi мен ат» деп аталатын Тоухоку аймағында сақталған мифте. Бұл аймақта тай мен жылқышының қызы екi басты Оширасама деп әспеттелетiн болды. Оширасаманың бiр басы аттың, екiншiсi қыздың басы деседi.
Токионың батысындағы Хачиоуджидiң қақ ортасынан ағып жатқан Асагавадан өткен ақынның тұт ағашы туралы жыр жазбағаны, жазушының күнделiгiне тарихи ағашты метафора етiп мөлтек сырын түсiрмегенi, ал жапон тарихшысының Хачиоуджи шаһары туралы бiр деректi есiне түсiрмегенi бар ма екен?
Осы өзеннен өтiп бара жатып, «Асагаваоватарэба» деген әндi естiгенде Фудзисан жақтан «Жiбек, тарих, ұлы жол» деген дауыстар жаңғырығы жеттi. Хачиоуджи ежелден тұт ағашының астанасы делiнедi. Жiбек құртын өсiру мен жiбек кездемелер тоқудан атағы шыққан әйгiлi өлке. Тұт ағашы – қаланың символы. Бұл атақтың архаикалық мәнi бар, символға тұнған сыр терең. Көне заманда Кан (қазiргi Яманашидiң көне атауы) елiндегi Бушида Нобугэн деген қолбасшының қызы Мацухимэ Хачиоуджиге келiп жiбек құртын өсiре бастапты. Содан бұл аймақта жiбектен киiм тiгу кең тарап, ою-өрнектi кимонолардың сан-алуан түрлерi шықты» деп бастайды әңгiмесiн көнекөз қариялар.
Жапонияда тұт ағашы атауымен байланысты аймақтар бар. Кинки аймағындағы мифте айтылады:
Бұлт үстiнде – найзағай, кiлең ерлер әлемi. Күрiлдеп, шатырлап, қаһарланып, ер мiнезiн көрсетедi. Әйел болмаған соң бiртүрлi iштерi пысыпты. Бiрде төменгi әлемде бiр сұлу қыз құдыққа жақын жерде кiр жуып отыр екен. Осы сәтте шатыр-шұтыр еттi де, нөсер төктi. Найзағайдың көзi қыздың бөксесiне түстi. Қыздан көзiн алмай отырғанда аяғы бұлттан тайып кетiп, құлап, құдықтың iшiне бiрақ түстi. Қыз қараса құдыққа найзағай батып барады. Қыз легендi құдыққа төңкердi. Ендi шыға алмайтынын бiлген найзағай еңiреп тұрып, қыздан кешiрiм сұрады. «Бұл жер Кувабара (Тұт ағашының жазығы) деп аталады. Бiлiп қой» дедi. Ендiгәрi Кувабараға түспеуге уәде берген найзағай аспанға оралды. Содан берi Жапонияның әр өңiрiнде Кувабара деген жерлер көбейген екен. Найзағай ойнағанда «кувабара, кувабара» деу сол заманнан қалса керек.
Ал Айчи префектурасындағы Итбас деген жердiң аты қайдан шыққанын мына аңыздан бiлуге болады:
Қазiргi Окадзаки қаласындағы «Тұт ағашы» ғибадатханасы тұрған орын бұрын Итбас деп аталған. Бұл шаһар ежелден жiбегiмен даңқы шыққан қала. Осы қалада жалғыз ғана аппақ ит болыпты. Ит өте қабаған болғандықтан кiсiлер оның көзiне түспеуге тырысады екен. Ал жiбектiң маусымы басталғанда ақ ит үй-үйдегi жiбек құртының түгiн қалдырмапты. Тек бiр үйде ғана жалғыз тал жiбек құрты қалыпты. Әлгi үйдiң қызы жiбек құртын ит көзiнен таса жерде, тұт ағашының жапырақтарымен қоректендiрiп, өсiре бастапты. Жiбек құрты күннен күнге үлкейiп, тышқандай болады. Бiраз уақыттан соң үлкендiгi мысықтай болады. Бiрде ақ ит оны байқап қалады да қағып салады. Бүкiл Окадзакидегi жалғыз жiбек құртынан айырылған қыз ағыл-тегiл жылапты. Бiр ғажабы, жiбек құртын жеген ақ иттiң қабағандығы қалып, жуаси бастапты. Кенет ит жата қалады да, ұйқыға кетедi. Қыз қараса иттiң танауынан аппақ жiптiң ұшы көрiнедi. Қос iшектей шұбатылған жiбектiң бiтер түрi жоқ, шыға бередi, шыға бередi. Үш жүз орам болғанда ұйқыдағы иттiң демi бiтiп, өлiп кетiптi. Ел ақ ит Жiбек пiрiнiң қаһарына ұшырады дестi. Жiбек құртын өсiрген қыз қала сыртындағы тұт ағашының түбiне иттi көмедi. Кейiн сол орынға Итбас ғибадатханасы тұрғызылады. Сол маңда Итбастың тасы деген тас бар екен. Тасқа қол тигiзуге болмайды, ақ ит ашуланады деседi сол өлкенiң тұрғындар.
