Кейбір деректерге қарағанда, әлемде 256 ұлт, 3000-ға жуық этнос бар екен. Ресми мәліметке сенсек, соның 130-ға жуығы Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп, тіршілік кешіп жатыр. Осыншама ұлт пен ұлыстың тілін тауып, бірлік пен ынтымақта ұстап отырған бүгінгі билік ұлтаралық татулық пен бірлікті басым саясатының бірі ретінде ұзақ жылдардан бері жүйелі жұмыс жасап, теңдік қағидатын ұстанып келеді.
Ұлтымыздың ұлағатты өнегесімен, бағзы замандардан сабақтасып жалғасып келе жатқан дәстүр-салтымен жас ұрпақ тәрбиелеу ата-ана мен ұстаздың ұтымды әдіс, тәсілі. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп өскелең ұрпағының ұлттық сезімін оятар, құлаққа сіңімді, санаға серпіліс берер қанатты сөздерімен алға жетелеген. Қазақ халқында, бүгінгі педагогикада көсіп пайданалар тартымды тәсілдер көп-ақ.
Қазіргі білім беру саласындағы жаңалықтармен ұлттық тәрбие, халықтық педагогика үндесіп жатса ұтарымыз аз емес.
Электроникалық тайталас даму үстіндегі заманда ұлттық болмысымызға, тіліміз бен ділімізге сырттан жағымсыз өзгеріс әкелетін қауіп-қатер де көп. Десек те тарихтың әр қилы кезеңдерінде тағдыр тәлкегіне түсіп шыңдалған, саны аз болса да қаны таза, қалыптасқан салт-санасы, көңілі – ақ, жүрегі – сом қазақ халқының жаһанданудың желқайғына мінсе де басқа бағытқа ауытқамауына берік негіз бар деп білеміз.
Жас ұрпақты тәрбиелеу жүйесі уақыт пен заман талабына сәйкес елде, әлемде жүзеге асып жатқан айтулы жаңалықтармен байланысты өзгеріп отырады. Қазіргі қоғам жан-жақты үйлесімді дамыған жаңа адамды тәрбиелеуді талап етуде. «Заманына қарай адамы», – демекші, бүгінгі өркениет талабы қарышты уақыт адымынан қалыспауды сұрайды.
Қай заманда да ойшыл ғұламалар «Адам бойындағы қиқар мінез, теріс қылықтар әлеуметтік құрылыстың кемшіліктерінен туады» деп түйіндеген. Белгілі ортадағы адамның тұрмыс-тіршілігі ықтиятты, өркенді болса, ондағы адамгершілік қарым-қатынас та жоғарыламақ, яғни тәрбиенің тәлімді болуы заманға, қоғамға, оның материалдық, рухани байлығына да байланысты.
Бүгінгі жас ұрпақты ақылды, сезімтал, сергек етіп тәрбиелеу ең алдымен жанұя мен орта мектеп мұғалімдерінің бұл мәселеге қаншалықты мән беріп, шындап шұғылдануына байланысты екенін ұмытпаған жөн. Осы орайда айтпақ ойымызды негіздесек – ғаламшарамыздың дамыған мемлекеттерінің өзіне үлгі болған біздің елде ұлтаралық тәрбиенің негіздері қалыптасқан. Мәселенің маңыздылығы еліміздің бұдан ары өсіп-өркендеуіне, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің қатарынан берік орын алып, тіліміздің әлемдегі қажеттілігін арттыруға қызмет етіп, бір сөзбен айтқанда баянды болашаққа негіз болуында.
Қазір елімізде ұлтын сүюдің, ұлттар ынтымақтастығын арттырудың негізді жарқын мысалдары көп. Қазақстандағы ұлттық мәдениет орталықтарының тыныс-тіршілігінің өзі көп жақсылыққа татиды.
Жазиралы Жаркент өңірінде ғасырдан астам уақыттан бері 35 ұлттың өкілі тату-тәтті, ынтымақпен өмір сүріп келеді. Оларды бір-бірімен жақындастыратын, бірлікке жетелейтін құндылықтар қаншама. Ежелден ауылы аралас, малы қоралас өмір сүріп, туыстасып тіршілік жасап келе жатқан қазақ пен ұйғыр, дүнген халықтары, сталиндік қуғын-сүргін жылдарында қазақ халқының ошағынан ас ішіп, жанұясынан баспана тапқан басқа ұлт өкілдері де Жаркент өңіріне ажырымастай сіңіскен. Қазір мұнда өзінің тілі мен мәдениетін дамытып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге риясыз атсалысып жүрген ұйғыр, дүнген, славян мәдениет орталықтарының жұмысын қуана қолдап, мақтанышпен мысалға алуға болады. Олар әртүрлі тәлім-тәрбиеге бағытталған істерінде ауданға еңбегі сіңген, парасатты тұлғаларды жастардың ортасына жиі-жиі шақырып, олардың елге сіңірген еселі еңбегін, ұлтаралық достық сезімін айтқызып, үлгі етеді.
