Тіршілікте саналы әр адамның бір іске икемі болатыны анық. Тек табиғат бойыңа сыйлаған талант тетігін таба білсең болғаны. Пенденің бойындағы жақсы қасиеттерін өз елінің, отбасының игілігіне жұмсауына ең әуелі сүйікті ісіне жан-тәнімен берілген құмарлығы, сонан соң тұрмыстағы қажеттілік себеп болуы мүмкін.
Қазіргі нарық қатынасы қолынан келер өнері мен кәсібін нәсіп етіп, тіршілік түйіткілін тауып жүрген азаматтарға қолайлы болып тұр. Мұны біз Жаркент қаласының орталық базарында отбасымен бірге электрондық жүйелерді жөндеу шеберханасын ашып, көптен бері табысты қарекет жасап жүрген шебер қолды азамат Толқын Ахметшаевтың тіршілігінен айқын аңғардық.
Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің география факультетін жақсы тамамдап, туған жерге оралған жас жігіт Жаркент қаласындағы педагогикалық училищеде өз мамандығы бойынша бірнеше жыл студенттерге сабақ беріп, ұстаздық етті. Алайда өзі бала кезінен құмартып, қосымша сүйікті ісіне айналдырған теледидар, бейнемагнитафон, радио қабылдағыш аппараттарының схемаларын, электроникадағы ғылыми жаңалықтарды іздеп жүріп оқып үйреніп, сәті түссе оларды жөндеп, құрастыру ісін еш уақытта да тастаған емес. Бұл кәсібі бастапқыда дос-жаран, көрші-қолаңның қажетіне жарап, олардың алғысына бөлесе, нарық заманы өмірге еніп, тіршілігімізге компьютер сынды күрделі, ақылды машиналар араласқанда оларды Жаркент өңірінде алдымен меңгергендердің бірі де Толқын болды. Сондықтан да Қорғас кедені, аудандық ішкі істер бөлімі сияқты компьютерге алдымен қолдары жеткен мекемелер жоғары жалақы ұсынып жұмысқа шақырды.

Сөйтіп, Толқын Ахметшаев мұғалімдік мамандығын қоя тұрып, жалақыны жоғары төлейтін мекемелерде бірнеше жыл бойы компьютерлер орнатып, іске қосушы шебер болып қызмет атқарды. Жаркент өңіріндегі көптеген мекемелер мен кәсіпорындарға ақылды машиналардың жабдықтарын алғашқы болып әкеліп, орнатып берген де осы азамат.
Қазір оның қызы Айдана мен ұлы Айдос та ержетіп, әкесінің шеберханасында көмекші болуға жарады. Мұнда әйелі Бәтимаға да жұмыс бар. Шеберлер отбасы орталық базар төрінен арнайы үй жалдап алып, Жаркент өңірі тұрғындарының тұрмыста қолданатын тоңазытқыш, теледидар, компьютерлер, бейне, радио аппараттарды жөндеу қызыметін атқаратын ең сенімді орынға айналды. Сонымен қатар шеберханада сұраныспен келушілердің іс қағаздарының көшірмесін, фото суреттерін шығаратын электронды аппараттары да жұмыс жасап, қолма-қол қаржы табуда.
Толқынның бала кезінен құмарлықпен шұғылданған ісі нарық заманында халық қажетіне жарап, өз отбасын асырауға да қолайлы кәсіп болып тұр. Оның қала орталығындағы шеберханасында еркін қызмет жасауына орталық базар әкімшілігі де қолдау көрсетіп келеді. «Шебердің қолы ортақ» деген осы шығар.
М.МАНАПҰЛЫ