Хачиоуджи кимоноларында өрнектiң көптеген түрлерi пайдаланылады. Әсiресе касури деп аталатын ұсақ өрнектiң түрi ерекше назар аудартады. Хачиоуджиде касури әдiсiн қолданып, жiбек кимонолар тiгу бұл шаһардағы қолөнердiң дәстүрлi ерекшелiгi болып табылады.
Касури тек Хачиоуджиде ғана қолданылатын әдiс. Бұл – осы жерге Сувашичи руының шеберлерi әкелiп алғаш қолданған айрықша технология. «Шйокунихонги» тарихи жазбасында үлкен құрлықтан аралдарға көптеген өнер түрлерi келгендiгiн бiлемiз. Оның iшiнде Сувашичи руының касури деп аталатын өрнектеп тiгу әдiсiн Хачиоуджи жерiнде қолданғандығы туралы дерек Ұлы жiбек жолының бастаулары Жетiсу жерiнде екендiгiн айқындайды. Сыру (сырып тiгу) мен касури сөздерiнiң этимологиялық қат-қабатында өрнек түрi мен кимоно тiгудегi әдiстердiң қайдан шыққандығы да тұр емес пе? Қазақ пен жапоннан басқа дүниежүзiндегi ешбiр халық қолданбайтын бұл екi сөз Ұлы жiбек жолының қазақ жерiнен басталып Жапонияда аяқталғандығына негiз болатын мың мысалдың, тоқсан теория мен керек деректiң бiрi. Жетiсуды атап отырғанымыз, Нағарашы, Пенжiмдей жер атауларының мағынасын сан-саққа жүгiртiп ешбiр академик таба алмаған жерiнiң терең тарихы бар Жаркент өлкесiнiң ежелгi иесi Суан руының кәрiс жерiндегi Сувон мен Жапониядағы Сувашичиге қатысты екендiгiн ашық айту. Шичи – жетi деген мағына бередi. Фиджи мемлекетiнiң астанасы Сува, Польша шаһары Сувалки, Болгарияның көне қаласы Сувар, Африкадағы ас-Судан джумхурияты ежелгi ел өркениетiнiң дәлелдi айшықтары. Кенен Әзiрбайұлы «Шежiре» жырында:
Бәйдiбектiң тоқалы Домалақты,
Туған екен Домалақ Жарықшақты.
Домалақтың есiмi Бибiсара,
Ешкiм оның шын атын атамапты.
Жарықшақтан – Албан, Суан, Дулат,
Үшеуiнiң тұқымы талай дуан, – деген. Мәдениетi Мысырға жақын Суданда ежелгi дәуiрдегi Алоа-Албан мемлекетi қос елдiң етене жақын екендiгiнiң тағы бiр дәлелi болса керек. Қазақ қариялары сақтап келген «Албан – тау елi, Суан – сулы жердi мекендейтiн ел» деген «анықтаманың» ғылыми тұрғыдан өте дұрыс екендiгiн Шығыстағы деректер ақылы анықтап отырмыз. Жапон тiлiнде суды суй таңбасымен бейнелесе, ан – баспана, мекен деген мағынаға ие.
Жетiсудан Дзэн монахтары апарған суши мен қияқтап туралған ет – сукияки, Жаркент шабдалысы сумомо (жай шабдалыны момо дейдi), Суан өрiгi андзу сияқты атаулар ежелгi сөздер. Дзугара өрнегi мен дзукан атласы Жаркенттiң өткен тарихына бойлатады.