Осы орайда шәкірт тәрбиесіндегі ұлттық сезім жайлы ойымызды ортаға салсақ, оның сан түрлі сыры мен қырын алдымен ұстаздың өзі жете түсініп, сезінуге тиіс. Мысалы шәкірттің ұлттық сезімін жетілдіру үшін ұстаз ең әуелі оған өз ұлтының қадір-қасиетін жетесіне жеткізе таныстырумен қатар өзге ұлттарды да шынайы сезіммен құрметтеуге баулығына абзал. Бұл шәкірт тәрбиесіндегі басты шарт. Бұлай болмаған жағдайда өз ұлтынан басқаны менсінбейтін, өзімшіл, өркөкірек, оспадар адам өсіруіміз мүмкін. Ондай тәрбиелік тағылымы таяз жанның тек өзіне ғана емес, қоғамға тигізер залалы көп болуы мүмкін.
Іс жүзінде жиі пайдаланып жүрген ұлтаралық тәрбиенің тағы бір ұтымды түрі – ежелден көрші қоныс өмір сүріп, тіршіліктің тарихи оқиғалар тартқан тауқыметін ынтымақпен бөлісіп келген, өздері басқа ұлт болса да балалары бауырлас болып өскен ардагер жандардың әңгімесін оқушыларға жиі тыңдату қажет. Қазақ, ұйғыр халқының өкілдері басым тұратын Жаркент қаласында мұндай жанұялар көп. Оларды ортаға шақырса, кез келгені қол ұстасып қуана жетеді. Сондай жандарды қатыстырып, ашық тәрбие сағаттарын өткізуді Панфилов ауданындағы таза ұлттық және аралас мектептер дәстүрге айналдырды.
Ұлттық мәдениет орталықтырымен жекелеген басқа ұлт өкілдерімен бірлесіп жасаған насихаттық шаралар бала бойына басқаны құрметтеу, оның тілі мен дінін сыйлау сезімін сіңірсе, ал өз ұлтын жанындай жақсы көруге жетелейтін сезім қалыптастырудың басты кілті патриоттық рухта. Сонымен бірге еліміздің мәдени мұралары мен жәдігерлерін, әдебиеті мен жалпы өнер әлемінің кілтін тауып насихаттаудың пайдасы орасан. Бұл тұрғыдағы ой орамдарын тарқатып айтсақ – алдымен ауызға ілігері туған халқымыздың даңқты тарихи ерліктері ұтымды мысал болары даусыз.
Жастардың бойына ата-баба ерлігі мен өрлігі, жанға жайлы әсер етер мәдени, рухани мұралары қаншалықты мол сіңірілсе, ол соншалықты өз ұлтына жақын, шынайы ұлтжанды, парасатты тұлға болып қалыптасады. Мысалы Жаркент өңіріндегі мектептерде тәрбиелік мәні бар іс-шараларда он жетінші ғасырдағы қазақ-қалмақ соғысының ауыр кезеңі – Орбұлақ шайқасы жайлы жиі айтылады. Бұл соғыс екі ел текетіресінің алғашқы кезеңінде, яғни 1643 жылы жазда, қазіргі Панфилов ауданының аумағындағы Бел жайлауының төріндегі Орбұлақ деп аталатын қос тауды жалғап жатқан тар кезеңде өткен. Қазақтың басын біріктіріп, жер аумағын кеңейтуге көп еңбек сіңірген Есім ханның баласы, даңқты қолбасшы Салқам Жәңгір сұлтан бастаған 600 жаужүрек батырлар бейғам жатқан халқы мен кең байтақ жерін жаулап алмақ болып жасанып шыққан 50 000 әскері бар қалмақ қолын осы кезеңде ор қазып, бұғып жатып қарсы алып, айласын асырып ойсырата соққы берген екен. Күші басым жау шепті бұзып өтуі де мүмкін еді. Алайда ұрыс қызған кезде Самарқаннан 20 мыңдық қол жинап жеткен Жалаңтөс баһадүр қазақ қолына көмектесіп, сол соғыста қалмақ қолы көп әскерінен айырылып, қансырай жеңіліп, ел шебіне жарты ғасырға жуық уақыт тыныштық орнаған. Өзінен әлденеше есе саны артық жауды жеңген қазақ батырларының әлем тарихында теңдесі жоқ ерлігі кез келген қазақ баласының мақтаныш сезімін оятып, рухын көтерумен қатар, осы ұрыстағы ұлттар аралық бауырластық, ынтымақ, достық «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген тәмсілді тағыда дәлелдейді. Айтайын дегеніміз, Салқам Жәңгір сұлтанның 600 батырының арасында қазақтың барлық тайпаларынан дерлік өкілдер болуымен қатар, бауырлас қырғыз халқының батырлары болғаны және Самарқаннан көмекке келген Жалаңтөс баһадүр қолында өзбек, қырғыз, түрікпен жасақтарының ортақ дұшпанға қарсы тізе қоса соғысқаны жарқын дәлел. Бұл оқиғалар түбі бір түркі тектес халықтардың ежелден ынтымақпен өмір сүріп, керек кезінде бір-біріне сүйеу болғанын аңғартады. Тереңдеп зерделесек, бүгінгі жастардың бойында отансүйгіштік қасиет пен бауырмалдық сезімін сомдар жанды дерек осы емес пе.