Ел атауы тек ағатын суға ғана қатысты десек, шектелу болар едi. Алпауыт мемлекет (держава) мағынасындағы суджикукоку, мен математиканы бейнелейтiн сугаку, су планетасы Суйсэй ұғымдары Суан өресiнен хабар бередi. Ежелгi қағаз жасау технологиясы сукудың жiбекпен бiрге шыққандығы да белгiлi. Ежелгi Шығыстағы баспа iсi сури болса, каллиграфияда пайдаланатын суми, судзури мен келсап судзуридi Күншығыстағы ел күнi бүгiнге дейiн қолданып отыр. Бамбуктен жасайтын перде сударэ де көне дәуiрден жеткен зат.
Ан ұғымы баспана, мекеннен өзге ат үстiндегi спорт түрiне де қатысты. Император резиденциясының бiр түрiн ангуу дейдi.
Сувашичи руы Жапонияға таратқан касури өрнектеу технологиясы мыңдаған жылдық тарихы бар ұлттық мақтаныштың титтей бөлiгi екендiгiн жапон қариялары ашық айтады. Өзбек пен тәжiк мәдениетiндегi жiбек кездеменiң кестелi сузани деп аталатын түрi бар екендiгiн бiлемiз. Сувашичи руы сонымен бiрге Хонсю аралындағы Суита қаласының тарихының басында тұрған ерен ел. Суан елi қоныстанып отырған жердегi сан-алуан Шығыстық жер атаулары Ұлы жiбек жолының академиялық тарихының басында осы рудың да тұрғандығына негiз болатын дәлелдiң бiрi.
Бүгiнде 530 000 халқы бар, 110 000 студент оқитын 24 университет орналасқан ғылым-бiлiм ордасы Хачиоуджи стансасында тарихи тұт ағашы өсiп тұр.
Тұт ағашының қасиетi оған жай түспейдi екен. Тоухоку аймағында сақталған фольклор туындысы былай дейдi:
Баяғыда бiр кiсi қаладағы саудагер шалдан шабдалы көшетiн сатып алып, үйiнiң артына ектi. Шабдалы ағашы бiр түнде ұзарып өсiп, бұлтқа жеттi. Әлгi кiсi қуанып, шабдалы ағашымен өрмелеп, бұлттың үстiне шықты. Екi көк жын адамнан «Бұнда неге келдiң?» деп сұрады. «Найзағаймен кездесуге келдiм» деп жауап бердi кiсi. «Олай болса мына бұлттың үстiмен жүре бер». Кiсi бұлттың үстiмен жүрiп келе жатса алдынан зәулiм сарай шықты. Қақпасынан сығаласа, iшiнде найзағай ұйықтап жатыр екен. Екi қызыл жын от шығаратын тастарды соғып қалғанда найзағай оянып кеттi. Ашуланған ол сегiз түрлi тайко (ұрмалы аспап) соғып, сарайдан шықты. «Қайдан келген жансың?» деп сұрады найзағай. «Төменгi әлемнен келдiм» дедi кiсi. «Олай болса, шелектiң түбiн тесiп, су сеп» дейдi найзағай. Жаңбыр жаудыру керектiгiн түсiнген кiсi төменгi әлемге су құйды. Найзағай сегiз түрлi даңғараны ұрды. Қып-қызыл жындар от шығаратын тастарды соқты. Бұлттың үстi азан-қазан, төменгi әлем алай-дүлей болды. Кенет кiсiнiң аяғы тайып кетiп, төменгi әлемге құлады. Ол тұт ағашының бұтағына iлiнiп қалды. Найзағай жындарына ағаштағы кiсiге тимеуге бұйырды. Найзағай ойнағанда тұт ағашының бұтағын шатырға шаншып қою содан қалған екен.
Үлкен құрлықтан көшiп барғандар орнықтырған өнер жайында «Сэндайкуджихонки» шежiресiнiң оныншы орамында жазылған. Бұл орам «Кунидзукурихонки» (Мемлекеттiң құрылуы туралы негiзгi жазбалар) деп аталады. Осы жазбада Чичибухикономикотоның оныншы бабасы Ягокороомойканэномикотоның (Чичибу ғидабатханасының пiрi) қарындасы Такухатачичихимэномикото тiгу–тоқу өнерiнiң пiрi деп жазылған.
Ол тоқып шығарған жiбек кездеменiң түрi чичифу деп аталған. Бұл атау Чичибу деген жер атауына негiз болған. Жапон жiбегiнiң ордасы – Чичибу. Сайтама перфектурасының ¼ бөлiгiн алып жатқан, солтүстiк батысында орналасқан бұл шаһар Токио, Яманаши, Нагоя, Гунма префектураларымен шектескен. Қатпар-қатпар тау арасындағы, ортасында буырқанған өзенi бар бұл шаһардың Ұлы жiбек жолымен байланысты тарихы Такухата Чичихимэномикото туралы мифке негiзделсе, тоқу өнерiнiң пiрiнiң есiмiндегi хата таңбасы жiбектен тоқылатын кездеменiң бiр түрiн бейнелейдi. Оны аратаэногитаэ деп те атайды. Киотоның Имамия ғибадатханасындағы тiгу-тоқу өнерiнiң пiрi Чичихимэ деп әспеттелсе, дәл осындай атаудағы ғибадатхана Чичибу өлкесiндегi тау iшiнде де бар. Жапон қариялары Чичибу жiбегi елдiң басты экспорт өнiмi болған ежелгi Эдо дәуiрiн сағынышпен еске алуы тегiн емес.
Чичибу жiбегi туралы тарихи деректер, ақындардың өлеңдерi, суретшiлердiң туындылары дәл осы дәуiрге тиесiлi. Чичибу жерi топырағы, ауа-райы, суы жiбек құртын өсiруге және жiбек кездемелер жасауға өте қолайлы бiрден-бiр өлке. Жiбек өндiрiсi ежелгi Камакура (кама – шалғы, кура – қора) кезеңiнде дамыған. 1858 жылдан бастап шет елге сатылған, ал Мэйдзи реставрациясынан кейiн сырттан келушiлерге арнайы сауда орны ашылған. Ханаирочичибу тәрiздi жеке-жеке атаулары бар жiбек кездемелер шет елдiктердiң көз құртына айналған. ХХ ғасырға таман француз дизайнерлерi келiп, ою-өрнек пен тiгiс түрлерiн, киiм үлгiлерiн көшiрiп әкеткен. Чичибуге касуридiң түрлерiн Мурата таратқан. Бұнда Мурата касури (Муратаның сыру үлгiсi (Ноджоукасури, Чичибуооджима деген (касуру) өрнек түрлерi кимоно ғана емес басқа да киiмдердi тiгуде пайдаланылады.
Еуропацентристiк көзқарастағы Ұлы жiбек жолының тарихына жапон қариялары да күмәнмен қарайды. Еуропалық тарих Қытайдың Шаньси провинциясынан табылған жiбек құртының қалдықтарын, Кiшi Бұхараға тұрмысқа шыққан Қытай ханшайымы туралы аңыздан басқаны бiлгiсi келмейдi. Немесе Византия императоры Юстинианға жiбек құртының жұмыртқасын ұрлап апарған Қытайдың қос диуанасы жайында одан әрi қасиеттi құрттың Еуропаға қалай тарағаны жөнiнде айтқансиды. Ұлы жiбек жолы туралы әңгiменi Орталық Азияға Чжан Сян деген елiшiнiң айтуымен Қытай императоры У-ди атқа айырбастау үшiн әкелдi деген әңгiмемен бiтiрмек болады. Жапон қариялары бұндай таяз түсiнiктен аулақ. Аз-маз, там-тұм, жұтаң нәрселерге көңiлi толмайды. «Ақиқатты толық баяндайтын түпнұсқа тiлдегi аңыздан табасың».
Түрлi-түстi кездеменiң шығуы туралы Мияги префектурасының аңызында айтылады:
Ертеде Исэ (Мияги префектурасын жайлаған көне ел) ауылында Итодоно (Жiпмырза) деген әулет болыпты. Сексен адам мақта өсiрiп, жiп иiрiп, кездеме тоқумен айналысыпты. Ол уақытта киiмдi кендiрден немесе глициния өсiмдiгiнен жiп иiрiп, тiгетiн. Итодоно руының кездемесi мақтадан тоқылғандықтан өте бағалы болады. Бөтен қалалардан саудагерлер келiп, сатып алып кетедi екен. Бiрақ Итодоно байдың әулетiндегi сексен жанның отызы таз екен. Байдың есiмдерi гүлден алынған Хаги мен Кику деген екi қызы да ұзын шашты армандап уайымдаумен болыпты.
Бұл аймақ Итодоно әулетiн жартылай таз болғаны үшiн кемсiтiп, шетқақпай қыла берген соң бiр күнi бай екi қызын шақырып алып былай дептi:
– Бұл шаш деген бастың ауруы болды. Жан баласы бармайтын жаққа көшейiк. Күздiң жетi қасиеттi шөбi өсетiн, жүз түрлi құс сайрайтын жерұйыққа барайық.
Сөйтiп, айлы түнде бай әулетiндегi отыз кiсiмен Ига тауының қойнауына кетедi. Шашы бар елу кiсi Исэде қалады. Итодоно сан-алуан өсiмдiктерден жiп алудың әдiсiн бiледi екен, барлығы жiп иiрiп, кездеме тоқуға кiрiседi. Тек кездеме тоқып қана қоймай, дәрiлiк шөптерден дәрi жасайды. Бiрде Хаги бұрын соңды көрмеген ерекше шөпке кездеседi. Ол шөптен дәрi жасап iшкен екен, шашы қалыңдап, ұзарып өсе бастайды. Бiр жыл өткенде жiбектей қара шаш тобығына дейiн төгiлiптi дейдi. Сөйтiп Хаги жетi түрлi қасиетi бар шаш өсiретiн шөптi тапқан екен.
Итодоно әулетi кездеме тоқығанмен оны бояу дегендi бiлмейдi екен. Куки кездеме бояудың әдiсiн ойлап жүрушi едi. Бiрде түнде жұрт ұйқыда жатқанда Куки жалғыз өзi ойға шомып отырған. Кенет Хагиге шаш бiтiрген дәрiлiк өсiмдiктiң құмырадағы суды қою көк түске бояғанын көредi. Куки құмыраға мақтадан тоқылған кездеменi салып едi, лезде көк түстi болды.
Итодоно қыздарына риза болып:
– Ендi елге оралып, дәрiлiк шөптi игiлiкке жаратайық, – дедi. Итодоно әулетi Исэге келген соң бүкiл ауыл өсiмдiктен дәрi жасап, кездеме бояуды кәсiп ете бастады. Түрлi-түстi кездемелер осылай шыққан екен.
Жiбектен тiгiлген киiм-кешек, тұрмыстық заттар, тарихи бұйымдар қойылған бөлмелермен қоса келушiлерге жiбек бояуды үйрететiн шеберханасы да бар «Жiбек мұражайы» Гунма префектурасында салынған. Бұл мұражайға кiргендер мэйсэн (мэнсэн деп те атайды) деген жiбектiң түрiн тамашалай алады. Жiбектiң бұл түрiне Чичибуде жеке мұражай ашылған. 2002 жылы жөнделiп, қайта ашылған Чичибумэйсэнканның iшiнде бұл кездеменiң тарихы толық көрiнiс тапқан. Көне заманнан бастап, Мэйдзи кезеңiндегi ою-өрнектер мен тiгiс түрлерi бүге-шiгесiне дейiн көрсетiлген. Нэгоягину, нитаямагину деген жiбек түрлерiмен белгiлi Кантоу атырабынан Солтүстiк Яманашиге дейiнгi аймақ ежелден жiбек құртының өндiрiс аймағы болған. «Кантоудың кемпiрлерi жiптi әлi күнге жақсы иiредi» дейдi қариялар.
Мэйдзидiң 5-шi жылы Гунма префектурасында Томиока жiп фабрикасы ашылады. Мэйдзи кезеңiнiң соңына дейiн бұл өлкенiң шеберлерi жiп иiру, тоқу, тiгу тәрiздi процестердiң барлығын қолмен атқарған. Әрине, қосымша құралдар пайдаланылған. Ал электрдiң көмегiне сүйенген тоқыма фабрикасы Тайшйоу кезеңiнде ашылады. 1872 жылы Томиока фабрикасы ашылғанда Чичибуден 28 қыз-келiншек жұмысқа алыныпты. Ал Шйоува кезеңiнде 3400 жапон әйелi кездеме тоқитын жаңа фабрикада еңбек еткен.
Ерекше сәуле шашып, жалт-жұлт еткен жiбектiң сыры оны тудырушы құрттың атауымен байланысты. Жiбек құрты кайко деп аталады және Тэн, муши деген қос таңбаның бiрiгуiнен құралады. Тәңiрiнiң құрты деген мағына бередi. Чюбу аймағының мына бiр аңызына мән бермеуге болмайды:
Баяғыда бiр патшаның сұлу қызы болыпты. Бiрде патша алыс сапар шегiп кеткенде өгей шеше құлына «мына қыздың көзiн құрт» деп тапсырма бередi. Құл қызды Сұңқардың тауына апарады. Алайда таудағы сұңқар патшасы қызға тимей, оған қос қанат тағып үйiне қайтарады. Жетi күн өткенде өгей шеше қызды Қабанның тауына апарып тастауды бұйырады. Құлдар қызды қабандар мекендейтiн тауға тастайды. Қабан патшасы қызды мiнгiзiп алып сарайына жеткiзiп салады. Ызаға булыққан өгей шеше жетi күннен соң қызды бөшкеге салып, баққа тiрiдей көмедi. Патша сарайына келсе, бақтан бiр нұрлы сәуле жарқ етедi. Құлына жарық шыққан жердi қазуға әмiр етедi. Құл қыз салынған бөшкенi шығарады. Аузына сұйық ботқадан тамызып жатып, есiн жиғызады. Қыз әкесiне өгей шешенiң қаскөйлiгiн айтпайды. Бiраз күннен соң патша тағы да алыс жолға шығады. Өгей шешесi үстi жабылатын қайық жасатып, жетi тәулiк өткенде қызды салып, шынжырмен матап, теңiзге тастайды. Қайық толқынмен тербелiп кете барады.
Бiрнеше жыл өтедi. Хитачи елiндегi теңiз жағасында Гондзабуроу деген қария тұратын. Бiрде ол әдеттегiдей ау салса да, бiрде-бiр балық iлiнбептi. Қараса жағаға дөңгеленген нәрсе жақындап келедi дейдi. Шал аузы жабық қайықты жағаға шығарып, қақпағын ашса, шала-жансар халде бiр қыз жатыр. Шал қызды үйiне әкелдi. Қариялар бiр балаға зар едi. Құдайдан күнде бала тiлеушi едi. Екеуi қызға сұйық ботқа берiп, тiрiлтiп алды, мәпелеп бақты.
Бiр күнi қыз кенеттен жан тәсiлiм еттi. Шал мен кемпiр қызды табытқа салғанмен, көмуге қимады. Күндiз-түнi қасында жылап отырды. Содан күндердiң бiр күнi екеуi табыттың iшiне сығаласа, қыз жоқ, орнында қап-қара жiңiшке құрттар быжып жүр. «Құдайдың құдiретiмен қызымыз құртқа айналған екен ғой. Ендi бұл құрттарды тастамай асырайық» дестi қариялар. Шал құртты қоректендiрудiң амалын ойлап, жағада қалған қызды әкелген қайыққа барды. Қайық тұт ағашынан жасалыпты. Қария құрттарға тұт ағашының жапырағын бердi. Жапырақ жеген құрттар лезде үлкейдi. Тұп-тура жетi тәулiк өткенде құрттар семiздiктен қозғала алмады. Қариялар ұйықтап жатқанда түсiне қыз кiрiп былай дедi:
– Менiң рухым жiбек құрты деп аталатын жәндiкке айналды. Тiрi кезiмде өгей шешем Сұңқардың тауына тастатқан. Сол тауда нәр татпағандықтан құрт болған кезiмде де ештеңе жемеймiн. Бiр күн, бiр түн өткенде қайтадан қоректенетiн боламын.
Таңертең қараса жiбек құрты тұт ағашының жапырағын кемiрiп жатыр екен. Қап-қара құрттар көкшiл түске өзгерiптi. Тағы да жетi тәулiк өткенде құрттар қозғалыссыз қалды. Қариялар ұйықтап жатқанда түсiне қыз кiредi.
– Мен Сұңқар тауынан кейiн Қабан тауына тасталғанмын. Нәр татпағандықтан құрт болған кезiмде де ештеңе жемейтiн кезең келдi. Бiр күн, бiр түн өткенде қайтадан қоректенетiн боламын.
Расында бiр тәулiк өткенде жiбек құрты жапырақ жей бастады. Жетi күннен соң құрттар тағы да қозғалыссыз қалды. Қарияның түсiне қыз кiрiп айтты:
– Қабан тауынан кейiн баққа көмiлген едiм. Қазiр ештеңе жемейтiнiм содан.
Жетi тәулiк өткенде жiбек құрты мүлдем сiлейiп қалды. Қарияның түсiне кiрiп айтты:
– Бақтан соң қайыққа салынып, теңiзге тасталғанмын. Бiр күн, бiр түндiк үзiлiс осымен бiттi. Ендi жетi күннен соң көбелек пайда болады. Ол жұмыртқа туады. Құрттан шығатын жiптi жiбек деп атаңыздар. Жiбектен неше түрлi зерлi кездемелер тоқуға болады. Жiбек өте құнды болмақ. Қамсыз өмiр сүретiн боласыздар.
Қыздың айтқанындай құрттан көп жiбек алынған екен. Қазiрде жiбек құрты арасына жетi күн салып төрт рет ұйықтау кезеңiн өткередi. Оны жапондар Сұңқардың ретi, Қабанның ретi, Бақтың ретi, Қайықтың ретi деп атайды. Окинавадан бастап Мичинокудың арғы шетiне дейiн айтылатын әдемi аңыз осылай дейдi.
Сувашичи руы ойлап тапқан касури өрнегi, дзураши технологиясынан жiбектiң тарихы бастауы тегiн емес. Суан елi ғана емес, бүкiл қазақ бiлетiн iс тiгудi жапон тiлiнде шишю дейдi, дзураши сөзi ши таңбасынан шығып отыр. Орыс тiлiне шить етiстiгi 1596 жылы Мәскеу түбiндегi Измаиловада алғаш рет жiбек құрты өсiрiле бастаған шақта енген.
Жiбек Венецияға ХII, Текуя мен Флоренцияға ХIҮ, Миланға ХҮ ғасырда жеткенге дейiн бiрнеше мың жыл бұрын Жаркенттен өткен керуен Үндiстан мен Таяу Шығысты басып өтiп, Жерорта теңiзiне барған. Ғажайып шаһарлар мен ғаламат сәулет туындылары – ежелгi өркениеттер айшығы. Ежелгi Шығыс өркениетiнiң бiр iргесi, Жаркент деген керемет кент болған. Мыңжылдық Әулиеағаш – тылсым тарих куәгерi.
Фурисодэ, куротомэсодэ, иротомэсодэ, хоумоңги, иромуджи, цукэсагэ, цумуги, комон, юката тәрiздi сан-алуан ою-өрнектi кимоноларда (ки-кию, моно – зат) Суан шеберлерiнiң қолтаңбасы қалғандығына Хачиоуджи қариялары келтiретiн деректер Ұлы жiбек жолының тармақтары тәрiздi мың сан.
Жапонның жiбекке қатысты аңыздарының барлығы қызбен байланысты болуы тегiн емес. Қазақта Жiбек деген есiмдi қыз балаға қояды емес пе? Жапон архипелагына дейiн барған Дзйомон дәуiрiндегi Ұлы Жiбек жолының қазақ жерiне қатысын сөз еткенде Талдықорған, Жаркент аймағындағы жер-су атаулары жер иелерiнiң төл сөздерi екендiгiн баса айту керек. Еуропалық академиктер мұрағаттарынан табылмайтын ғылыми деректер Жетiсу тәрiздi шаһар, кенттерде қалған жазбаларда сақталған. Нағарашы топонимiнiң нагай-ұлы, ұзақ, ұзын деген мағыналы таңбамен байланысты екенiн нағыз академиялық бiлiмдi жапон қариясы ғана айта алады деп бiлемiн. Нағарашымен аттас ауыл Амамидiң Оошимасын жайлап отыр. Нагара ауылының аңыздары Кагошима префектурасының фольклорында бар. Өйткенi, ол Нағарашымен байланысты Нагояоби деген жiбек белбеудiң түрi Нагоядан шыққандығын немересiне айтып отырады. Бұл жерлердi қалмақпен байланыстыруға ешқандай негiз жоқ. Жапонияда елуге жуық Сува ғибадатханасы болса, соның бiрi Нагасаки шаһарында орналасқан. Биiк төбе үстiндегi Сува балабақшасына көтерiлер жолда токкуриноки (торсық ағашы) өсiп тұр. Жапон торсығынан аумайтын бұл ағаш дүниежүзi бойынша тек Күншығыс елiнде өседi. Ал Сува ғибадатханасының бала-бақшасында бүлдiршiндер ұлттық тәлiм-тәрбие құндылықтарын бойына сiңiрiп өсiп жатыр.
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,
жапонтанушы ғалым.