Әсерлі деректерді негізге алған ұлттық тәрбиенің жастарға берер ұлағаты мол. Алайда ол сыңар езу, бір жақты болмағаны жөн. Оған керек деректерді, әдіс-тәсілдерді алыстан іздеу шарт емес. Бұл тұрғыда Жаркент қаласындағы Жамбыл, Ы.Алтынсарин, Б.Момышұлы атындағы, Еңбекші орта аралас мектептеріндегі ұтымды тәжірибелерді атап өткен абзал. Бұл білім ошақтарында өздері орналасқан шағын аудандар аумағындағы ата-аналар арасынан ел-жұртына еңбегі сіңген, беделді ардагерлерді мерекелік шараларға, ашық сынып сағаттарына шақырып, шәкірттер алдында ой, пікір айтқызу дәстүрге айналған. Мектеп партасында отырған жеткіншекке ұстаз аузынан естіген қиялдағы ғажайыптан гөрі, нақты тұлғамен танысуға, сол арқылы өмірдің қарапайым өрнек-өрімін сезінуіне әсер етеді.
Кім кіндік қаны тамған ата қонысынан, отанынан өз еркімен тастап басқа елге бара қояр дейсіз. Әр кезеңде тағдырдың жазуымен, тарихи тотаритарлық саяси оқиғалардың теперішімен қазақ жері де түрлі ұлттардың мекеніне айналғанын жақсы білеміз. Орыс отарлауы, сталиндік қуғын-сүргін, тың игеру жылдарындағы солақай бастамалар Қазақстанды еріксіз көп ұлтты мемлекетке айналдырған. Ежелден кең пейілді, бауырмал қазақ халқы солардың бәрін түсіністікпен қабылдап, жақын тартты. Бүгін бірлігі мен берекесі сөгілмеген ел болсақ, сол кең қолтық, жомарт көңіліміздің игілікті нәтижесі болар.
Жыл сайын Жаркент қаласындағы аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Тағдыр тоғыстырған – тарих табыстырған», «Ұлттардың ыстық ұясы» деген сияқты тақырыптарда Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне арналған көпшілік мәдени іс-шаралар өткізіліп келеді. Тағылымдық, тәрбиелік мәніне қарай бұл шараға негізінен аудан жастары шақырылады. Д. Рақышев атындағы Халық театры әзірлеген көп ұлтты ауыл тұрғындарының қиындықты да, қуанышты да бірлесіп еңсеріп жүрген тіршілігін сипаттайтын көрініспен басталатын осындай шаралардың да мәні терең, маңызы жоғары. Мерекеге қатысқан аудан тұрғындарының шарадан алған әсері ерекше болғанын көзбен көрдік. Сол сияқты осындай ұлттар достығын, ынтымақтастығын дәріптейтін іс-шаралар Жаркент қаласындағы Ұлы Отан соғысы музейінде, аудандық кітапханада көрініс тауып жүр.
Көптеген ұлт өкілдері тату-тәтті, ынтымақпен өмір сүріп келе жатқан Жаркент өңіріндегі осындай жақсы үрдістер республикадағы таза ұлттық және аралас орта мектептерге, орта арнаулы білім беретін оқу орындарына ақпарт құралдары арқылы, семинар-кеңестер өткізу жолымен таратылуда. Қазір Қазақстанда 72 таза өзбек, 3 тәжік, 14 ұйғыр тілінде оқытатын мектептер бар екен. Бұдан тыс орыс тілінде білім беретін оқу орындары қаншама. Аралас мектептердің де үлес салмағы әжептәуір. Оларда қазір Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, жер иесі – қазақ халқының тарихы оқытыла бастады. Енді мектептегі оқушыларға ұлтық салт-дәстүрлерді үйрететін этникалық оқу құралын жасау қажет сияқты. Басқа ұлттар танып, мойындаған қазақ халқының кең пейілі, әр ісінің тасасында үлкен ұлағат жатқан салт-дәстүрлері ғылыми тұрғыда жүйеленіп, жас ұрпақ бойына сіңірілсе артық болмас еді.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ










